Экономикаға мемлекеттің, тиісінше, шенеуніктердің ара­ласуын қысқарту, бизнеске нарық төрінен орын беру үр­дісі жаңа деңгейге шықты.
Көктемгі жарлықтың көздегені – әділет
1,335
оқылды

Мемлекет бас­шы­сы 2024 жыл­ғы 10 мамырда «Экономиканы ырық­тандыру жөнін­дегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойғаны мә­лім. Енді Үкімет осы құжат аясында экономиканы ырықтандыру қа­лай жүретінін пы­сықтап жатыр. Мысалы, «Самұрық-Қазына» мен оның тобына кіре­тін компаниялардың нарықтарға қатысуының қан­шалықты орын­ды екені зерделенбек.

Бұл Жарлық Президенттің биыл­­ғы 7 ақпанда, Бектеновтің жаңа Үкіметінің бірінші кеңейтілген оты­рысында берген тапсырмасын орын­дау мақсатында әзірленді. Ол бә­секелестікті дамыту, мемлекеттің эко­номика салаларынан кетуі, биз­нес­тің шығындарын азайту арқылы ел­дегі кәсіпкерлік еркіндікті қамта­ма­сыз етуге бағытталған.

Ақорданың түсініктемесінде ай­тылғандай, біріншіден, жаңа мем­­ле­кеттік орган пай­­да болады. Бәсе­ке­лес­тікті қорғау және дамыту агенттігінің жа­нынан Жекешелендіру жөніндегі ұлт­тық офис құру көзделген. Жаңа ве­домство же­кешелендіруге жататын мем­ле­кеттік активтердің крите­рий­ле­рін әзірлеумен, тізбесін қалыптас­тыру­мен айналысады.

Екіншіден, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен оның еншілес компа­ния­­­ларында корпоративтік басқару­дың дербестігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ олар жүзеге асыратын са­тып алу процестерін жетілдіру жө­нін­дегі шаралар қарастырылған. Үшін­шіден, тауарлар нарығындағы бәсе­ке­лестікті дамыту үшін бірқатар нақты ша­раны іске асыру жоспарланған.

Төртіншіден, бизнес ашу және жүр­гізу үшін реттеу саясатын ары қа­рай жетілдіру, рәсімдерді ырық­тандыру ш­аралары ұсынылады. Осы­лайша, тұ­тынушылардың квази­мем­лекеттік ұйым­дар көрсететін ком­мер­циялық қыз­меттерге қолже­тім­ділігін, тех­ни­ка­лық шарттарды алу және ин­женерлік желілерге қосылу рә­сімдерін жеңілдету, бұл үшін авто­маттандыру, цифрландыру көзделеді. Қазақстандық стандарттар бойынша міндетті түрде жобалау-сметалық құжаттама әзірле­мей, оның орнына объектілерді салу ке­зінде озық халы­қара­лық стандарт­тарға сай келетін дайын жобаларды пайдалануға мүм­кін­дік берілмек.

Бесіншіден, Жарлықта бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін қор­ғауды күшейтуге, соның ішінде эко­но­микалық қызмет саласындағы қыл­мыстық құқықбұзушылықтарды қылмыс санатынан алып тастау, мем­лекеттік органдар бастамашы болатын тыйым салу-шектеу шараларын про­курорлармен келісу және басқа да рәсімдер арқылы күшейтуге бағыт­талған іс-шаралар кешені жеке блок ре­тінде берілген.

Жарлықтың жүзеге асырылуы эко­номикадағы мемлекеттік сектордың үлесін ауқымды және жедел түрде қысқартуға, жеке кәсіпкерлік үшін экономикалық кеңістікті ұлғайтуға қосымша серпін береді.

КМС кімнің мүддесіне қызмет етеді?

Қазақстанда шенеуніктердің биз­нестің шаруашылық істеріне арала­суы­на, бизнес жүргізуіне заңмен тыйым салынған. Сондықтан олар мұ­ны айналма жолмен – квазимем­ле­кеттік сектор (КМС) арқылы жасайды. Салдарынан әрбір министрліктің, мекемелердің, әкімдіктердің КМС-те төл компаниялары бар. Бұдан бөлек, Үкімет «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын, ұлттық компания­лар­ды ұстап отыр. Мемлекет осы арқылы тек саясатымен шектелмей, эконо­ми­каға тікелей қол сұғады. 

Нәтижесінде, бүгінде квазимем­лекеттік секторда 6,4 мыңға жуық субъект тіркелген. Оларға 400-ге жуық кәсіпкерлік және бас­қа қыз­мет түрін жүзеге асы­руға рұқсат берілген. Сондықтан Прези­дент­тің тапсырмасымен Үкі­мет жекешелендіруге және же­ке­леген қызмет түрлеріне шектеулер енгізуге, ел экономикасына мемлекет­тің қа­тысу үлесін төмендетуге бағытал­ған іс-шаралар кешенін жүзеге асыра­ды. 

Әйтпесе, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жүргізген талдау көр­сеткендей, мемлекеттің иелігінде стоматология, сауда, тұрмыстық қатты қалдықтар және басқа салаларда әре­кет ететін кәсіпорындары бар. Агент­тік солардан құралған, бәсекелес ор­таға беруге жататын 43 кәсіпорыннан тұратын тізім жасады. 

Антимонополиялық органның тү­сіндіруінше, КМС өз ішінде эко­но­микалық және экономикалық емес деп бөлінеді. Соның ішінде эконо­ми­калық емес субъектілеріне мыналар жа­тады: біріншіден, әлеуметтік: мем­лекет атынан халыққа қызмет көр­се­тетін нысандар. Екіншіден, көмекші, қо­салқы: әрбір салалық бағытта мем­лекеттік саясатты қалыптастыру және іс­ке асыру мақсатында орталық және жер­гілікті атқарушы органдарға қызмет көрсететін субъектілер. Үшін­шісі – ғылыми мекемелер. 

Ал экономикалық субъектілерге біріншіден, қоғамдық және аса маңыз­ды инфрақұрылым объектілерінің экономикалық ұйымдары (инф­ра­құрылымдық ұйымдар), екіншіден, ст­ратегиялық инвестициялық бағыт­та­ғы ұйымдар (инвестициялық ұйым­д­ар) кіреді.

Мемлекет, әрине бұлардың бәрі­нен бас тартпайды, бірақ, негізінен эко­номикалық бағыттағысының кө­бінен арылуға талпынады. Парла­мент­ке жолдаған жауап хатында Үкімет бас­шысы Олжас Бектенов қазір мем­ле­кеттің ел экономикасына қатысуын анық­тау үшін қолданыстағы әдістемеге өзгерістер әзірленгенін жеткізді. Өз­герістерге сәйкес мемлекетке қа­рай­тын акционерлік қоғамдар (саны 300-дей), ЖШС (шамамен 600), сон­дай-ақ шаруашылық жүргізу құқы­ғын­дағы кәсіпорындар (1,3 мыңдай) жаңа есепке алынатын болады.

«Квазимемлекеттік секторды (КМС) реформалау жөніндегі іс-ша­ра­ларды іске асыру мемлекеттің биз­неске қатысуын кезең-кезеңімен шек­теу бойынша ұстанымдарды әзір­леуге мүмкіндік береді. Оның бәрі ел Пре­зидентінің «Экономиканы ырық­тандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығында көрініс тапты. Үкіметтің биылғы 7 ақпандағы кеңейтілген оты­ры­сында берген Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасын орындау, сондай-ақ экономиканы ырықтандыру аясында мем­лекеттің кәсіпкерлік қызметке қа­тысуының тұжырымдамалық тәсіл­дері заңнамада жаңадан бекітіледі», – деп хабарлады Премьер.

Яғни, жаңа заң жобаларының топ­тамасы әзірленбек. Үкімет бас­шысының мәліметінше, заңнамада келесі мәселелер ескерілетін болады: бә­секе мен ұсыныс деңгейі төмен тауар нарықтарына мемлекеттің суб­сидиялық қатысуы. Стратегиялық және әлеуметтік объектілерді қоспа­ған­да, нарық субъектілеріне уақытша қатысу. Мемлекет қатысатын нарық субъектісін құрудың мақсаттары мен міндеттерін және олардың жетістігін ба­ғалау кезеңділігін айқындау. Сон­дай-ақ тиімді жекешелендіру үшін эко­номикалық жағдай жасау.

– Бұл ретте ағымдағы 2024 жылы әлеу­меттік және стратегиялық объек­тілерді қоспағанда, «Самұрық-Қа­зы­на» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның жә­не оның кәсіпорындарының, сон­дай-ақ квазимемлекеттік сектор су­бъек­тілерінің отандық тауар нарық­та­рына қатысуының орындылығы тұр­ғысынан талдау жүргізілетін болады, – деп хабарлады О.Бектенов. 

Қордың қауқарына көңіл тола ма?

Ел басшылығының квазимем­ле­кеттік секторды реформалау туралы міндет қоюы бекер емес. Ұлт­тық компаниялар, квазимемлекеттік сектор шенеуніктердің, әкімдердің, басқасының отбасы мүшелеріне, туыс-туғанына жоғары жалақылы әрі жеңіл жұмыс тауып беретін институтқа айналып кеткені құпия емес. 

Мұның сыртында КМС өз алдына қойылған биік мұраттардың үдесінен шыға алмады. Мысалы, 2014 жылғы қа­рашада «Самұрық-Қазынаны» транс­формациялау бағдарламасы бірін­ші Президенттің қатысуымен, үлкен сән-салтанатпен іске қосылды. Сол кездегі Президент осы ұлттық әл-ауқат қорының жиынтықты актив­те­рін 5 жыл ішінде 2 еселеп, 200 мил­лиард долларға жеткізуді жүктеген-тін. Бұл міндет жүзеге асты ма?

«Самұрық-Қазына» қорының есебі бойынша оның жиынтықты активі 2023 жылғы 1 қазанда 37 трлн 19 млрд 277 млн теңгені ғана құрады. Бұл сол тұстағы бағам бойынша шамамен 78 миллиард доллардай ғана. 

Бұған қоса, сонда 5 жылдан кейін, яғни 2020 жылы қордың кем дегенде 3 компаниясын Fortune-500 – әлемнің ең ірі компанияларының тізіміне кіргізу міндеті қойылды. Бұл міндет те орындалмады. 

Экономистер тағы бір жайтқа на­зар аудартады: 2014 жылы ұлттық әл-ауқат қорының трансформациясына жолдама берілгенде «Самұрық-Қа­зы­наның» жиынтықты активтері Қ­а­зақ­станның ЖІӨ-сінің жартысына теңел­гені жарияланды.

Ұлттық статистика бюросының дере­гінше, 2023 жыл қорытындысында Қазақстанның ЖІӨ-сі 119 трлн 251 млрд теңгедген асты. Сәйкесінше, қа­зір «Самұрық-Қазынаның» жиын­тық­ты активтері елдің ЖІӨ-сінің небәрі 31%-ын ғана құрайды. 

Айтпақшы, бұрынғы билік «Са­мұрық-Қазынадай» теңдесі жоқ ал­пауытты құрғанда сол кезде супер­та­нымал үлгі – Сингапурдың ке­зекті тә­­­жірибесін тағылым етті. Сингапур­дың Temasek Holdings қоры 2004 жы­лы трансформация­ланудан өту арқа­сында төл капи­та­лын 3 есеге – 54 мил­лиард­­тан 176 мил­лиард дол­лар­ға дейін арт­тыра ал­ды. 2023 жыл­ғы көр­сет­кіші – 194 млрд доллар (262,4 миллиард сингапур дол­лары).

Темасек – мем­лекеттің ак­­тив­терін басқаратын іс жүзіндегі жеке, тәуел­сіз компанияға айналды. Оның жоғарғы менеджментін Үкімет тағайындайды, алайда мем­ле­кет Temasek-ке бір тиын бюд­жеттік қа­ра­жат бермек түгіл ешқандай жеңіл­дік­тер мен артықшылықтар ұсын­байды. 

Таңдау: нарық,  әлде мемлекет капитализмі?

Парламент депутаттары да Пре­зиденттің ырықтандыру сая­сатына қызу қолдау білдіріп отыр. Олар­дың пайымдауынша, бұл мәсе­лені шешетін кез жетті. Бүгінде мем­ле­кет – шенеуніктер мен әкімқаралар экономиканың 30 секторының 20-сына қатысады. Экономикалық ын­ты­мақтастық жəне даму ұйымы ел­де­рінде орташа көрсеткіш 13 қана.

«Квазимемлекеттік сектор субъек­ті­лері жеке кәсіпкерлік пен бəсекелес­тікті дамыту орынды болатын салалар­да жұмыс жүргізеді. Мысалы, түрлі кө­лік тасымалы, өңдеу өнеркəсібі, қар­­жылық қызметтер, телеком­му­ни­ка­ция, жер қойнауын пайдалану және басқасы. Қазақстанда Yellow Pages қағидаттары сақталмайды! Бұл жеке кəсіпкерліктің дамуына кері əсер етеді. Инновациялардың ендірілуін тежейді жəне еңбек өнімділігінің өсуін төмен­де­теді. Салдарынан экономиканың да­муы бəсеңдеді. Әлі күнге дейін мем­ле­кеттік автобус парктері, микро­қар­жы ұйымдары, аумақтарды тазалау жә­не абаттандыру ұйымдары, қона­қүй­лер мен санаторийлер, күзет агент­тіктері және басқасы бар. Олар өз қыз­метіне бюджеттен тікелей тапсы­рыс­­тар мен субсидиялар алады», – де­лінген Мәжіліс депутаттарының Үкі­мет­ке хатында.

Мәжіліс депутаты Айтуар Қош­мам­бетов КМС субъектілерінің кәсіп­кер­лікке қыспағына қатысты мысал­дар келтірді. 2024 жылы «Қызылорда электр желісін тарату компаниясы» коммуналдық кəсіпорны жеке секторда бәсекелестері бола тұра құрылыс-мон­таждау жұмыстары бойынша мемле­кет­тік сатып алу шеңберінде 1 мил­лиард теңгеден астам сомаға 300 келі­сімшартты иеленіп алған. 

Алматы қаласы əкімдігінің «Алма­тыэлектротранс» коммуналдық кәсіп­орны 2018–2023 жылдары аралығында бюд­жеттен 378 миллиард теңге көле­мін­де субсидия жəне көмек алды. Оның үстіне, бұлар – ұсақтары ғана. Ал­пауыт КМС компанияларының араны да апандай.

Депутаттың айтуынша, Қазақ­стан­ның бүкіл «қаржы лизингі» нарығының 95%-ы – небәрі 2 квазимемлекеттік ұйымға тиесілі!

– Қазақстан жаппай жеке кәсіп­кер­лікті дамыту жолымен жүріп жатыр ма, әлде біз мемлекеттік капитализмді құруды жалғастыра береміз бе, нақты шешім қабылдау керек! Мемлекет эко­номикаға шамадан тыс араласуын қойып, жеке бизнеспен бəсекелесуді тоқтатса ғана нарықтық экономика құру мүмкін болады. Сондықтан біз Үкі­м­етке созбұйдаға сала бермей, ква­зи­мемлекеттік секторды реформалау жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыруға кірісуді ұсындық. Жұмыс іс­теп тұрған мемлекеттік кəсіпорындар мен ұлттық компанияларға толық ре­­­визия жүргізу керек. Олардың мақ­сат-міндеттері қайта қарауды талап етеді. Біртекті квазимемлекеттік ком­панияларды біріктіруді, қайтала­на­тынын мүлдем жоюды ұсынып отыр­мыз, – деді депутат Айтуар Асқарұлы.

Депутаттар Үкіметтен мемлекеттік кәсіпорындар мен квазимемлекеттік компаниялар үшін рұқсат етілген қыз­мет түрлерінің тізбесін қайта қарауды талап етті. Олардың ұстанымынша, же­ке секторда баламалары болмаса ға­на мемлекеттік ұйымдар – тек əлеу­мет­тік объектілерге (денсаулық сақтау, коммуналдық қызметтер, т.б.) және стратегиялық объектілерге (инфра­құры­лымдық объектілер, энергетика, көлік, т.б.) қатыса алуы керек. Барлық басқа объекті жекешелендірілгені жөн.

Премьер-Министр Олжас Бекте­нов депутаттар мен сарапшылардың квазимемлекеттік сектордағы жұмыс істеп тұрған субъектілерге толық реви­зия және талдау жүргізу, олардың қыз­мет түрлерін қайта қарау, цифрландыру арқылы жекешелендіру процесінің ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ корпоративтік басқаруды жетілдіру бойын­ша ұсыныстары қолдау табаты­нын айтты. 

Олжас Бектенов 2024 жылы жаңа тә­жірибені енгізгелі жатқандарын ха­барлады: Үкімет квазимемлекеттік секторды реформалау жөніндегі іс-шараларды қалай іске асырып жат­қаны, мемлекеттік активтердің ахуа­лы, КМС-терді басқаруы жөніндегі ұлт­тық баяндаманы Парламентке ұсын­бақ. Біраз былық сонда әшке­ре­ленуі мүмкін. 

Ары қарай «КМС субъектілерінің қыз­мет тиімділігін кешенді талдауды, қаржылық және қаржылық емес қыз­метінің нәтижелерін, әлеуметтік және өзге де міндеттерді орындауын» қам­титын мұндай ұлттық баяндаманы Үкі­мет жыл сайын ұсынып тұрады. Пре­зиденттің жаңа Жарлығындағы тап­сырмалардың қалай орындалып жат­қанын ел сол баяндамадан да білуі мүм­кін. 

Елдос СЕНБАЙ