Қазақ тілі емтиханы – салмақты сынақ

Еліміздің білім саласы жаңартылған білім беру мазмұнына көшкелі бері биыл алғаш рет 5-11 сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырып жатыр.

Бұған дейін бұл сынақтан тек 9-11 сы­нып оқушылары ғана өтетін. Енді олар­дың қатарына орта буынның 5, 6, 7, 8-сы­­­­­­­нып­­­тары мен жоғары буын­ның 10-сыныбы қосылды.

Оқу-ағарту министрлігінің түсінді­руін­ше, емтихан білім алушылардың бағ­дар­­­ламалар мазмұнын меңгеруін баға­­­лау үшін өткізіледі. Бұл жаңашылдық мем­­­­лекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақса­­тында «Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жыл­­­дарға арналған мемлекеттік бағ­­дарламасын бекіту туралы» Үкімет қау­­­лысын орындауға негізделіп енгізілген. Со­­­ны­­мен қатар бұл емтихан қазақ тілін меңгермеген оқушы­­ларды жазалау емес, тіл үйренуге ынта­­­ландыруға көбірек ба­­ғытталған. 

«Бұл емтихан – қазақ тілін жетілдіруге бағытталған шара. Ол биыл енгізіліп жа­тыр, сондықтан мен бұл емтиханды жо­ғары деңгейде өткізуді бұйырдым. Алайда емти­хан балалардың құқығын бұз­­­бау­ға тиіс», – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев. 

Яғни, елді елеңдеткен емтихан қазақ тілін оқыту мен білімнің сапасын арттыру үшін енгізіліп отыр. Сондай-ақ емтиханды қазақ тілінде оқытатын мектептер тек қа­­­­зақ тілі бойынша тапсырса, ал қазақ тілі­­нен басқа тілде оқытатын мектептер қазақ тілі және әдебиеті бойынша тап­­­сырады. 

Десек те, мектепте 11 жыл бойы қазақ тілін оқығанымен, мектеп қабырға­­сынан мемлекеттік тілді білмей кететін оқушы­лардың да бар екенін ескеруіміз керек. Сондықтан «Емтихан қазақ тілі­­­­­нің мек­тептердегі шынайы жағ­­­да­йын анықтауға көмектесетін құрал бола ала ма? Оқу­шы­лардың мемлекеттік тілді мек­­­теп қа­быр­­­­­ғасында жүріп мең­геруіне қаншалықты ықпалы болмақ?» деген сұрақтардың туын­­­дайтыны заңдылық.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» пар­­тиясы фракциясының мүшесі: Жұлдыз Сүлейме­­­нова бұл емтиханның аза­­мат­тық қоғам сұра­нысы, тіл жанашыр­ла­рының арманы еке­­­нін айтады. Де­пу­таттың ай­­­туынша, қазақ тілінен оқу­­­­­­­­шылардың емтихан тап­­сыруы шынымен де оны мек­­­тептерде оқы­ту­дың нақты жағдайын ба­­­ға­­­лаудың маңыз­­­ды құралы бола алады.

– Емтихан сұрақтары тіл мазмұнын ескере отырып құрастырылып, объективті түрде жүргізілуі өзекті. Оқушылардың тілді меңгеру деңгейін анықтауға нақты мүм­кін­дік деп білемін. Себебі емтиханға бала да, ұстаз да дайындалады. Дегенмен мұға­­­лімдердің емтиханды жоғары дең­гейде өт­­­­­­кізуге дайындығы шешуші фак­­­тор бола­­­ды. Қазақ тілі ұстаздарының кә­­сіби білік­­­тілігін үнемі арттыруды және заманауи методикаларды меңгеруі де өзекті. Ұстаз­­­дарды даярлауда қазақ тілі және қазақ әде­­­биеті пәндерінен білім мазмұнын тү­сініп, түйсініп, аналитика және тілдік нор­­­ма дағдыларына көңіл бөлу қажет. Қазақ тілінен емтихан өткізу оқушылардың қазақ тілін меңгеруіне айтарлықтай септігін тигізеді. Оқушы­­­ларды қазақ тілін терең меңгеруге ынта­­­ландырады. Емти­­­ханға жүйелі түрде да­­­йындалу, оның ака­­демиялық және ман­­­саптық перспек­­­ти­­валары үшін маңыз­­­­­­­­­­­дылығын сезіну, сон­­­дай-ақ білімді объек­­­тивті бағалау оқушы­­­лардың ынта­­­сын арттыруға көмектеседі. Соны­­­мен қатар емтихан тілдік норма­­­лардан сұрақ­­­тарды қамтиды, тақырып­­­­тарға эссе жазу да оқу­­­шылардың тілдік дағдыларын тиім­­­ді меңгеруіне, тілдік сауатын дамытуға септігін тигізеді, – деді депутат.

Егер оқушы емтиханнан сүрінген жағ­­­дайда сол сыныпты қайта оқымайды. Ке­­­лесі сыныпқа көшеді. Бірақ емти­­­ханның қорытындысы оқушылардың не­гізгі қоры­­­тынды бағаларына әсер етеді. Оқу-ағарту министрлігі Орта білім ко­­­­митетінің бас сарапшысы Гүлсила Мұз­­­дыбекованың айтуынша, мысалы 5-ке оқып келе жатқан «Алтын белгіге» үміт­­­керлер оқушы осы аралық емтиханнан 4 деген баға алып қал­са, ол «Алтын бел­­­гіге» үміткер болып та­­­былмайды. Сон­­­дықтан оқушылар емти­­­хан­­­­ның өзін­дік салмағы, жауапкершілігі бар, сынақ екенін ескеруі керек.

Кеше алғаш рет емтихан тапсырған оқушылардың дайындығы, көңіл күйі, ем­­­тихан нәтижелері туралы сұра­­­ғаны­­­мызда, Астана қаласы Байтұрсынұлы атындағы Binom school мектеп-лицейінің Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Дәмелі Тас­­­болатқызы: 

Негізінен, емтихан уақытын мектеп әкімшілігі белгілейді. Сондықтан ол мәсе­­­лелерді мектеп әкімшілігі реттейді деп ой­­­лаймыз. Ал Талапкер ауылы жалпы білім беретін мектебінің Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Асылбек Жұма­­­байдың айтуынша, жаңартылған білім беру маз­­­мұны енгізілгенге дейін қазақ тілі мен мате­­­матикадан бастауыш сынып оқу­шы­­­ларынан басқа барлық оқушылар аралық және қорытынды емти­­­хан тапсы­­­ратын. Кейін біраз жыл бұл үрдіс тоқтап қалған еді. Сондықтан биылғы оқу жы­­лын­­­дағы оқушылардың қазақ тілінен емтихан тап­сыруы – жаңа­­лық болып отыр.

– Мұғалімдер үшін басты талап – ака­­демиялық адалдық. Өзін сыйлайтын, оқы­­­тып отырған пәнін құрметтейтін мұғалім үшін бұл басты ұстаным болуы қажет. Оқушылар емтиханда өздерін күнделікті сабақ барысындағыдай емен-еркін ұстауда. Себебі бұған дейін пән мұғалімі тарапынан «емтихан деген не, оқушылардың өздерін ұстау ережесі қандай, тапсырманың реті туралы» оқушыларға түсіндіру жұмыстары жүр­­гізілді, – деді ол.

Белгілі болғандай, емтихан тапсыр­­­ма­­­ларын сыныптың оқу бағдарламасын негізге ала отырып мұғалімдер дайын­­­даған. Талапқа сай оқушылар ауызша және жазбаша түрде сынақтан өтіп, қазақ тілінде оқу, жазу, тыңдау мен сөйлеу дағдыларын «електен» өткізетін болады. Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің ха­барлауынша, мамырдың 27-сі күні бас­­­талған аралық және қоры­­­тынды емтихан тапсыру кезеңі 11 мау­­­­сымға дейін жалға­­сады. Бірінші рет қазақ тілінен емтихан тапсырып жатқан 5-8 және 10 сынып оқушылары 31 ма­­­мырға дейін, ал 29 мамыр мен 10 мау­­сым арала­­­ғында 9 сыныпты бітірушілер үшін қоры­тынды емтихандар болады. 11 сы­­­ныпты бітіруші түлектер 28 мамыр мен 11 маусым аралығында емти­хан тап­­­сырады.

 

ТҮЙІН:

Кейінгі жылдары еліміздің білім жүйесіне жаңартылған білім мазмұны бағдарламасы енгізіліп, білім сапасын бағалау жүйесінде біршама өзгерістер қолға алына бастады. Нәтижесінде, оқу процесін ұйымдастырудың әдіс-тәсілдері өзгерді. Жаңартылған мазмұн оқушыларға сыни және шығармашылық ойлау дағдысын дамыту, ойын қорыта алу, пікірін ашық айту талабын қойып отыр. 

Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы: «Ұрпақты ұстазы тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» депті. Ал ұстаз мемлекет бекітіп берген бағдарламамен жұмыс істейді. Олай болса, білім беру бағдарламасының жасалып, бекітілуі – үлкен жауапкершілік. Сол сияқты қазақ тілінен емтихан тапсыру үрдісі де мемлекет бекіткен үлкен жауапкершілік екені сөзсіз.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ