ЖИТС – әлемді алаңдатқан қатерлі сырқат. Әсіресе, соңғы уақытта бұл аурумен жастардың жиі шалдығуы көпті алаңдатып отыр.
Ғасыр дерті: Қара нәпсінің апарар орны – қара жер
956
оқылды

Жалпы, қауіпті дерттің пай­да болуы мен таралу та­рихы жайында түрлі болжамдар ай­тылады. Мәліметке сәйкес, ин­фек­цияны жұқтырған алғашқы адам – Миссури штатының тұр­ғы­ны Роберт Рейфорд есімді жа­с-өс­пірім екен. Бұл бала 1969 жылы СПИД-тең көз жұмыпты. Келесі де­­ректерде СПИД екінші дү­ние­жү­зілік соғыстан кейін Еуропада пай­да болғаны айтылса, голлан­диялық зерттеуші қауіпті індеттің Бал­тық жағалауынан басталып, бү­кіл Еуропаға таралғанын алға тар­тады. Тек бұл инфекцияны 1983-1984 жылдары ғана АҚШ пен Францияның қос ғалымы бір­ле­се отырып анықтап, оған ВИЧ де­ген атау бергені жайында нақты ақ­парат айтылады. 

Қазіргі қоғамда бұл індетпен кү­рес шаралары бір сәтке де тоқ­та­ған емес. Әлі күнге дейін ауруды ауыз­дықтап, ағзаны вирустан то­лық тазартатын вакцина жоқтың қа­сы. Яғни, сырқат жанның құ­лан­таза айығып кетуіне ешкім ке­піл бола алмайды. Сондықтан ақ­халаттылар індеттен сақтану жол­дарын ғана ұсынады.

Жалпы, елімізде де бұл қа­уіп­­ті дерттің шыр­ма­уын­­да қалған тағдырлар аз емес. Қы­зыл­­орда облыстық ЖИТС-тің ал­дын алу және оған қарсы күрес жө­ніндегі орталығының мәлі­ме­тіне сәйкес, 2024 жылдың 4 айын­да аймақта 18 адам осы сырқат бойын­­ша есепке алыныпты. Бұл был­тырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қалыпты деңгейде тұрғанын көрсетеді. Оның басым бөлігін ер азаматтарды құрайды екен. 

«Біздің орталықтың бас­ты қызметі – АИТВ инфекциясына кезекте тұрғын­дар­ды тестілеу. Яғ­ни, тұрғындардың АИТВ-ға ста­ту­сын анықтау. Екіншіден, ин­­­­­­­фек­цияға сапалы эпиде­мио­логиялық бақы­лау жүргізу болса, үшіншісі донор­лық қан қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондай-ақ мінез-құлқы қа­тер­лі топ өкілдері арасында алдын алу жұ­мыстарын жүргізу, тұр­ғындар­дың, әсіресе жастар ара­сында алдын алу жұмыстарын кеңінен насихаттау болып та­былады. Со­нымен қатар АИТВ жұқтырған нау­­қастардың дис­пан­серлік есеп­ке алу, емдеу, анадан балаға берілу салдарын болдырмау мақсатында жұмыстар жүргізіледі. Қазір бізде жас­тар мен жасөс­пі­рім­дер, мек­теп­тер мен кол­ледждер арасында сыр­қаттың алдын алу жұмыстары­на баса мән беріледі. Атап айтқанда, 2023 жылдың өзінде осы мақ­сатта 341 семинар тренингтер, жас­тар мен жасөс­пірім­дер ара­сын­да 583 іс-шаралар өт­кізілді. Бұ­ған қоса, акциялар мен тре­нинг­­тер, кезде-сулер, сұ­рақ-жауап кеш­тері ұйым-дас­тыры­лады», – деп түсіндірді бұл жайында орта­лық­тың бас дәрі­гері­нің емдеу ісі жө­ніндегі орын­ба­сары Шолпан Өте­генова.

Дәрігердің айтуынша, негі­зі­нен бұл қауіпті індет адам­ға үш жолмен жұғады. Оның ал­ғашқысы, жыныстық қатынас ар­қылы жұғу қаупі өте жоғары. Со­нымен қатар екінші жолы қан ар­қылы жұғу белсенділігі де ора­сан. Яғни, инъекциялық есірткі тұ­тыну кезінде бір шприцті пай­далану қауіпті індеттің таралуына зор ықпал етеді. Сондай-ақ үшін­шісі, анадан жатырдағы бала­ға жұғу ықтималдылығы басым. Алайда АИТВ инфекциясымен ауы­ратын ана жүктілік кезінде ви­рус­қа қарсы препараттарды қол­данатын болса, нәрестенің сау туы­лу мүмкіндігі арта түседі. 

«Осы орайда айта кету керек, жы­ныстық қатынасқа шектеу қоя ал­маймыз. Дейтұрғанмен, жы­ныс­тық қатынас кезінде қорғ­а­ныш құралдарын, яғни мүшеқап­тар­ды қолданса, қауіпті індеттен әр­бір тұлға өз-өзін сақтауға бо­ла­ды. Сол сияқты тұрмысқа шық­қан­ға дейін жастар арасында жы­­­­ныстық қатынасқа түспеуге кеңес береміз. Ең бастысы, тек қа­на бір жыныстық серіктеске адал болу маңызды. Мінез-құлқы қа­терлі топ өкілдері арасында АИТВ инфек­циясының алдын алу бағытында «Сенім» пункті тұрақты түрде жұ­мыс­тар жүргізуде. АИТВ инфек­ция­сының анадан балаға берілуі­нің алдын алу мақсатында жүкті әйелдерді жүктілік кезінде екі рет ВИЧ инфекциясының сынама­сы­нан өткіземіз, – дейді Шолпан Жеңісбекқызы.

Ең қиыны сол, бүгінде сыр­қат­тың жастар арасында та­ралуы өршіп тұр. Соның ішінде жыныстық қатынас арқылы жұғу дерегі азаяр емес. Әсіресе, кездей­соқ жыныстық қатынасқа бару ке­зінде қорғаныш құралдарын қол­данбаудың салдары осындай қай­ғылы жағдайға соқтырып жа­та­тынын алға тартады. 

Дәрігер мамандардың пікіріне сәй­кес, қазір АИТВ инфекциясын то­лығымен жойып жіберетін вак­циналар жоқ. Тек науқастың өмір сүру жасын ұзарту, аурудың белгі­лерін тежеу және адамның өмір сүру сапасын жақсартуға ғана мүм­кіндік бар. Нақты айтқанда, вирус­қа қарсы препараттарды қол­дану арқылы АИТВ инфек­ция­сының ЖИТС сатысына алып келуін тежеуге болады. 

Тағы бір айта кететіні, АИТВ жұқтырған адамды оқ­шаулауға, таңба басуға рұқсат етілмейді. Бұл кез келген адам­ның өз сырқатын анықтаудан бас тар­тып, сәйкесінше дерттің жылдам таралуына соқтыруы мүмкін деп есептейді. Егер де инфекция жұқ­тырған адам өзінің сырқат екенін біле тұра өзге адамға жұқтыруға әре­кеттенсе, яғни қасақана сау адам­мен жыныстық қатынасқа түс­се, қылмыстық жауапкерші­лік­ке тартылатынын да айта кету ке­рек. 

Негізінен, дертке шалдыққан адам өмір бойы СПИД орталы­ғын­да диспансерлік бақылауда тұра­ды. Науқастан 3-6 ай сайын сы­намалар алынып, тексерістен өт­кізіледі. Ең бастысы, бұл індет­тің алдын алу, емдеу мақсатында дәрі-дәрмектер мемлекет тарапы­нан жеткілікті деңгейде тегін бері­леді. 

Орталықта арнайы зертхана жұ­мыс жасайды. Онда АИТВ ин­фек­циясын анықтауда тіркеуде тұр­ған науқастардың түрлі сына­ма­лары жасалады. Зертхана дү­ние­жүзілік аккредитациядан өт­кізілгенін де айта кеткен артық бол­мас. Сонымен қатар облысқа қа­расты Қазалы және Шиелі ау­дандарында орталық филиалдары болса, қалған 5 аудан мен Бай­қоңыр қаласында психоәлеуметтік кабинеттері жұмыс жасауда. Осы арқылы аудан, ауыл халқының АИТВ инфекциясына тұрақты тек­серілуі қамтамасыз етілген. 

Бүгінде орталықта штатқа сәйкес 92 қызметкер ең­бек етіп жүр. Оның ішінде 28 дәрі­гер, 32 орта буын қызметкері қа­уіп­­ті індеттің алдын алу бағы­­тын­да жұ­мыс жүргізуде. 

Жалпы, ақхалаттылар бойына дерт жұқтырып, ертеңі елеске ай­нал­масын деген әрбір адам сақтық шараларын қатаң сақтауы қажет екенін ескертеді. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы