Кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда ғалымдармен кездесті. Ғылым саласындағы атқарылуға тиісті мәселелерді көтеріп, кейбір олқылықтарды атады. Сонымен қатар алдағы атқарар істер мен жоспарлар жөнінде де кеңінен сөйледі.
Президент алғашқы сөзін жиын өтіп жатқан Ғылым ордасынан бастады. «Бүгін сіздермен ғылым ордасында жиналып отырмыз. Қуаныштымын. Бұл – қазақ ғылымының қара шаңырағы. Өздеріңіз жақсы білесіздер, соңғы кездері бұл ғимарат әбден тозып кетті. Сондықтан мен осыдан екі жыл бұрын бұл жерде күрделі жөндеу жүргізу жөнінде нақты тапсырма бердім. Содан бері біраз шаруа атқарылды. Іші де, сырты да заман талабына сай жаңғыртылды. Ең бастысы, ғимараттың тарихи келбеті сақталды. Жыл соңына дейін бұл жұмыс толық аяқталады, абаттандыру жұмысы жүргізіледі. Жаңарған Ғылым ордасы бүгінгі және болашақ ғалымдар үшін қызмет ете береді. Жалпы, осы жерде халқымыздың көптеген көрнекті ғалымы еңбек еткен. Ғылым ордасында есімі ел тарихына жазылған біртуар тұлғаларымыздың ізі қалған. Сондай ұлт перзенттерінің бірі әрі бірегейі – академик Қаныш Сәтбаев. Биыл ғалымның туғанына 125 жыл толды» деген Мемлекет басшысы әрі қарай ғалымдардың мемлекеттің даму жолындағы маңызына назар аудартты.
«Шикізатқа арқа сүйеп отырған ел алысқа бармайды. Бізге ғалымдар, инженерлер, өнертапқыштар қажет. Мамандарымыз әлемдік бәсекеге төтеп бере алатындай білімді, білікті болуы керек. Бір сөзбен, ғылыми әлеуетімізді арттыру қажет. Жалпы, осы бағытта біраз шаруа атқарылып жатыр. Мен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында бірқатар нақты тапсырма бердім. Барлық мәселе менің тікелей бақылауымда. Өздеріңізге мәлім, ғылымға бөлінетін қаржы ұдайы артып келеді. Білікті кадрлар әзірлеуге арналған грант саны соңғы жылдары бір жарым есе көбейді. Қазақстанда әлемнің беделді 12 жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істеп тұр. Көп ұзамай тағы бірнешеуі ашылады. Зерттеу жұмыстарымен айналысатын университеттер көбеюде. Технология парктері және инжиниринг орталықтары ашылып жатыр. Жыл сайын 500 ғалым шетелде тағылымдамадан өтеді. Министрлік жас ғалымдарға мыңдаған грант бөліп жатыр. Мұның бәрі ғылымды дамытуға оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын»,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еуразиядағы ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналуға тиіс
«Біз қазіргі заманғы технологияны меңгерген жас ғалымдарға зор үміт артамыз. Жастардың ғылыммен айналысуына барынша жағдай жасап жатырмыз. Биыл Ұлттық ғылым академиясының жанынан Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Бұл кеңес талапты жастардың басын қосып, ғылым жолына жұмылдырады деп сенемін», – деген Президент экономикамыздың аса маңызды салалары үшін инновациялық жобалар мен ұтқыр шешімдер қажеттігін атап өтті.
«Ең алдымен, қоғамдағы барлық үдеріс пен салаланы одан әрі цифрландыруға назар аудару керек. Бұл орайда жас ғалымдардың, инженерлер мен кәсіпкерлердің әлеуетін біріктіру маңызды рөл атқарады. Әлемдегі Google, Microsoft, Apple сияқты көптеген технологиялық алпауыттардың негізін студенттер қалаған. Біздің елімізде де талантты командалар пайда болады және олар жаһандық нарықта көш бастайтын IT-компаниялар құрады деп сенемін. Қазақстан Еуразиядағы ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналуға тиіс. Оған еліміздің әлеуеті толық жетеді. Мақсатқа жету үшін жасанды интеллектіні барлық салаға жылдам енгізу қажет. Қазір әлем экономикасындағы озық технологиялардың үлесі артып келеді. Сарапшылар оның көлемі 2030 жылға қарай 16 триллион долларға жетеді деп болжап отыр. Біз осы көштің басында болуымыз керек. Ол үшін жасанды интеллектіні дамытуға тезірек қолайлы жағдай жасағанымыз дұрыс. Бұл қадам экономиканы орнықты дамытуға тікелей әсер етеді. Сондай-ақ еліміздің технологиялық тәуелсіздігін сақтауға ықпалын тигізеді», – деді Қ.Тоқаев
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазір жасанды интеллектінің маңызын да атап өтті.
«Қазір осы саланың инфрақұрылымын дамыту үшін нақты шаралар қолға алынды. Суперкомпьютер жасауға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік органдармен қатар, ғылыми қауымдастық пен бизнес те оның игілігін көретін болады. Жасанды интеллектіні дамыту ісінде елдің кадрлық әлеуеті маңызды рөл атқарады. Сондықтан білікті мамандардың қатарын көбейту керек», – деді ел Президенті.
Ауыл да, қала да смарт стандартына сай болуы керек
Мемлекет басшысы мұнай химиясында дәстүрлі пластик және жаңа материалдар сияқты қосымша құны жоғары өнімдер шығаруды жолға қою қажеттігін атап өтіп, «Жасыл» экономиканың дамуы аккумулятор өндірісіне қажетті сирек кездесетін металдарға сұранысты арттыратынын жеткізді. «Мысалы, сарапшылардың бағалауынша, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін ғасыр ортасына қарай Еуропаға қазіргіден 35 есе көп литий қажет болады. Бізде осы және өзге де металдардың мол қоры бар. Геологиялық барлау жұмыстарының ауқымын кеңейтіп, бұл салаға үздік әлемдік тәжірибені енгізу қажет. Жалпы, білімге негізделген экономика құру үшін ғылыми мекемелер мен бизнестің өзара тығыз байланысын қамтамасыз ету маңызды. Бұл жұмыс барысында ғылыми идеяларды коммерциялық табысты өнімге айналдыратын инновациялық кластерлер, технопарктер мен бизнес-инкубаторлар ашылады. Мұндай құрылымдар тиісті жобаларға идеядан бастап оны нарықта жүзеге асыруға дейінгі барлық кезеңде қолдау көрсетуі керек», – дей келе, елді мекендердегі тұрмыс сапасын жақсарту үшін озық технологияларды көбірек пайдалану қажетін айтты.
«Біздің қалаларымыз, тіпті ауылдарымыз да смарт стандартына сай болуы керек. Бұл – Үкімет пен әкімдер басымдық беруге тиіс бағыттардың бірі. Бірақ осы жұмыспен облыс басшыларының ешқайсысы білек сыбанып айналыспайды. Сондықтан нәтиже жоқ. Алматы облысында салынып жатқан Alatau City «ақылды қаланың» жарқын үлгісіне айналуы қажет. Бұл қала сингапурлық Surbana Jurong консалтингтік компаниясының қатысуымен салынып жатыр. Шаһар өмір сүруге, бизнес жүргізуге ыңғайлы әрі жетекші халықаралық іскерлік хабқа айналуы керек. Аталған жоба Қазақстанның экономикалық дамуына тың серпін береді», – деді Президент.
Жүйелі ғылыми жұмыстарды қолға алу керек
Сондай-ақ жиында Мемлекет басшысы алдағы уақытата табиғи апаттардың арта түсуі мүмкін екенін, бұл ретте ғалымдардың қаншалықты маңызға ие екендігіне тоқталды.
«Жуырда болған алапат тасқын салдарынан ондаған мың отбасы зардап шекті. Көптеген адам дүние-мүлкінен айырылды. Экономикаға орасан зор зиян келді. Апат салдарын жоюға Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық күш-құралдары жұмылдырылды және басқа да күштік құрылымдардың жеке құрамы қатысты. Су тасқыны кезінде 120 мыңға жуық адам, оның ішінде 45 мың бала құтқарылып, эвакуацияланды. Батылдық пен қызметтік міндеттеріне адалдықтың нағыз үлгісін көрсеткен төтенше жағдайлар және құтқару қызметінің барлық қызметкеріне алғыс айтқым келеді. Сонымен қатар ахуалды дер кезінде болжай алғанда, табиғат апатының салдары айтарлықтай ауыр болмас еді. Менің тапсырмам бойынша Алматы әкімдігі Сейсмология институтының ғимаратын жөндеуге қаржы бөлді. Қырық жылдан астам уақыт бойы жөндеу көрмеген ғимаратта ғалымдар адам төзгісіз жағдайда жұмыс істеп жатыр. Жалпы, табиғат апаттарын бақылау, бағалау және болжау, сондай-ақ табиғи ресурстарды сақтау және ұтымды пайдалану мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеулерді күшейту керек. Сарапшылардың айтуынша, кейінгі онжылдықтарда табиғат апаттарының саны айтарлықтай өскен. БҰҰ болжамы бойынша алдағы онжылдықтың басында әлемде жылына 560-қа жуық табиғат апаты болады. Осы орайда, ғалымдар ауа райы құбылуының төрттен үш бөлігін климаттың өзгеруімен байланыстырады. Мұның бәрі экономиканың дамуына, халықтың денсаулығы мен әл-ауқатына орасан зор кері әсерін тигізіп жатыр. Сондықтан қазір әлемдік қауымдастық климаттың өзгеруімен күреске баса назар аударып отыр. Бұл іске Қазақстанның Алматыда Орталық Азия елдерінің климат және «жасыл» энергетика мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін ашу туралы бастамасы айтарлықтай үлес қоса алады. Уақыт өткен сайын сезіліп келе жатқан су тапшылығы проблемасы біздің өңіріміз үшін өте өзекті болып отыр. Су – негізгі тіршілік көзі. Оған экономикалық даму, ауыл шаруашылығы және адамдардың тұрмыс сапасы тікелей байланысты. Сондықтан су ресурстарын үнемдеу, ұтымды пайдалану және саланы басқару тиімділігін арттыруға қатысты жүйелі ғылыми жұмыстарды қолға алу керек. БҰҰ аясында 2026 жылы елімізде Аймақтық климаттық саммит өтеді. Саммит климаттың өзгеруіне қарсы күресте халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіруге елеулі үлес қосатынына сенімдімін», – деді Мемлекет басшысы.
Еңбек адамының мәртебесін көтеруіміз қажет
Жиында көптеген мәселеге тоқталған ел Президенті түрлі салада еңбек етіп жүрген еңбек адамының мәртебесін көтеру мәселесіне де тоқталды.
«Мен еңбек адамының мәртебесін көтеру туралы үнемі айтып жүрмін. Өткен бес жылдың ішінде бұл бағытта көп шаруа атқарылды. Тиісті заңдарға өзгерістер енгізілді. Жалақы көтерілді. Басқа да әлеуметтік қолдау шаралары қолға алынды. Мемлекеттік марапаттар нағыз еңбек адамына тапсырылып жатыр. Осындай нақты жұмыстың нәтижесінде түрлі мамандық иелерінің беделі арта түсті. Біз ғалымдарға жағдай жасау керек деп жиі айтамыз. Бұл – құр сөз емес. Мемлекет тарапынан нақты жұмыс істеліп жатыр. Алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны тағы да көбейеді. Бюджеттен 18 миллиард теңге бөлінеді. Былтыр 284 жас ғалым баспана алды. Биыл менің тапсырмаммен оларға тағы 200 пәтер берілетін болды. Осындай нақты шаралар арқылы еліміздегі ғылымды және жалпы ғалымдар қауымын қолдау жұмысы алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді Мемлекет басшысы.
Маңызды жиында сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Ұлттық ғылым академиясы жанындағы Жас ғалымдар кеңесі төрағасының орынбасары Шахислам Лайсханов сөз сөйледі.
Шара соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жас ғалымдарға әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету – мемлекеттің міндеті екенін атап өтіп, ғылымның түрлі саласында еселі еңбек етіп жүрген бірнеше азаматқа салтанатты түрде пәтер сертификаттарын табыстады.