Мамырдың екінші жартысы спорттық гимнастикадан ірі жарыстарға толы болды. Қазақстан құрамасы Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен лицензиялық Азия чемпионатында тарихи жетістіктерге қол жеткізді.
Гимнастар Азия чемпионатын сәтті аяқтады
1,411
оқылды

Одан бөлек, Ұлттық құрама спортшылары  Болгарияның Варна қаласында өткен челленджер санатындағы әлемдік турнирден алтынмен оралды. Осы орайда Александр Ким шәкірттерінің Олимпиада қарсаңындағы әлеуетін бір саралап көрген едік.

Карими тарихи жүлде алды

Ташкенттегі Азия чемпионаты Қазақ­стан ерлер құрамасы үшін айтарлықтай сәтті өтті. Бұл сында отандық гимнастар бұрын-соңды болмаған нәтиже тіркеді. Бір әттеген-айы – Париж Олимпиадасына бе­рілетін құрлықтағы соңғы әрі жалғыз жол­дама бұйырмады. Біздің команда сапынан Милад Карими мен Нариман Курбанов Олимпиадаға лицензия алып қойған. Сол себепті, соңғы квотаға Дмитрий Патанин таласқан болатын. Өкінішке қарай, Пата­нин көпсайыста 75.598 ұпаймен небәрі бе­сінші орында қалды. 

Көпсайыста филиппиндік Карлос Юло чемпион атанса, қазақстандық Милад Карими 84.632 ұпаймен күміс жүлдегер атанды. Қоланы өзбекстандық Абдулло Ази­мов иеленген. Юло да, Карими де Па­риж ойындарының квотасын алып қойған­дықтан, Азия құрлығына берілген жалғыз жолдаманы жарыс қожайыны, чем­пио­натты үшінші орынмен аяқтаған Ази­мов иеленді. 

Енді Каримидің жетістігіне тоқта­лайық. Милад Карими жекелеген снаряд­тарда жүлде алғанымен, бұған дейін бірде-бір жарыста көпсайыстан тұғырға шық­паған. Карими ғана емес, Қазақстан құ­рамасы Азия чемпионатында көпсайыстан жүлдеге ілікпепті. Демек, Ташкенттегі бұл күміс  медальдің орны тұтас құрама үшін ерекше. Оның үстіне, Карими жай спорт­шыға емес, әлем чемпионы әрі Олимпиада жүлдегеріне есе жіберді. 

Одан бөлек, Милад Ташкент төрінде тағы екі рет тұғыр биігінен көрінді. Алды­мен еркін жаттығудан күміс алса, өзінің оң жамбасына келетін кермедегі жаттығуда чемпион атанды. Милад Карими де өз ман­сабындағы сәтті жарыстардың бірін өткізді десек, артық емес.  Бакудегі әлем кубогында аздап жарақаттанып қалған ол Ташкентте кеңінен көсіліп, бір өзі үш медаль арқалап қайтты. 

«Милад қоссырықтан да, кермеден де финалға шықты. Бірақ кермедегі жаттығуға бар зейінін қою үшін қоссырықтағы фи­нал­дан бас тартты. Керме Каримидің жақ­сы орындайтын жаттығуы. Ол ақтық сында барлық қарсыласын бағамдап барып, бағ­дарламаны ең соңынан орындады. Оның комбинациясы қиындығы жөнінен 6.5-ті құрайтын. Соны таза атқарып шықты. 15.000 ұпай алды, бұл жаман көрсеткіш емес», – дейді бас бапкер Александр Ким.

Нариманның екінші алтыны

Жақында ғана Париж Олимпиадасына жолдама алған Нариман Курбанов та маңыз­ды жарыс қарсаңында қарқынын үдетуде. Бапкерлер әлем кубогінің шешуші кезеңінен соң Курбановқа біраз ескерту жасаған еді. Әсіресе, комбинация соңын­да секіретін тұста Нариманның үнемі қате жіберетіні мамандар көңілін күпті қы­лып қойған. Одан бөлек, өзінің қолынан келетін базалық қиындықты да ойда­ғыдай атқарған жоқ. Міне, осы қателік­терді спортшы шешім шығарған сыңай­лы. Өзбекстандағы Азия чем­пионаты­ның іріктеу кезеңінде қазақ­стандық спортшы 15.666 ұпай жинады. Мұндай бағаны әлемде ешбір гимнаст алмаған (тұтқалы ат снарядында). Ал финалда Нариман 15.600 ұпаймен топ жарды. Бұл аталған снарядтағы ең жоғарғы ұпайлар­дың бірі. Егер Курбанов осы деммен жалғастырып, 6.7 саналатын базалық қиындықты қатесіз орындап шықса, Олимпиада жүлдесіне де қол жеткізері сөзсіз. Бұл Нариманның Азия чем­пионатын­да жеңіп алған екінші алты­ны. Кур­банов былтыр да сары құрлықтың көш басында болған. 

Өкінішке қарай, командалық жарыс­та Қазақстан құрамасы үздіктер қатары­нан көріне алмады. Бұған команданың белсенді мүшесі Ілияс Азизовтің жарыс кезінде жа­ра­қат алуы себеп болды. Бүгінде спортшы дәрігерлер бақылауында. 

Қыздардың тұңғыш жүлдесі

Ерлердің ізін ала, Ташкент төрінде қыз­дар арасындағы лицензиялық Азия бірін­шілігі өтті. Бұл сында Қа­зақ­­стан аты­нан жүлдеге үміт­ті Аида Бауыржанова бақ сы­нады. Аида биылғы маусымда әлем ку­богінің финалына екі рет шығып, елімізде ақсап тұрған әйелдер арасындағы спорттық гимнастикаға дем бергендей болған. Сол себепті, Ташкент төрінде де Бауыржановаға жолдама бұйырып қалар деген үміт оты маздады. Бірақ біздің қыз 50.365  ұпай жи­нап, төртінші орынға тұрақ­тады. Бұл сында қытайлықтар Цзиафей Ху мен Синуй Цин өзара жүлде бөлісті. Ал сары құрлықта са­рап­­қа салынған жалғыз әрі соңғы жолда­маны филиппиндік Эмма Малабуйо (50.398) жеңіп алды. Ол Азия бі­рін­шілігін үшін­­ші орында аяқтаған.

Десе де, бұл өкініштің орны толды. Соң­ғы жарыс күнінде Аида Бауыржанова еркін жаттығудан Азия чемпионатының қола жүл­дегері атанды. Ол Филиппин мен Қы­тай спортшыларына ғана жол беріп, 13.066 ұпаймен үздік үштікті тұйықтады. 1996 жыл­дан бері өтіп келе жатқан Азия чемпио­наттарының тарихында Қазақстан әйелдер құрамасы бірде-бір медаль алмаған екен. 

Аиданың жеңісіне басқадан бұрын, өзі­нің сүйіктісі әрі командаласы Нариман Курбанов қатты қуанды. 

«Талай қиындық, көз жасы арқылы жет­кен медаліміз құтты болсын! Сенімен мақ­танамын», – деп жазды Курбанов желідегі парақшасында. 

Азия чемпионатынан оралған бойда гим­настарымыз Болгарияның Варна қа­ла­сында өткен челленджер санатындағы ха­лықаралық сынға қатысты. Бұл бәсекеде На­риман Курбанов тұтқалы ат снарядынан топ жарса, еркін жаттығудан Дмитрий Па­та­нин алтын, Салим Асанов қола медаль жеңіп алды. 

Париж Олимпиадасына дейін спорт­шыларымыз тағы бірнеше турнирде бақ сы­найды. 

Арда КЕМЕЛ