Өндіріс шарықтаудың орнына неге шатқаяқтап тұр?

Еліміздің егемендік ал­ға­нына 30 жылдан асса да не өндіріс, не ауыл шаруа­шылығы дұрыстап дамып жат­қан жоқ.

Жыл сайын мил­лиардтаған қаржы бөлінсе де, ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже екі салада да болмай тұр. Шикізатқа тәуелділікті айтумен келеміз, бірақ тәуел­діліктен арылудың жолын таппай жүрміз. Әлемде мұ­найы да, қазба байлығы да жоқ елдер басқа амалын та­уып дамып жатыр.

Ұсақ-түйекке мән бермей, ірі өндіріске секіріп кеттік. Оның соңы сәтсіз аяқталды. Есесіне есепсіз ақша жұмсалып, қайтымы болмады. Жылына 67 000 планшет, 40 000 компьютер, 43 000 мо­нитор шығарады деген Caspiy Electronics зауыты, ал 40 мыңдай көлік құрастырады деген «Тұлпар» автокөлік зауыты, сол сияқты «Қазтехмаш» зауыты, құны 120 млн АҚШ долларын құраған 100 мың тонна мырыш өндіреді деген Балқаш мырыш зауыты, «КазСат-1» жерсерігі, Шымкенттегі 19,3 млн долларға салынған «Ютекс» мақта өңдеу зауыты, 88,6 млн доллар жұмсалған «Биохим» және басқа да зауыттар ашылмай жатып жабылып қалған. Сондай-ақ 12 құс фабрикасы сияқты ірілі-ұсақты кәсіпорындардың талайының ғұмыры қысқа болды. Осы жобалардың барлығы жұмыс істеп, жаңадан бизнес ашыла бергенде осы уақытта еліміздің экономикасы біршама жақсаратын еді. Құмға сіңген бюджеттің қыруар қаржысы әлі де желге ұшып жатқан жайы бар. Қанша республикалық бағдарлама қабылданса да әлі күнге ауызсусыз отырған ауылдар – осының дәлелі. Ауыл демекші, зейнетақы қорынан алынған триллиондардың ауыл шаруашылығы игілігіне ба­­­ғыт­талғаны рас болса, шаруа­ шарықтаудың орнына неге шат­қаяқ­тап тұр екен? Ол қаржы қа­шан қайтады? Екінші деңгейлі банктерді сауықтыруға берілген қаражат та қайтпады. «Алаған қо­лым береген» дегендей банк­тер мемлекет ұсынған маңызды жо­баларға демеушілік танытуға тиіс.

Еліміз энергия өндірісі жө­ні­нен әлемде 34-орында тұр. Ал қуат көзін өндіруде көш басындағы мемлекеттер энергетикалық ре­­сурс­тарын жекеменшік пен мо­нополияға бермейді. Мемлекет өз меншігінде ұстап, мемлекеттік маңызды мәселе ретінде қарайды. Себебі электр энергиясын қажет етпейтін сала жоқ. Бизнес те, қа­лалар да, адамдар да электр энер­гиясын пайдаланады. Бизнес – мемлекеттік дамудың бас­таушы күші. Сондықтан жарық, су, газ деген мәселе бизнестің да­му­ына кедергі болмауы тиіс. Өкінішке қарай, бізде делдалдардың кесірінен халық та жарыққа қарық болмай келсе, енді олардан құтылғанда монополис көптеген кәсіпорынның жабылуына және тағы да барлық тауар түрінің қымбаттауына себеп болып отыр. Өздеріңізге белгілі Парламентте жылу энергетикасы туралы заң қайта қаралып жатыр. Президент өз Жолдауларында делдалдар мен монополия­ны жоюды ескерткен еді. Алайда энергетика саласында делдалдар жойылғанымен, оның орнын монополистер басты. Айтарлықтай ешнәрсе өзгермеді. Қазір монополистер ойына келген тарифті өздері белгілеп, жарық бағасын өсіріп жатыр. Бұл бизнеске қатты әсер етті. Өйткені заңды тұлғаларға газ, су, жарық бойынша жоғары тариф қарастырылған. Бұл нанның бағасын 10 теңгеге өсіріп жіберді. Шымкентте осындай жағдай болып жатыр. Негізсіз көтерілген тарифтің кесірінен бірқатар кәсіпкер бизнес бас тарта бастады. Оның ішінде «Аzala-текстиль» сияқты тоқыма-тігін кәсіпорыны да бар. Еркін экономикалық аймақтарда жұмыс істеп тұрған зауыт, фабрикаларға да қауіп төніп тұр. Электр қуаты, су, табиғи газға тариф көтерілген сайын, инфляция өсе береді. Бұл кәсіпкерлерге де, тұрғындарға да тиімсіз. Тура сол сияқты пәленбай жылдан кейін қайта тірілген Кентаудағы кен байыту комбинаты да электр энергиясының қымбаттауы салдарынан жабылғалы тұр. Сондықтан Энергетика министрлігі, Монополияны реттеу агенттігі Президент тапсырмасына сәйкес монополияның мемлекеттік сая­сатқа қарсы келуіне жол бермеуі керек. Бәлкім бізге энергетика саласын түгелдей мемлекет балансына қайтарып алатын уақыт жеткен болар. Және бизнесті қолдауды бір тетігі ретінде газ, су, электр энергиясының бағасын кәсіпорындар үшін арзан бағада ұсыну керек. Қымбат тарифті төлеу үшін отандық тауарлардың өзіндік бағасы да қымбатқа түседі. Соның салдарынан шикізат күйінде көп зат экспорттауға оңай тиіп, өңдеуге қиынға соғуда. Өйткені бізде онсыз да жоғары тарифтер бизнесті титықтатумен келеді. Ал оған монополистердің өзімбілермендігі қосылып, жығылған үстіне жұ­ды­рық боп тиюде. Бұл еліміздің эко­номикалық дамуына қауіпті. 

Қазір Кентаудағы экскаватор зауыты мен тігін фабрикасының жай-күйі аянышты. Шымкенттегі «Фосфор» зауыты мен шұлық тоқитын және әйгілі «Восход» фабрикалары да мемлекеттік қолдауды күтеді. Аспандағы айға қол созбай, қол астында тоқтап тұрған өндірістерді өркендету арқылы да экономиканы біршама алға ілгерілетуге болады. Жаңа жобаларды бастауға және ескі нысандарды жаңғыртуға екінші деңгейлі банктердегі 2,3 трлн активтерді пайдалану тиімді. Президент қоз­ғалыссыз жатқан активтерді биз­несті қаржыландыруға бағыттауға шақырғанын ұмытпайық. Түптеп келгенде, банктер осы елдің аза­маттарының арқасында өсім есебінен табыс тауып жатыр емес пе? Қашанғы мұнай мен қазба байлыққа иек артамыз? Оның өзін өндіргенімен ел мен жерге еселі пайдасы тиіп жатқан жоқ. Егерде мұнайдан түскен табыстың 1 пайызын болса халықтың мұқтажына бөлсе, кедейін байытқан арабтардан асып кетер ек. Арабтардың бай-манаптары өзінің әлжуаз халқына жұмыс істетпей, қайырымдылық пен зекет есебінен байытып кедейлік деңгейінен шығарады. Ал біз қазір капиталистік мемлекетке айналып барамыз. Ондай мемлекеттің байы көп, кедейі жоқ болуға тиіс. Ол үшін не істеу керек десек жұмыс орындарын шын мәнінде көптеп ашу қажет. Әкімдіктердің 57 мың, 70 мың, 100 мың адам жұмыспен қамтылды дегендей өтірік және уақытша есебіне сенбеу керек.

Жұмыссыздықтың көптігі мен жұмыс орындарының аздығынан Дүниежүзілік сауда ұйымы қойған талаптарға жауап бере алмай отырмыз. Сол сияқты Президент ұсынған 10 ұлттық жобаны жүзеге асырмақ тұрмақ, қаржыландыра да алмадық. Жұмыс орны көп болса, жұмыссыздың саны азайып, салық арқылы бюджетке түсім көбейе тү­седі. Ал қазір тек салық пен айып­пұлмен, қымбатшылықпен халықтың қалтасын қаққаннан басқа ешнәрсе өндіріп жатқан жоқ­пыз. Тапқан-таянғанын инфляция аздай, айыппұл арқалап титықтап жатса бұқара ашуға булықпай қайтсін? Ауылға барсақ күңкіл мен бұрқылдан артық әң­гіме естімейміз. Әлбетте әркім аз да болса тапқанының жемісін жегісі келеді. Онсызда қысқа жібі күрмеуге келмей күнелткенде жан-жақтан жалмап жатса, зығырданы қайнайды. 

2025 жылға дейін шағын және орта бизнестің үлесін 35 па­йызға арттырып, 4 млн адамды жұмыспен қату үшін 2 мың жұмысшы еңбек ететін  2 мың кәсіпорын ашу керек. Сонда Президент діттеген міндет орындалады. Ал қазіргідей атүсті жүріспен межеге жету екіталай. Үкімет бұл бағытта шұғыл шаралар қабылдап, жедел іске кірісу керек. Күлтөбенің басында күнде кеңес өткізгеннен өріс кеңеймеді. Президент Парламентке сенім артқандықтан, Үкімет пен атқарушы билік тарапынан әрбір тапсырманың тиянақты әрі нақты орындалғанын қалаймыз. Жоғарыда айтып өт­кенімдей еліміздің ДСҰ алдында міндеттемелері бар. Оның бірі – шетелдік банк филиалдарын ашу. Ол банктер халық пен бизнестің ахуалын жақсартуға жұмыс істейді. Өкінішке қарай, ұйымға мүше болғанымызға біраз уақыт өтсе де, кей талаптарын тез­детіп орындауға құлық таныт­пай келеміз. Бұған елдегі 21 екінші деңгейлі банктер кедергі келтірмесе екен. Бәсекелестіктің артуынан қорықса, пайыздық мөлшерлемесін төмендетсін. 1 па­йызбен болса да табыс тапса банктердің мұртын балта шап­пайды. Кезінде зейнетақы қо­рынан ақша алғанда ауыл шаруа­шылығын қолдау қорлары арқылы 1 пайыздық үстемеақымен қай­татынын айтқан. Триллионға триллион қосылса жаман емес қой. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында: «Ауыл ама­наты» бағдарламасының келе­сі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс. Ма­шина-трактор паркінің әб­ден ескіріп, тозуы – күрделі мә­се­леге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал», – деген. Осыған сәйкес Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі жеңілдетілген лизи­нг бағдарламасы бойынша 60 млрд теңге бөлгенін, 2022 жылы күзгі жиын-терім кезінде 872 фермердің лизинге 1053 техника сатып алғанын айтты. Рас болса жақсы екен. Алайда жүздеген шаруадан талап-тілектер толастар емес. Олар жеңілдетілген лизингке жете алмай жүргендерін жеткізді. Техника өте қымбат, қол жетімсіз болып тұр. Себебі Қазақстанда утилизациялық алым 7 800 доллардан асып кетті. Бұл түптеп келгенде экологияға емес еліміз бен экономикаға кері әсер етіп жатыр. Биылғы дерек бойынша бір тракторға утиль алым 370 мыңнан 7,4 млн теңге, ал комбайн үшін 1,6 млн-нан 8,3 млн теңгеге бағаланған. Өзі екеннін тірнектеп орған диқанға бұл соммалар тым ауыр тиеді. Утиль алымның кесірінен жаңа техника алудан шаруалар бас тартып жатыр. Бұлайша егін шаруашылығы дамып, шаруашылықтар аяғына тұра алмайды. Жапонияда утиль төлемі 120 доллардан аспайды. Көлік шығарудан бізден оқ бойы озық Өзбекстанда 15-20 мың теңгенің арасында. Еуропалық Одақта утиль алымды мемлекеттік деңгейде заңмен міндеттелмеген. Олар ескі көліктерге қатаң техни­калық тексеру, экологиялық кө­лік салығымен шектеледі. Тіп­ті, көліктің отаны саналатын Германияда да мемлекетке утилизациялық алым төленбейді. Бізде утиль алым да, салық та, кедендік рәсімдер де тым қымбат, оған автосалонның ақысы мен банктердің өсімін қосқанда 4 млн тұратын көліктің бағасы 14 млнға шейін шарықтап кетеді. Жұрттың бәрі дерлік үйді де, көлікті де несиеге алып, қып-қызыл шығынға батып жатыр. Су жаңа көлікке ақшасы жетпейтіндер арзанын алуға мәжбүр болады. Утилизациялық алымға түпкілікті тыйым салу керек.

Ал Мемлекет басшысының пәрменімен 4 пайызбен берілген көлікке көпшіліктің қолы жетпей қалды. Бір қуантарлығы, КІА корпорациясы келер жылы Қостанайда автомобиль шығаратын толық циклді зауыт салмақшы. Жобаға 90 млрд теңгеден асатын инвес­тиция тартылған. Зауытта 1,5 адам жұмыспен қамтылып, жы­­лына 70 мың автомобиль шы­ғарады деп күтілуде. Қасым-Жомарт Тоқаевтың болжамы дәл келіп, көршілердегі геосая­си тұрақсыздыққа байланыс­ты шетелдік компаниялардың Қазақстанға қоныс аударуы еліміз үшін берекелі болады деп үміттенеміз. Автоиндустрияны дамыту отандық өнеркәсіп саясатының негізгі бағыттарының бірі. Ішкі-сыртқы нарықты бақылауда ұстап, реттеп отыру мемлекеттің міндеті болуға тиіс. Қаншама әлемдік ұйымға мүшелікке енгенімізбен, өз тарапымыздан көшке ілесе алмай жатқанымыз жасырын емес. Өйткені кәсіпкерлік пен өндіріс дамымай тұрып, асығыс шешім қабылдап, бірқатар одаққа бас сұға салғанбыз. Әлгінде айтқан па­фостық жобалар жабылып қалмағанда, анау айтқандай им­портқа тәуелді болмас ек. Енді бәрібір шегінерге жол жоқ. Сон­дықтан ішкі сұранысты қамтасыз етіп, экспорттық әлеуетті арттыру кезек күттірмейді. Ол үшін ірілі-ұсақты бизнесті жан-жақты қолдап, қорғау қажет. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжат бәсекелестікті дамыту, экономикаға мемлекеттің араласуын қысқарту, бизнес шығындарын азайту арқылы кәсіпкерлік еркіндікті қамтамасыз етуге арналған шараларға толы болды. Осыған сәйкес бизнес ашу және жүргізу үшін реттеу саясатын одан әрі жетілдіру, рәсімдерді ырықтандыру шаралары қарас­тырылған. Президент барынша бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге, соның ішінде экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқықбұзушылықтарды қылмыс санатынан алып тастау сияқты тиімді ұсыныстар айтты. Жарлық шын мәнінде жүзеге асырылса, экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесін ауқымды және жедел түрде қысқартуға, сондай-ақ кәсіпкерлік үшін экономикалық кеңістікті ұлғайтуға қосымша серпін береді деп күтілуде. Боламын деген баланың бетінен қақпай, белін буып, аяғына нық тұрғанша қолтығынан демейтін қазақпыз. Қазір де кәсіпкерлерге және бизнеспен айналысқысы келетіндерге қаржылай қолдау көрсетілсе, тасын өрге домалатып әкететініне бек сенімдіміз. Уақыт бизнеспен айналысудың тиімділігін көрсетті. Әр қазақ мол нәсіпті кәсіпті болса, Қазақстанның көсегесін көгертеді. Өкінішке қарай, не жерге, не арзан несиеге қолы жетпей, арманда қалған азаматтар жетерлік. Сол сияқты арба сүйресе де, таксилетсе де өз отбасын асырап, пәтер ақысы мен банкке берешегін төлеп жүрген жандардың да еңбегі еңбек. Әйгілі Конфуций айтқандай, тыныш жатқан елді түрлі төлем, салық, айыппұл, бюрократиялық қысым көрсетпей, тыныштық пен қолына қармақ берген мемлекеттер игілікке бөленіп жатыр. Президент айтқан мәселелер дер кезінде орындалса, ештеңеден кеш қалмас ек. Бүгін істейтін жұмысты ертеңге ысыру – еріншектің ісі. Сондықтан күшті Президент, ықпалды Парламент, қуатты мемлекет – халық үніне құлақ асатын, есеп беретін Үкіметтің іскерлігімен қалыптасатынын ұмытпайық.

Қайрат БАЛАБИЕВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты,

«Amanat»  партиясы 

фракциясы мүшесі