Кеше валюта айырбастау орындарында АҚШ доллары күрт қымбаттады. Экономикалық ахуалды бақылап отырған сарапшылар халықты дүрлікпеуге шақырды, - деп жазады 24.kz.
Олардың болжауынша, баға тек ақша айырбастау орталықтарында қымбаттаған. Кеше Қазақстанның қор биржасында сауда тоқтады.
Экономикалық шолушы Сергей Домнин: «Ақша айырбастау орталықтары ғана сауда жүргізіп отыр. Ал оларда бағаның тұрақты емес екені белгілі. Дегенмен 1 доллардың 390 теңгеден жоғары саудаланып жатқанын көріп отырмыз. Тіпті кейбіреулері одан да жоғары бағамен сатуға тырысып жатыр. Доллардан бөлек, басқа валюталардың да өскенін байқадық» десе, ал экономист Арман Байғанов: «ОПЕК ұйымы ыдырауға жақын тұр. Қазір кім күшті, соның заманы. Яғни алпауыт мұнай компаниялары өмір сүре береді. Олар өндіру көлемін арттыруды тоқтатпайды. Сауд Арабиясы да, Ирак та өзге компаниялар да осылай істейді. Бізде 2015-2016 жылдардағы жағдай қайталануы мүмкін. Ол кезде мұнай бағасы аз уақытта 30 долларға дейін түсіп кеткен еді», – дейді.
Біз бұған дейін доллар бағасының қымбаттауына байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл жиын өткізгенін жазған болатынбыз.