Жария сымсыз желінің тәуекелдері туралы Aikyn.kz сайты Fingramota.kz-ке сілтеме жасай отырып, айтып береді.
Бүгінгі күні көптеген мекемелер, қонақ үйлер қоғамдық Wi-Fi қызметін ұсынады, мұндай қызметті көптеген әуежайларда, цифрландыру тұрғысынан дамыған қалалардың орталық көшелері мен алаңдарында пайдалануға болады. Бұл қала тұрғындары мен туристерге өте ығайды, оларға өз желісін пайдаланбай интернетке қосылуға мүмкіндік беріледі.
Fingramota.kz жобасының аясында барлық пайдаланушыларға берілетін жиі ұсыныстардың бірі – тегін Wi-Fi желілерін пайдаланудан сақ болыңыз. Себебі ол арқылы киберқылмыскерлер құрылғыға кіріп, маңызды қосымшаларды бұза алады.
Алаяқтар не істейді?
Қаскүнемдер ашық және қол жетімді желілер арқылы интернетті пайдаланушылардың кез-келген деректерін, соның ішінде сайт ол арқылы кіру фактілерін есте сақтайтын cookie файлдарын өздеріне сақтап үлгереді. Мәселен, сіз онлайн-банкингтегі жеке кабинетіңізге кірдіңіз делік, демек cookie-де сізді пайдаланушы ретінде сәйкестендіру үшін логин мен құпиясөз сақталып қалады. Сайттар жеке басы куәлігінің деректері, ұялы нөмір, төлем картасының деректемелері сияқты жеке деректерді де сақтай алады. Осылардың барлығы қаскүнемдердің қолына түсуі мүмкін!
Жалпыға қолжетімді Wi-Fi арқылы алаяқтар сіздің гаджетіңізге кез келген зиянды бағдарламаны жүктей алады, ол тегін желіден ажыратылғаннан кейін де жұмыс істейді. Өз құрылғыңызды қазір тексеріңіз. Соңғы уақытта сіз оның баяу жұмыс істей бастағанын байқадыңыз ба, ол өздігінен қосылып, өздігінен өшіп қалады, қызып кетеді, терезелер мен жарнамалық хабарлар жиі шығады немесе интернет-трафик әдеттегіден тезірек жұмсалады. Бұл хакерлер «енгізген» вирустың белгілері болуы мүмкін.
Кибералаяқтарға не қажет?
Қылмыскерлерді әдетте, банктік қосымшаларға, электрондық поштаға, әлеуметтік желілердегі аккаунттарға логиндер мен құпиясөздер, банк карточкасы туралы толық ақпарат, оның жарамдылық мерзімі және әсіресе сыртқы жағындағы құпия код (CVV/CVC) қызықтырады. Сондықтан олар бейқам пайдаланушыларды алдап соғу үшін жалған Wi-Fi-ға қолжетімділік нүктесін орнатады.
Оның жалған екеніне көз жеткізу оңай емес, өйткені мұндай желілер қарапайым қосылуларға ұқсайды. Алаяқтар басқа бір белгілі желінің атауын оңай қолдана алады және қызықтыру үшін соңында «FREE» сөзін қосады. Мойындаңызшы, сіз адамдар көп жиналатын жерлерде қоғамдық Wi-Fi желісіне қосылған кезде бұл туралы ойладыңыз ба?
Әдетте, жалған желіні қолданар алдында пайдаланушы өз деректерін желінің иесіне беруге келіседі, яғни ол өз әрекеттері үшін толық жауап беретіндігімен автоматты түрде келіседі.
Не істеу керек?
Біз қоғамдық Wi-Fi желісінен толығымен бас тартуға шақырмаймыз, бұл сайттарға, әлеуметтік желілерге кірмеу және мобильді қосымшаларды пайдаланбаумен бірдей. Қоғамдық Wi-Fi желілері әркез қауіпсіз бола бермейтінін және цифрлық гигиенаны сақтау керек екенін есте ұстаған жөн:
Мүмкін болса, WPA/WPA2 шифрлау тетіктері бар Wi-Fi нүктелеріне қосылған дұрыс.
Құрылғыңызға антивирустық бағдарламалық қамтылымды орнатпайынша, оны үнемі жаңартып отырмайынша, қоғамдық желілерді пайдаланбаңыз. Телефоныңызға бағдарламалық қамтылымды жаңарту жөнінде келетін хабарламаларды бейқам қалдырмаңыз, себебі телефон шығарушылар пайдаланушылардың киберқауіпсіздікті сақтауларына мүдделі және сіздің жайлылығыңыз үшін телефонда кездесетін түрлі қателер мен дәлсіздіктерді түзетіп отырады.
Басқа біреудің желісіне қосылмас бұрын, деректерге қол жеткізу және файлдарды жергілікті желі арқылы қашықтан берудің өшірілгеніне көз жеткізіңіз. Егер Сіздің телефоныңыз айфон болса, AirDrop ажыратып тастау қажет, Android базасындағы телефонда – оның ұқсасын ажыратыңыз.
Телефонда Wi-Fi-нүктелеріне автоматты қосылуды ажыратып тастаңыз.
Мұны теңшеуде істеу оңай. Сіздің телефоныңыз ішінде қауіпті салдарға әкелуі мүмкін алаяқ желілерге қосылу тәуекелі болуы ықтимал.
Жалпыға қолжетімді Wi-Fi-желілерге сенімді VPN немесе басқа қосымшаларды пайдалана отырып қосылған дұрыс, олар сіздің шын IP-мекенжайыңызды және шынайы орналасқан жеріңізді жасыруға мүмкіндік береді.
Өз құрылғыңыздың жадысын тазарту үшін ғана емес, сондай-ақ сіздің өзіңіздің жеке ақпаратыңыз алаяқтардың қолына түспеуі үшін cookies файлдарын кезең-кезеңімен тазалап отырыңыз.
Тегін вайфайды жақсы көретіндер үшін тұрақты қағида – егер оған бәрібір қосылған болсаңыз, онда қаржылық мобильдік қосымшаны ашпаңыз, қызметтерге тапсырыс берген кезде дербес деректер енгізбеңіз.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.