Мұнда Қаратау жотасының оңтүстік-шығыс баурайынан бастауын алып, бұрала ағып барып «Теріс-Ащыбұлақ» бөгеніне құятын Теріс өзені бар. Аталған су айдынының ерекшелігі, таудан төмен емес, жоғары қарай ағады.
Жалпы, ертеректе Жуалы ауданында мың бұлақ көзі болған екен. Осы бұлақтан шыққан су Теріс өзеніне түсіп, одан ары қарай Ақсай мен Көксайға келіп құйылған. Бұл жайында 846 жылы араб жиһангері Хордабек өз жазбаларында қалдырған.
«Мың бұлақтан ағып шығып, бір арнада тоғысатын өзен көрдім. Өзен шығысқа қарай ағады. Өзеннің атауы – Баркуаб. Бұл сөздің мағынасы кері бағытта ағатын өзен дегенді білдіреді. Өзеннің екі жағасы тұтасқан орман-тоғайлар мен қалың құрақ. Осы жерлерде тұрғындар қырғауыл аулайды», – дейді жазбасында жиһангер.
Теріс өзенінің негізгі бастауы болып табылатын Шақпақ өзені Өтем жотасына бастау алады. Ертеректе Өтем жотасы «Ортақтау» деп аталған. 1857-1858 жылдары осы өңірді зерттеген орыс ғалымы Н. Северпов Ортақтау туралы құнды жазба қалдырған.
«Ортақтаудан екі өзен ағып шығады. Бірі батысқа, екіншісі шығысқа қарай ағады. Осы шығысқа қарай ағатын өзеннің ерекшелігі – жоғарыдан төмен емес, төменнен жоғары қарай ағады», – дейді ғалым жазбасында.
Ал зерттеуші В.Каллаур Теріс өзенін ерте заманда «Иркут» деп атағанын айтады. Сондай-ақ Иркут өзенінің екі жағалауында да Ұлы Жібек жолының сүрлеуі жатқанын жазады. Көпестердің бірі Күйік асу арқылы жүрсе, енді екіншілері Ақтөбе, Күркүреусуды жағалай Жолқуат аңғарымен Қызыладыр арқылы Таразға жеткен. Ал сол тұста Терістің жағасындағы қалың тоғайда мәлім секілді жабайы мысықтар көп болған дейді саяхатшылардың деректері.
51 шақырымға созылатын Теріс өзені бұлақ суларымен толығып, Алатаудан арқырай ағып келетін Күркіреусуға қосылып, Аса өзеніне айналып отырған. Одан әрі Билікөлді толтырып, Ақкөл асып, Мойынқұмның құмына барып сіңген.
Ертеректе Теріс өзенінің жағалауына үлкен қалалар да салынған. Соның бірі – Баркуаб қаласы. Үш қабатты үйлері мен кәріз жүйесі жүргізілген көне шаһар қазір ақбас ғалымдардың өзін таңғалдыруда. Ортағасырдағы тағы бір қалашық қазір «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының астында қалғанын да ғалымдар растап отыр. Бүгінде су қоймасының сыйымдылығы 158 миллион текше метрге шақталған. Ұзындығы 13 шақырымға дейін жетеді. Сондықтан су қоймасының астында қалған көне қалаға археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу мүмкін болмай тұр.
Теріс өзенінің айналасындағы тарихи орындар жайлы В.Бартольд пен В.Каллаур мол мұра қалдырған. Каллаур «Мыңбұлақ» жайлы терең зерттесе, В.Бартольд Теріс өзенінің айналасында үш қала болғанын айтады. Оның бірі Баркуаб болса, қалған екеуі Құлантауындағы «Үлкен» және «Кіші» аталатын қалашықтар. Алайда бұл қалашықтар бүгінгі күнге дейін толық зерттелмеуде.
Ғалымдардың зерттеулеріне қатысты тарихшы, ғалым, археолог Сауран Қалиев те өз ойын қосуда.
– 1895 жылы Ресей патшасының жарлығымен Түркістанда археологиялық әуесқойлар үйірмесі құрылады. Міне, осы үйірмеге В.Бартольд мен В. Каллаур мүше болған. Осы ғалымдар Теріс өзені туралы мол деректер қалдырған. Соның бірі – Терістің көне атауы «Иркут» болғаны. Ал «Иркут» көне түрік сөзі. Мағынасы «кері», «теріс» дегенді білдіреді. Осыған қарап Теріс көнеден келе жатқан өзен екенін аңғаруға болады, – дейді ғалым.
Тағы бір жазбаларда Теріс өзенінің бір мезгілде ағысы қайта оң болып қалатыны айтылады. Алайда бүгінгі дәуірде мұндай құбылыс әлі болған жоқ.
Теріс өзенінің атауына қатысты аңыз да аз емес. Ел аузында жүрген аңызда бір әулие кісінің теріс батасы өзеннің ағысын кері бұрған деседі. Тағы бір аңызда есте жоқ ескі заманда бір абыз өзеннің тұсында арғы бетке өте алмай өткел іздеп, әбден әбігер болған бір топ адамды көріпті. Олардың күйзелісіне шыдай алмай, Тәңірден сол өзеннің ағысын кері болуын сұраған екен. Абыздың тілеуі қабыл болып, арнасынан асып жатқан өзен бірден ағысын өзгертіп, халық иіріліп тұрған тұсы өткел болған көрінеді.
Тағы бір аңызға сүйенсек, жаугершілік заманда дұшпандары жан-жақтан қысқан халық бас сауғалау үшін тауға қарай қашады. Әлі құрыған балалар мен егде жасқа келген қариялар Тәңірден өзен арқылы ілгері көтерілуді тілепті. Көптің тілеуін Жаратқан қабыл қылып, өзен жоғары қарай ағып, халық ағыс арқылы діттеген жеріне жетіп алған екен. Осылайша, олар жау қылышынан аман қалған.
Әрине, бұл – ел аузында жүрген аңыз. Алайда аңыздың да ақиқатпен астасатын тұсы болады. Бір анығы, Терістің атауы да, болмысы да тылсымға толы. Оның не себепті Теріс ағатынын ғалымдар осы күнге дейін таба алмады. Кейбір ойшылдар бұлай теріс ағатын әлемде екі-ақ өзен барын айтады. Осының өзі Теріс өзенінің қасиетін арттыруда. Кім біледі, бәлкім, бір күні Терістің де құпиясы ашылар. Алайда оны қай ұрпақ көретіні бір Аллаға ғана аян.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы