Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы ел дамуына, өңір өркендеуіне үлес қосам деген ниеттегі инвесторларды ашық әңгімеге, өз пікірлері мен ұсыныстарын батыл айтуға шақырды. Ел Үкіметі мен Ұлттық палата бірлесіп дайындаған инвестициялық карта туралы жан-жақты баяндап, өзара сенімділік пен ашықтықтың кез келген мәселенің мәнісін келтіріп, шешімін табуға ықпал ететінін еске салды.
«Инвестициялық карта өңірлердегі инвестициялық жобаларды бақылау мен басқаруды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік береді. Инвестициялық жобалардың орындалуын үнемі назарда ұстауға жол ашады. Онда ел дамуы үшін маңызы жоғары үдеріске қатысатындардың барлығының жауапкершілігі жіктеліп, жазылады және белгіленген жоспарлардан ауытқуларының себептері де нақты көрсетілетін болады», – деп мәлімдеді ҰКП басқармасының төрағасы.
Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев өз сөзінде инвестициялардың ішкі жалпы өнімнің негізгі қозғаушы күші ретіндегі маңыздылығын айта келе, инвестициялық саясаттың дұрыс жасалуы мен қолданылуы дамудың кепілі екендігіне ерекше тоқталды.
– Біздің басты мақсат – облыс экономикасына инвестициялар тарту бойынша жұмыстарды бақылауға ала отырып, инвесторлар үшін заңмен қарастырылған қолайлы орта қалыптастыру. Осы бағытта тиісті мемлекеттік органдармен, инвесторлармен және кәсіпорындармен өзара ынтымақтастықта жүйелі жұмыстар жүргізудеміз, – деп атап кетті облыс әкімінің орынбасары.
Сонымен бірге «Атамекен» ҰКП-мен бірлескен базадағы фронт-кеңседе кәсіпкерлермен тікелей байланыс орнатылады. Прокурорлар инвестициялар салу кезінде түрлі проблемаға тап болған кәсіпкерге құқықтық кеңес береді. Осы жайында айтқан облыс прокурорының орынбасары Азамат Күреңкей прокуратураның қадағалау қызметінің басымдыққа ие бағыттарының бірі – инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қалпына келтіру және проблемаларын тиімділікпен шешу екенін айрықша айтып өтті.
Кездесу барысында инвесторлар тарапынан бірқатар ұсыныс ортаға салынды. Сондай-ақ проблемалар да талқыға салынды. Салықтық және кедендік жеңілдіктерге қолданылатын басымдыққа ие бағыттар бойынша экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктегіші (ОКЭД) санының жетіспейтіндігіне қатысты мәселелер қозғалды. Инженерлік-коммуникациялық желілер бойынша инфрақұрылымдардың жоқтығы және тағы да басқа бірқатар проблема сөз болып, оларды шешу жолдары қарастырылды.
Б.ҚАБДЕШҰЛЫ,
Алматы облысы