Азаматтық істің қозғалуына «Болашақ» стипендиясының грант иегері Валерия Гавриленконың өз міндетін орындамай, өзіне кепіл (гарант) болған әріптестері Мақпал Дәрібаева мен Наталья Воробьеваның басын дауға қалдырғаны себеп болған. Айта кетсек, 2019 жылы В. Гавриленко «Болашақпен» оқыған оқуының шығынын өтемеген. Сондай-ақ екі пәтерін кепілден шығарып, өзі Ұлыбританияда қалып қойған. Сөйтіп, «Болашақ» Халықаралық бағдарламалар орталығымен түзілген келісімшартты орындамаған. Енді оқуға кеткен шығынды «Халықаралық бағдарламалар орталығы» Валерия Гавриленкоға кепіл болған әріптестері Мақпал Дәрібаева мен Наталья Воробьевадан өндіріп алмақ. Шығын сомасы 30 млн теңгеге жуық.
Кепілгер Мақпал Дәрібаеваның айтуынша, 4 маусымда өткен сот отырысында «Болашақ» орталығы өкілдері арадағы дауды медиация түрінде реттеу бойынша өтінішхат жолдаған. Соған байланысты іс тоқтатылып, сот алқасының төрағасы екі тарапқа нақты бір шешімге келгенше, 10 күн уақыт берген.
– Бізге арадағы дауды медиация арқылы шешуге уақыт берді. Біз заңсыз кепілден шығарылған екі үйдің бағасын есептеттік. Тәуелсіз сарапшылардың бағалауынша, ол 26 млн теңгеге жуық қаражат болады екен. Оған қоса, В.Гавриленконың 1,3 млн теңге төлеген қаражаты бар. Содан қалған 1,5 млн теңгені Наталья Воробьева екеуміз бөліп төлеуге келісеміз. Мен 2016 жылы В.Гавриленко кепілге екі үй қойып отырғандықтан ғана гарант болуға келісімімді бергенмін, – деді Мақпал Дәрібаева.
Оның айтуынша, бұған дейін 2021 жылы В. Гавриленконың өзін ғана Халықаралық бағдарламалар орталығы сотқа берген. Ол кезде кепілгерлерді (Мақпал Дәрібаева мен Наталья Воробьева) сотқа берген жоқ. Сол сотта В.Гавриленко жеңіліп, барлық шығынды өзі өтеуге келіскен. Бірақ биыл В.Гавриленконың өз міндеттерін орындамағаны үшін кепілгерлер де жауапқа тартылып отыр.
4 маусымдағы өткен апелляциялық сотқа дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек:
«Заң бойынша екі кепілгер – М.Дәрібаева мен Н.Воробьев ортақ жауапкершілікте. Яғни, олар келісімге қол қою арқылы бұл жауапкершілікті өз еркімен алды. Біз жағдайдың әділетсіз екенін түсінеміз. 2-3 күн бұрын Гавриленко толық өз кінәсін мойындап, екіжақты келісімшартқа қол қойылды. Сол келісімшарттың арқасында ол бүкіл ақшаны қайтарамын деп өзіне міндет алды, – деген болатын.
Белгілі болғандай, В.Гавриленко сот шешімі негізінде бір жылдан астам уақыттан бері ай сайын 100 мың теңгеден қарызын өтеп жатыр. Наталья Воробьеваның айтуынша, шын мәнінде қарыз өтеліп жатыр. Алайда ай сайын 100 мың теңгеден төлейтін болса, В.Гавриленко қарызын 27 жыл бойы төлейді. Сондықтан «Болашақ» орталығы өкілдері қарызды қысқа мерзімде кепілгерлерден өндіріп алуды көздесе керек.
Гавриленко екі үйін кепілден қалай шығарған?
Егер В.Гавриленко қарызын толық төлемеген болса, кепілге қойылған екі үйі қалай кепілден шығарылғаны туралы «Болашақ» Халықаралық бағдарламалар орталығын 2016-2019 жылдары басқарған Жанболат Мелдешовтан сұраған едік. 31 мамырда Orda.kz. сайтында шыққан мақалада Ж.Мелдешов «Біріншіден, мен мұны жанжал деп атамас едім, өйткені жанжал заңсыз әрекеттерді білдіреді. Гавриленкоға қатысты жағдай, өкінішке қарай, «Болашақ» үшін қалыпты жағдай. «Мен адамдардан кепілдік алып, оны шәкіртақы деп айту, сосын оларды тұтқындай көріп, сотқа тарту дұрыс емес әрі тиімсіз екенін бірнеше рет айттым» деп мәлімдеген болатын. Біз осы мақалаға орай, Ж.Мелдешовтен «В.Гавриленкоға гарант болған М.Дәрібаева: «2019 жылы мамыр айында сол кездегі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма президенті болған Жанболат Мелдешов қол қойған құжатпен Валерия Гавриленко екі үйін кепілден шығарып алған», – дейді. Яғни, М.Дәрібаева, В. Гавриленко үйін кепілден заңсыз шығарған деп отыр. Өзіңіз де «Болашақ» бағдарламасымен оқуын тоқтатқан көптеген стипендиаттың мүлкін кепілден шығару секілді талай құжатқа қол қойғаныңызды, бұл заңсыздық емес, «Болашақ» үшін қалыпты жағдай болатын депсіз Orda.kz. сайтындағы мақалада. Әрі қарай не болады, сіздерді сыбайлас жемқорлық үшін тексере ме? деп сұраған едік.
– Бұл жерде ешқандай қылмыс жоқ, қылмыстық іс қозғалған бір жыл бұрын, Бас прокуратураның шешімімен ол іс тоқтатылды. Екіншіден, заңсыз болып танылған, біздің екеуара қол қойған кепілден шығару туралы келісімшартта қол қойғанда қателік болды. Бірақ ешқандай қылмыс жоқ. Ол қателікті орнына келтіру үшін сол кезде Гавриленкомен жаңадан келісімшартқа қол қойылды. Ол жерде Гавриленко қарызын өтеуге міндеттелді. Ол қарызды Гавриленкомен қоса, гаранттар да өтеу керек. Оны Халықаралық бағдарламалар орталығы қызметкерлерімен тараптар кездесіп, барлық тарапты қанағаттандыратындай келісімге келу керек. Бұл ешқандай шу, дау көтеретін мәселе деп ойламаймын өзім, – деді Ж. Мелдешов.
«Болашақ» Халықаралық бағдарламалар орталығы кезінде Гавриленконың үйін кепілден заңсыз шығарғаны туралы М.Дәрібаева: – «Болашақ» өз заңсыздығын өздері шешсін. Не үшін оған жауап беруіміз керек?! – десе, Наталья Воробьева «Болашақтың» ішкі былығына жауап беруге міндетті емеспіз деп отыр.
– «Болашақ» Халықаралық бағдарламалар орталығы біздің конституциялық құқықтарымызды бұзып отыр. Әріптесім Мақпал айтқандай, өзгелердің заңсыздығына біз неге жауап беруіміз керек? Орталық өздері кепілден пәтерді шығарып алып, 2021 жылы өз құжатын заңсыз деп танып, В.Гавриленконы шәкіртақыдан айырды. Ал кейіннен оған оқуға кеткен шығынды өтеуді талап етеді. Бірақ Валерия елде жоқ. Шығынды өндіру керек болғасын орталық бізге негізсіз талап қойып отыр. 2019 жылдан бері бес жыл өтті. Бірақ бес жыл бойына қылмыскерлер анықталмады, қылмыстық іс қозғалмады. «Болашақ» орталығы болып жатқан оқиғадан өз кінәсін көрмей отыр ма? Біз орталықтың ішкі былығына жауап беруге міндетті емеспіз. Неліктен ар-намысы бар азаматтар, «Болашақта» болып жатқан озбырлық пен жемқорлық кесірінен жапа шегіп, 30 млн төлеуі керек? Неге олар шығынды өзгенің мойнына оңай іліп қоя салады?» – дейді Н.Воробьева. Сонымен қатар М. Дәрібаева өзінің болжауынша, «Болашақтың» лауазымды тұлғалары лауазымдарын асыра пайдаланып, жемқорлыққа жол беріп отырғанын айтты.
– Валерия Гавриленконың келісімшарт бойынша Қазақстан Республикасының территориясында 5 жылдық еңбек өтілін орындамағанына қарамастан, кепілдікте тұрған бір емес екі пәтерді заңсыз кепілден шығарып берген. Яғни, біздің қаржылық міндеттемемізді біржақты, екі гарантты ешқандай ақпараттандырмастан өсіріп жіберген, – деді ол.
Біз Жанболат Мелдешовтен «Шудың дәл қазір шығуына қандай да бір мүдделі топтар бар деп ойлайсыз ба? Жалпы, бағдарламаның айналасында сыбайлас жемқорлық бар деп айта аласыз ба?» деп сұрағанымызда:
– Дәл қазір бұл шудың көтерілуіне екі себеп болуы мүмкін. Біріншіден, маған деген қарсы істеліп жатқан іс-әрекеттер немесе қазіргі Халықаралық бағдарламалар орталығы қызметкерлерінің не істерін, қалай жұмыс істеу керек екенін, қалай шешімге келу керегін білмеуінің салдары. Яғни, кәсібиліктің кемшін түсіп жатқаны. Жалпы, Қазақстанда қазір қаражат бар жерде сыбайлас бар, коррупция бар. Оны мойындау керек. Өкінішке қарай, ол жалғыз «Болашақ» бағдарламасының айналасында емес, барлық жерде де бар, – деп жауап берді ол.
Бағдарламаның жабылуын қалайтындар бар
«Жығылғанға жұдырық» дейміз бе, қазір «Болашақ» бағдарламасының «басына» қара бұлт төндірушілер аз емес. Мәселен, Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова «Болашақ» бағдарламасы қажет емес екенін айтады. Бұған дейін сенатор Андрей Лукин «Болашақты» иммиграция құралына айналып кетті деп сынаған болатын.
Осы орайда біз Maqsut Narikbayev University басқарма төрағасының орынбасары Айнұр Кәрібозоваға хабарласқан едік.
– Осы күндері белсенді болашақтықтар өзіміздің қарапайым отбасынан шығып, "Болашақтың" арқасында шет көріп қана қоймай, қатардағы емес әлемнің маңдайалды оқу орнында озық білім алып, елге оралып, ел игілігіне қызмет етіп, үздік орта қалыптастырып жатқанымызды айтып, кезекті ақталумен болудамыз, – деді Айнұр Кәрібозова.
Елімізде адами капиталды дамытып, ғылым мен білімге негізделген экономика құрудың маңыздылығы күн өткен сайын өзекті болып келеді. Қазіргі ақпараттық технологиялардың дамуы жоғары білім мен ғылымды елдің инновациялық өркендеуіне арнауға және жастардың кәсібилігін қамтамасыз етуге деген сұранысын арттырып отыр. Осы орайда «Болашақ» Халықаралық бағдарламалар орталығының басшысы Әлия Оспанова бүгінде стипендия иегерлері республиканың сапалы менеджментін құрап отырғанын айтты.
– Инженерлік-техникалық қызметкерлер қатарындағы «болашақтықтар» өндірісте еңбек етеді. Жаңа отандық өнімдер мен жұмыс әдістерін әзірлейді. Бүгін біз табысты кәсіпкерлерге айналған және жыл сайын мемлекет бюджетін миллиардтаған теңгемен толықтыратын жүздеген кадрды көріп отырмыз. Олар шетелден жаңа идеялар, тәжірибе, дағдылар әкеледі, – дейді Әлия Оспанова.
Сондай-ақ Айнұр Кәрібозованың айтуынша, қазір ел халқының саны 21 миллионға жетті. Оның 9 миллионы еңбекке жарамды азаматтар болса, 4 миллионға жуығы әртүрлі жастағы жастар.
– «Болашақ» шеңберінде 30 жылда 12 мыңнан астам ғана түлек оқып келді. Елдік масштабта аса көп емес сияқты. Бірақ осы 12 мың түлектің әрқайсысы болмаса да, басым көпшілігі өз оқуына жұмсалған салық төлеушілердің қаражатын тікелей немесе жанама қайтарғандар. Бір ғана мысал келтірейін: кіші және орта бизнесте жүрген «болашақтықтар» қазақстандықтарды жұмыспен қамтамасыз етіп қана қоймай, жылына мысалға бір түлек 2 млрд теңге салық төлеген. Яғни, оқуына жұмсалған қаражатты біржылдық салығымен ғана мың есе қайтарып тастағанының дәлелі бар. «Болашақ» бағдарламасы, тағы да сызып айтамын, әлі де мыңдаған қарапайым отбасынан шыққан білімді азаматқа шетелге шығып, озық білім алып, зерттеу жүргізіп, ғылыми дәреже иеленуге мүмкіндік беретін бірегей бағдарлама. Бағдарламаны жаппау керек, нысандылығын күшейтіп, тиімділігін арттыру жолдарын алға тарту керек, – деді ол.
Ал Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Самат Нұртаза: «Болашақ» бағдарламасы жабылса, елді көтеретін буынның тамырына балта шабамыз», – дейді.
– Президент бағдарламасымен оқыған 3-4 қылмыскер мен жемқорды алға салып, бағдарламаны жабуды талап ететін азаматтарды көзім шалып қалды. Айтайын дегенім, «Болашақ» бағдарламасының арқасында талай кедей және орташа отбасыдан шыққан жастар шетел көрді, білім алды, мемлекеттік сектордың орта деңгейінде қызмет етіп, елге пайдасын келтіріп жатыр. Еуропа мен АҚШ, Канада мен Қытайда білім алуға 80% қазақстандықтардың қалтасы көтермейді, нәтижесінде ғылыми прогресс пен дүниежүзілік бәсекелестіктен артта қаламыз. Әрине, бүгінгі буын ол қатерді сезінбей өтеді, қиналатын сол немерелеріміздің буыны. Тоқетері «Болашақ» бағдарламасына талаптарды күшейтіп, іріктеу процесін қатаңдатып, бірақ жастарды жіберуді тоқтатпау керек. ТМД мемлекеттерінің арасында ондай бағдарлама жоқ, не болып жатқанын көріп отырмыз. Өз сорпасына өздері малынып отыр. Жаһандану процесіне есе жіберуге болмайды, – дейді Самат Нұртаза.
«Болашақ» бірегей жоба ма?
«Болашақ» бағдарламасы шынымен баламасы жоқ бірегей бағдарлама ма? Оның елімізде адами капиталды дамытуға, еңбек нарығының қажеттілігін кәсіби мамандармен толықтыруға қосатын үлесі қандай? Бағдарлама 30 жылдық тарихында өзіне жүктелген міндетті ақтай алды ма? Мақала жазу барысында туындаған сұрақтарға қатысты бірқатар маманға жүгіндік. «Болашақ» Халықаралық бағдарламалар орталығының экс-басшысы Ж.Мелдешовтың айтуынша, «Бағдарлама өзіне жүктелген міндетті толық ақтады ма дегенге келер болсақ, алдымен әрбір стипендиатты жеке қарау керек. Кейбір түлектер толығымен ақтады, асырып та ақтады».
– «Болашақ» бағдарламасы қазақ жастарының шетелге барып, үздік университеттерде оқып, білім алып, елге келіп, елге пайдасын тигізіп жатыр. Әрине, бұл бағдарламаны жалғастыру керек. Бірақ жалғастырған кезде реформалар жасау керек, өзгерістер енгізу керек. Қазір «Болашақ» бағдарламасын толық мемлекет төлейді, бірақ әлемде өте сапалы және шығын талап етпейтін, былайша айтқанда тегін мықты білім бере алатын университет көп, сол мүмкіндікті көптеп пайдалану керек, – деді ол.
Сарапшы мамандардың айтуынша, бүгінде елімізде адам капиталының дамуы, білікті маман, кадр тапшылығы – өте күрделі мәселе. Жылдан жылға халықтың саны өсіп, бірақ сапасының төмендеу процессі күрделеніп бара жатыр.
– Биыл жылдың басында Дүниежүзілік банк Қазақстан экономикасы бойынша өзінің кезекті баяндамасын шығарған болатын. Сол баяндамада, өкінішке қарай бірнеше жыл қатарынан Covid-19 пандемиясынан бері келе жатқан қорытынды өзгермеген, соның ішінде елімізде адам капиталының ұлттық байлыққа жасап жатқан үлесі төмен кірісті елдердегідей, және жоғары кірісті елдердің орташа көрсеткішінен әлдеқайда төмен деп бағаланған. Сондықтан менің ойымша, адамды жұмыс күші емес, құнды адам капиталы ретінде қарастыратын мәдениетті қалыптастыратын уақыт келді. Отбасы, ата-ана, одан кейін балабақша мен мектеп тәрбие мен білім беруді, ал әрбір жоғары оқу орны тек маман дайындауға ғана мән бермей, Абай хакімше айтсақ, толық адам, тұлға қалыптастыруды мақсат етуі керек, – деді Айнұр Кәрібозова.
Ал толық адам, тұлға қалыптастыруға «Болашақ» бағдарламасының қосып жатқан үлесі зор. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, «Болашақ» стипендианттары арасында мемлекет алдындағы борышын өтемеген түлектердің үлесі 2 пайызға да жетпейді.
– Бағдарлама шартын орындамаған немесе бұзған, соның ішінде шетелге кетіп қалған түлектердің саны 200-ден асады. Пайызға шақсақ, көпшілік ойлап жүргендей үлкен емес, 2 пайызына да жетпейді, – деді министр. Десе де, халықтың көңілі қалған кейбір "шенеуніктердің" «Болашақ» түлегі екені ойландырмай қоймайды.
Ал ұлт тарихында С.Сәдуақасов, Ә. Байділдин, Е.Алдоңғаровтар бірігіп, 1922 жылы ҚазОАК мен ҚазАКСР-і Халық ағарту комиссариатына «Шығыс үшін буржуазиялық Еуропа «мәдениетін» қабылдаудың қажеті жоқ. Шығысқа еуропалық дамыған техника, тек техника ғана керек» деп хат жолдағанын ескерсек, «Болашақтың» айналасындағы әңгімелерге нүкте қойылып, оның мемлекетті білікті кадрлармен қамтамасыз ету, адами капиталды дамыту миссиясына сызат түспегені керек.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ