Тәуекел – ұлдың ұраны

«Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос». Халық арасында кең тараған Абай даналығының төркіні тереңде жатыр.

Бір-біріне жаны ашып, бірінің басына қауіп төнгенде екіншісі араша түсетін қазақ балаларының бойындағы ержүректік батыр бабалардың қанымен дарыса керек. Бейбіт күнде батыр атанып жүрген балалар жетерлік. 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау  күніне орай қайсар мінезімен көзге түскен жас жеткіншектердің ерлігін әңгімелеуді жөн көрдік. 

Оқу-ағарту министрлігінің де­регінше, жыл басынан бе­­рі 6 бала, ал былтыр 17 бала қауіп­­ті жағдайда қалған адамның өмі­рін аман алып қалып, министр­лік­тің Алғысхатын алған. Бұл – тек тіркелген көрсеткіш, оқыс жағ­дай­да бір адамның тағ­дырына араша түс­кен жет­кін­шек­тер қан­шама? Елі­мізде олар­дың ерлігі еле­ніп жат­қ­аны да рас. Атау­лы күн­ге орай елордаға еліміз­дің бар­лық өңірінен өз жетіс­тік­те­рі­мен ерекшеленген түр­лі жағ­дайда адам өмірін аман алып қал­ған батыр балалар жи­на­лып, ма­рапат пен сый­лықтарға ие бол­ды. Соның ішінде жуырда ғана төр­тінші қабаттағы балконда ілініп тұрған 5 жа­сар баланы құтқарған №31 мек­теп-гимназиясының 7-сы­­нып оқушысы Ақан Әкім­жан­ның ерлігін ерекше атауға болады. Бү­гінгі күннің батыр баласына ай­налып шыға келген елордалық оқу­шы кішкентай бала­ның өлім мен өмірдің ортасында тұр­ғанын көргенде ойланбастан кө­мекке ұмтылып әрекет еткенін айтты.

«Сол күні достарыммен аулада ой­нап жүріп, балконда ілініп тұр­ған баланы көріп қалдық. Сөм­кемді тастай сала оған көмекке жү­гір­дім. Лифтімен көтеріліп бара жатқанда қалай құтқаратынымды ойластыра бастадым. Бір жағынан үлгермеймін бе деп те қорықтым. Балконға жедел жеткен соң баланы қолынан тартып көтеріп алдым. Кейін ата-анасы келіп алғысын айт­ты. Негізі, кішкентай бала бұл үй­ге қонаққа келіп, анасын іздеп шық­қан екен. Менімен бірге бол­ған достарым да көмектескісі кел­ді, бірақ олар мен үлгермей, бала құ­лап кеткен жағдайда құтқару амалдарын жасау үшін аулада қал­ды. Өзіне, жақындарына немесе мүл­дем бөтен адамдарға әп сәтте не болатынын ешкім ешқашан білмейді. Егер адам қиындыққа тап болғанда оған көмектесуге мүмкіндігіңіз болса, қол ұшын созу керек деп ойлай­мын. Кешегі оқи­ғада менің ор­ным­да болған кез кел­ген адам осын­дай әрекетті жа­са­ған болар еді», – деді Ақан Әкім­жанов. Ба­тыр балаға бұл ісі үшін планшет пен миллион теңге сыйға берілді. 

Ел аймағында болып жатқан қауіпті оқиғаларда ерлік көрсеткен жас балалар қатарында аты­раулық Мұрат Айдын да бар. Ол осы жылдың 16 мамырында өз өмі­рін қауіпке тігіп, өртке оранған үй­ден адамдарды аман алып шық­ты. Мұрат Айдын – Атырау қаласы №12 Ф. Досымова атындағы орта мек­тептің 8-сынып оқушысы. Мек­тепке қарама-қарсы көп­қа­бат­ты үйлердің бірінен өрт шығып, «құт­қарыңдар» деген дауыс­ты ес­тіген бойда көмектесуге жү­гірген. Төр­тінші қабаттағы пә­тер­ден қою түтінге тұншыққан 8 жа­сар баланы алып шыққан. Үшінші қабаттағы пәтер бал­ко­нын­дағы өртті сөн­ді­ріп, пәтерден ер­лі-зайыпты қария­ларды да сырт­қа шығарып үл­гер­ген. 

«Баланың айғайлағанын естіп, көмектесуге бардым. Баланы сыр­ты­нан анасы кілттеп кеткен екен. Есікті іштен ұрып, ашуға ұмтылып жатыр. Сыртқа «Мама, ашшы, ма­ма, ашшы» деп жылаған дауысы естілді. Содан мен бірден есікті сын­дыруға кірістім. Менің қо­лым­да есікті сындыруға көмектесетін еш­қандай құрал да, зат та болмады. Қолмен соқтым, аяқпен тептім. Сөйтіп, есіктің қабырға жағы сы­нып кетті. Сол сынықтан бала де­малып тұрды. Қорқыныш бол­­ма­ды. Өйткені бар ойым көк түтін ара­­сында қалған баланы шығарып алу болды», – деді оқушы. Мұрат Ай­дын – белсенді оқушы, қазақ­тың дәс­­түрлі ән жанры бойынша об­­­лыс­тық, республикалық кон­курс­­тар мен түрлі деңгейдегі спорт­тық жа­рыстардың жүлдегері. Анасы мен ұстаздарының айтуын­ша, ай­на­ласына көмектесуге ұм­тылған ел­гезек бала. Аты­рау об­лыстық Білім беру бас­қар­масы бас­шы­сы­ның міндетін атқарушы Света Ер­­­­тілеуқызы ерлік танытқан оқу­­шы­ға алғыс білдіріп, Ресей Фе­де­ра­циясының Железноводск қа­ла­сын­дағы «Қазақстан геологі» пан­сионатында демалуға жолдама та­быс етті. Сонымен қатар батыл ұл тәрбиелеп отырған ата-анасын Бі­­лім беру басқармасының Алғыс­хатымен марапаттады. 

Ал қостанайлық Рамиль, Мат­вей, Иван есімді 3 оқушы өрт шыққан үйден ұйықтап жатқан үй иесін құтқарды. Сабақтан келе жатып шатырдан шыққан түтінді көрген жеткіншектер сол үйде қарияның тұратынын білгендіктен, ұйықтап жатқан ақсақалды оятып, сыртқа алып шыққан.

– Үйде өрт шыққанын көріп, бір­ден өрт сөндірушілерге ха­бар­лас­тық. Өзіміз де қарап тұрмай үй­­ге кіріп, атаны оятып, сыртқа шы­ғардық. Бұл кезде өрт сөн­діру­шілер де лезде жетіп, өртті тез ара­да сөндірді. Шынымды айтсам, бұл ісімізді нағыз батырлыққа жат­қызбаймын, – деді қостанайлық Рамиль Соловей.

Ал 11-сынып оқушысы Марлен Көшербай арыққа ағып бара жат­қан баланы аман алып шыққан. Осы аталған оқушылардың жаса­ған ержүректігі биылғы жылдың ма­мыр айына дейін болған оқи­ғалар. 

Бейбіт заманның тағы бір ба­ты­ры Нұркелді Нұрполат бола­шақ­та да халқының өміріне араша тү­суді көздеп, өрт сөндіруші мама­ны болуды мақсат тұтты. Ол – Мақ­­таарал ауданы Қ.Үкібаев атын­­­дағы №37 жалпы орта мек­те­бі­­нің оқушысы. Былтыр Нұркелді суға ағып бара жатқан 3 жастағы ба­ланы құтқарып, қайғылы жағ­дай­дың алдын алғаны үшін Түр­кіс­тан облысының әкімі Дархан Са­ты­балды арнайы марапатын та­­­­­­быстаған болатын. Батыр ба­ла­ның айтуынша, бұл ерлігі ауылда әлі де ауыздан-ауызға тарап, бас­қа­ларға үлгі болып жүр екен. 

«Қателеспесем, 4 наурыз еді, 8-сы­ныпта оқып жүрген кезім. Көк­­парға жолым түсіп, өзен жаға­сы­нан өтіп бара жатқанда судың ағы­сына қарсы жүзе алмай, батып бара жатқан балаға көзім түсті. Алға­шында су бетінде қалқып тұр­ған бір зат деп ойладым. Адам өмірі болған соң дереу балаға қа­рай бет ал­дым да, суға түстім. Жет­кенімде ба­ланың бүкіл денесі кө­геріп кет­кен, сұла түсіп жатыр. Бойымдағы қор­қы­ныш сол кезде оянғандай бол­ды. Бірақ не де бол­са аман алып қалуды ойлап жағаға шы­ғардым да, сабақтан үйренген білген-түй­генім­нің бәрін пай­да­ла­нып, ес-түссіз қалған балаға жа­сан­ды дем беріп, алғашқы көмек көр­сеттім. Артынша ауылдың үл­кен адамдары келді. Менің бұл әрекетімді көрген достарым бірін­ші әкеме айтып бар­ған екен. Кейін­нен бүкіл ауыл ме­ні «ерлік көр­сетті» деп жүр. Бір­ақ мен мұны аса бір ерлік деп са­на­маймын. Өйткені халқының аман­дығына жауапты болу, оны қор­ғау – әрбір ер-азаматтың мой­нын­да тұрған халық алдындағы мін­деті деп білемін», – деді батыр оқу­шы Нұркелді. Ұстаздарының ай­туынша, ол мектепте үлгілі тәр­ті­бімен, үздік оқуымен ерекшеле­не­ді. Қоғамдық жұмыстарға белсе­не араласады. Футбол үйірмесіне қа­тысып, түрлі деңгейдегі жарыс­тар­да көзге түсіп жүр. 

Павлодар облысындағы Баш­мачное ауылында 2021 жылы  төрт жастағы Аруана есімді қыз жоға­лып кеткен еді. Бұл хабарды естіген көршілері Рахманғұловтар отбасы­ның отағасы Асхат пен он жасар ұлы Саян қызды іздеуге шыққан. Әкесі мен баласы жоғалған қызды әртүрлі бағыттан ізденуге шешім қабылдапты. Саянның айтуынша, ауыл шетіндегі қоршау жанындағы ересек адамның тізесінен жоғары болатын шағын арықтан көк кү­р­те­ше киген қызды көріп, аяғынан ұстап, жағаға тартып шығарған. 

«Қызды судан шығарған соң әкемді шақырып алдым. Ол менен бір­неше жүз метр қашықтықта жүр­ген. Әкем жеткенше қызға жа­санды тыныс алу мен жанама жү­рек массажын жасай бастадым. Ол есін жиғанда қатты қуандық. Дереу жергілікті медициналық пунктке жеткіздік. Көршілеріміз алғысын жау­д­ырды. Кейін бұл ісім туралы жа­зылған жазбалар әлеуметтік же­ліде тарап, «Ертіс өңірінің жұл­ды­зы» газетінде баяндалды. Одан кейін облыс әкімдігі планшет сый­­ға тарту етті», – деді павлодар­лық Саян Рахманқұлов. Айта ке­тейік, жас батыр Түркістанда өткен «Мейірімділік керуені» байқауында «Бала жүрегі» номинациясымен марапатталған. 

Қиын сәтте жанқиярлық пен мейірімділік таныту әркімнің қолынан келетін оңай шаруа емес. Сон­дықтан әлі бала болса да, өзге­нің өмірін сақтап қалған бейбіт күн­нің кішкентай батырларының ерлігі елеусіз қалмайды. Айдың-күн­нің аманында, қауіпті жайлар көп болып, басын бәйгеге тіккен ба­ла­лар көп болсын демейміз, қан­дай жағдайда да халқының аман­дығын ойлайтын жүрегінде түгі бар ұрпақ көбейсін. Оларды ерлігі үшін марапаттап, арнайы сыйлық­тар­дың берілуі де заңды. Ерлік осы­лай бағаланса керек. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ