БҚО-да тасқын судың беті қайтты. Біз мұны бұрын да айт­қанбыз. Бірақ су басылғанмен, шу басылмай тұр. Үйі суға кетіп, тұру­­ға жарамсыз деген қоры­тын­ды алған халық бөркін аспанға лақ­тырып қуанып жүр.
Су басылғанмен, шу басылмай тұр
1,484
оқылды

Ал үйі суға кетсе де тұруға жарамды деген ба­ға алған тұрғындар «жөндеуге берілген қаражат мардымсыз, қазір құрылыс материалдарының бағасы аспандап тұр» деп шу шығарып жатыр. Мұндай шудың ош­ағы алдымен БҚО Сырым ауданы Жымпиты ауылында бұрқ ете қалды. Комиссия шешіміне наразы халық «Үйімізді жөндейтін ақшаны көбейтсін, не саман үйді сүріп, орнына жаңа үй тұрғызып берсін» деп талап қойып отыр.

Сырым ауданы Жымпиты ауылында Өлеңті деген өзен бар. Ауылды айналып өт­іп жатқан мінезді өзен. Кешегі су тас­қын­ында осы өзеннің арнасы 6 метрден ас­ып, оған  қарғын су қосылып, біраз үйді шайып кетті. 1 300-ден астам адам эвакуация­яланды. Аудандағы электр стансасына дейін су астында қалып, аудан бірнеше күнге жарықсыз отырғаны есімізде. Осы Өлеңті өзенінің дәл жағасында орналасқан үйлер бар. Көбінің үйі саманнан немесе қам­ыстан тұрғызылған. Су тасқыны кезінде бұл үйлерді су алды. Су бірер күн тұрып бар­ып кетті. Қазір бұл үйлер әлі дымқыл, үйдің ішіндегі сыздың иісі қолқаны қабады. Әйтпегенде қайтсін, саман тас бар су­ды бойына сіңіріп алған. Ең қызығы, тек­серу комиссиясы осы үйлерді тұруға жарамды деп таныған.  

Азамат Құдияров дәл Өлеңті өзенінің қасында тұрады. Үйі судың нағыз жолында. Кешегі су тасқынында ең алдымен осы көшедегі үйлерді су алып кеткен.

– Мен мына үйді салуға 10 млн ақша жұмсадым. Әне – өзен, міне – менің үйім. Үй суға толып тұрды. Қазір тартылды ғой енді. Үйім саманнан салынған. Ол ертең бәрібір құлайды. Саман үйге су кірді деген сөз – ол шөгеді деген сөз. Комиссия үйімді тұруға жарамды деп отыр. Осы үйді жөндеуге деп 2 млн 900 мың береміз деді. Мен онымен келіспеймін. Қазір бәрі қымбат қой. Мен ол ақшаға не жасатамын? – дейді Азамат Құдияров.  

Сырым ауданындағы үйлерге бағалау жүргізген компания үйлерді жөндеуге 300 мыңнан бастап 3 млн-ға дейн қаржы беру туралы шешім шығарыпты. Әлбетте, тұрғындар бұған қарсы. 

– Қазір құрылыс материалдары өте қымбат. Өздеріңіз білесіздер, су тасқынынан кейін бағаны әдейі аспандатып жіберді. Біз өзіміз несие алып осы үйді 2019 жылы салдық. Үкімет берген тиынды құрылысшыға төлеймін бе, әлде материал аламын ба? Бұл деген барып тұрған бассыздық қой. Ең өкініштісі, біздің үй осымен екінші рет суға кетіп отыр. Былтыр Өлеңті тас­ып, үйге су кірді. Бірінші рет қой, келесі жылы оған жол бермес деп айқай шығармадық. Биыл да солай. Келесі жылы тағы кете ме сонда? – дейді ашынған Азаматтың жұбайы Лиза Байзақова.

Гүлдана Шайхиева есімді аудан тұрғыны да өз үйін бізге көрсетіп жыларман бол­ды. 

– Менің үйім – 1956 жылы салынған саман үй. Саман үй болғасын суды бойына сіңіріп алды. Енді соның кесірінен үйім шөгіп бара жатыр. Осы үйді тұруға жарамды деп танып, жөндеу жүргізуге деп 300 мың теңге шығарып беріп тұр. Менің талабым – комиссия қайта келсін, дұрыс­тап тексерсін, отырып бара жатқан үйді қ­ал­ай жөндеуге болады? – дейді жыламсыр­аған Гүлдана Шайхиева. 

Сырым ауданында дәл осылай комиссия шешіміне наразы болып, ашынып отырған халық баршылық. Комиссия онда үш пәтерлі үйге техникалық тексеру жүргі­зіп­ті. Сөйтіпті де, ортасындағы үйді «Бұзу ке­рек тұруға жарамайды, ал екі жағындағы үй­ге тұруға болады» деген шешім шығарып кет­кен. Техникалық бақылау жүргізген комиссияның бұл «қожанасырлығына» біз де басында таңғалдық. 

Біз сол үйді көруге асықтық. Барсақ, шынымен де үш пәтерлі үйдің ортасын тас-талқан етіп бұзып тастапты. Екі жағындағы үй қалқиып тұр. Олар да құлағалы тұр. Себебі бұл үйге жарты ғасыр болған. Тұрғындардың айтуынша, бұл жер кезінде көкөніс қоймасы болыпты. 

– Бұл үйдің ортасындағы пәтерде мен тұрамын. Екі жағымда екі көршім бар. Бір жағында анам тұрады. Енді менің ортадағы үйімді бұзып жатыр. Ортасы кеткесін екі жағындағы үй де құлайын деп тұр. Қазір төбесін, еденін түгел бұзып алдық. Қабырға­сын­ құлата алмай тұрмыз. Себебі үш пәтер­­лі үйдің ортасындағының қабырғасын құлатсақ, екі жағындағы үй бірге құл­айды деп қорқамыз. Ал комиссия екі жағы­ндағы үйді тұруға жарамды деп кетті, – дейді ауыл тұрғыны Бәтима Мағзомова. 

Біз ауыл тұрғындарының арыз-шағымын арқалап, аудан әкімінің орынбасары Қайрат Төлеповке келдік. Аудан әкімінің орынбасары: «Комиссия шешімімен келіс­пе­ген тұрғындардың соттасуға құқы бар. Бақылау комиссиясын сотқа берсін. Егер сот шешімімен тексеріс қайта жүргізілсін де­се, комиссияны қайта жібереміз», – деп қысқа қайырды. 

Жалпы, Сырым ауданындағы үйлерге техникалық тексеріс жүргізген «Дауымшар» ЖШС екен. 

– Иә, біздің компания Сырым ауданы Жымпиты ауылындағы үйлерге техникалық­ тексеріс жүргізді. Тұрғындардың нар­аз­­ылығы туралы естідік. Біз аудан әк­ім­­дігінің шешімімен ол үйлерге қайта барып, қайтадан техникалық тексеріс жүр­­­гізетін боламыз, – деді «Дауымшар» ком­­­паниясының өкілі Мейірбек Ыдырысов. 

Қазір Жымпиты ауылында тех­никалық бақылау жұмыстары қайтадан жүр­­­гізіліп жатыр. Әкімдік өкілдері наразы тұр­ғындар мен бақылаушы компания өк­ілдерін кездестірген. Тағы бір жақсы жа­ңа­­лық, Өлеңті жағасындағы үйлер жыл­да суға кетпес үшін Өлеңті өзені маңынан  биіктігі 6 метрлік бөгет соғылатын болды. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы