Еңсесі биік азамат еді

Түркістан облысы ауыл шаруашылығының негізгі дақыл­дарының бірі – мақта. Бұл аймақ – мақта өндіру жөнінен еліміздегі бірден-бір өңір. Мақта – ежелден «ақ алтын» атанған ең құнды ауыл шаруашылығы дақылы.

Мақта шаруашылығымен қазақ жерінің оңтүстік өңірінде 1888 жылдан бастап айналысқан, оны көпшілік біле бермейді. Әрине, елімізде мақта шаруашылығының өркендеу кезеңі кеңестік дәуірдегі Мырзашөл аймағын игерумен тікелей байланысты болды. Осы аймақта туып, бүкіл ғұмырын Мақтаарал өңірінің өркендеуіне арнаған ел азаматы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Ибадулла Үмбетаевтың өмірі, еңбек жолы да негізінен мақта шаруашылығымен тығыз байланысты. 

Ибадулла Ізәтіллаұлын 1992 жылы ол Жетісай, мен Созақ ауданына әкім болып тағайындалғаннан бастап біліп, өмірінің соңына дейін жақын араластым. Сабырлы, бір ауыз артық сөзі жоқ, адамгершілік қасиетке бай, парасатты азамат еді.

2002 жылы Қазақстанның аграрлық ғылымында өңірлік он ғылыми- өндірістік орталық құрылып, мен Оңтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры болып тағайындалдым. Орталықтың құрамына Жамбыл қаласында орналасқан Қазақ су шаруашылығы, Шымкент қаласындағы Қазақ қаракөл шаруашылығы және Оңтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы, Қызылордадағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарымен қатар, Мақта шаруашылығы, Вавилов атындағы Арал өңірі өсімдіктердің гендік қоры, Атырау ауыл шаруашылығы тәжірибе стансалары және жеті тәжірибе шаруашылықтары кірген болатын.

Мақта шаруашылығы тәжірибе стансасының директоры Ибадулла Ізәтіллаұлы бірде маған «Әбеке, өзбек ғалымдары «Қазақстанда егіліп жатқан мақта сорттарының патенттері Өзбекстанға тиесілі. Сондықтан  шаруашылықтар бізбен сол сорттарды еккендері үшін келісімшартқа отырып, қаржы төлеулері керек» деп жатыр. Өзім-ақ олармен сөйлесемін ғой, бірақ өзбек халқын білесіз, олар жоғарыдағы басшылардың алдарына барғанды жақсы көреді, бірге барайық», – деді. Осылайша, екеуміз Өзбек мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директорына бірге барып жолықтық. Сол жерде мен Ибадулла Ізәтіллаұлының мақта шаруашылығы саласын жетік білетініне әрі басшылармен, ғалымдармен жоғары деңгейде сөйлесе алатынына көзім жетті. Ол сол кездегі қаржы тапшылығын, шаруаларға мақта саласымен айналысу қиын болып жатқанын жан-жақты айтып, ал мен болсам жалпы сорттарға алынған патенттердің қазақ жерінде егілген мақта түрлеріне берілгенін айттым. Әрине, оның себебі осы сала бойынша Қазақстанда мақта институтының болмағанын айтып дәлелдедік. Ибадулла Ізәтіллаұлының уәжімен өзбек ғалымдары келісіп, осы сала бойынша бірге зерттеулер  жүргізіп, халықаралық байланыстарға шығуға уағдаласты. Бұл іссапардың мен үшін орны бөлек болды, өйткені басқа саланың маманы бола тұра орталықтың басшысы болғаннан соң мақта шаруашылығының негізін білуім керек болатын.

Ибадулла Ізәтіллаұлы көреген азамат еді. Ол менімен кездескен сайын Қазақстанға мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты қажет екенін айтатын. Бірде Мақта тәжірибе стансасымен жан-жақты таныстым. Кеңестік кезеңде салынған үлкен бөлмелері бар кең ғимарат, мақта егіс алаңы, автогараж, мақта тұқым-шитін дайындайтын тәжірибе зертханасы, ауылды жерде болса да ғылыми-зерттеу институтының барлық талаптарына сай келетін мекеме екен. Ибадулла Ізәтіллаұлының мені тәжірибе ст­ансасымен толық таныстырып жүргенін түсіндім және ол осы саланың нағыз патриоты екенін білдім. Оның әрбір сөзі, әрбір іс-әрекеті тиянақты болатын. Ол кездесуде дәл сол уақытта ғылыми-зерттеулерге керегі ең қажетті мақта тұқым-шитін тазалап, өңдеп егуге дайындайтын кіші цех екенін, оны қай жерден алуға болатынын айтты. Орталыққа бөлінген қаржылардың есебінен сол цехты алдық. Осылайша, ғалымдардың зерттеулерін жүйелі түрде жүргізу мүмкіншілігі туды.

Ибадулла Ізәтіллаұлымен жиі араласып, оның мақта шаруашылығы бойынша маған берген ақыл-кеңесі өз нәтижесін берді. Жалпы, маманның өз жұмысын жетік білуіне көп жағдай байланысты. 2005 жылы облысқа сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов келіп, үлкен жиын өткізді. Жиыннан соң Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ислам Әбішев маған «Cіз әуежайға келіңіз, министрді шығарып саламыз», – деді. Әуежайда министрмен жақсы отырып, ашық әңгімелесудің реті келді. Сол жерде Асқар Исабекұлы мақта шаруашылығының жағдайын сұрады. Мен жалпы жағдайды, проблемаларды айта отырып, Мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын құру қажеттілігі туындағанын айттым. Ол маған: «Cала бойынша тәжірибе стансасы бар ғой, әрі бір ғана облыс мақта өсірумен айналысады, ғалымдар да аз», – деді. Ибадулла Ізәтіллаұлының маған айтқан уаждері есімде, Асқар Исабекұлына өзбек ғалымдарымен болған әңгімені, кезінде ғылыми-зерттеу институтына сай ғимарат салынғанын, бір топ ғалымдардың осы салада жұмыс жасап жатқанын, станса ғалымдарының халықаралық деңгейге шыға алмай жатқанын, мақта саласында Бразилияда халықаралық ұйым бар екенін, оның Қазақстанды тіркеуге алмай Өзбекстан арқылы ғана оның жұмысына біздің ғалымдардың қатыса алатынын айттым. Асқар Исабекұлы өте білікті, ауыл шаруашылығын жетік білетін басшы ғой, көп ашық шешім айтқан жоқ. «Ойланайық», – деді. Жолшыбай ұшақта министр ойланған болуы керек, ертеңіне Ибадулла Ізәтіллаұлын Астанаға Ауыл шаруашылығы министрлігіне шақыртып, Үкіметке ұсыныс дайындалды. Нәтижесінде, Мақта шаруашылығы тәжірибе стансасының негізінде Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ашылып, оған арнайы қаржы көлемі қаралды. Ол қаржы Оңтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығына бөлінді. Сол бөлінген қаржыны Ибадулла Ізәтіллаұлы өте тиімді пайдаланып, институттың ғимаратын толық күрделі жөндеуден өткізіп, оның алдынан төбесі жабық, мақташылармен жиын өткізетін кең көлемді алаң салынды. Жаңа зертханалық әлемдік деңгейге сай құрылғылар алынып, тәжірибе егіс алаңы кеңейтілді. Осылайша, Ибадулла Ізәтіллаұлы Қазақстандағы мақта шаруашылығы ғылымын жоғарғы дең­­­гейге көтеруге ерекше үлес қосқанын атап өткенді жөн көрдім.

Ол Бразилия, Америка Құрама Штаттары, Қытай, Өзбекстан және Үндістан мемлекеттерінде өткен мақта жөніндегі халықаралық жиындарға қатысып, өз ой-пікірін ортаға сала білді. Бірде Қытай мемлекетіне барып қайтарда маған соғып, қалтасынан мақтаның тұқым-шитін алдыма тастап: «Әбеке, мына қоңыр түсті мақта беретін тұқымдық шитті Қытай жерінен алып келдім. Оны өз алқабымызда егіп көремін. Егер шықса, ұрығын көбейтемін», – деді. «Шекарадан қалай өттіңіз» дегенімде, «қалтама салып» дегені бар. Ол мақта саласының нағыз патриот азаматы болатын. Осылайша, қазақтың Мырзашөл жерінде қоңыр мақта пайда болды. 

Институттың мақта алқабымен, жаңа ғимаратымен, мақтаның жаңа сорттарымен, жалпы атқарылып жатқан іс-шаралармен танысу үшін 2006 жылы сол кездегі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Ахметжан Есімов пен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев келді. Ибадулла Ізәтіллаұлы сол жерде өте білікті, білімді, жан-жақты әрі ғылымды өндіріспен ұштастыра білетін ғалым екенін көрсетті.

Ибадулла Ізәтіллаұлы үлкен жүректі азамат еді. Менің бауырым Шымкент қаласындағы «Фосфор» ірі медициналық орталығының директоры, бас дәрігері, медицина ғылымының докторы, профессор Иманәлі Байдәулетов: «Әбеке, ұлымды өзіңіздің әріптесіңіз Ибадулла Ізәтіллаұлының қызына үйлендірейін деп жатырмын. Жетісайда жақында құдалық әрі қыз ұзату тойы болады. Сол іс-шараға сіз баруыңыз керек. Оның басты себебі – Ибадулла Ізәтіллаұлы «құданың құрамында Әбдірахман Омбаев болсын» деген өтініш айтты», – деді. Сонымен, әріптесімнің үйіне құда да болып барған кезім болды.

Әрине, мен үшін Ибадулла Ізәтіллаұлы – әріптес ретінде де, жақын жолдас ретінде де, құдай қосқан құда ретінде де орны ерекше азамат. Ойламаған жерден өмірден ерте кетті, бірақ артына өшпес із қалдырды. Олар – асыл жары, ұл-қыздары, немерелері, туыс-бауырлары, қызметтес болған әріптестері, әрине ең қиын кезде сақтап қалған, өзінің алғашқы еңбек жолын  бастаған Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты.

Жалпы, Ибадулла Ізәтіллаұлының өскен өмір жолы, мектебі, елге тынбай қызмет жасауы, қазақ еліне, оның ертеңгі күніне, дамуына қосқан үлесі елеулі. Оның атымен ауданның, облыс орталығы Түркістан қаласының  көшесінің бірін, өзі ашылуына зор үлес қосқан Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты аталып жатса, өте орынды шешім болар еді.

Әбдірахман ОМБАЕВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,

профессор