31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тоталитаризмнің бұл қырғыны халқымызға орасан зор қасірет әкелді. Тарихымыздың қайғылы кезеңдерін терең зерделеп, жазықсыз жапа шеккен боздақтарды ақтау ісін жалғастыру – өте маңызды мәселе» деген еді.
Айгүл Ісмақова, алаштанушы ғалым, профессор: Алаш арулары әлі арнайы зерттелген жоқ
7,097
оқылды

Ақтаңдақтар ақиқаты айтылып, зұлмат жылдардың тарихы зерттеп-зерделенуде. Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия бұрын жарияланбаған архив құжаттарын тауып, жинақтап жатыр. Біз осы орайда қуғынға ұшыраған, зұлмат заманда қиындық көрген қазақ қыздары туралы белгілі алаштанушы ғалым, профессор Айгүл Ісмақовамен әңгімелескен едік.

– Айгүл апай, біз бүгін Алаш арулары туралы, алаштың қайраткер қыздары ту­ралы сөз қозғағымыз келіп отыр. Бұған дейін «қазақ қыздары оқымаған, білім алмаған» деген сыңаржақ пікірлерді жиі естіп келдік. Тіпті, кеңестік әдебиет те «сауатсыздық» ту­ралы жиі қозғағаны белгілі. Кеңеске дейінгі қазақ қыздары қандай болды?

– 1731 жылдан бастап 1913 жылы «Қазақ» газеті шыққанға дейін бізді қазақ емес, қырғыз-қайсақ деп келген. Себебі қазақты Ресейдің боданы болған тұста өз жері, мәдениеті жоқ ел ретінде бұратана жа­байы халық деп қараған. Тек 1913 жылы «Қазақ» газетін шығарған Алаш саяси эли­тасы ұлттың атауын – «Қазақ» сөзін қай­тарды. «Қазақ» газеті: «Ұлтының көзі, құ­лағы, үні болды». 1917 жылы Алаш пар­тиясының бағдарламасында «Қазақстан тәуелсіз дербес мемлекет болуы ықтимал, халқы өз жерінде отыр, ана тілі, өз тарихы мен рухани мәдениеті бар» деп жазылды. Қазіргі мағынадағы тұңғыш саяси Алаш партиясы осындай басты мәселелерді кө­те­­­­ріп, қазақ қызының құқығын қорғауды да өздерінің басты ұстанымының бірі ретінде анықтады. Біз Ресейдің боданы болған кездегі қазақ қоғамында молдалар көбіне басқа ұлт өкілдері де болған. «Бұлар­ға бағынған жергілікті молдалар 13 жасқа жетер жетпес, кәмелетке толмаған қазақ қызының некесін қиып, біреудің тоқалы қып бере салуды тоқтатсын, егер жағдай қайта­­ланса, сол молдаларды жазалау ке­рек» деп Алаш партиясының бағдарлама­сында айтылған. Қазақтың тұңғыш рома­нынан басталған Алаш әдебиеті әйел құ­қығын қор­ғауға арналған! Осылайша, қазақ қызы­ның құқығын қорғауды Алаш пар­тиясы 100 жыл бұрын қолға алған. Бұлар «Алып ана­дан туадыны!» өздері бастан кешкендер еді. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш саяси элитасы өз анала­­ры­нан ислами тәрбие алғандар еді. Ахмет Бай­тұрсынұлы «Анама хат» өлеңінде түр­меде отырып: «Қарағым, дұғагөйім, қам­қор анам! Арнап хат жазайын деп, алдым қалам. Сені онда, мені мұнда аман сақтап, Көруге жазғай етсін Хақ Тағалам!» деген. Шоқын­­­дыру саясаты белсенді түрде іске асы­рылған патша заманында: келешек қазақ­тың анасының мүшкіл жәйін көрген Алаш Арыстары, қазақ қызын Ұлттың Анасы деп құқығын қорғаған. Еуропа, АҚШ әйелдер құқығын бұл кезде әлі көте­рмеген еді: бұлар Екінші дүние­­­жүзілік соғыстан соң БҰҰ құрылғаннан кейін ғана кірісті.

– «Қазақ» газетінде көрінген үш қыз: Ғайнижамал Дулатова, Аққағаз Досжанова, Гүлайым Балғынбаева туралы толық зерт­тей алдық па? Ғайнижамал мен Аққағаз тура­­лы білгенімізбен, Гүлайым Балғынбаева тасада қалып қойған секілді. Гүлайым тура­лы зерттеп көргендер болды ма?

– Осыдан 100 жыл бұрын 1913 жылы Алаш саяси элитасы «Қазақ» газетін шы­ғарғанын айттық. Сол газетті шығаруға қа­­­­тыс­­­қан қазақтың үш журналист қызы Ғай­нижамал Дулатова, Аққағаз Досжа­нова, Гүлайым Балғынбаева заманауи білімді қыздар еді. Олар «Қазақ» газетінде 1914 жылдан бастап жұмыс істеді. Сол кез­дің өзекті мәселелерін көтеріп, өздері­нің ма­­мандығына сай ғылыми, саяси, әлеу­мет­тік өмірге қажетті мақалалар жа­зып, қазақ қызының еңсесін көтеретін іс­тің басында болған абыройлы білімді жас қыздар еді. Осы үш қыз туралы вики­педияда аз ғана ақпарат бар. Сол заман­дағы қанша­ма ЖОО бітірген қазақ қызда­рының тағды­­­­­­­ры зерт­­телмеген. Бүгінгі біздер Алаш саяси элита­­сын зерттеп бі­тір­­дік дей алмай­мыз. Олар­­дың ғылыми дис­курсы, акаде­миялық мұ­ра­­­­лары енді ғана толық шыға­рылуда. Алаш­­­­тың арула­ры әлі арнайы зерттелген жоқ.

Гүлайым Балғынбаеваның Германияда оқығаны туралы дерек бар да, әрі қарай қандай мамандықты бітіргені туралы еш­теңе таппайсыз. Ол үшін әлі тарихты қо­пару керек. Мәмбет Қойгелді айтпақшы, қазақтың көп жастары Германияның ин­женер, медициналық универси­тет­­­терінде оқып, елге қайта келмеген. Бұл ту­ра­­­­­лы Ташкентте екі жылдан бері өтіп жатқан халықаралық Орталық Азиядағы Жадид қозғалысының Алашқа қатысты симпо­зиумінен естідім. Америкада тұра­тын жадидтердің ұрпағы профессорлар Герма­нияда қазақтың жастарымен бірге оқыған­дарын айтқан. Бізде бұл тақырып әлі зерттелмеген. Батыс Қазақстаннан барған біраз қазақ Германияда инже­­не­рияда оқығаны, соның ішінде қыздар бол­ғаны айтылды. 

Алаш саяси элитасымен қызметтес болған қазақтың білімді қыздарының кім екені туралы деректер Гүлнар Міржа­қыпқызы Дулатованың «Алаштың сөнбес жұлдызы» атты кітабында тұңғыш рет жазылған. Гүлнар Міржақыпқызы Нәзипа Құлжанова, Гүлсім Асфендиярова, Аққағаз Досжанова, Жаңыл Қадырбаева, Ғай­нижамал Дулатова, Гүлшара Досымбеко­валарды көргендіктен сол қыздар туралы көрген-білгенін жазды. Жоғарыда аты аталған қыздар Семей, Орынбор, Троицк қалаларында жастарға арналған мәдени кештер ұйымдастырып, саяси-әлеуметтік істердің басында жүрген. Нәзипа Құл­жанова бастаған қыздар «Абай – қазақтың бас ақыны» деп мәдени кештер өткізген. Күйеуі Нұрғали Құлжанов Абайдың кешін өткізу үшін Петербордағы патшаның жергілікті генерал губерна­торынан ресми рұқсат сұрап, екі жыл пат­шаға хат жазған. Екі сағаттық кеш өткізу үшін ресми рұқ­­сатты екі жыл күткен. Осы­ның бәрі қандай қиындықпен келге­­­нін білмейтін ұрпақпыз. 

Алаштың саяси көсемі Әлихан Бөкей­ханның ұрпағы шоқынып кетті деп жазып жатқандар бар. Алаш элитасының көсемі Әлихан орыс қызын алуға саяси тұрғыдан мәжбүр болған. Жары Елизавета Яков­­левна аурудан қайтыс болғанда, оны хрис­тиандық тәртіппен жерледі. Әлихан Бө­­кей­­хан басқа діндегі әйелін зорлықпен мұ­сылман дінін қабылдауға шақырса, пат­­­шаның заңымен сотталып кететін за­ман болғанын қазіргілер біле бермейді.Сон­дықтан жарын өз дінінде қалдырып, хрис­тиан дініндегі тәртіппен Семейде жерлеген. Әлиханның ұрпағы тірі қалу үшін ана­сының дінін көрсетуге мәжбүр болға­нын қазіргі сыншылардың басына бер­месін. Осыны білмейтін бүгінгі дымбіл­местер ұрпағы шоқынған, христиан әйелге үй­ленген деп аруаққа тіл тигізіп жүр. Шын мә­нінде, ол кісінің саяси амалмен үйлен­­генін біле жүруіміз керек. Қайсыбір қазақ қызын Әлихан Бөкейхан өзі көрген түрме­нің есігінде телміреуге, қудалауға, қамауда отыруға қияр еді? Қазіргі кез тұрғысынан ол заманға сын айту – зор әдепсіздік.

Ахмет Байтұрсынұлы орманшының қызы Александра Ивановнаға үйленді. Ахаң да әйелін мұсылман дініне зорлықпен кіргізе алмас еді: ондай жағдайда бірден сотталатын заң бар. Александра-Бадри­сафа ислами білімді өзі меңгеріп, өз еркі­мен некесін қиғызған, өмір бойы Ахаңды «Төрем» деп өткен адал жар. Негізі, Бад­риса­фа атанған Александра – татар емес, орыс қызы еді. Соңғы фильмде Ахаңның жарын татарша сөйлетіп қойыпты. Ахмет Байтұрсынұлы екі-ақ әйелге өлең арна­­ға­ны белгілі: өз анасына «Айналайын анам, дұғагөйім, қамқор Анам!» деп 1908 жылы түрмеде отырып жазған өлеңі. Екіншісі – «Н.Ханымға», сол кезде Алаш жұлдызы аталған мұғалім, жорналшы Нәзипа Құл­жановаға. Осы өлеңінде Ахмет: «Ел бүгін­шіл, менікі ертең үшін» дейді. Нәзипа ха­нымға неге бұлай жазады? Өйткені Нә­зипа қостанайлық, Қостанайдағы семи­нарияда оқып жүргенде оқуға төлейтін ақшасы болмай, әкесі оны біреуге айт­тырып қо­йып, алған ақшасын қайтара ал­­май, қара­басы сұмдыққа ұшырағанда Алаш заман­дастары Нәзипаны қорғай алған. Ахаңдар таныстырған сол кездегі ауылдық мектеп директоры болған Нұржан Құл­жанов ауқатты болғандықтан Нәзипаға жәрдем беріп, кейін екеуі некелесіп, Се­мейге бірге көшкен. Нәзипа мектепке де­­йінгі, мектептегі бала тәрбиесі туралы, бастауыш мектептеріне кітап, оқулықтар шығарған. Соның біріне оған Ахмет Бай­тұрсын­ұлының өзі алғысөз жазып, Нә­зи­па­­­ның осындай педагогикалық-методи­калық болмысын қолдап бата берген: 

– Рахатсыз өтсе де өмір жасым, 

Бұл жөнімнен Құдайым айырмасын. 

Ұзақ жолға ниет қып бір шыққан соң, 

Жарым жолдан қайтпаспын, қарындасым! 

Мен өлсем де өлемін жөнімменен,

Тәннен басқа немді алар өлім менен?!

Өлген күні апарып тығары – гөр,

Мен жоқ болам көміліп тәнімменен.

Тән көмілер, көмілмес еткем ісім,

Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.

Жұрт ұқпаса ұқпасын жабықпаймын,

Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін, – деген

сөздер Нәзипа Құлжановаға арналған. 

Советтік террорға ұшыраған Нәзипа басынан өткен көп қиындықтың сал­­да­рынан, күйеуі атылғаннан кейін құсалық дерттен қайтыс болды. Жалғыз баласы ауру болып туып, ұрпақ сүйе алмай өткен қа­зақтың аруы. 

Гүлнар Дулатова жазған тағы бір қазақ қызы – Гүлшара Досымбекова. Ол – Мір­­жақып Дулатовтың туған балдызы. Алаш жастарының басын біріктіру үшін құрыл­­ған «Жас азамат» ұйымындағы істердің ба­­­­­­сы-қасында болған қоғам қайраткері. Омбы гимназиясын үздік бітірген оқы­мысты, же­­­­­­­­тім­­дерге тұрақты түрде қаржы­лай көмек­­тесіп тұрған зиялы адам. Күйеуі ауқат­­ты кісі болған. Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов басқарған «Абай» жур­­налы бір-екі рет дағдарысқа ұшырап, шық­­­­­­пай қалған кездері болған.Сонда Гүл­шара қолындағы бар алтын-күмісін сатып, журналдың екі-үш нөмерін шы­­­ғарып бер­ген меценат. Кү­йеуі Ахметсафа Жүсіп­ұлы абыройлы аза­мат еді, ол да ату жаза­сына ұшыраған. 

Гүлайым Балғынбаева – Ыбырай Алтын­­сарин мектебінің түлегі. Ахмет Бал­ғынбайұлының қызы, Орынбордағы гим­назияны үздік тәмамдап, орыс тілінен са­бақ берген мұғалім. Күйеуі «халық жауы» деп атылғаннан кейін, сол зардапты әйелі де көріп қасірет шеккен.

Аққағаз Досжанова – қазақ қыздары­ның ішінен шыққан тұңғыш дәрігер. Осы мамандығын көсемсөзші ретінде газет бет­­­­терінде насихаттаған: тазалық сақтау ережелері, жұқпалы аурулардың қауіп-қате­рі сияқты елге пайдалы практикалық ма­­­­қа­лаларды жазып тұрған. «Қазақ» газе­ті­нен басқа басылымдарда да мақа­лалары жарияланған журналшы. Аққағаз Досжа­нова 1917 жылы Мәскеуде қазақ зия­лы­лары ұйымдастырған басқосуда «Мұ­сыл­­ман елдерінің азаттығы туралы» ар­­найы баяндама жасаған ғалым, ұлттың діні мен тілін қорғаған, езілген қазақтың жағ­­­­­­­­­­дайын ашық айтқан саяси тұлға. Дәл осы жылы Мәскеуде 1-8 мамырда өткен бүкілресейлік мұсылман съезінде қазақ әйе­­­­­­лінің мұқта­­жын айтып, оны талқыға салған қазақтың батыр қызы. Өмірінің соңы­на дейін Алма­­тыдағы І ауруханада гинеколог қызметін істеп, безгек ауруына алғашқы ем-дом ой­лап тапқан дәрігер бо­лып саналады. Бұл медициналық еңбектері «Абай», «Жас азамат», «Әйел тең­дігі» газеттерінде шы­ғып тұрған. Атал­ған ғылы­ми еңбектері өкінішке қарай, қазіргі ғылы­ми айналымға әлі енген жоқ, әлі де зерт­теушісі жоқ.

«Зарлау», «Көздер», «Тұр, қазақ!» се­кіл­ді отты жырлардың авторы – Мәриям Сей­­да­­­­­лина. Бұл өлеңдері «Айқап» пен «Қа­­­­­­зақ» газеттерінде жарияланды. Сол кез­­дегі Орал облыстық қазақтардың съезін­­­­­­­­­де баяндама жасаған Күләйім Өте­генқызы, Дәмеш Дайрабайқызы, Сақып­­жамал Тілеубай­­қызы – бұлар да белгілі ақын қыздар. Бірақ оларды ешкім білмейді. Бұл деректерді алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбай мен Алаш Аруларын зерттеп жүрген Серікбол Хасан мақалаларынан оқыдым.

Шолпан Иманбаева, Сара Есова, Фа­тима Ғабитовалар туралы да нақты мәлі­меттер жоқ. Фатима Ғабитова, Сүлеев, Жан­сүгірұлы, Әуезов сияқты Алаш арыс­тарының ұрпақтарын сонау репрессия кезінде бір-біріне бауыр етіп өсірген қа­сиетті Ана. Мұның бәрі ұлттың анасы ре­тінде бейнет көрген адамдар, тотали­­­тарлық террорға ұшыраған арулар. С. Сей­фуллин­­нің әйелі Гүлбаһрам, Б. Майлиннің әйелі Күлжамал, Т. Рысқұловтың әйелі Әзиза, С. Қожановтың әйелі Күләндам, С. Меңде­­шевтің әйелі Рәзия, Т. Жүргенов­тың әйелі Дәмеш, Н. Нұрмақовтың әйелі Зүпнұн, С.  Аспандияровтың әйелі Рабиға, Майнұр Сарымолдаева, Елизавета Садуа­қасова, Мария Есқараева, Мәриям Тоғжа­нова, Әйіш Құлымбетова, Бибіжамал Сыр­ға­­бекова, Сағадат Таштитова, Шәкітай Тәті­мо­ва, Айша Қабылова, Кира Нұрма­ғам­бетова (лагерьде атылды), Жанбике Шани­на, Хадиша Мусина, Сақыпжамал Назарова (Зарап Темірбековтың әйелі), Уәзипа Кү­ле­­­­нова, Мағрипа Рүстемова, Әсма Шома­нова, Зағипа Тінәлина, Бар­шын Қалме­­нова, Мәдина Оразова, Мә­рияш Есен­гелди­­­­наларды сталиндік реп­рес­­сия құрбан­­­­дары деп атайды алаш­та­нушы Елдос Тоқ­­тар­­­­бай. Бұлар туралы мағлұмат өте аз. Бірақ зерттеушісі болса, мәлімет табуға болады. 

– Алаштың үш қызы ату жазасына ке­сілді. Шаһзада Шонанова, Торғай Сүлей­менова, Мәмила Таңатова туралы журна­лист Қарагөз Смәділ әдемі зерттеу мақала жазды. Одан бөлек, қуғын-сүргін көрген қыздар зерттелді ме?

– Алаш әйелдерінің көбі «халық жауы» атанған күйеуінің жары ретінде зұлым­­дық­­қа ұшырады. Олардың қатарында Тор­ғай Сүлейменова, Кира Нұрмағам­­­­бетова, Мәмила Таңатова, Шаһзада Шона­нова бар. Торғай Сүлейменова Қараған­дыда туған, кедей отбасынан шыққан, кеңес­­тік кезеңде белсенді қыз болған. Ол да атыл­­ды: үйіне халық жауы атанған адам кіріп шыққаны үшін. Ол замандарда «үш­­тік» деген түсінік болған, үш адам куә­лік берсе, ату жазасына кесілетін. Торғай осын­­дай сұмдықпен атылған деген де­ректер бар. 

Шаһзада күйеуі Ахмет Байтұрсын­ұлы­мен бірге «Оқу құрал» атты хресто­матия­ның авторы Телжан Шонанұлы атылғаннан кейін 10 күннен кейін өзі де осы Алаш Арулары ішінде тұңғышы болып атылған. Шаһзада халық жауы емес, Жәңгір ханның тікелей ұрпағы болған­­дықтан осындай сұмдыққа ұшыраған. Телжан Шонанұлы «халық жауы» деп атылғаннан кейін, осы сылтаумен Шаһзаданы да атқан. Шаһзада оқып жүрген медицина университетінен бірнеше рет шығарылған: совет билігі хан ұрпағын қатаң қудалауда ұстаған. Оқудан шығарылған Шаһзада көп қиындық пен зұлымдық көрген қазақтың асылы.

Гүлнар Дулатованың «Алаштың сөнбес жұлдызы» кітабында жазылғандай: Сүйін­бике Мұстақимқызы, Шолпан Байтұрсы­нова, Зүбайра, Мүгілсім Сырттановалар да сұмдық зұлымдықты бастан кешкен.

– Кеңес Одағы батыры атағын алған екі батыр қыздың, Әлия мен Мәншүктің де әкелері халық жауы атанған. Одан бөлек, соғысқа аттанған қандай «халық жауының» қыздарын білеміз?

– Екінші дүниежүзілік соғыста Мән­шүк пен Әлия қыздарымызды мақтан етеміз. Екеуінің де әкесі халық жауы бол­­­ған. Олар әкесінің атын ақтау үшін Екінші дүниежүзілік соғыста батырлық жасады. Мұны да біле жүруіміз керек, олар қандай қасіретпен батырлыққа барғанын. 

Сәуле Рысқұлова, Надежда Қарашева­ның есімдері осы жерде аталады, бірақ өкі­нішке қарай, мағлұмат жоқ. Осы қа­тарда Рымжан Сейфуллинаны атауға бола­ды. Өзім көрген академик Рабиға Сыз­дықо­ваның әкесі қари, Құранды жатқа білген сауатты дін қызметкері болған, оны отырған жерінде балаларының алдында атып тастаған. Рымжан Сәкен Сейфул­­­линнің асырап алған Мәжит деген інісінің қызы. Рымжан апамыз сейфуллинтануға үлес қосқан ғалым профессор болды. 

1932-1934 жылдары Мұхтар Әуезовтің жасөспірім қызы Мұғамила Мұхтарқызы Алматының Төлеби көшесіндегі сол кез­дегі айдаладағы Тастақ түрмесіне қамал­ған әкесіне жаяу тамақ тасып тұрған: қандай қорқыныш пен үрей көргенін де жазып кетті. 

Үшкөлтай Сұбханбердина – тұңғыш дәрігер фармаколог Алашшыл Сұбхан­бердиннің ұрпағы. Үшкөлтай апайым 2000 жылдардың басында қайтыс болды, оған дейін қызметтес болдым. Ол совет ке­зінде әкесі мен ағасынан алған амана­тын арқалап, еңбек демалысында өз қара­жа­тына Ленинградқа баратын. Ел сана­торийге кеткенде, бұл апамыз Ле­нинградта жаздай болатын. Ол жерде төте жазудағы «Айқап, «Қазақ», «Еңбекші қа­­­­­­­­зақ» тағы басқа басылымдағы авторлар мен мәтін­дерінің библиографиясын жасап кеткен бірегей ғалым. Қазіргі М.Әуе­зов атындағы Әдебиет және Өнер институтына ХХ ғасыр басындағы осы басылымдардың библио­графиясын бір өзі жасап кеткен ғалым: жа­зып, сақтауға ың­ғайлы, қол сумкамен тасуға ыңғайлы А 4 форматты 8 бөліп, кей­де қалтасына да са­лып жүретінін көр­ген едім. Қандай зия­лылық! Өте зиялы, тектілігі жүзінен көрі­нетін әдемі әйел еді. Біз алдымызда жүр­ген Гүлнар Дулатова, Ләйля Мұқ­тарқызы Әуезова, Шамшиябану Қаныш­қызы Сәтбаева бастаған осындай Алаштың Аруларынан тәрбие алдық. 

– Алма Оразбаеваның тағдыры туралы сұмдық деректер оқып едік. Алма Оразбаева, Рәзия Меңдешова, Әмина Мәметова сияқ­ты ағартушы қыздардың тағдыры тура­лы толық айтылды ма?

– Алма Оразбаеваның тағдыры туралы мағлұматтар енді толық анықталды. Оны бізге Кеңес кезінің белсендісі, коммунист қыз деп насихаттайтын. Бірақ күйеуінің ақ гвардияшыл, залым адам болғаны, Голо­щекиннің көмекшісі болғаны туралы ай­тылмайтын. Бұл енді ғана ашылды. 

Әмина Мәметова қазақ тілінен мен оқы­ған Қыздар педагогикалық Институ­тында дәріс беретін. Әдепті, сұлу әйел еді: атақты Мәншүктің анасы деп жүретін едік. Бірақ ол кісіні құрметтегенін көрмедік: халық жауының әйелі екенін кейін естідік.

– Армиял Тасымбековтың «Жазығы не еді апалардың?» атты топтамасы кезінде «Өркен» газетінде жарық көргені белгілі. Алжир-де, зұлмат жылдарда қуғын көрген аналарымыз туралы жазып жүрген зерттеуші ғалымдар бар ма?

– Армиял Тасымбековтың «Жазығы не еді апалардың?» топтамасында көп мағ­лұмат баршылық. Өкінішке қарай осымен тоқтап қалды. Мысалы, Алжир-де нақты қанша қазақ әйелі отырғаны туралы мағ­лұ­­мат әлі жоқ. Белгілі жорналшы Мағира апай Қожах­­­­метованың Қарағандыда әкесі айдау­­да болған жерін көруге келген атақты балет әртісі Майя Плисецкаямен жүргізген кере­­­мет сұхбаты бар. Майяның әкесі Қара­ған­­ды­­­ның Карлаг-ында қайтыс болған. Майя сұхбатында «Қарағандының Карлаг-ынан құтылдыңдар, бірақ неге қазақ­тың бәрі орысша сөйлейді?» деп таңғал­ғанын келтір­­­ген. Қазақ жерінде Алжир мен Карлаг жоқ болса да, әуелі патша, кейін совет­­­­­тік би­лік бізді орыстандырып кеткенін бетімізге басып айтқаны есте қа­ларлық қайсар­­­­­лық. 

Осыншама қазақ қызының қасі­ретті тағдыры, заманға сай білімді, дәрі­герлер, ұстаздар болғаны, Ахаң кітабына алғысөз жазған Нәзипадай ғалымдардың тәуелсіз­діктен бері зерттелмеуі – бізге сын. Бұларды неге тануымыз керек? Совет үкі­меті патша үкі­метінің мұрагері ретінде қа­зақты енді тоталитарлық құлдыққа са­лып жатқанда, қазақ қыздары да жанта­ласып ұлттық тәр­бие мен ұлттың Анасы абыройы үшін күрескендер еді.

Аталған Алаш Аруларына күйеуінен бас тартса, зардап шекпейсің деген ұсы­ныс­ты ешқайсысы қабылдамаған! Ешқай­­сысы қара басының қамын қумаған! Осын­­­­­­­­­­­­­­­шама тектілікті сақтау үшін Алаштың Арулары қандай тәрбие алған? Бұлар өмір бойы бір-біріне, ұрпақтарына қарайласып өткендер! Бүгінгі қазақтың қызы ойлана­тын, үлгі ала­­­тындар – осы Алаштың Ару­ла­ры! 31 ма­мыр Алаш Жұрты болып осы Аналарға да арнап Құран оқитын күн!

Бұл қазіргі заманда ішіп жегенін, киген шүберегі мен мінген көлігіне мәз болып Ins­­tagr­­am-ға салып мәз болатындар емес еді!

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС,

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ