Сарапшылар зерттеу нәтижесінде 2023 жылы орташа есеппен әрбір төрт тексерістің үшеуінде түрлі ереже мен нормаларды, заңды бұзу жағдайлары тіркеліп отырыпты. Сонымен қатар тиісті мекемелер жүргізетін тексерістер әр облыста әртүрлі болып шыққан.
Дүниежүзілік банктің есептеуінше, қазірде еліміз ТМД және ЕАЭО-дағы экономикалық серіктестеріне қоса алғанда, көрші елдер арасында реттеу сапасы бойынша көш бастап тұр. Расымен де, MIND зерттеуіне сүйенсек, 2023 жылы орташа есеппен төрт тексерудің үшеуінде заңбұзушылық анықталған. Ең «қызық» көрсеткіш Бас прокуратураға тиесілі. Прокуратура органдары жүргізген әрбір он тексерудің тек біреуінде міндетті талаптардың бұзылмағаны анықталған. Яғни, тоғыз тексерісте қандай да бір кемшіліктің анықталатыны белгілі болды.
Сарапшылар еліміздің тарихында ең төменгі әкімшілік жүктеме 2023 жылы бақыланғанын айтады. Өйткені елдегі шағын бизнес субъектілерін тексеру бойынша төрт жылдық мораторий 2023 жылы аяқталды. Үш жылға созылған мораторий барысында құзырлы органдардың шағын және орта бизнесті тексеруіне тыйым салған еді. Бұл жерде мораторий жоспарлы тексерулерге қатысты болғанын атап өткен дұрыс. 2023 жылы құзырлы органдар көп жағдайда жоспарлы бір, жоспардан тыс тоғыз тексеру өткізген. Әрине, бұл жыл бойы 10 ғана тексеру өткенін білдірмейді. Орта статистикалық дерек. Құбылта айтқанда жоспардан тыс тексеру 9 есе көп болған.
Ал әкімшілік жүктеме облыстар арасында әртүрлі таралған, әрі айырмашылық бес есеге жеткен. Мысалы, Астанада әрбір 100 ұйымға шаққанда 2,1 тексеру келсе, Ұлытау облысында бұл көрсеткіш 11,1-ге жеткен. Соның ішінде бір жыл ішінде қайталана берген тексерулер де бар. Айталық, 2023 жылы өрт және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік бойынша әрбір жетінші тексеру қайталанған. 2022-2023 жылдары осы тексерулердің шамамен 60%-ы белгілі бір объектілерде қайталанып отырған. Тексерушілер бір тексерген жеріне қайталап бара бергенге ұқсайды.
MIND зерттеушілері мұндай жағдай қайталанбау үшін бақылауды цифрландыру, сын-қатерлерге бағытталған тәсілдерді қолдану және бақылаушы органдар мен тексеріске түсетіндердің тікелей байланысын азайту тәрізді ұсыныстар айтты.