Бұл туралы «AMANAT» партиясы жанындағы Республикалық Жастарды қолдау кеңесінде талқыланды.
Жастар арасында баспана мәселесі қашан шешіледі?
993
оқылды

Бүгінгі таңда еліміздегі жастардың басты мәселесінің бірі – баспана мәселесі. Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламалары мен жобаларды «AMANAT» партиясы жанындағы Республикалық Жастарды қолдау кеңесінде талқыланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Отырыс «Жастарды тұрғын үймен қамтуға бағытталған мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар мен жобалардың қолжетімділігі және нәтижелері туралы» тақырыбында өтті.

Кеңеске төрағалық етуші, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиевтің айтуынша, тұрғын үй бағдарламаларына қарамастан қазіргі талдаулар бойынша елімізде баспанамен қамтамасыз ету әлі де жеткіліксіз деңгейде.

«БҰҰ-ның әлеуметтік стандарты бір адамға 30 шаршы метрге жетсе, ал бұл көрсеткіш бізде 23,6 шаршы метрден келеді. Елімізде баспанаға өтініш берушілер саны жыл санап артып келеді. Енді оған жастар санатындағы азаматтардың жас шегі 14-29 жастан 14-35 жасқа өскеннен кейін жастарды баспанамен қамту мәселесі бұрынғыдан да күрделене түсті. Баспана мәселесінен жас жұбайлардың ажырасуы да көбейіп, бойдақтардың үйленуін кейінге шегеріп отыр. Тапқанының жартысын пәтер жалдауға төлеп жүрген жастар үшін баспаналы болу орындалмас арман деп те айтсақ болады. Жастарды тұрғын үймен қамтуға бағытталған мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар мен жобалардың қолжетімділігі мен нәтижелері, тиімділігі мәселесі бүгін де өзекті болып отыр, бүгін біз осы сұрақтарды ортаға салатын боламыз», – деп Н. Сәрсенғалиев Кеңесті ашты.

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев өз сөзінде 2024 жылы 32 097 азаматты тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда дейді.

«2023 жылы 22 567 азамат әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Мемлекеттік қолдаудың негізгі шаралары тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған. Республика бойынша «Алматы жастары» (Алматы қ.) бағдарламасына ұқсас 16 аймақтық жеңілдікті несиелендіру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Өңірлік бағдарламалар жергілікті бюджеттен қаржыландыру есебінен жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге және жылдық 5% жеңілдікпен 19 жылға дейінгі мерзімге несие беруге бағытталған», – деді ол.

Өз кезегінде «Отбасы банк» АҚ басқарушы директоры Жансұлтан Матай Банк 17 өңірде жалпы сомасы 123,1 млрд теңгеге 30 өңірлік бағдарламаны табысты іске асыруда, оның ішінде 15 өңірде жалпы сомасы 100 млрд теңгеге 18 жастар бағдарламасы, 9 өңірде жалпы сомасы 23,1 млрд теңгеге 12 өңірлік бағдарлама бар дейді. Тек Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында өңірлік бағдарламалар жоқ.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров жастар жеке санат ретінде тұрғын үй кезегіне тіркелмейтіні белгілі, бірақ өңірлердің болжамды мәліметтеріне сәйкес елімізде шамамен 277 мыңға жуық баспанаға мұқтаж жастар бар дейді.

«Отбасы банк» АҚ-мен жастарға арналған бірнеше бағдарламаларды жүзеге асырудамыз. Бүгінде іске асылып жатқан  «Отау» бағдарламасының жасақталуына да үлес қостық. Аталған бағдарлама қатысушыларының негізгі аудиториясы жастардың болғаны мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау шараларының кеңеюіне жол ашты. Министрлік тарапынан өңірлермен бірге жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы ақпараттық-ұйымдастырушылық шаралар жалғасын табады», – деді Қ. Қамбаров.

Сонымен қатар бірқатар Кеңес мүшелері жастарға ақпаратты тек мемлекеттік порталдарда ғана емес, бейресми каналдар мен әлеуметтік желілер арқылы таратуды қолға алу, жалдамалы пәтерде тұратын жастарға өзге де конкурстық бағдарламаларға қатысуға мүмкіндік беру, жоғары табысқа (200 АЕК-тен жоғары) ие жастарды бағдарламаларға қатыстырмау, үйленген жастарға бөлінетін квота санын арттыру, барлық өңірлерге қойылатын 6 түрлі мамандық (дәрігерлер, төтенше жағдайлар, полиция және ЖОО қызметкерлері мен БАҚ өкілдері) бойынша талаптарды алып тастап, жалпыға ортақ бірдей мүмкіндік беру сынды ұсынымдарды айтып өтті.

Сондай-ақ, кеңеске «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ринат Заитов, Дәулет Мұқаев, Гаухар Танашева, Наурыз Сайлаубай, Баспана саласы бойынша сарапшы, «Dauletten қайырымдылық қоры» ЖК-ның қамқоршылық кеңесінің мүшесі Ұлан Дәулетқали, заңгер, баспана саласы бойынша сарапшы, «Alayaq.net» жобасының жетекшісі Нұрсұлтан Орынбеков, «Sadaq» медиа агенттігінің басшысы, Кеңес төрағасының орынбасары Дәурен Дариябек қатысып, өз пікірлерін ортаға салды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.