Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда Ұжымдық қауіп­сіздік туралы шарт ұйымы Пар­ламенттік Ассамблея Кеңе­сі­нің отырысына қатысушы пала­та спикерлерімен кездесу өткіз­ді.
Қазақстан ҰҚШҰ ПА-ға тұрақты мәртебе беруді қолдайды
875
оқылды

Мемлекет басшысы заң шығару ор­гандарының спикерлеріне ілтипат біл­діре отырып, Ресейдің ҰҚШҰ Пар­­­ламенттік Ассамблеясына тұрақты мәр­тебе беру туралы ұсынысын қол­дайтынын айтты. Ол басқа елдердің де­­легацияларын осы бастаманы қол­­дау­ға шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев пар­ламентаралық диалог мемлеке­тара­лық байланыстарды ны­ғайту ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

«Бүгінгі кездесу халықаралық ах­уал тым шиеленіскен жағдайда өтіп отыр. Геосаяси текетірес өршіген кез­де өңірлік қауіпсіздікке төнетін қауіп-қа­тердің ауқымы да айтарлықтай өз­гер­ді. Әлемдегі қақтығыс қауіпті дең­­­гейге жетті. Әсіресе, Таяу Шығыстағы ахуал қатты алаңдатады. Газа сек­то­рын­да күн сайын жүздеген адам қаза тауып, жарақат алып жатыр. Олардың ара­сында қарапайым азаматтар, әйел­дер мен балалар бар. Миллионнан ас­там бейбіт тұрғын қиын жағдайға тап болды. Барлық негізгі халықаралық ұйымдар Палестинадағы гумани­тар­лық ахуалды мүшкіл деп атады. Шын мә­нінде, апатты жағдай шегіне жетуге таяп қалды», – деді Президент.

Мемлекет басшысы бұл мәселеде Қа­зақстан өз ұстанымынан ешқашан ай­нымайтынын тағы да растады. Оның айтуынша, ұзақ жылға созылған қақ­­ты­ғыстың жалғыз шешімі – «қос ха­­лық үшін екі мемлекет» формуласы не­­гізінде астанасын Шығыс Иеру­салим деп белгілеп, Палестина мем­ле­­­­кетін құру. Президент палести­на­лықтардың Ұйымға мүше болу құқы­ғын мойындау туралы БҰҰ Бас Ас­самб­­леясының биыл 10 мамырда қа­был­даған қарарын құптады.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев жиында Ауғанстандағы жағдайға ай­рықша тоқталды. Оның пікірінше, қа­зіргі кезеңдегі стратегиялық мін­дет­тердің бірі – Ауғанстанды өңіраралық бай­ланыстарға белсенді тарту.

«Қазақстан тәлібтер режимін тер­рор­лық ұйымдар тізімінен алып тас­тады. Өйткені қазіргі Ауғанстанмен сау­да-экономикалық ынтымақтас­тық­ты дамыту маңызды әрі бүгінгі ре­жим ұзақмерзімді фактор болады деп ойлаймыз», – деді Мемлекет бас­шысы. 

Президент бұл мәселеде ҰҚШҰ-ға мүше елдердің өзара келісілген ұста­ны­мы болуы керек екеніне назар аударып, Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақ­саттары жөніндегі аймақтық орталық құру туралы Қазақстанның бастама­сын қолдауға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі заманның сын-қатерлеріне қарсы әрекет ету жүйесін жетілдіру қажет екенін ескере отырып, ҰҚШҰ күш-жігерін ұйым жарғысына сәйкес мүше-мемлекеттер үшін барынша өзекті әрі тиісті жұмыс бағыттарына жұмыл­дыруды ұсынды. Қазақстан аталған міндеттерді Ұйымға төрағалық ету кезеңінде басым бағыт ретінде белгіледі. Атап айтқанда, Президент террорлық қауіп-қатермен күресу және ҰҚШҰ-ға мүше елдер азамат­тарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пәрменді шаралар қабылдау қажет деп санайды.

ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік күш­тері мен құралдарының дайындық деңгейі әрдайым жоғары болуға тиіс. Мемлекет басшысы мұны тағы бір маңызды басымдық деп атады.

«Ұйым төрағасы ретінде ҰҚШҰ-ның басқару органдарының, сондай-ақ күштері мен құралдары құрылымдары­ның жедел және әскери дайындығын күшейту үшін бірлескен іс-шараларды уақтылы жүзеге асыруға айрықша мән береміз. Биыл күзде Қазақстан аума­ғында «Мызғымас бауырластық–2024» және «Жартас–2024» оқу-жаттығу жиындарын өткізуге қарқынды түрде әзірленіп жатырмыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент төтенше жағдайлардың алдын алу және оның салдарын жою жөніндегі ынтымақ­тастықты Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығы кезінде басымдық бері­летін бағыт ретінде атап өтті.

«Өңіріміздегі су тасқынына байла­нысты қалыптасқан жағдай табиғат апатының қаупі қаншалықты зор екенін көрсетті. Қазақстанға оның салдары оңай тимеді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, еліміздегі су тасқыны кезінде тілеулестік білдіріп, көмек көрсеткені үшін мемлекеттеріңізге ризашылығымды білдіремін. Біз бұл қолдауды жоғары бағалаймыз», – деді ол.

Қазақстан ҰҚШҰ-ға төрағалығы аясында қауіпсіздікті қамтамасыз ету­ді көздейтін халықаралық ұйымдармен және құрылымдармен ықпалдастықты нығайтуға ниетті.

«БҰҰ, ТМД және ШЫҰ-ның сала­лық құрылымдарымен ынтымақтас­тықты кеңейту аса маңызды деп санаймыз. Биыл қаңтар айында ҰҚШҰ Хатшылығы мен ТМД Терроризмге қарсы күрес орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Біз мұны құптаймыз», – деді Президент.

Одан кейін Мемлекет басшысы спикерлерге Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар қоғамның барлық саласын, соның ішінде саясат, эко­номика және идеология бағыттарын жүйелі түрде жаңғыртуды көздейтінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев эко­номика саласына тоқтала келіп, елі­міздің ЖІӨ көлемі 265 миллиард дол­ларға жеткенін мәлімдеді.

«2023 жылы шетелден 23 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тартылды. Еліміздің халықаралық резервтері 100 миллиард долларға жуық­тады. Халықаралық валюта қоры­ның болжамы бойынша биыл Қазақстанның жан басына шаққан­дағы жалпы ішкі өнімі 13 пайызға өсіп, шамамен 15 миллиард долларды құ­рауға тиіс. Жақында мен кәсіпкерлік еркіндік пен бәсекелестіктің дамуын қамтамасыз ету, мемлекеттің эконо­мика­дағы үлесін қысқарту және бизнес шығындарын азайту арқылы эко­но­миканы ырықтандыруға негіз қалай­тын Жарлыққа қол қойдым. Эконо­мика­лық қызмет саласындағы қыл­мыс­тық құқықбұзушылықтарды дек­рими­нализациялау арқасында бизнес­тің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ісі айтарлықтай күшейді», – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ елдерімен арадағы сауда-саттықтың қарқынды өсіп келе жатқанына көңілі толатынын жеткізді.

«Былтыр Қазақстан мен Ресейдің сауда көлемі 26 миллиард долларға жетті. Ал Қырғызстанмен арадағы сау­да айналымы 1 миллиард 571 миллион долларды, Тәжікстанмен 1 миллиард 130 миллион долларды, Беларусьпен 912 миллион долларды құрады», – деді ол.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Парламенттік Ассам­блея Кеңесінің отырысы Ұйымға мүше әр елдің мүддесін ескере отырып, мемлекеттердің ұлттық заңнамаларын ілгерілетуге және өзара үйлестіруге елеулі үлес қосатынын атап өтті. Сон­дай-ақ Кеңес қабылдайтын құжаттар ҰҚШҰ-ны одан әрі дамытуға септігін тигізетініне сенім білдірді.

Сонымен қатар кездесу барысында ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының Төрағасы – Ресей Мемлекеттік дума­сы­ның Төрағасы Вячеслав Воло­дин, Беларусь Республикасы Ұлттық жина­лысы өкілдері Палатасының Төра­ғасы Игорь Сергеенко, Тәжікстан Респуб­ликасының Маджлиси Оли Маджлиси милли төрағасы Рустами Эмомали сөз сөйледі.