Ақтаңдақтар ақиқаты айтылып, зұлмат жылдардың тарихы зерттеп-зерделенуде. Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия бұрын жарияланбаған архив құжаттарын тауып, жинақтап жатыр. Біз осы орайда қуғынға ұшыраған, зұлмат заманда қиындық көрген қазақ қыздары туралы белгілі алаштанушы ғалым, профессор Айгүл Ісмақовамен әңгімелескен едік.
– Айгүл апай, біз бүгін Алаш арулары туралы, алаштың қайраткер қыздары туралы сөз қозғағымыз келіп отыр. Бұған дейін «қазақ қыздары оқымаған, білім алмаған» деген сыңаржақ пікірлерді жиі естіп келдік. Тіпті, кеңестік әдебиет те «сауатсыздық» туралы жиі қозғағаны белгілі. Кеңеске дейінгі қазақ қыздары қандай болды?
– 1731 жылдан бастап 1913 жылы «Қазақ» газеті шыққанға дейін бізді қазақ емес, қырғыз-қайсақ деп келген. Себебі қазақты Ресейдің боданы болған тұста өз жері, мәдениеті жоқ ел ретінде бұратана жабайы халық деп қараған. Тек 1913 жылы «Қазақ» газетін шығарған Алаш саяси элитасы ұлттың атауын – «Қазақ» сөзін қайтарды. «Қазақ» газеті: «Ұлтының көзі, құлағы, үні болды». 1917 жылы Алаш партиясының бағдарламасында «Қазақстан тәуелсіз дербес мемлекет болуы ықтимал, халқы өз жерінде отыр, ана тілі, өз тарихы мен рухани мәдениеті бар» деп жазылды. Қазіргі мағынадағы тұңғыш саяси Алаш партиясы осындай басты мәселелерді көтеріп, қазақ қызының құқығын қорғауды да өздерінің басты ұстанымының бірі ретінде анықтады. Біз Ресейдің боданы болған кездегі қазақ қоғамында молдалар көбіне басқа ұлт өкілдері де болған. «Бұларға бағынған жергілікті молдалар 13 жасқа жетер жетпес, кәмелетке толмаған қазақ қызының некесін қиып, біреудің тоқалы қып бере салуды тоқтатсын, егер жағдай қайталанса, сол молдаларды жазалау керек» деп Алаш партиясының бағдарламасында айтылған. Қазақтың тұңғыш романынан басталған Алаш әдебиеті әйел құқығын қорғауға арналған! Осылайша, қазақ қызының құқығын қорғауды Алаш партиясы 100 жыл бұрын қолға алған. Бұлар «Алып анадан туадыны!» өздері бастан кешкендер еді. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш саяси элитасы өз аналарынан ислами тәрбие алғандар еді. Ахмет Байтұрсынұлы «Анама хат» өлеңінде түрмеде отырып: «Қарағым, дұғагөйім, қамқор анам! Арнап хат жазайын деп, алдым қалам. Сені онда, мені мұнда аман сақтап, Көруге жазғай етсін Хақ Тағалам!» деген. Шоқындыру саясаты белсенді түрде іске асырылған патша заманында: келешек қазақтың анасының мүшкіл жәйін көрген Алаш Арыстары, қазақ қызын Ұлттың Анасы деп құқығын қорғаған. Еуропа, АҚШ әйелдер құқығын бұл кезде әлі көтермеген еді: бұлар Екінші дүниежүзілік соғыстан соң БҰҰ құрылғаннан кейін ғана кірісті.
– «Қазақ» газетінде көрінген үш қыз: Ғайнижамал Дулатова, Аққағаз Досжанова, Гүлайым Балғынбаева туралы толық зерттей алдық па? Ғайнижамал мен Аққағаз туралы білгенімізбен, Гүлайым Балғынбаева тасада қалып қойған секілді. Гүлайым туралы зерттеп көргендер болды ма?
– Осыдан 100 жыл бұрын 1913 жылы Алаш саяси элитасы «Қазақ» газетін шығарғанын айттық. Сол газетті шығаруға қатысқан қазақтың үш журналист қызы Ғайнижамал Дулатова, Аққағаз Досжанова, Гүлайым Балғынбаева заманауи білімді қыздар еді. Олар «Қазақ» газетінде 1914 жылдан бастап жұмыс істеді. Сол кездің өзекті мәселелерін көтеріп, өздерінің мамандығына сай ғылыми, саяси, әлеуметтік өмірге қажетті мақалалар жазып, қазақ қызының еңсесін көтеретін істің басында болған абыройлы білімді жас қыздар еді. Осы үш қыз туралы википедияда аз ғана ақпарат бар. Сол замандағы қаншама ЖОО бітірген қазақ қыздарының тағдыры зерттелмеген. Бүгінгі біздер Алаш саяси элитасын зерттеп бітірдік дей алмаймыз. Олардың ғылыми дискурсы, академиялық мұралары енді ғана толық шығарылуда. Алаштың арулары әлі арнайы зерттелген жоқ.
Гүлайым Балғынбаеваның Германияда оқығаны туралы дерек бар да, әрі қарай қандай мамандықты бітіргені туралы ештеңе таппайсыз. Ол үшін әлі тарихты қопару керек. Мәмбет Қойгелді айтпақшы, қазақтың көп жастары Германияның инженер, медициналық университеттерінде оқып, елге қайта келмеген. Бұл туралы Ташкентте екі жылдан бері өтіп жатқан халықаралық Орталық Азиядағы Жадид қозғалысының Алашқа қатысты симпозиумінен естідім. Америкада тұратын жадидтердің ұрпағы профессорлар Германияда қазақтың жастарымен бірге оқығандарын айтқан. Бізде бұл тақырып әлі зерттелмеген. Батыс Қазақстаннан барған біраз қазақ Германияда инженерияда оқығаны, соның ішінде қыздар болғаны айтылды.
Алаш саяси элитасымен қызметтес болған қазақтың білімді қыздарының кім екені туралы деректер Гүлнар Міржақыпқызы Дулатованың «Алаштың сөнбес жұлдызы» атты кітабында тұңғыш рет жазылған. Гүлнар Міржақыпқызы Нәзипа Құлжанова, Гүлсім Асфендиярова, Аққағаз Досжанова, Жаңыл Қадырбаева, Ғайнижамал Дулатова, Гүлшара Досымбековаларды көргендіктен сол қыздар туралы көрген-білгенін жазды. Жоғарыда аты аталған қыздар Семей, Орынбор, Троицк қалаларында жастарға арналған мәдени кештер ұйымдастырып, саяси-әлеуметтік істердің басында жүрген. Нәзипа Құлжанова бастаған қыздар «Абай – қазақтың бас ақыны» деп мәдени кештер өткізген. Күйеуі Нұрғали Құлжанов Абайдың кешін өткізу үшін Петербордағы патшаның жергілікті генерал губернаторынан ресми рұқсат сұрап, екі жыл патшаға хат жазған. Екі сағаттық кеш өткізу үшін ресми рұқсатты екі жыл күткен. Осының бәрі қандай қиындықпен келгенін білмейтін ұрпақпыз.
Алаштың саяси көсемі Әлихан Бөкейханның ұрпағы шоқынып кетті деп жазып жатқандар бар. Алаш элитасының көсемі Әлихан орыс қызын алуға саяси тұрғыдан мәжбүр болған. Жары Елизавета Яковлевна аурудан қайтыс болғанда, оны христиандық тәртіппен жерледі. Әлихан Бөкейхан басқа діндегі әйелін зорлықпен мұсылман дінін қабылдауға шақырса, патшаның заңымен сотталып кететін заман болғанын қазіргілер біле бермейді.Сондықтан жарын өз дінінде қалдырып, христиан дініндегі тәртіппен Семейде жерлеген. Әлиханның ұрпағы тірі қалу үшін анасының дінін көрсетуге мәжбүр болғанын қазіргі сыншылардың басына бермесін. Осыны білмейтін бүгінгі дымбілместер ұрпағы шоқынған, христиан әйелге үйленген деп аруаққа тіл тигізіп жүр. Шын мәнінде, ол кісінің саяси амалмен үйленгенін біле жүруіміз керек. Қайсыбір қазақ қызын Әлихан Бөкейхан өзі көрген түрменің есігінде телміреуге, қудалауға, қамауда отыруға қияр еді? Қазіргі кез тұрғысынан ол заманға сын айту – зор әдепсіздік.
Ахмет Байтұрсынұлы орманшының қызы Александра Ивановнаға үйленді. Ахаң да әйелін мұсылман дініне зорлықпен кіргізе алмас еді: ондай жағдайда бірден сотталатын заң бар. Александра-Бадрисафа ислами білімді өзі меңгеріп, өз еркімен некесін қиғызған, өмір бойы Ахаңды «Төрем» деп өткен адал жар. Негізі, Бадрисафа атанған Александра – татар емес, орыс қызы еді. Соңғы фильмде Ахаңның жарын татарша сөйлетіп қойыпты. Ахмет Байтұрсынұлы екі-ақ әйелге өлең арнағаны белгілі: өз анасына «Айналайын анам, дұғагөйім, қамқор Анам!» деп 1908 жылы түрмеде отырып жазған өлеңі. Екіншісі – «Н.Ханымға», сол кезде Алаш жұлдызы аталған мұғалім, жорналшы Нәзипа Құлжановаға. Осы өлеңінде Ахмет: «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» дейді. Нәзипа ханымға неге бұлай жазады? Өйткені Нәзипа қостанайлық, Қостанайдағы семинарияда оқып жүргенде оқуға төлейтін ақшасы болмай, әкесі оны біреуге айттырып қойып, алған ақшасын қайтара алмай, қарабасы сұмдыққа ұшырағанда Алаш замандастары Нәзипаны қорғай алған. Ахаңдар таныстырған сол кездегі ауылдық мектеп директоры болған Нұржан Құлжанов ауқатты болғандықтан Нәзипаға жәрдем беріп, кейін екеуі некелесіп, Семейге бірге көшкен. Нәзипа мектепке дейінгі, мектептегі бала тәрбиесі туралы, бастауыш мектептеріне кітап, оқулықтар шығарған. Соның біріне оған Ахмет Байтұрсынұлының өзі алғысөз жазып, Нәзипаның осындай педагогикалық-методикалық болмысын қолдап бата берген:
– Рахатсыз өтсе де өмір жасым,
Бұл жөнімнен Құдайым айырмасын.
Ұзақ жолға ниет қып бір шыққан соң,
Жарым жолдан қайтпаспын, қарындасым!
Мен өлсем де өлемін жөнімменен,
Тәннен басқа немді алар өлім менен?!
Өлген күні апарып тығары – гөр,
Мен жоқ болам көміліп тәнімменен.
Тән көмілер, көмілмес еткем ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса ұқпасын жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін, – деген
сөздер Нәзипа Құлжановаға арналған.
Советтік террорға ұшыраған Нәзипа басынан өткен көп қиындықтың салдарынан, күйеуі атылғаннан кейін құсалық дерттен қайтыс болды. Жалғыз баласы ауру болып туып, ұрпақ сүйе алмай өткен қазақтың аруы.
Гүлнар Дулатова жазған тағы бір қазақ қызы – Гүлшара Досымбекова. Ол – Міржақып Дулатовтың туған балдызы. Алаш жастарының басын біріктіру үшін құрылған «Жас азамат» ұйымындағы істердің басы-қасында болған қоғам қайраткері. Омбы гимназиясын үздік бітірген оқымысты, жетімдерге тұрақты түрде қаржылай көмектесіп тұрған зиялы адам. Күйеуі ауқатты кісі болған. Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов басқарған «Абай» журналы бір-екі рет дағдарысқа ұшырап, шықпай қалған кездері болған.Сонда Гүлшара қолындағы бар алтын-күмісін сатып, журналдың екі-үш нөмерін шығарып берген меценат. Күйеуі Ахметсафа Жүсіпұлы абыройлы азамат еді, ол да ату жазасына ұшыраған.
Гүлайым Балғынбаева – Ыбырай Алтынсарин мектебінің түлегі. Ахмет Балғынбайұлының қызы, Орынбордағы гимназияны үздік тәмамдап, орыс тілінен сабақ берген мұғалім. Күйеуі «халық жауы» деп атылғаннан кейін, сол зардапты әйелі де көріп қасірет шеккен.
Аққағаз Досжанова – қазақ қыздарының ішінен шыққан тұңғыш дәрігер. Осы мамандығын көсемсөзші ретінде газет беттерінде насихаттаған: тазалық сақтау ережелері, жұқпалы аурулардың қауіп-қатері сияқты елге пайдалы практикалық мақалаларды жазып тұрған. «Қазақ» газетінен басқа басылымдарда да мақалалары жарияланған журналшы. Аққағаз Досжанова 1917 жылы Мәскеуде қазақ зиялылары ұйымдастырған басқосуда «Мұсылман елдерінің азаттығы туралы» арнайы баяндама жасаған ғалым, ұлттың діні мен тілін қорғаған, езілген қазақтың жағдайын ашық айтқан саяси тұлға. Дәл осы жылы Мәскеуде 1-8 мамырда өткен бүкілресейлік мұсылман съезінде қазақ әйелінің мұқтажын айтып, оны талқыға салған қазақтың батыр қызы. Өмірінің соңына дейін Алматыдағы І ауруханада гинеколог қызметін істеп, безгек ауруына алғашқы ем-дом ойлап тапқан дәрігер болып саналады. Бұл медициналық еңбектері «Абай», «Жас азамат», «Әйел теңдігі» газеттерінде шығып тұрған. Аталған ғылыми еңбектері өкінішке қарай, қазіргі ғылыми айналымға әлі енген жоқ, әлі де зерттеушісі жоқ.
«Зарлау», «Көздер», «Тұр, қазақ!» секілді отты жырлардың авторы – Мәриям Сейдалина. Бұл өлеңдері «Айқап» пен «Қазақ» газеттерінде жарияланды. Сол кездегі Орал облыстық қазақтардың съезінде баяндама жасаған Күләйім Өтегенқызы, Дәмеш Дайрабайқызы, Сақыпжамал Тілеубайқызы – бұлар да белгілі ақын қыздар. Бірақ оларды ешкім білмейді. Бұл деректерді алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбай мен Алаш Аруларын зерттеп жүрген Серікбол Хасан мақалаларынан оқыдым.
Шолпан Иманбаева, Сара Есова, Фатима Ғабитовалар туралы да нақты мәліметтер жоқ. Фатима Ғабитова, Сүлеев, Жансүгірұлы, Әуезов сияқты Алаш арыстарының ұрпақтарын сонау репрессия кезінде бір-біріне бауыр етіп өсірген қасиетті Ана. Мұның бәрі ұлттың анасы ретінде бейнет көрген адамдар, тоталитарлық террорға ұшыраған арулар. С. Сейфуллиннің әйелі Гүлбаһрам, Б. Майлиннің әйелі Күлжамал, Т. Рысқұловтың әйелі Әзиза, С. Қожановтың әйелі Күләндам, С. Меңдешевтің әйелі Рәзия, Т. Жүргеновтың әйелі Дәмеш, Н. Нұрмақовтың әйелі Зүпнұн, С. Аспандияровтың әйелі Рабиға, Майнұр Сарымолдаева, Елизавета Садуақасова, Мария Есқараева, Мәриям Тоғжанова, Әйіш Құлымбетова, Бибіжамал Сырғабекова, Сағадат Таштитова, Шәкітай Тәтімова, Айша Қабылова, Кира Нұрмағамбетова (лагерьде атылды), Жанбике Шанина, Хадиша Мусина, Сақыпжамал Назарова (Зарап Темірбековтың әйелі), Уәзипа Күленова, Мағрипа Рүстемова, Әсма Шоманова, Зағипа Тінәлина, Баршын Қалменова, Мәдина Оразова, Мәрияш Есенгелдиналарды сталиндік репрессия құрбандары деп атайды алаштанушы Елдос Тоқтарбай. Бұлар туралы мағлұмат өте аз. Бірақ зерттеушісі болса, мәлімет табуға болады.
– Алаштың үш қызы ату жазасына кесілді. Шаһзада Шонанова, Торғай Сүлейменова, Мәмила Таңатова туралы журналист Қарагөз Смәділ әдемі зерттеу мақала жазды. Одан бөлек, қуғын-сүргін көрген қыздар зерттелді ме?
– Алаш әйелдерінің көбі «халық жауы» атанған күйеуінің жары ретінде зұлымдыққа ұшырады. Олардың қатарында Торғай Сүлейменова, Кира Нұрмағамбетова, Мәмила Таңатова, Шаһзада Шонанова бар. Торғай Сүлейменова Қарағандыда туған, кедей отбасынан шыққан, кеңестік кезеңде белсенді қыз болған. Ол да атылды: үйіне халық жауы атанған адам кіріп шыққаны үшін. Ол замандарда «үштік» деген түсінік болған, үш адам куәлік берсе, ату жазасына кесілетін. Торғай осындай сұмдықпен атылған деген деректер бар.
Шаһзада күйеуі Ахмет Байтұрсынұлымен бірге «Оқу құрал» атты хрестоматияның авторы Телжан Шонанұлы атылғаннан кейін 10 күннен кейін өзі де осы Алаш Арулары ішінде тұңғышы болып атылған. Шаһзада халық жауы емес, Жәңгір ханның тікелей ұрпағы болғандықтан осындай сұмдыққа ұшыраған. Телжан Шонанұлы «халық жауы» деп атылғаннан кейін, осы сылтаумен Шаһзаданы да атқан. Шаһзада оқып жүрген медицина университетінен бірнеше рет шығарылған: совет билігі хан ұрпағын қатаң қудалауда ұстаған. Оқудан шығарылған Шаһзада көп қиындық пен зұлымдық көрген қазақтың асылы.
Гүлнар Дулатованың «Алаштың сөнбес жұлдызы» кітабында жазылғандай: Сүйінбике Мұстақимқызы, Шолпан Байтұрсынова, Зүбайра, Мүгілсім Сырттановалар да сұмдық зұлымдықты бастан кешкен.
– Кеңес Одағы батыры атағын алған екі батыр қыздың, Әлия мен Мәншүктің де әкелері халық жауы атанған. Одан бөлек, соғысқа аттанған қандай «халық жауының» қыздарын білеміз?
– Екінші дүниежүзілік соғыста Мәншүк пен Әлия қыздарымызды мақтан етеміз. Екеуінің де әкесі халық жауы болған. Олар әкесінің атын ақтау үшін Екінші дүниежүзілік соғыста батырлық жасады. Мұны да біле жүруіміз керек, олар қандай қасіретпен батырлыққа барғанын.
Сәуле Рысқұлова, Надежда Қарашеваның есімдері осы жерде аталады, бірақ өкінішке қарай, мағлұмат жоқ. Осы қатарда Рымжан Сейфуллинаны атауға болады. Өзім көрген академик Рабиға Сыздықованың әкесі қари, Құранды жатқа білген сауатты дін қызметкері болған, оны отырған жерінде балаларының алдында атып тастаған. Рымжан Сәкен Сейфуллиннің асырап алған Мәжит деген інісінің қызы. Рымжан апамыз сейфуллинтануға үлес қосқан ғалым профессор болды.
1932-1934 жылдары Мұхтар Әуезовтің жасөспірім қызы Мұғамила Мұхтарқызы Алматының Төлеби көшесіндегі сол кездегі айдаладағы Тастақ түрмесіне қамалған әкесіне жаяу тамақ тасып тұрған: қандай қорқыныш пен үрей көргенін де жазып кетті.
Үшкөлтай Сұбханбердина – тұңғыш дәрігер фармаколог Алашшыл Сұбханбердиннің ұрпағы. Үшкөлтай апайым 2000 жылдардың басында қайтыс болды, оған дейін қызметтес болдым. Ол совет кезінде әкесі мен ағасынан алған аманатын арқалап, еңбек демалысында өз қаражатына Ленинградқа баратын. Ел санаторийге кеткенде, бұл апамыз Ленинградта жаздай болатын. Ол жерде төте жазудағы «Айқап, «Қазақ», «Еңбекші қазақ» тағы басқа басылымдағы авторлар мен мәтіндерінің библиографиясын жасап кеткен бірегей ғалым. Қазіргі М.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтына ХХ ғасыр басындағы осы басылымдардың библиографиясын бір өзі жасап кеткен ғалым: жазып, сақтауға ыңғайлы, қол сумкамен тасуға ыңғайлы А 4 форматты 8 бөліп, кейде қалтасына да салып жүретінін көрген едім. Қандай зиялылық! Өте зиялы, тектілігі жүзінен көрінетін әдемі әйел еді. Біз алдымызда жүрген Гүлнар Дулатова, Ләйля Мұқтарқызы Әуезова, Шамшиябану Қанышқызы Сәтбаева бастаған осындай Алаштың Аруларынан тәрбие алдық.
– Алма Оразбаеваның тағдыры туралы сұмдық деректер оқып едік. Алма Оразбаева, Рәзия Меңдешова, Әмина Мәметова сияқты ағартушы қыздардың тағдыры туралы толық айтылды ма?
– Алма Оразбаеваның тағдыры туралы мағлұматтар енді толық анықталды. Оны бізге Кеңес кезінің белсендісі, коммунист қыз деп насихаттайтын. Бірақ күйеуінің ақ гвардияшыл, залым адам болғаны, Голощекиннің көмекшісі болғаны туралы айтылмайтын. Бұл енді ғана ашылды.
Әмина Мәметова қазақ тілінен мен оқыған Қыздар педагогикалық Институтында дәріс беретін. Әдепті, сұлу әйел еді: атақты Мәншүктің анасы деп жүретін едік. Бірақ ол кісіні құрметтегенін көрмедік: халық жауының әйелі екенін кейін естідік.
– Армиял Тасымбековтың «Жазығы не еді апалардың?» атты топтамасы кезінде «Өркен» газетінде жарық көргені белгілі. Алжир-де, зұлмат жылдарда қуғын көрген аналарымыз туралы жазып жүрген зерттеуші ғалымдар бар ма?
– Армиял Тасымбековтың «Жазығы не еді апалардың?» топтамасында көп мағлұмат баршылық. Өкінішке қарай осымен тоқтап қалды. Мысалы, Алжир-де нақты қанша қазақ әйелі отырғаны туралы мағлұмат әлі жоқ. Белгілі жорналшы Мағира апай Қожахметованың Қарағандыда әкесі айдауда болған жерін көруге келген атақты балет әртісі Майя Плисецкаямен жүргізген керемет сұхбаты бар. Майяның әкесі Қарағандының Карлаг-ында қайтыс болған. Майя сұхбатында «Қарағандының Карлаг-ынан құтылдыңдар, бірақ неге қазақтың бәрі орысша сөйлейді?» деп таңғалғанын келтірген. Қазақ жерінде Алжир мен Карлаг жоқ болса да, әуелі патша, кейін советтік билік бізді орыстандырып кеткенін бетімізге басып айтқаны есте қаларлық қайсарлық.
Осыншама қазақ қызының қасіретті тағдыры, заманға сай білімді, дәрігерлер, ұстаздар болғаны, Ахаң кітабына алғысөз жазған Нәзипадай ғалымдардың тәуелсіздіктен бері зерттелмеуі – бізге сын. Бұларды неге тануымыз керек? Совет үкіметі патша үкіметінің мұрагері ретінде қазақты енді тоталитарлық құлдыққа салып жатқанда, қазақ қыздары да жанталасып ұлттық тәрбие мен ұлттың Анасы абыройы үшін күрескендер еді.
Аталған Алаш Аруларына күйеуінен бас тартса, зардап шекпейсің деген ұсынысты ешқайсысы қабылдамаған! Ешқайсысы қара басының қамын қумаған! Осыншама тектілікті сақтау үшін Алаштың Арулары қандай тәрбие алған? Бұлар өмір бойы бір-біріне, ұрпақтарына қарайласып өткендер! Бүгінгі қазақтың қызы ойланатын, үлгі алатындар – осы Алаштың Арулары! 31 мамыр Алаш Жұрты болып осы Аналарға да арнап Құран оқитын күн!
Бұл қазіргі заманда ішіп жегенін, киген шүберегі мен мінген көлігіне мәз болып Instagram-ға салып мәз болатындар емес еді!
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС,
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ