«Әлеуметтік әділдіктің негізі – уақыт талабына сай келетін заңдар, сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күрес, азаматтардың еңбекқорлығы және жастардың озық білімге ұмтылысы. Мемлекет осы тұжырымды жүзеге асыру үшін барлық жағдайды жасауға тиіс», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жетісу облысында еліміздің келешегі – жастардың тәрбиесіне баса назар аударылып, жарқын жобалар жүзеге асырылуда. Соның ішіндегі бір жылға жуық уақыттан бері қолға алынып келе жатқан «Әдеп-құқықтық тәрбие жөніндегі ментор» жобасының жөні басқалардан бөлек. Пилоттық жоба облыс орталығы Талдықорған қаласының мектептерінде былтырғы жылдың қыркүйек айынан басталса, биылғы қаңтарда Панфилов ауданының мектептеріне де енгізілді. Жылға жуық уақыт аралығында түрлі саланың мамандарымен және лекторлармен қазіргі заманның өзекті тақырыптары бойынша 170-ке жуық кездесу өткізіліп, жүздесулерге 17 мыңнан астам оқушы қатысыпты. Жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға қатысқан оқушылардың 75%-дан астамы арнайы келген лекторлардың дәрісіне риза екенін, ал 62%-ы мектеп менторларымен оңды қарым-қатынас орнатылғанын айтқан. Сонымен қатар 28,6%-ы жеке консультациялар алғанын, ал 20%-ға жуығы менторлармен әңгімелесу нәтижесінде шешілмейтін проблемалар жоқ екенін түсінгенін атап өткен. Қол жеткізілген оң нәтижелер ескеріліп, алдағы оқу жылынан бастап 7 аудан орталығы мен 1 қалада тағы 48 ментор өз жұмысын бастайтын болды. Жақында менторлық тәжірибедегі қонақ дәрістерін өткізу дәстүрін жалғастырған облыс әкімі Бейбіт Исабаев та оқушылармен кездескенін айта кеткен жөн.
– Кез келген елдің ең үлкен байлығы – адами капитал, яғни сіздер. Мемлекет өз тарапынан жас ұрпақтың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдайды жасауда. Білім – қатаң бәсекелестік жағдайында алға ілгерілеуге, жетістікке жетуге көмектеседі. Соған сай әдеп-құқықтық тәрбие жұмысы жөніндегі менторлық жоба суицид, буллинг және кибербуллинг, лудомания, интернет алаяқтық, нашақорлық сияқты мәселелер белең алған қазіргі ақпараттық әлемде бірінші кезекте сіздерді қорғауға бағытталған. Сондықтан тәлімгерлермен өзара түсіністікте болуларыңыз өте маңызды. Әлеуметтік сауалнаманың нәтижелеріне қарағанда, басым көпшілігіңіз өз дәріскерлеріңізді, менторларыңызды білесіздер, тәлімгерлермен жақсы қарым-қатынас орнатқансыздар. Өзара түсіністіктің арқасында менторларға деген сенім артып келе жатқаны біздің бірлескен жұмысымыздың оң жемісі деуге болады. Дегенмен әлі де тұжырымдамалық тұрғыдан нақтыланатын тұстары бар. Біз өз тарапымыздан осы жобаға қызығушылық білдіргендер болса, керекті әдістемелік қолдау көрсетуге дайынбыз, – деп атап өтті Бейбіт Исабаев.
Облыс басшысы өз сөзінде бірнеше басты бағытқа тоқталды. Мектеп бағдарламасын меңгерумен қатар өзін-өзі жетілдіруге назар аудару, қызығушылық танытқан немесе жаны қалайтын пәндерді тереңірек зерттеу маңызды екенін атап өтті. Қазақ және әлем әдебиетінің классиктерін оқудың маңызы зор екеніне тоқталды. «Мысалы, көптеген мемлекетте ұлттық кітап күні атап өтіледі. Халықаралық кітап беру, балалар кітабы және кітап оқу күндері бар. Біздің елде де ұлттық кітап күнін бекіту идеясы айтылды. Бұл – өте пайдалы бастама. Астана, Алматы қалаларының тәжірибесін ескере келе, өңірімізде еліміздің үздік баспаларын шақырып, «Кітап Фест» кітап фестивалін өткізуді ұсынамын. Кітапханаларды заманауи коворкинг-орталықтар түрінде жаңғырту керек, кітапхана қорларын үнемі толықтыру керек», – деді облыс әкімі.
Спикер оқушылармен Президент ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасы, «Азаматтық жауапкершілік», «Әлеуметтік әділеттілік» ұғымдарының мәні туралы әңгімелесті, оқушылардың тақырыпқа қатысты өз ой-пікірлерін тыңдады. Ұлттық бірегейлікті сақтаудың негізі ретінде дәстүрдің, түпкі негіздердің, отбасылық құндылықтардың, өзара татулықтың маңыздылығына мән берді. Өңір жастарының волонтерлікте белсенділік танытып, қоғамдық салалардың, қайырымдылық ұйымдары мен өзін-өзі басқару институттарының жұмысына қатысып, қазірдің өзінде демократиялық қоғам құруға үлес қосып жатқанына разышылығын білдірді. Жастардың қоғамдық кеңестердің жұмысына қатысу туралы бастамаларын қолдайтынын, «Жас полиция», «Жас құтқарушылар», «Жас сарбаз» кадет сыныптары мен әскери-патриоттық клубтардың оң тәжірибесін айтып, олардың санын ұлғайтып, материалдық-техникалық және құқықтық базасын дамыту мәселелерін шешуді тапсырды. «Жасыл ел» отрядтарының, «Тәуелсіздік ұрпақтары» және Zhas Project жобаларының, жастарды қолдайтын мемлекеттік бағдарламалардың маңыздылығын да атап өтті. Екі сағатқа жуық әңгіме барысында облыс әкімі мен жауапты тұлғалар қатысушылардың барлық сұрағына егжей-тегжейлі жауап қайтарды. Мектептегі өзін-өзі басқару өкілдерінің қатарындағы бірқатар тәлімгер мен оқушыға облыс әкімінің алғысхаты тапсырылды. Облыс әкімі менторларды жеке кабинеттермен қамтамасыз ету, тәлімгерлік сағаттарды ұйымдастыру мәселелерін пысықтауды тиісті мекемелерге тапсырды. Кездесу аясында оқушылар сарайындағы үйірмелер мен секцияларға қатысатын оқушылардың жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылды. Онда балалар өнерін, жасаған бұйымдарын көрсетті.
Жетісу облысында қолға алынған бұл «Әдеп-құқықтық тәрбие жөніндегі ментор» жобасының негізгі мақсаты – оқушылардың жеке дамуы мен оларды әлеуметтендіруді менторлық сүйемелдеу арқылы өңірде бірыңғай тәрбие кеңістігін қалыптастыру. Бүгінгі заманғы өзектілігін ескере отырып, жобалық кеңсе жұмысының негізгі бағыттарына балалар мен жасөспірімдердің құқықтары мен міндеттерін түсіндіру; нашақорлықтың, лудоманияның, суицидтің, буллингтің, кибербуллингтің, зорлық-зомбылықтың барлық түрінің алдын алу; жыныстық қол сұғылмаушылықты қалыптастыру (ерте жүктіліктің алдын алу); саламатты өмір салтын насихаттау; мамандық таңдау және кәсіптік бағдар беру; сондай-ақ шығармашылық ойлауды және қаржылық сауаттылықты арттыру тақырыптары таңдалып алынған.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы