Бұған дейін бұл сынақтан тек 9-11 сынып оқушылары ғана өтетін. Енді олардың қатарына орта буынның 5, 6, 7, 8-сыныптары мен жоғары буынның 10-сыныбы қосылды.
Оқу-ағарту министрлігінің түсіндіруінше, емтихан білім алушылардың бағдарламалар мазмұнын меңгеруін бағалау үшін өткізіледі. Бұл жаңашылдық мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында «Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» Үкімет қаулысын орындауға негізделіп енгізілген. Сонымен қатар бұл емтихан қазақ тілін меңгермеген оқушыларды жазалау емес, тіл үйренуге ынталандыруға көбірек бағытталған.
«Бұл емтихан – қазақ тілін жетілдіруге бағытталған шара. Ол биыл енгізіліп жатыр, сондықтан мен бұл емтиханды жоғары деңгейде өткізуді бұйырдым. Алайда емтихан балалардың құқығын бұзбауға тиіс», – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Яғни, елді елеңдеткен емтихан қазақ тілін оқыту мен білімнің сапасын арттыру үшін енгізіліп отыр. Сондай-ақ емтиханды қазақ тілінде оқытатын мектептер тек қазақ тілі бойынша тапсырса, ал қазақ тілінен басқа тілде оқытатын мектептер қазақ тілі және әдебиеті бойынша тапсырады.
Десек те, мектепте 11 жыл бойы қазақ тілін оқығанымен, мектеп қабырғасынан мемлекеттік тілді білмей кететін оқушылардың да бар екенін ескеруіміз керек. Сондықтан «Емтихан қазақ тілінің мектептердегі шынайы жағдайын анықтауға көмектесетін құрал бола ала ма? Оқушылардың мемлекеттік тілді мектеп қабырғасында жүріп меңгеруіне қаншалықты ықпалы болмақ?» деген сұрақтардың туындайтыны заңдылық.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі: Жұлдыз Сүлейменова бұл емтиханның азаматтық қоғам сұранысы, тіл жанашырларының арманы екенін айтады. Депутаттың айтуынша, қазақ тілінен оқушылардың емтихан тапсыруы шынымен де оны мектептерде оқытудың нақты жағдайын бағалаудың маңызды құралы бола алады.
– Емтихан сұрақтары тіл мазмұнын ескере отырып құрастырылып, объективті түрде жүргізілуі өзекті. Оқушылардың тілді меңгеру деңгейін анықтауға нақты мүмкіндік деп білемін. Себебі емтиханға бала да, ұстаз да дайындалады. Дегенмен мұғалімдердің емтиханды жоғары деңгейде өткізуге дайындығы шешуші фактор болады. Қазақ тілі ұстаздарының кәсіби біліктілігін үнемі арттыруды және заманауи методикаларды меңгеруі де өзекті. Ұстаздарды даярлауда қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәндерінен білім мазмұнын түсініп, түйсініп, аналитика және тілдік норма дағдыларына көңіл бөлу қажет. Қазақ тілінен емтихан өткізу оқушылардың қазақ тілін меңгеруіне айтарлықтай септігін тигізеді. Оқушыларды қазақ тілін терең меңгеруге ынталандырады. Емтиханға жүйелі түрде дайындалу, оның академиялық және мансаптық перспективалары үшін маңыздылығын сезіну, сондай-ақ білімді объективті бағалау оқушылардың ынтасын арттыруға көмектеседі. Сонымен қатар емтихан тілдік нормалардан сұрақтарды қамтиды, тақырыптарға эссе жазу да оқушылардың тілдік дағдыларын тиімді меңгеруіне, тілдік сауатын дамытуға септігін тигізеді, – деді депутат.
Егер оқушы емтиханнан сүрінген жағдайда сол сыныпты қайта оқымайды. Келесі сыныпқа көшеді. Бірақ емтиханның қорытындысы оқушылардың негізгі қорытынды бағаларына әсер етеді. Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің бас сарапшысы Гүлсила Мұздыбекованың айтуынша, мысалы 5-ке оқып келе жатқан «Алтын белгіге» үміткерлер оқушы осы аралық емтиханнан 4 деген баға алып қалса, ол «Алтын белгіге» үміткер болып табылмайды. Сондықтан оқушылар емтиханның өзіндік салмағы, жауапкершілігі бар, сынақ екенін ескеруі керек.
Кеше алғаш рет емтихан тапсырған оқушылардың дайындығы, көңіл күйі, емтихан нәтижелері туралы сұрағанымызда, Астана қаласы Байтұрсынұлы атындағы Binom school мектеп-лицейінің Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Дәмелі Тасболатқызы:
Негізінен, емтихан уақытын мектеп әкімшілігі белгілейді. Сондықтан ол мәселелерді мектеп әкімшілігі реттейді деп ойлаймыз. Ал Талапкер ауылы жалпы білім беретін мектебінің Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Асылбек Жұмабайдың айтуынша, жаңартылған білім беру мазмұны енгізілгенге дейін қазақ тілі мен математикадан бастауыш сынып оқушыларынан басқа барлық оқушылар аралық және қорытынды емтихан тапсыратын. Кейін біраз жыл бұл үрдіс тоқтап қалған еді. Сондықтан биылғы оқу жылындағы оқушылардың қазақ тілінен емтихан тапсыруы – жаңалық болып отыр.
– Мұғалімдер үшін басты талап – академиялық адалдық. Өзін сыйлайтын, оқытып отырған пәнін құрметтейтін мұғалім үшін бұл басты ұстаным болуы қажет. Оқушылар емтиханда өздерін күнделікті сабақ барысындағыдай емен-еркін ұстауда. Себебі бұған дейін пән мұғалімі тарапынан «емтихан деген не, оқушылардың өздерін ұстау ережесі қандай, тапсырманың реті туралы» оқушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – деді ол.
Белгілі болғандай, емтихан тапсырмаларын сыныптың оқу бағдарламасын негізге ала отырып мұғалімдер дайындаған. Талапқа сай оқушылар ауызша және жазбаша түрде сынақтан өтіп, қазақ тілінде оқу, жазу, тыңдау мен сөйлеу дағдыларын «електен» өткізетін болады. Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мамырдың 27-сі күні басталған аралық және қорытынды емтихан тапсыру кезеңі 11 маусымға дейін жалғасады. Бірінші рет қазақ тілінен емтихан тапсырып жатқан 5-8 және 10 сынып оқушылары 31 мамырға дейін, ал 29 мамыр мен 10 маусым аралағында 9 сыныпты бітірушілер үшін қорытынды емтихандар болады. 11 сыныпты бітіруші түлектер 28 мамыр мен 11 маусым аралығында емтихан тапсырады.
ТҮЙІН:
Кейінгі жылдары еліміздің білім жүйесіне жаңартылған білім мазмұны бағдарламасы енгізіліп, білім сапасын бағалау жүйесінде біршама өзгерістер қолға алына бастады. Нәтижесінде, оқу процесін ұйымдастырудың әдіс-тәсілдері өзгерді. Жаңартылған мазмұн оқушыларға сыни және шығармашылық ойлау дағдысын дамыту, ойын қорыта алу, пікірін ашық айту талабын қойып отыр.
Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы: «Ұрпақты ұстазы тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» депті. Ал ұстаз мемлекет бекітіп берген бағдарламамен жұмыс істейді. Олай болса, білім беру бағдарламасының жасалып, бекітілуі – үлкен жауапкершілік. Сол сияқты қазақ тілінен емтихан тапсыру үрдісі де мемлекет бекіткен үлкен жауапкершілік екені сөзсіз.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ