Осы ретте «Түркістан облысы әкімі аппараты лауазымды адамдарының жеке және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауының регламентін бекіту туралы» Түркістан облысы әкiмдiгiнiң қаулысы бекітілген. Қаулыда облыс тұрғындарын жеке қабылдау Түркістан облысының әкімі бекіткен кестеге сәйкес айына бір реттен сиретпей жүргізілетіндігі көрсетілген.
Түркістан облысы әкімі аппараты өтініштердің қаралуын бақылау бөлімінің жетекшісі Айдана Әмірбектің айтуынша, облыс әкімінің азаматтарды жеке қабылдаулары бойынша ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп, жеке қабылдауларда берілген тапсырмаларға байланысты түзілген хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысына тұрақты талдау жүргізіліп тұрады. Нәтижесінде, жыл басынан бері лауазымды тұлғалар тарапынан жалпы 33 мәрте қабылдау өткізіліп, 386 адамның өтініш-тілегіне құлақ түрген. Оның ішінде облыс әкімі өткізген 14 жеке қабылдауда 176 жанның арызын тыңдаған.
Сонымен қатар Үкімет Аппаратының Азаматтарды қабылдау орталығы тәжірибесіне сүйене отырып, 2024 жылдың басынан бері облыс әкімдігі жанында Азаматтарды қабылдау орталығы фронт-офисі қызметі жұмыс жүргізуде. Түркістан облысы әкімі аппараты басшысының бұйрығына сәйкес Әкімдік жанынан құрылған Азаматтарды қабылдау орталығының жұмыс регламенті, қызмет көрсету стандарты және өңірдегі мемлекеттік органдардың бірыңғай қабылдау кестесі үлгілік ережеге сәйкестендіріліп жасақталған.
Осы жұмыстарды жандандыру және облыс тұрғындарының ұсыныстарымен туындаған өзекті мәселелерін шешу жолдарын қарастыру мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы мен Әкімдік арасында бірлескен жол картасы жасалған. Жол картасы аясында өңір бойынша облыстық АҚО фронт-офистері жаңартылып, халыққа қызмет көрсету орталығы ықпалдастырылған ақпараттық жүйесінің бірыңғай электрондық кезегі енгізілген. Орталықтарда азаматтарды қабылдау, кеңес беру, түсіндіру жұмыстары бірыңғай электронды кезектілік тәртібімен жүргізіліп келеді.
Түркістан облысы әкімі аппараты өтініштердің қаралуын бақылау бөлімінің жетекшісі Айдана Әмірбекқызы облыстағы аудан, қалалардағы Азаматтарды қабылдау орталықтарында жыл басынан бері 41 682 адамға кеңес беріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Айта кету керек, аудан, қала кесіндісінде ең көп қоғамдық қабылдау Түркістан қалалық әкімі аппараты – 21 992, Түлкібас ауданы әкімі аппараты ܺ 7 925 және Кентау қалалық әкімі аппараты 4 600 адамды қабылдаған. Қорытындылай келе, жергілікті атқарушы мекемелер тарапынан халықтың игілігі үшін ұйымдастырылған іс-шаралар оң нәтиже көрсетіп, көтерілген барлық мәселелер назардан тыс қалмау мақсатында тиімді әрі сапалы қызметтер көрсету жіті бақылауға алынған.
Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды дәл қазіргі кезеңде өңірдің бірқатар ауыл-аймақта халықпен кездесу ұйымдастырып, жұрттың жанайқайына құлақ түріп, тұрғындардың өтінішіне назар аударып жүр. Жуырда ғана аудандарға кезекті сапарында Қазығұрт ауданындағы тұрғындарымен кездесті. Кездесуде тұрғындар тарапынан мәселелер ашық айтылып, шешілу жолдары қарастырылды. Өңір басшысы тұрғындарды ашық сұхбатқа шақырып, ұсыныстары мен өтініштерін тыңдап, облысты дамыту бағытындағы жұмыстарды баяндады. Қазығұрт ауданындағы әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсарту жолындағы жұмыстарға тоқталып, жоспарларды атап өтті.
– Осындай кездесудің басты мақсаты – Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру. Сіздердің ой-пікірлеріңізді естіп, ауданды әрі қарай дамыту бойынша ұсыныстарыңызбен танысу біз үшін өте маңызды. Ауылдық жерлерді дамыту мақсатында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қазығұрт ауданында 2023 жылы 10 елді мекенде 35 жобаны іске асыруға 1,7 млрд теңге бөлінді. Мемлекет басшысы мектептерді жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтуды тапсырған болатын. Облыста жалпы саны 330 мектепті жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктің Starlink спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, бүгінде 329 мектепте орнатылды. Оның ішінде Қазығұрт ауданында 23 мектепте толық іске қосылды. Интернеттің жылдамдығы жақсарды. Тұрғындармен кездесуде проблемалық мәселелерді шешу, олардың жолдарын қарастыруға күш салынады. Сондықтан біз аудандағы кейбір салалардағы кемшілікті жасырмай ашық айтып, олардың шешу жолдарын қарастыруымыз қажет. Қай салада көрсеткіштер төмендеп кеткен болса, соны көтеру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуіміз керек. Тазалық пен тәртіп – кез келген қоғамның табысты дамуының кепілі ғана емес, тұрғындардың мәдениеттілігінің өлшемі. Осыны есте сақтайық, – деген Дархан Сатыбалды қазығұрттықтарды елімізде жүріп жатқан тазалық науқанына атсалысуға шақырды.
Қазығұрт ауданында 2023 жылы жалпыөңірлік өнім көлемі 240 млрд теңгеге жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 14 мыңнан асқан. Олардың өндірген өнім көлемі 117 млрд теңгені құраған. Ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі соңғы 3 жылда 31 пайызға өсіп, былтыр 9 млрд теңгеден асты. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 15 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып, бүгінгі күнге нақты 1,5 млн теңге ғана тартылған. Облыс әкімі инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы, құрылыс, білім салаларында жұмысты жандандыру жөнінде аудан әкімі мен басқарма басшыларына тапсырмалар берді. Сондай-ақ ауылдың жағдайын жақсарту үшін халықты бірлесе жұмыс істеуге және ауызбіршілікке шақырды.
Облыс әкімі аудан әкіміне өзекті мәселелердің шешілуі бойынша бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ тұрғындардың өтініштері мен сұрақтары тыңдалды. Мәселелер ашық айтылып, өткір сұрақтар қойылған кездесуде ауданның ауызсу, жол, денсаулық, жайылым жер және өзге де инфрақұрылымдық мәселелер айтылды. Ұсыныстар мен өтініштер хаттамаға енгізіліп, өңір басшысы тікелей бақылауында болатынын айтты.
Облыс басшысы Дархан Амангелдіұлы тұрғындармен кездесуін жақын күндері Төлеби ауданы мен Кентау, Түркістан қаласында жалғастыратын болады.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы