Батыс өңірін топан су басып, елді мазасыз күйге түсірген биылғы көктемде Сыр күрішінің берекесі қа­­шып тұр. Дала төсіндегі еңбек дү­бір­­інің нағыз қызған шағында тіршілік нәрінің тапшылығын сезінген диқан қауымы «Еселі еңбегінің өтеуі қайтпай ма?» деген қорқыныш құшағында отыр.
Сырда су, күріште күй жоқ
1,098
оқылды

Ерте көктемнен кетпені мен соқасын сай­лап, ала таңнан атыз жағалаған ауыл еңбеккерлерінің алтын күзде берекелі өнімге кенелуді көздейтіні белгілі. Дейтұрғанмен соңғы жылдары қуаңшылықтың салдарынан егінжайдағы есеп түгел емес. Шаруашылықтар межеленген өнімін ала алмай, салы суға кетумен келеді. Ең қызығы, биылғы елді бас­қан топан судан Сырға бір тамшы да үлесі болмағаны көпшілікті қынжылтады. 

Жалпы, Сырдария өзеніндегі су шаруашылығы жағдайына байланысты «Арал–Сырдария» бассейндік инспекциясы тарапынан биылғы науқанға арнайы су лимиті бекітілген. Нақты айтқанда, Қызылорда облысы бойынша егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарын суаруға 3,7 млрд текше метр су қажет екен. 

Соған орай аталмыш су лимитіне сәйкес, биылға облыстың ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі 190,5 мың гектарға белгіленген. Соның ішінде күріш көлемі 81,2 мың гектарға межеленген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда жалпы егіс көлемі 2,9 мың гектарға кемісе, оның ішінде күріштің көлемі 7,8 мың гектарға азайғанын көрсетеді.

«Жалпы, биыл да аймақта ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемдерін әртараптандыру жұмыстары жалғасын тапты. Бұл тұрғыда  қысқартылған күріш егісінің орнына суды аз қажет ететін мал азықтық, майлы дақылдар мен картоп, көк­өніс дақылдарының егіс көлемдері ұлғайтылуда. Сондай-ақ облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті тұрғындарды өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз етуге бетбұрыс жасалуда. Осы мақсатта 2024 жылы облыс бойынша барлығы 5 мың отбасына ұжымдық түрде бақша егуге қосымша 3 мың 179 гектар жер дайындалуда», – деп түсіндірді бұл жайында Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының Егін егу бөлімінің басшысы Жүсіпбек Әжібеков. 

Басқарманың мәліметіне сәйкес, көктемгі дала жұмыстарына өңірдегі «Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС ұсынған мерзім аралығында оңтайлы жүргізілуде. Бүгінде ерте егілетін дақылдар көлемі 32,3 гектарға орналастырылған. Атап айтқанда, жаңа жоңышқа, жаздық бидай, арпа, мақсары, қант құмайы дақылдары себілген. Нақты уақытта дән жүгері, сүрлем жүгері, сұлы, мал жемдік асқабақ, картоп, көкөніс және бақша өнімдері секілді әртараптандыру бағытындағы дақылдардың межеленген көлемін егу жұмыстары атқарылуда екен. Ал аймақтың басты дақылы – күрішті егу 24 сәуірден басталған. Бүгінде Сыр күрішінің 76 мың гектары егіліп, 69,8 мың гектары суға бастырылыпты. 

Осы орайда өңірдегі шаруашылықтар биыл вегетациялық кезеңнің кеш жүргізілгенін жоққа шығармайды. Дария деңгейі төмендеп, күріштік алқаптар суға шөліркеп тұрғанын алға тартады. Әрі бұл жылда болатын қалыпты құбылысқа айналып бара жатқанын айтып, ашынады. 

Шаруалардың уәжіне құлақ түрсек, биыл Сыр өңірінде тіршілік нәрі былтырғыдан да тапшы болып тұр. Әсіресе, суға бастыру кезеңінде дариядан шалғай орналасқан ауылдар су таппай сергелдеңге түсетінін айтып отыр. Су үнемдеу жолдарын пайдаланғанымен, бұл қиындықты еңсеру оңай болмай тұрғанын жасырмайды. 

«Неге екенін қайдам, жылда судың беру уақытын кешіктіреді. Күріштің өзінің егу уақыты болады. Сол уақытта су жеткілікті деңгейде беріліп, күріш егу жұмыстарын уақытылы жүргізбесек, одан межелі мөлшерде өнім алу мүмкін болмай қалады. Нақты айтқанда 1 маусымға дейін біз күрішті суға бастырып алуымыз керек. Одан кеш қалсақ, күріш піспей қалады. Алайда жыл сайын осы жағдай ескерілмей, қиындықтан көз ашпай келеміз. Осыны еңсерудің бір шешімі болса дейміз», – деп ашынады шаруашылық басшысы. 

Жалпы, жылда жеңімпаз болуға күш салып жүрген «Жаңажол» ЖШС биылғы науқанға 3 100 гектарға Сыр күріші жайқалтып отыр екен. Соның ішінде күріштің Лидер және Сыр сұлуы соттары егіп, мол өнім алуға еңбек етіп жатыр. 

Ал «Арал–Сырдария» бассейндік инспекциясының мәліметіне сәйкес, 2021-2023 жылмен салыстырғанда биыл Шардара су қоймасына су бірқалыпты келіп жатыр. Облыста жағдай тұрақты екенін алға тартады. Сондай-ақ нақты уақытта Шардарадан дарияға су жіберіліп жатқанын, бұл су Қызылорда қаласының тұсына 10 күннен кейін жететінін мәлімдеп отыр. Қазір Арал теңізіне су жіберуге жұмыс істеліп жатса керек. 

Қалай дегенде де, шаруашылық өкілдері су тапшылығының шешімін таппай сергелдеңде жүр. Ал жауапты орындар қиындықты еңсеруде жүйелі жұмыстар істеліп жатқанын алға тартады. 

Ең бастысы, ала жаздай атыз жағалаған ағайынның күзде қамбаны алтын дәнге толтырамыз деген ниеті зая кетпесе игі. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы