Жуырда Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен тұрғындарды ауызсумен қамту және су бұру мәселелері талқыланған мәжіліс өтті. Сол мәжілісте аймақ басшысы тұрғындарды тіршілік нәрімен қамтамасыз ету жайына кеңінен тоқталды.
Құзырлы орын таратқан мәліметке сәйкес, бүгінде облысқа қарасты Арал мен Байқоңыр қаласы орталықтандырылған ауызсу жүйесімен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Ал елді мекендердің 98,4 пайызы тіршілік нәрін тұтынып отыр екен.
Жалпы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жылда халықты 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырғаны белгілі. Соның аясында былтыр Арал ауданы Көктем елді мекеніне ішкі су жүйесі салынса, Құландыға су тұшытқыш қондырғы орнатылған. Сонымен қатар Шиелі ауданына қарасты Қосүйеңкі және Қызылқайың елді мекендеріне ішкі су жүйесі жүргізіліп, Жуантөбе ауылына су тұшытқыш қондырғы қойылса, Мойнақтан шахталық құдық қазылған.
«Бүгінде облыс аумағында 4 қала және 230 ауылдық елді мекен бар. Қалалардың барлығы ауызсумен толық қамтылған. Осылайша, халықты орталықтандырылған ауызсумен қамту үлесі 98,4 пайызға жетті. Ендігі кезекте алдымызда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауызсуға мұқтаж елді мекендерді 2025 жылдың соңына дейін орталықтандырылған сапалы ауызсумен қамту міндеті бар. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды атқарылуда», – деді бұл жайында мәжілісте Нұрлыбек Машбекұлы.
Дейтұрғанмен, алыстағы ауылдарда тұрып жатқан ағайынның ахуалы әлі де оңалар емес. Әсіресе, жаз басталысымен тіршілік нәріне сусаған халықтың халі алаңдатарлық күйде тұр. Оған мысалды алыстан іздемей, аудан орталығы 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді делінген Арал өңірін алсақ та жетіп жатыр. Соның ішінде ауданға қарасты Тоқабай ауылында бұл түйткілдің түйіні тарқатылмай келе жатқанына талай жыл болған. Тұрғылықты халықтың үміті күн санап сөніп барады. Сапалы су тұтынамыз деген қуаныштары қыр асып кеткелі қай заман. Бізге жергілікті жұртшылық осылай деп мұңын шақты.
«Ауыл халқына сапалы ауызсу тұтыну арманға айналды. Бұған дейін ауызсу құбыры тартылады деген ақжолтай хабар бәрімізді қуанышқа кенелткен болатын. Бірақ басталған жоба аяқсыз қалып тұр. Өз күшімізбен ұңғыма қазып, жерасты суын тұтынуға мәжбүрміз Құдды 17-ші ғасырда тұрмыс кешіп жатқан сияқтымыз. Өркениет көшіне ілесе алмай, әлі күнге суды тасып ішіп отырмыз», – деп ашынады Тоқабай ауылының тұрғыны, ауылдық қоғамдық кеңес мүшесі Нағашыбай Сариев.
Жалпы, осыдан 5-6 жыл бұрын аталмыш ауылға ауызсу тарту жұмыстары бастау алғаны көпшілікке жария болған еді. Сол уақытта жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге облыстық бюджеттен 52 млн теңге бөлінгені, келер жылы ауылға су құбыры тартылатыны айтылған болатын. Бертін келе, 2021 жылы ауылға ауызсу құбырын тарту жұмыстары басталғаны көпшілікті қуанышқа кенелтті. Алайда жұмыс жар ортадан тоқтады. Сол кездері мұны республикалық су комитеті мекемесінде бюджетке түзету енгізіліп жатқанымен түсіндірілді. Десе де, жергілікті жұртшылық әлі күнге дейін ауызсу құбырын тарту жұмыстарында қозғау болмай тұрғанын алға тартады. Тіпті, қашан жалғасатыны жайында да құзырлы орындар жұмған аузын ашар емес деп ашынады халық.
«Бүгінде ауыл халқы өз күнін өзі көріп отыр деп айтуға болады. Ауылдан өз күшімізбен құдық қаздырдық. Бұл жұмысқа ауыл халық болып, 10 мың теңгеден қаржы жинадық. Сөйтіп, жерасты суын шығарып, сол жерден тасып ішіп отырмыз. Өйткені бүгін-ертең сапалы ауызсу тұтынамыз деген үміт қалмады. Тұшытылған суды түсімізде көріп жүрміз. Әзірге жерасты суымен жан бағып отырмыз», – деп назын жеткізді ауыл тұрғыны.
Бұл аз десеңіз, облыс орталығындағы ауызсу сапасының төмендігі де жиі тілге тиек болып қалып жатады. Соның ішінде Қызылорда қаласындағы «Арай-2» және «Арай-3» шағынауданы халқы лай су ішіп отырғанын айтып жиі шағымданады.
Негізінен, Қызылорда қаласы бойынша ауызсуды тұтыну көлемі 62 мың текше метрді құрайды екен. Ал жаз мезгілінде оның көлемі екі есеге артады. Соған орай тұрғындарға ауызсуды тиімді пайдалану жөнінде жұмыстарды жүргізу қолға алынған. Өткенде өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Ізмағанбетов осылай деп мәлімдеген еді.
«Қаладағы «Арай-2» және «Арай-3» шағынаудандарындағы ауызсу сапасына тұрғындар тарапынан шағымдар көп келеді. Бұл ретте ондағы тұрғындар «Арай» су алу құрылымдарымен қамтамасыз етілуде. Бұл құрылым 2013 жылы пайдалануға берілген болатын. Қазір судың сапасына байланысты талдау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ ұңғымалардан су алынып, зертханаларға сараптамаға жіберілді», – деп түсіндірді басқарма басшысының орынбасары.
Жалпы, құзырлы орынның ресми дерегіне сәйкес, Қызылорда облысы аумағында бүгінде орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылмаған адам аз қоныстанған 26 елді мекен бар екен. Осы орайда облыс орталығындағы кейбір шағын аудандардағы ауызсу сапасының сын көтермейтін күйде тұрғанын ескерсек, аталмыш ауылдардың қазіргі ахуалын бағамдай беруге болатын шығар.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы