Жоспарлау жүйесінің жапсары жүйесіз

Елімізде Мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі олқылық азаймай тұр. Құжаттардың бірқатарында стратегиялық мақсат та, статистикалық нақтылық та жоқ.

Соның ішінде «2024-2028 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың “Мықты АӨК” Ұлттық жобасы» сын көтермейді. Ендеше 5 жылдық шикі құжат осы күйі қабылданып кетпей ме?

«Үштің өзі күш...» боп тұр

Мемлекеттік жоспарлау жүйесі (МЖЖ) елі­мізде әуелгіде «Қазақ­стан–­­­2030» Ст­ратегиясына байланған еді. Одан соң 2050 жылға ысырылған бұл бас­та­­маның соңы ақыры сиыр­құйым­шақ­танып кетті. Содан бері осынау маңызды құ­­жатты қабылдау тұрлаусыз жалғасып ке­­леді. Соңғы бір жарым жылда Үкімет оны жаңар­­туға үш рет талаптанып та кө­ріпті. Бі­рақ онысы сарапшылық ортадан қолдау таппай-ақ қойды. Мәселен, «Қазақ­­­­стан Республикасындағы Мемле­кеттік жос­пар­лау жүйесін бекіту туралы» Үкімет қау­лысының жобасы бірінші рет былтыр 9 нау­рызда ұсынылған екен, бірақ бе­кітіл­мей қалған. Екінші рет 26 қазанда жария­лан­ғанда да қолдау таппаған. Енді міне, биыл 29 наурызда «АшықНҚА» порталын­да жарық көрген үшінші нұсқа да тағы сын­ға ұшырап отыр.

«Біз екінші құжаттың кезінде-ақ көп­те­ген проблемаларды көрсетіп, мемле­кет­тік жоспарлау жүйесіне қатысты ұсы­ныс­тарымызды жолдаған болатынбыз. Бірақ жаңа Үкіметтің де стратегиялық жоспар­лау­дағы көзқарасы әлі де болса өзгерме­ген­ге ұқсайды. Тіпті, өткен нұс­қаларымен салыстырғанда кейбір тұста нашарлап, бұлыңғыр болып кеткен. Сон­дықтан біз та­ғы да өз ұсыныс­тарымызды жолдап отыр­мыз. Қысқаша мұндағы фун­дамен­тал­ды проблемаларды 10 бө­лікке бөліп қарастыруға болады. Олар – есеп беру, тұ­тастық, айқындық, сыни талдау, ресурс­тық қамту, мемлекеттік аудит, са­лаларды да­мыту, құрылымдық бір­келкілік мә­се­лелері. Айталық, қол­да­ныстағы құжатта да, ұсынылып отырған жобада да есеп беру тек атқарушы билік­­тің өзі ішінде жүреді. Ал бұл мүдделер қақ­тығысын тудыратыны белгілі. Түптеп келгенде мем­лекеттік жоспарлау еліміздің әрбір аза­матына тікелей қатысты бол­ғандықтан, бюджетті Парламент бекі­тетіні сияқты, еліміздің ұзақмерзімді даму жос­парын да депутаттар қадағалауға тиіс», – дейді Halyk Finance Бас­қарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов.

Оның айтуынша, қай-қай құжатта да тиімділігі жоғары әрі бәсекеге қабілетті экономика құру туралы міндет жоқ. Ал халықтың әл-ауқатын көтеру тура­лы ай­тылған тұстары бұлыңғыр. Ол тек Ұлттық қорды жұмсай отырып орындауға бо­ла­тын міндеттер аясында қарас­ты­рыл­ған. Сон­дай-ақ МЖЖ-да бұған дейінгі қа­­был­данған жоспарлардың орындалу нәти­жесіне талдау жүргізу талап етілмейді. Сондықтан да құжаттың неліктен орын­дал­мағаны сарапқа салынбай «жылы жа­былады» да, барлығы «таза парақтан» бас­талады. Мұның түбі есеп берудегі бір­та­раптықта жатыр. Өйткені құжатты дайын­дау да, жүзеге асыру да, орында­лысына есеп беру де, жаңағы айтқаны­мыздай, атқарушы биліктің құзырында. Олар қалауынша жоспарлап, өз-өздеріне есеп беріп мәз. Қоғам алдында есеп беру естеріне кіріп те шықпайды.

«Ендігі бір тұс – ресурстық қамтуға байланысты. Мемлекеттік жоспарлауға қа­тысы бар қай құжатта да Қазақстан бей­небір шексіз қаржылық ресурстарға ие се­кілді сипат басым. Соған сәйкес, оны әзірлегенде құдды бір жалғыз мақсат көз­­делетін сияқты. Ол – табылуы қиын еке­нін біле тұра, елде жоқ ақшаны сұра­тып, кейін ақша бөлінбегендіктен жоспар орындал­май қалды деп жалтара салу. Мәселен, Индус­трия және инфра­құры­лымдық даму министрлігі 2021 жы­лы 9 Ұлттық жобаны бекіттірер кезде, ондағы нысаналы инди­каторларды көл­денең тартып, 7,2 триллион теңге сұраған бола­тын. Бірақ Қаржы министрлігі бюджет мүмкіндіктерін ескере отырып, тек 2,5 триллион ғана берді. Бұл ұзақ­мерзімді жоспарлауға келгенде Үкі­меттің шынайы жағдайдан алшақ екенін анық көрсетеді. Ал жалпы Ұлттық жо­баларда сұралып отырған қаржы көлемінің мем­лекеттің мүмкіндігімен пара-парлы­ғына талдау жасалмайды», – дейді ол.

коллаж: Елдар ҚАБА

 

Бұдан да өзге тізбелейтін жайттар көп. Соның бірі – құрылымдық біркелкілік. Қолданыстағы нұсқада ең басты құжат – «Қазақстан–2050» стра­тегиясы, одан ке­йінгі орында «Қазақ­станның ұлттық даму жоспары» (ҚҰДЖ) делінген. Ал жаңа нұсқада құрылымы мен мазмұнында өзгеріс көп және онда ҚҰДЖ ғана қал­дырылған. Стратегия МЖЖ-дан мүлдем алынып тасталған. Сол сияқты мемле­кеттік аудит ұғымы да түбірімен жойылып кеткен. Айта берсе, еліміздің бас құжаты саналатын – «Қазақ­­станның ұлттық даму жоспары» жобасында мұндай шикі тұстар өте көп. Ендеше Үкіметке төртінші ретке дайын­дала бергені абзал-ақ.

Ұлттық жоба – утопия

Тек басты құжаттың ғана емес, са­лалық Ұлттық жобалардың да басындағы кеп осындай. Солардың бірі – «2024-2028 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп ке­шенін дамытудың “Мықты АӨК” Ұлттық жобасы». Қысқаша тарихына тоқталсақ, еліміздің ауылшаруашылық саласында концептуалды екі құжат бар. Олар – бі­рінші Тұжырымдама, одан соң – Ұлт­тық жоба. Міне, 2021 жылдың қазан айында Агроөнеркәсіп кешенін дамы­тудың алғаш­қы бесжылдық Ұлттық жоба­сы бекітілген болатын. Бірақ осыдан жар­ты жыл бұрын ғана ол өзі тектес 9 Ұлт­тық жо­­бамен бірге қызметін тоқ­тат­ты. Оның екі жылға жетер-жетпес уа­қыт­та не үшін жабылғанын, жаңағы айт­қа­нымыздай, ешкім бізге түсіндірген жоқ. Өйткені АШМ қоғам алдында есеп бермейді. Сөйтіп, биыл сәуір айында «2024-2028 жыл­­дарға арналған Агро­өнеркәсіп ке­шенін дамы­тудың «Мықты АӨК» Ұлттық жо­басы» деп аталатын жаңа құжат көп­шілік талқысына ұсынылды.

«Ауыл шаруашылығының Жалпы өнімін 3-4 жылда екі еселейміз деу – барып тұрған утопия. Біріншіден, 2024 жыл басталып кетті, ал құжатты бекіт­кенше және несиелеу мен субсидиялау ере­желеріне өзгеріс енгізгенше тағы да біраз уақыт керек. Оның үстіне, барлық бюджет ендігісі қатталып, бекітіліп кеткен. Ал солтүстік облыстарда егін егу басталып, оңтүстікте ол аяқталып қой­ды. Сондықтан да бесжылдық жоспардың бір жылын санамауға да болады.

Екіншіден, ауыл шаруашылығының Жалпы өнім көлемін есеп­теу оп-оңай. Өндірілген өнім көлемінің әрбір түрін сату бағасына көбейтіп, бар­лы­ғын қосамыз. Айталық, бір жылда 20 мил­лион тонна астық алдық, оны шаруа­лар орташа бағамен 100 мың теңгеден са­тып, 2 трил­лион теңге кіріс тапты. Сол сияқ­ты 3 мил­лион тонна майлы дақылдар өсір­дік те, оны 200 мың теңгеден сатып, 600 мил­лиард теңге көрдік, 6 миллион тон­на сүт өндіріп, 100 мың теңгеден сатып, 600 мил­­лиард теңге таптық, сойылған 1,2 мил­лион тонна мал етін 1,75 мың тең­ге­ден сатып, 2,1 трил­лион теңге жи­­налды – барлығын қос­қанда жыл соңын­да шама­мен 9,5 трил­лион теңге еліміздің бере­кесіне жа­­­рады. Ендеше осы соманы 4 жыл­­да екі еселеп, 19 трил­лион­ға жеткі­зе­міз деу қаншалықты шын­дық? Бағаны екі еселеу арқылы ма? Онда Үкіметтің өзін ор­нынан таба алмай қа­ларымыз анық. Ал өнім көлемін қалай екі еселегелі отыр­ғаны – саналы жанға жұм­бақ», – дейді Ұлттық аграрлық ғылым акаде­мия­сының вице-президенті Төлеутай Рахым­беков.

Оның айтуынша, жер алқабын да, мал мен құс басын да осы мерзім ішінде екі еселеу өте қиын. Ірі қа­раның басын олай көбейту үшін ең бір қолайлы жағдай туғызғанның өзінде 6 жыл керек. Ал дәнді-дақылдардың статистика­сына келер болсақ, 1992 жылы елі­мізде гектарынан 13,2 центнер өнім өн­ді­ріл­ген екен. Ал 2022 жылы да сол 13,8 цент­­­нер. 30 жылда 4,5% ғана өс­кен егін екі жылда қалай 100% боп кетпек?

«Құжатта мұндай амби­циясы ұрып тұрған меже­лер өте көп. Мәселен, онда еңбек өнім­ділігін екі есе өсі­ріп, 9,1 мил­­­­­­л­ион тең­геге жет­кізу, жыл сайын ауыл шаруа­шы­лығы тех­ни­касын 8-10% жаңар­ту, эксп­ортты екі есе өсі­ріп, 10 мил­­­лиард дол­ларға дейін апа­ру, ин­вес­тиция ағы­мын 3,3 есе арт­ты­рып, 3,2 триллион теңге қылу, сүт, ет, майлы да­қылдар, күріш, жүге­­рі, қара­мықтың өңделген үлесін 70%-ға арт­тыру, ішкі на­рықты өз алма­мызбен, шұжық­тарымызбен, ірімшік-сүзбеле­рімізбен, құс етімен 100%, қант­­пен 83% қамту көзделген. Міне, осы ме­женің қай-қайсы­сына да Үкіметтің нені негіздеп алғаны белгісіз. Өйткені ең қауқарымыз мықты деген тұс – астық болса, оның өзінде де біз жылдан жылға сыртқы на­рықтан айырылып қалып жа­тырмыз. Экспортқа жіберетін АӨК өнім­дерінің ішінде дәнді-дақылдардың үлесі 41% ғана. 2023 жылы 8,2 миллион тонна бидайды сыртқа сатып, бар болғаны 2,2 мил­лиард доллар табыс таба алған екенбіз. Ал қалған­дарының үлесі мүлдем мардымсыз. Сол сияқты, ішкі нарықты құр алманың өзі­мен толтыра алмай оты­рып, басқалары туралы айту­­дың өзі ар­тық. Өйткені ұзақ сақтала­тын алма сорт­тары Қазақстанда өспейді», – дейд ол. 

Расын айтқанда, еліміздің ауыл шаруа­­­­шылығы саласы созылмалы стаг­нацияда жатыр деуге болады. Жыл­дар бойы қыруар қаржы құй­ғанмен агро­өн­дірістік кешен бойын тіктеп кете ал­ма­ды. Дархан дала, шалқар көліміз көп бола тұра, ұн мен етті де сырттан алды­ра­­тын жағдайға жет­тік. Қалай болғанда да, ре­сурстық мүмкіндіктер мол жағдайда Агроөнеркәсіп кешенінің пұшайман күн кешіп отырғаны ұят-ақ. Ал оның сыр­тында халқымыздың денсаулығы, азық-түлік қана емес, ұлты­мыздың қауіп­сіздігі жатқаны өкінішті.

Нұрлан ҚОСАЙ