Расул Рысмамбетов, экономист: Елімізде инвестицияға сұранып тұрған салалар бар

Экономист Расул Рысмамбетов елімізде күрделі өнеркәсіп ісін дамыту ға­на межелі көрсеткіштерге жетуге мүмкіндік береді деген пікірде.

Мемлекет басшысы Сингапурға ресми сапары барысында: «Жақында мен ұлттық экономиканы айтарлықтай ырықтан­дыру­ға негіз қалайтын маңызды Жарлыққа қол қойдым. Қазақ­стан аймақтағы инвестиция тартатын негізгі орталық болып қалуы үшін жаңа инвестициялық циклді іске қостық», – деп мә­лімдеген болатын. Қазір Азия барысына айналған синга­пур­лық бизнес-ортамен жүздесу барысында Президент еліміздің стратегиялық мақсаттарын ай­қындап берді. Отандық сарапшылар бұл мәлімдемені барынша сарапқа салды. Экономиканы да­мытудың бастапқы драйвері инвестиция болғанымен, дұрыс құрылған жүйе салаға серпін бере­тінін жасырмады. Экономист Расул Рысмамбетов елімізде күрделі өнеркәсіп ісін дамыту ға­на межелі көрсеткіштерге жетуге мүмкіндік береді деген пікірде. Сарапшымен осы тақырып төңіре­гінде сұхбат құрдық.

– Расул мырза, Президент Сингапурдағы бизнес өкіл­дерімен кездесуі барысында елімізге алдағы бес жыл­да 150 миллиард АҚШ доллары көлемінде шет­елдік инвестиция тартатынын айтты. Мұндай көр­сет­кішке қол жеткізудің тиімді тетігі қандай?

– Меніңше, біз тек шетелдік инвестиция деп шек­телмеуіміз керек еді, себебі бүгінде ішкі нарық­тан да мықты отандық инвесторларды табуға болады. Қалай болғанда да біз қазіргі қарқынмен жұмыс іс­тесек те, 150 млрд АҚШ долларына жуық тікелей шет­елдік инвестиция тарта аламыз деп есептеймін. Пре­мьер-Министр осыған дейін күрделі өңдеуден өте­тін өнімдерге салықтық мөлшерлемені төмендету қа­жет деп мәлімдеген еді.

Себебі өндіріске неғұрлым көп инвестиция са­лынып, өнім күрделі бола түскен сайын эко­но­ми­каның күрделілігі параметріне қолайлы әсер етпек. Біз­де бұл көрсеткіш соңғы 30 жылда 1,5-2 есе тө­мендеді. Сондықтан егер біз қазір мұнай хи­миясын да­мытып, металдан дайын бұйымдар өндіретін бол­сақ қана жоғарыда айтып өткен 150 миллиард АҚШ дол­ларына тең тікелей шетелдік ин­вестиция қажет бо­лады. Сонымен қатар жер қойнауын пайдалану жә­не ауыл шаруашылығы да ай­тарлықтай қаражат тар­­та алатын салалар қата­рына жатады.

– Инвесторлар кен орындарынан басқа қандай салаларға инвестиция сала алады? Егер олар тек қазбаларға қызы­ғу­шылық та­нытса, экономиканы әрта­рап­тандыруға не кедергі?

– Әзірге инвесторларды тек пайдалы қазбалар қызықтырады. Сондықтан олар­ға дивидендті жоғары салаларда қызықты жобалар ұсыну керек. Біз мыс, болат және ең бастысы уран өндіреміз. Егер өз елімізде уран өнеркәсібінің бүкіл тіз­бегін құра алсақ, яғни кен орнынан бастап электр станцасына арналған атом жанармайына дейін, онда соның өзі бес жылда жетеміз деген инвестицияның жар­тысына тең болар еді. Қазір мұның маңызы өте жоғары. Себебі бүгінде елі­мізде инвестицияға сұранып тұрған және инвесторлар қаражат құюға әзір отырған салалар бар. Оларға енді жай ғана «есікті ашу» қажет. Мысалы, ядро­лық отын өндіруге.

– Қалай ойлайсыз, бұл экономиканы шикізатқа тәуелділіктен құтқара ма?

– Қазір кез келген ел экспортқа тәуелді, мысалы, АҚШ, Сауд Арабиясы, Қытай және тағы басқа алпауыт елдерді алайық. Бұл жерде екі бағыт бар: им­порт­ты алмастыру және экспортқа бағ­дарлау. Іс жүзінде екеуі де бір деуге болады, себебі мемлекет импортты ал­мастыру үшін бі­рінші өз өндірісін дамытады, ал содан кейін басқа нарық­тарға ұмтылады. Қазір экономиканы әртараптандыруға біршама қол жет­кіздік. Атап айтқанда, астық, ет, уран және мұнай өндіреміз. Егер біз уран­ды, мұнай химиясын және ауыл шаруа­шылығын осы тектес әлеуеті мол сала­лардың барлығын дамытатын бол­сақ, тікелей шетелдік инвестиция тарту ба­ры­сында межелі көрсеткіштерге қол жет­кізе аламыз.

– 2029 жылға дейін елдің ЖІӨ-ні 450 миллиард долларға жеткізуге қандай қадамдар көмектеседі?

– Ішкі өндірісті дамыту, яғни мұнай химиясы мен уран өндірісін және мыс, темір рудасынан дайын тауарлар әзірлеу секілді ірі өндіріс қана біздің ЖІӨ-ді алға сүйрейді. Ал тек шағын және орта биз­неске арқа сүйеу, әрине ЖІӨ-ді 450 млрд долларға дейін жеткізе ал­майды. Өйткені ШОБ негізінен адам­дарды жұмыспен қамтамасыз ету және жай­лылықты арт­тыру үшін қажет. Се­бебі «10 миллион кофе­хана» ашып қойып қарап отыруға болмайды, әрине. Өйткені жалпы ішкі өнімді арттыратын қаражат бізге сырттан келуі керек. Сон­дықтан өндіріс орындары өз техноло­гияларын жетілдіруі қажет. Бізде инже­нерлерді, ветеринарларды және өзге де қажетті кадрларды даярлауда үлкен про­блемалар бар. Өнеркәсіпті одан әрі дамыту үшін шет мемлекеттерден ин­женерлерді әкелуіміз керек шығар. Біз­­де инженерлер туралы айтпаған күннің өзінде, тіпті кейбір позициялар бойынша аула сыпырушылар да жоқ.

– Шын мәнінде, ішкі өндірісті дамы­туға инвестициядан бөлек, қандай мәселе кедергі болып отыр деп ойлайсыз?

– Біріншіден, толыққанды марш­руттар орнатқанға дейін экспортты да­мыту өте қиын. Қазір Ресей, Каспий не­месе Иран нарықтарына шыға ала­мыз. Сонымен қатар тікелей қолжетімді ең үлкен нарық бар, бұл – Қытай. Ме­нің ойымша, Қазақстанның экспорттық қуатын тез арттыру үшін бірінші кезекте осы секілді үлкен нарық қажет. Сатып алуға дайын адамдар болса, бизнесте тез бейімделеді. Сондықтан азаматтары ау­қатты, орташа жалақы мөлшері де біз­дікінен жоғары, алпауыт Қытай елі ең маңызды нарық дер едім. Ал Қытайдың шығыс бөлігі даму деңгейі бойынша АҚШ немесе Еуропадан кем емес. Ол жерде нарықтық минимум өте жоғары. Өз кезегінде Қазақстан ол елге Bio, Eco санатындағы азық-түлік өнімдерін, яғни химиялық қоспасыз және ГМО-сыз сапалы астық пен күн­бағыс майын экспорттайды. Мұның бәрі Қытайда өте жақсы сұранысқа ие. Әрине, ет экс­портының да әлеуеті жо­ғары. Біріншіден, Қытай бәрін тұ­тынады, екіншіден, соңғы кезде та­мақтану әдеттері де өз­герді. Сон­дықтан жылдам әрі қарқынды даму үшін бізге күнкөріс деңгейі біздікінен жоғары Қытай, Еу­ропа және Ресей секілді нарықтар қажет. Таяу Шығыс пен Иран да нарық көлемі жа­ғынан үшінші орында болуы мүмкін. Біз үшін бұл еңсеруді қажет ететін үлкен сынақ. Себебі қазір отан­дық азық-түлік өнімдерін алысқа экспорттау мүмкін болмай тұр. 

– Бұл жерде субсидияның рөлі қан­шалықты маңызды? Мысалы, былтыр құс шаруашылығы өкілдері субсидияға қол жеткізе алмай отырғандарын мә­лімдеген болатын.

– Субсидия мәселесі әлі де бар. Мысалы, Қытайда қарапайым ғана тауық табанына деген сұраныс өте жоғары. Біз оған қажетті мөлшерді жет­кізіп бере алмай отырмыз. Сондықтан жоғарыда атап өткен секторлардың суб­сидиялануы өте дұрыс. Себебі әлемде ауыл шаруашылығына субсидия бөл­мейтін ел жоқ та шығар. Егер сүт өнім­дерін алсақ, қазір олар ресейлік және беларуссиялық сүт өнімдерімен бәсе­келесуге қауқары жетер емес. Яғни, қазір отандық сүт өнімдерінің өзіндік құны ЕЭО елдері тауарының жеткізу құнын қосқандағы бағасымен бірдей. Неліктен деп сұрауыңыз мүмкін. Өйткені Ресейде субсидиялар сүт өнімдері секторына қарқынды дамуға мүмкіндік берді. Беларуссияда да солай. Сондықтан біздегі кейбір салаларға бөлінетін суб­сидияны алып тастаудың орнына, ке­рісінше, ұлғайту қажет деп есептеймін. Осы жерде өзім білетін нақты мысалды айта кеткенім жөн шығар. Мысалы, Сингапурдан біздегі күркетауық етіне сұраныс болды. Сингапур – Азияның ең премиум нарығы. Онда сіз бәрін үлкен маржамен сата аласыз. Логистика жағы да еш қиындық тудырмайды. Бірақ күркетауық еті сингапурлықтарға бағада жететінін есептегенде, Америкадан әке­лінген күркетауық еті арзанырақ болды. Мен сингапурлық трейдерлермен сөй­лесіп отырып, неге екенін сұрадым. Сонда олар америкалық өнімнің өзіндік құны Қазақстанға қарағанда біршама төмен, дегенмен жеткізу қымбатқа түсетінін жеткізді. Бірақ оларға жеткізу құнын толығымен мемлекет суб­си­диялайды екен. Сондай-ақ Солтүстік Америка күркетауықтың табиғи мекен ететін ортасы екенін білеміз. Сондықтан жеткізу бағасын төмендету үшін осындай мәселелерді мұқият саралап, көрші нарықтарда бәсекеге қабілетті бола­тындай өнім өндіруіміз қажет.

– Мемлекеттің субсидияларды ұл­ғайтуына не кедергі?

– Субсидиялар фермерлерді та­мақтандыру үшін емес, жаңа тех­нологияны енгізу үшін қажет. Бірақ кей кезде субсидия, керісінше, на­рықтағы ахуалға кері әсер етіп жатады. Мысалы, бидайға арналған «тоннасына берілетін» субсидиялар диқандардың барлығын тек астық себуге мәжбүр етті. Алдымен «гектарына берілетін» суб­сидиялар бол­ды. Ол отандық агрохо­л­дингтерді 1-1, 5 миллион гектар жерді алып, сол жерде бидай егіп, әр гектардан субсидия алатын. Бірақ олар егіннің тиімділігі мен өнімділігіне ешқандай қызығушылық танытпады. Одан кейін субсидиялар тоннасына берілетін болды. Бұл жерде де сұрақ туындайды, өйткені астық сапасыз немесе өнімділігі төмен болуы мүмкін. Қытайлықтар бір кездері Алматы және Жамбыл облыстарынан соя сатып алды. Содан кейін барлық фермер соя егуге көшті. Оңтүстікте су көп емес, ал соя суды жақсы көреді. Бәрі бірдей соя еккенімен, ол жарытып өсе қоймады. Кейбір аймақтарда соя екі өнім бере алады, ал бізде ондай өнімділік болған жоқ. Бірақ бұл – фермерлердің кінәсі емес, басты проблемасы. Неге десеңіз, мем­лекет кезінде ешқандай білімі жоқ фермерлерге жерді үлестіріп берді. Біздің агрономдар мұндай қатал бәсе­келестік нарыққа дайын емес еді. Нарықтық экономика дегеніміз – бұл мемлекет субсидия береді де, ал фер­мерлер қол қусырып қарап отырады деген сөз емес. Субсидияны шаруашы­лықтың кем-кетігін жақсарту үшін пайдаланады. Америкалықтар соя шаруа­шылығына әбден машықтанып алған. Олар бүкіл әлемдік нарықты соя мен күркетауыққа толтырып тастай алуы да мүмкін. Егер өз нарығынан артылып қалатын болса, олар субсидияны басқа нарықтарды игеруге пайдаланады. Амери­калықтардың ауыл шаруашылығы технологиясы өте жақсы дамыған, уақытында қажетті дәрумен­дерін беріп, баптайды. Осы схема бойы­н­­ша Арген­тина сиыр өсірді. Қазір олар амери­калықтармен бірге сиыр етін ең көп және ең жақсы өндіретін елдердің біріне айналды.

Осы жерде жақсы агрономдарға, мал өсірушілерге, ветеринарларға сұраныс пайда болады. Мысалы, Өзбекстанды алсақ, онда екі рет жиналған өнімді жыл бойы талғажау етеді. Көптеген отандық фермер Өзбекстанға барып, тамшылатып суаруды үйренгенін білемін. Өзбекстанда жердің жартысы шөл, сондықтан олар тамшылатып суаруды енгізуге мәжбүр. Бізде бұл технологияны енді ғана қолға ала бастады. Жалпы, ауыл шаруашылығы өте қызықты, бірақ мұнай химиясымен салыстырғанда әлдеқайда күрделі сала. Мұнай химиясында өндірдің, жеткіздің сонымен бітті. Бұл жерде бәрі химия, яғни ғылымға негізделген. Ал ауыл шаруашылығында көптеген аралық сала қажет болады: жем-шөп, витаминдер және тағы басқа. Әдетте адамдар фермер ештеңе істемесе де, мал өзімен-өзі жайы­лады, егін өзі өсіп жетіледі деген жаңсақ пікірде болады. Бірақ кез келген егіншілік немесе мал шаруашылығы қажырлы еңбекті қажет етеді.

Тек мұнай, газ қазып, сату – елдің ЖІӨ-ні 450 миллиард долларға жет­кізбейді. Сондықтан бұл – ауқымды жұмысты қажет ететін меже. Сарап­шы­ның көпшілігі Қазақстан мұндай көр­сеткішке жететініне күмәнмен қа­райды. Дегенмен ел Үкіметіне осын­дай тап­сырма берілсе, онда оған қол жет­кізуге болады деп ойлаймын.

– Президент жақында «Экономика­­ны ырықтандыру шаралары жөніндегі» Жарлыққа қол қойды. Бұл инвестициялық тартымдылықты арттыруда қаншалықты тиімді?

– Жарлық – бұл Президент белгілеп берген бағыт-бағдар деуге болады. Енді бұл Жарлықты жүзеге асыру үшін де­путаттар дұрыс заң қабылдап, қажетті түзетулерді енгізуі керек. Әсіресе, «Самұ­рық-Қазына» директорлар кеңе­сіне қатысты өзгерістер енгізілгенін құп­тар едім. Себебі экономиканың ең үлкен бөлігін «Самұрық-Қазына» және «Бәйтерек» холдингі алады. Осындай квази­­мем­лекеттік мекемелердің дирек­тор­лар кеңесінің құрамы жаңарып, өз­геше қарқынмен жұмыс істеуі қажет. Осыған дейін олар лайықты ұсыныс айтып, мәселелерді қызу талқыға сал­май-ақ жай ғана бас шұлғумен шектеле­тін. Сол се­бепті нарықтағы «Самұрық-Қазы­наның» үлесін қысқартуды мақұл­дай­мын. Сәй­кесінше, ішкі нарықта отандық инвес­торларға басымдық беру керек. Себебі қазір шетелдік инвесторлар ақша үшін ғана емес, жаңа технология­ларды енгізу, экспортты бағдарлау үшін қажет. 

Экономиканы ырықтандыру ая­сында бизнеске ақшаны қалай тарту керегін де ойластыру керек. Бизнес үшін ең өкініштісі – қазір оңай ақша жоқ, Президент айтты екен деп, бүкіл биз­неске бюджет қаражатын бөліп бере алмайды. Кәсіпкерлер өз қаражатын мұқият есептеуі керек. Бірақ банктерге бизнесті несиелендіру үшін мемлекет қаражаты қажет болады. Бірақ бұл жерде «Неліктен мемлекет өзі несие бере ал­майды?» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Бірақ егер жергілікті басқару органдары несие бере бастаса, бізде сыбайлас жемқорлық етек жая бастайды. Қазірдің өзінде оған толық тұсау болуға қауқарсызбыз. Бірақ егер әкімдіктер зауыттарға несие бере бастаса, барлық әкімдік «алтынмен апталып, күміспен қапталар» еді. Ал банктерде сараптама жасайтын құрал бар, несие беру тәжі­рибесі жеткілікті. Тіпті, қаржылық жос­пардың орындалуын да қадағалап, тиімділігін бақылай алады. Бірақ банктер бизнесті тек мемлекет бөлген қаражатпен қаржыландыруы да дұрыс емес. 

– Банктер қазір тек тұтынушылық несиеге машықтанып алған жоқ па?

– Жоқ, Forte bank, Halyk bank секілді банктер корпоративті несие беріп отыр. Ал Kaspi және HomeCredit сияқты банктердің бастапқы стратегиясының өзі тұтынушылық несиеге негізделген еді. Яғни, мұндай қаржы субъектілері корпоративті несие бермейді. Осындай модельді ұстанғандықтан, біз оларды емханаларға ақша беруге мәжбүрлей алмаймыз.

– Бизнес туралы сөз еткенде, өңірлер жайында айтпау мүмкін емес. Көпті мазалайтын сұрақтың бірі – аймақтарды біркелкі дамыту. Тәжірибе жүзінде бұл мүмкін бе? Өңірлерге инвестиция тарту кезінде тепе-теңдікті қалай сақтауға болады?

– Біркелкі даму мүмкін емес. Себебі әр өңір әртүрлі дамиды. Еліміздің әр облысын бір-бір еуропалық ел ретінде қарастыруға болады. Ең бастысы, өңір­лер өздерінің инвестициялық әлеуетін тиімді игеріп, инвесторларға жай­лы орта қамтамасыз етуге тиіс. Дүниежүзілік банктің Doing bussines рейтингі секілді бізге де тек аймақтардың инвестициялық тартымдылығын анықтайтын ішкі рейтинг қажет. Қандай жаңа өндіріс орындары ашылып жатыр, отандық инвесторлар тартылды ма дегендей. Себебі мәселен, Жаңа зелан­диядан келген инвестор Абай облысын дамытуға күш салмайтыны белгілі. Ол аймақты сол өлкенің қыр-сырына қа­нық өз азаматтары алға сүйрейді. Сон­дықтан өз өңірін әкімінен де жақсы білетін отандық инвесторларға ба­сымдық берген абзал. Себебі әкім де өз қызме­тінде ұзақ отырмауы мүмкін.

– Дегенмен қазір әкімдікке көп нәрсе байланысты емес пе?

– Әрине, сол үшін де бизнес өкілдері талап ете білгені жөн. Қалай болғанда да, бізде әкімдік шешіміне ықпал ете алатын құрал бар емес пе? Біз ұзақ жыл­дар бойы мәслихат депутаттарын лоб­бист деп қабылдап келдік. Себебі аймақ­тардағы мәслихат депутаттарының 90 пайызы құрылысшылардан құралған деуге болады. Қазір экономиканы ырықтандыру аясында осы мәслихат өкілдерін қайта қарайтын уақыт келді. Аз уақыт ішінде үлкен нәтиже күтпесек те, бүгіннен бастап өзгерістерге қадам жасау маңызды.

Сұхбаттасқан Кәмила ЕРКІН