Жеке қабылдауда болған тұрғындардың мәселесі сан түрлі деп айтсақ болады. Олар қозғаған мәселелердің қатарында электр қуаттылығының тапшылығы, қаладағы кептеліс, балық шаруашылығын дамыту мен көшелерде жолөткелдер салу сынды өтініштер бар.
DAMU индустриалды логистикалық орталығы жанындағы көлік кептелісінің тұрғындарға үлкен кедергі келтіретіндігін айтқан азамат мәселенің тек өзі үшін емес қала халқы үшін де маңызды екенін жеткізді. «Бір тәулікте Алматы–Жетіген–Қапшағай су қоймасы автожолымен 20 мыңнан астам автокөлік, Іле және Талғар ауданыан 46 мыңнан астам тұрғын, оның ішінде 12 мың студент Алматы қаласына қатынайды. Көлік ағыны артқандықтан қарбалас уақытта DAMU индустриалды логистикалық орталығы жанындағы теміржол өткелінде ұзын-сонар кептеліс пайда болады. Көлік айрығы жоқ. Сағаттап тұруға мәжбүрміз. Сондықтан теміржолдың үстімен өтетін жолөткел салу мәселесін шешіп беруіңізді сұраймын», – деді 60 жастағы Іле ауданының тұрғыны Хамит Абдин.
Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, бүгінгі күнде аталмыш мәселе бойынша жолөткелдің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде екен.
Ал Қарасай ауданының тұрғыны Егеубек Егізбек те Алматы–Бішкек тасжолындағы кептеліс мәселесін көтерді. Айтуынша, автожол ар-қылы 500 мыңнан астам халқы бар Қарасай мен Жамбыл аудандарының тұрғындары күнделікті Алматы қаласына қатынайды екен. Облыс әкімі аталған қолайсыздық мәселесі бойынша автожолдың 20-27 шақырым аралығында 6 жолаққа дейін кеңейтуді қарастырылып жатқанын жеткізді.
«Көлік қарқындылығының өсуіне байланысты «Алматы–Бішкек» автомобиль жолының 16-19 шақырым аралығындағы жол 4 жолақтан 8 жолаққа дейін кеңейтілді. Енді 20-27 шақырым аралығындағы жолды 6 жолаққа дейін кеңейту туралы сұрақ қарастырылып жатыр. Қазір жоба үлгісі дайындалды. Жұмыстарды бастамас бұрын техникалық-экономикалық негіздемесін, сметалық жобалау құжаттарын әзірлеу қажет. Кеңейту жоспарын нақтылап, тиісті қаражат бөлінген жағдайда аталған жұмыстар алдағы уақытта кезең-кезеңімен жалғаса-тын болады», – деді Марат Сұлтан-ғазиев.
Қабылдауға келген азаматтардың бәріне заңды-құқықтық тұрғыдан, мәселелерінің шешілуі турасында бағыт-бағдар берілді. Айта кету керек, «AMANAT» партиясы Алматы облыстық партия филиалының қабылдау бөлмесіне келіп түскен ұсыныс-пікір, өтінішін жеткізушілердің сауалдары назардан тыс қалмайды. Мамандар әрбірінің себеп-салдарын жіті зерттеп, шешімін заң талаптары негізге қарастырады.
Алдағы уақытта тұрғындар облыс әкімінің қабылдауына egov порталы, е-otinish бірыңғай базасы немесе әкімдікке келіп жазбаша өтініш тастау арқылы жазыла алады.
Берік БЕК