Мұның жарқын көрінісі Qazaq Air әуе компаниясының жекешелендірілуі болды. Жақында Қ.Тоқаев Қазақ–Сингапур бизнес-форумының жабылу салтанатында вьетнамдық SOVICO Group компаниясы Qazaq Air авиакомпаниясын сатып алатынын мәлімдеген еді. «Вьетнамдық SOVICO Group компаниясының Qazaq Air авиакомпаниясын жекешелендіруін құптаймын. Бұл Қазақстан мен АСЕАН елдері арасындағы әуе қатынастарын жандандыруға мүмкіндік береді», – деді Қазақстан Президенті.
Қазақстанда азаматтық авиация саласында проблемалар туралы биік мінберлерден жиі айтылып келеді. Мәселен, осыған дейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі азаматтық авиция саласында бәсекелестік жеткіліксіз дамыған деп мәлімдеген еді. Себебі азаматтық авиация нарығында үш компания ғана қызмет көрсетеді: AirAstana мен Fly Arystan, SCAT және Qazaq Air. AirAstana мен Fly Arystan акционерлік қоғамы нарықтың 70 пайыздан астам бөлігіне ие. Ал осыған дейін «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі болған Qazaq Air әуе компаниясының нарықтағы үлесі – 6 пайыз, сондай-ақ SCAT әуе компаниясының үлесі – 24 пайыз. Ведомство әуе тасымалы нарығында мемлекеттік авиакомпаниялардың болуы нарық субъектілері арасындағы бәсекелестіктің төмендеуіне әсер ететінін атап өткен болатын.
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының өкілдері «Айқын» газетінің ресми сұрауына жауап бере отырып, Qazaq Air әуе компаниясын сатып алуға ниет білдірген вьетнамдық инвестормен арадағы келісім алдын ала жасалған мәміле екенін ескертті.
«Әлі транзакциялық құжаттаманың түпкілікті қорытындысы жоқ. Осыған байланысты, мерзімінен бұрын мәміле шарттарына түсініктеме берілмейді. Келісім талаптарына сәйкес, екі тарапқа да құпиялылық бойынша міндеттемелер жүктеледі. Мәміле аяқталғаннан кейін Вьетнам тарапымен ағымдағы келісімдерге сәйкес баспасөз өкілдеріне арнайы ақпарат беріледі. Qazaq Air акциялар пакетін иеліктен шығару туралы түпкілікті шешімді Үкімет «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» ҚР заңында көзделген қордың жалғыз акционерінің айрықша құзыретіне сәйкес белгіленген тәртіппен қабылдауға тиіс екенін атап өту маңызды. Қор мен Aviation Holdings Company (Sovico Group құрамына кіреді) арасындағы қағидаттар туралы қол қойылған келісім барлық қажетті корпоративтік мақұлдаулар қабылданған жағдайда Qazaq Air әуе компаниясын сатып алуды көздейді», – делінген құжатта.
Qazaq Air лоукостері Air Astana әуе компаниясымен бәсекелестік орнатуы тиіс болатын. Дегенмен тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, бұл біз күткендей нәтиже берген жоқ. Себебі компанияның шығыны көп, сонымен қатар қазір қарызы да жетерлік.
«Бұған дейін екі рет жекешелендіруге байқау жарияланғаны белгілі. Бірақ жекешелендіру ісін Президенттің өзі қолға алмайынша, идея толық жүзеге асқан жоқ. Компанияны жеке инвесторға беру туралы мәміле, расымен де, тиімді. Себебі инвесторлар Qazaq Air компаниясына 1 млрд долларға жаңа 737 MAX 8 Boеing ұшағын және Fly Arystan лоукостерінің ұшақтары секілді А320/321 аэробустарын алуға міндетті. Бұл өте жақсы инвестиция дер едім. Одан бөлек, әуе компаниясының «Самұрық-Қазына» мемлекеттік холдингі алдындағы қарызын да өтейтін болады. Бұған дейін сатып алуға ниетті инвесторларды дәл осы пункт тоқтатқан болатын», – дейді TheTenge іскерлік медиа порталының негізін қалаушы Андрей Чеботарев.
Сарапшының бұл сөзін «Самұрық-Қазына» қорының өкілдері де растады. Мекеменің ресми жауабына сәйкес, инвестор Qazaq Air әуе компаниясының Қор алдындағы 38,4 млрд теңге көлеміндегі борышын толық өтеу міндеттемесін қабылдаған.
«Сонымен қатар инвесторларға авиакомпанияның қор алдындағы қарызын өтеуді қамтамасыз ету ретінде корпоративтік кепілдік беріледі. Инвестор қарастырып отырған Qazaq Air әуе компаниясының даму стратегиясына сәйкес, Qazaq Air паркін Boeing 737 MAX-8 және Airbus A320/321 типті реактивті ұшақтармен кеңейту жоспарлануда. Бұл азаматтық авиация нарығын одан әрі дамытуға, сонымен қатар бәсекелестікті арттыруға, Қазақстан Республикасынан және Қазақстан Республикасына халықаралық тұрақты рейстерді қарқындатуға, жұмыс орындарын құруға оң әсер етеді», – делінген хабарламада.
Тікелей сатып алушы Aviation Holding Company – SOVICO Group компаниясының еншілес ұйымы. Мемлекет басшысы Сингапурға сапары барысында SOVICO Group компаниясының басқарма төрағасы Нгуен Тхань Хунгпен кездескен болатын. Компания басшысы Қазақстандағы бірнеше әуежайды басқаруға алу, сондай-ақ логистикалық қоймаларға инвестиция құю ісіне қызығушылық танытатынын жеткізген еді. Соңғы жылдары SOVICO компаниялар тобының құрамына кіретін Vietjet Air авиакомпаниясы еліміз арқылы жүк және жолаушылар тасымалдайтын әуе рейстерінің санын біртіндеп көбейтіп келеді.
Көлік министрі Марат Қарабаев мәжіліс кулуарында Qazaq Air авиакомпаниясының жекешелендірілуіне қатысты пікір білдіре келе, аталмыш инвесторға Қазақстан әуежайын борттарды орналастыру үшін сенімгерлік басқаруға беру мәселесін талқыланып жатқанын мәлімдеген еді. Бірақ инвестор оған қосымша инвестициялар салуы қажет.
Әуежай Қазақстанға жүктерді жеткізу орталығы ретінде қарастырылмақ. Сонымен қатар басқа елдерден жеткізілген жүктерді әрі қарай шет мемлекеттерге тасымалдау мәселесі талқылануда. Ведомство басшысы Qazaq Air әуекомпаниясының атауын өзгерту немесе оның атауын қалдыру инвесторға байланысты екенін, бірақ қалай болғанда да авиакомпания халықаралық тасымалдарды жүзеге асыра бастайтынын жеткізді.
«Ең бастысы, енді борттардың жеткілікті саны болған кезде қолжетімділік қамтамасыз етіледі, ал бәсекелестік өсіп келе жатқандықтан, бұл авиабилеттердің құнына оң әсер етеді», – деп атап өтті Қарабаев.
«Самұрық-Қазына» алғаш рет 2023 жылдың тамызында Qazaq Air әуе компаниясын сатуға қатысты байқаудың басталғанын жариялады. Сатып алуға мүдделі тұлғалардың бар екені туралы айтылғанымен, өтінімдерді қабылдаудың аяқталу күні бірнеше рет ұзартылды. Нәтижесінде, қараша айында талаптарды қанағаттандыратын өтінімдердің болмауына байланысты байқау өткізілмеді деп танылды. 2024 жылдың қаңтарында авиакомпанияны сату конкурсы өтінімдердің болмауына байланысты екінші рет тоқтатылды.
Естеріңізге сала кетсек, 2015 жылы құрылған Qazaq Air Қазақстан өңірлері халқының іскерлік белсенділігін арттыру мақсатында төмен қарқынды әлеуметтік маңызы бар әуемаршруттарды дамыту үшін арнайы жарақтандырылған болатын. Әуе тасымалдаушының сайтында жарияланған 2022 жылғы соңғы қаржылық есепке сәйкес, компания шығын 6,6 млрд теңгені құрайды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2,1%-ға көп.
Кәмила ЕРКІН