ОПЕК+ қатысушылары мұнай өндіруді қысқарту мәмілесі талаптарына келісе алмады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, – деп жазады «ҚазАқпарат». «Осы жылдың ақпан айында инфляция 0,6 пайыз болды. Жылдық мәнде 6 пайызға дейін өсті. Негізгі үрдіс азық-түлік тауарлары бағасының өсуінен 8,6 пайызға дейін баяулады. Инфляцияның жылдамдауы азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтердің 5,4 пайызға және тиісінше 3,2 пайызға дейін қымбаттауына алып келді. Биыл ақпанда шетел валютасының әкелінуі, экспорттаушылардың валюталық түсімді сатуы мен түсімге кепілдік берілген трансферттер үшін ұлттық қордың валюталық активтерін конвертациялау аясында нығая түсті», – деді ол. Оның айтуынша, осы жылдың 24 ақпанында коронавирустың тарауы әлемдік экономикаға әсер етіп, жағдай күрт өзгерді. «Осы жылдың 6 наурызында ОПЕК+ қатысушылары мұнай өндіруді қысқарту бойынша мәміленінің талаптарына келісе алмады. Ресей өндіруді төмендету ұсынысын қолдамады. Осыған байланысты Сауд Арабиясы осы жылғы 8 наурызда әлемнің барлық өңірлері үшін өз мұнайының бағасын төмендету және мұнай өндіруді тәулігіне ағымдағы 9,7 млн баррельден 12 млн баррельге дейін ұлғайтуға дайын екендігі туралы шешімін хабарлады. Бұл мұнайдың әлемдік бағаларын айтарлықтай төмендетуге алып келді. 9 наурызда Brent маркалы мұнай әлемдік нарықтарда бір баррель үшін 31-36,5 АҚШ доллары шеңберінде саудаланды, алдыңғы күнмен салыстырғанда төмендеу 30 пайыздан асты», – деді Ерболат Досаев. Оның айтуынша, 9 наурызда офшорлық нарықтардағы рубльдің әлсіреуі мұнай бағасының құлдырауы аясында бір АҚШ доллары үшін 75,4 рубльге дейін шамамен 10 процентті құрады. «9 наурызда сауда-саттық ашылған кезде S&P500 индексі 7 пайызға төмендеді. Содан кейін сауда-саттық уақытша тоқтатылды», - деді Ерболат Досаев.