«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы «Құқықтық көмек» жобасы аясында шалғай елді мекендерде көшпелі қоғамдық қабылдау өткізу жұмысын жалғастыруда.
«Құқықтық көмек»: Азаматтардың талап-тілегі партия назарында
996
оқылды

Жуырда кезекті қабылдау Қазығұрт ауданы Қарабау ауылдық округі Сынтас елді мекенінде өтті.

Ауылдық спорт кешеніне жиналған жұртшылықтың қарасы қалың болды. Жүздесуге «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов, облыстық мәслихат депутаты Нұржан Әшіров және партияның өңірлік филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Манат Жадақова қатысып, тұрғындардың өтініш-тілегіне құлақ түрді. 

Тұрғындар облыстық прокуратураның, құқық қорғау органдары  өңірлік құрылымдарының жауапты өкілдеріне, мемлекеттік кірістер департаментінің лауазымды тұлғаларына, адвокаттар алқасының, нотариаттық палатаның, сот орындаушылар қауымдастығының мүшелеріне, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық департаменті мен облыстық ұйымдардың қызметкерлеріне, облыс әкімдігінің салалық басқармаларының және аудан әкімдігінің өкілдеріне, аудандық мәслихат депутаттарына өздерін толғандырған сұрақтарын жолдап, нақты жауап алды.

Айта кетейік, партия қызметін сервистік модель санатында ілгерілетуге жәрдемдескен осы кездесу барысында мемлекеттік билік институтының өкілдері тұрғындармен жүздесіп, олардың өзекті мәселелерін шешуге ықпал етті. Сондай-ақ қабылдауға келген азаматтар барлық инстанция бойынша жүгінген мәселелеріне қатысты жауапты тұрғылықты жерінен шықпай-ақ, бір жерден алу мүмкіндігіне ие болды. Азаматтар ауызсу мәселесін шешу, байланыс сапасын арттыру, көшелерге асфальт төсеу, ойын алаңдарын ашу, білім беру нысандарын салу, медициналық ұйымдар желісін ұлғайту, спорт инфрақұрылымын жақсарту секілді бірқатар мәселе көтерді. Тұрғындардың өтініш-тілегі хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды. Алдағы уақытта бұл мәселелер даму бағдарламалары мен қысқамерзімді жоба-жоспарларға енгізіледі.

Мәселен, Үлгілі елді мекенінің Ермахан Аршабаев, Сынтас ауылының Сүндет Керімов, Рабат ауылының Ералы Сәрсенов, Жаңабазар ауылының Жазира Танкеева есімді тұрғындары «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберіндегі өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Ал Тұрбат ауылының азаматтары ауызсу, газбен қамту, электр желісі бағаналарын жаңарту мәселелерін қозғады. Ағын су, жол құрылысы, жол белгілерін орнату, медициналық сараптамадан өту мәселелері де жиі көтерілді.