Жалпы, қауіпті дерттің пайда болуы мен таралу тарихы жайында түрлі болжамдар айтылады. Мәліметке сәйкес, инфекцияны жұқтырған алғашқы адам – Миссури штатының тұрғыны Роберт Рейфорд есімді жас-өспірім екен. Бұл бала 1969 жылы СПИД-тең көз жұмыпты. Келесі деректерде СПИД екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропада пайда болғаны айтылса, голландиялық зерттеуші қауіпті індеттің Балтық жағалауынан басталып, бүкіл Еуропаға таралғанын алға тартады. Тек бұл инфекцияны 1983-1984 жылдары ғана АҚШ пен Францияның қос ғалымы бірлесе отырып анықтап, оған ВИЧ деген атау бергені жайында нақты ақпарат айтылады.
Қазіргі қоғамда бұл індетпен күрес шаралары бір сәтке де тоқтаған емес. Әлі күнге дейін ауруды ауыздықтап, ағзаны вирустан толық тазартатын вакцина жоқтың қасы. Яғни, сырқат жанның құлантаза айығып кетуіне ешкім кепіл бола алмайды. Сондықтан ақхалаттылар індеттен сақтану жолдарын ғана ұсынады.
Жалпы, елімізде де бұл қауіпті дерттің шырмауында қалған тағдырлар аз емес. Қызылорда облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығының мәліметіне сәйкес, 2024 жылдың 4 айында аймақта 18 адам осы сырқат бойынша есепке алыныпты. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қалыпты деңгейде тұрғанын көрсетеді. Оның басым бөлігін ер азаматтарды құрайды екен.
«Біздің орталықтың басты қызметі – АИТВ инфекциясына кезекте тұрғындарды тестілеу. Яғни, тұрғындардың АИТВ-ға статусын анықтау. Екіншіден, инфекцияға сапалы эпидемиологиялық бақылау жүргізу болса, үшіншісі донорлық қан қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондай-ақ мінез-құлқы қатерлі топ өкілдері арасында алдын алу жұмыстарын жүргізу, тұрғындардың, әсіресе жастар арасында алдын алу жұмыстарын кеңінен насихаттау болып табылады. Сонымен қатар АИТВ жұқтырған науқастардың диспансерлік есепке алу, емдеу, анадан балаға берілу салдарын болдырмау мақсатында жұмыстар жүргізіледі. Қазір бізде жастар мен жасөспірімдер, мектептер мен колледждер арасында сырқаттың алдын алу жұмыстарына баса мән беріледі. Атап айтқанда, 2023 жылдың өзінде осы мақсатта 341 семинар тренингтер, жастар мен жасөспірімдер арасында 583 іс-шаралар өткізілді. Бұған қоса, акциялар мен тренингтер, кезде-сулер, сұрақ-жауап кештері ұйым-дастырылады», – деп түсіндірді бұл жайында орталықтың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Шолпан Өтегенова.
Дәрігердің айтуынша, негізінен бұл қауіпті індет адамға үш жолмен жұғады. Оның алғашқысы, жыныстық қатынас арқылы жұғу қаупі өте жоғары. Сонымен қатар екінші жолы қан арқылы жұғу белсенділігі де орасан. Яғни, инъекциялық есірткі тұтыну кезінде бір шприцті пайдалану қауіпті індеттің таралуына зор ықпал етеді. Сондай-ақ үшіншісі, анадан жатырдағы балаға жұғу ықтималдылығы басым. Алайда АИТВ инфекциясымен ауыратын ана жүктілік кезінде вирусқа қарсы препараттарды қолданатын болса, нәрестенің сау туылу мүмкіндігі арта түседі.
«Осы орайда айта кету керек, жыныстық қатынасқа шектеу қоя алмаймыз. Дейтұрғанмен, жыныстық қатынас кезінде қорғаныш құралдарын, яғни мүшеқаптарды қолданса, қауіпті індеттен әрбір тұлға өз-өзін сақтауға болады. Сол сияқты тұрмысқа шыққанға дейін жастар арасында жыныстық қатынасқа түспеуге кеңес береміз. Ең бастысы, тек қана бір жыныстық серіктеске адал болу маңызды. Мінез-құлқы қатерлі топ өкілдері арасында АИТВ инфекциясының алдын алу бағытында «Сенім» пункті тұрақты түрде жұмыстар жүргізуде. АИТВ инфекциясының анадан балаға берілуінің алдын алу мақсатында жүкті әйелдерді жүктілік кезінде екі рет ВИЧ инфекциясының сынамасынан өткіземіз, – дейді Шолпан Жеңісбекқызы.
Ең қиыны сол, бүгінде сырқаттың жастар арасында таралуы өршіп тұр. Соның ішінде жыныстық қатынас арқылы жұғу дерегі азаяр емес. Әсіресе, кездейсоқ жыныстық қатынасқа бару кезінде қорғаныш құралдарын қолданбаудың салдары осындай қайғылы жағдайға соқтырып жататынын алға тартады.
Дәрігер мамандардың пікіріне сәйкес, қазір АИТВ инфекциясын толығымен жойып жіберетін вакциналар жоқ. Тек науқастың өмір сүру жасын ұзарту, аурудың белгілерін тежеу және адамның өмір сүру сапасын жақсартуға ғана мүмкіндік бар. Нақты айтқанда, вирусқа қарсы препараттарды қолдану арқылы АИТВ инфекциясының ЖИТС сатысына алып келуін тежеуге болады.
Тағы бір айта кететіні, АИТВ жұқтырған адамды оқшаулауға, таңба басуға рұқсат етілмейді. Бұл кез келген адамның өз сырқатын анықтаудан бас тартып, сәйкесінше дерттің жылдам таралуына соқтыруы мүмкін деп есептейді. Егер де инфекция жұқтырған адам өзінің сырқат екенін біле тұра өзге адамға жұқтыруға әрекеттенсе, яғни қасақана сау адаммен жыныстық қатынасқа түссе, қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын да айта кету керек.
Негізінен, дертке шалдыққан адам өмір бойы СПИД орталығында диспансерлік бақылауда тұрады. Науқастан 3-6 ай сайын сынамалар алынып, тексерістен өткізіледі. Ең бастысы, бұл індеттің алдын алу, емдеу мақсатында дәрі-дәрмектер мемлекет тарапынан жеткілікті деңгейде тегін беріледі.
Орталықта арнайы зертхана жұмыс жасайды. Онда АИТВ инфекциясын анықтауда тіркеуде тұрған науқастардың түрлі сынамалары жасалады. Зертхана дүниежүзілік аккредитациядан өткізілгенін де айта кеткен артық болмас. Сонымен қатар облысқа қарасты Қазалы және Шиелі аудандарында орталық филиалдары болса, қалған 5 аудан мен Байқоңыр қаласында психоәлеуметтік кабинеттері жұмыс жасауда. Осы арқылы аудан, ауыл халқының АИТВ инфекциясына тұрақты тексерілуі қамтамасыз етілген.
Бүгінде орталықта штатқа сәйкес 92 қызметкер еңбек етіп жүр. Оның ішінде 28 дәрігер, 32 орта буын қызметкері қауіпті індеттің алдын алу бағытында жұмыс жүргізуде.
Жалпы, ақхалаттылар бойына дерт жұқтырып, ертеңі елеске айналмасын деген әрбір адам сақтық шараларын қатаң сақтауы қажет екенін ескертеді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы