Теріс теріс ағады

Қасиетті Әулиеата өңіріндегі Жуалы ауданы Ер Бәукең есімімен астасып жатыр. Батыр Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған өлке қаһарман ұлдарымен қатар, тылсым табиғатымен де танылған мекен.

Мұнда Қаратау жотасының оңтүстік-шығыс баурайынан бастауын алып, бұрала ағып барып «Теріс-Ащыбұлақ» бөгеніне құятын Теріс өзені бар. Аталған су айдынының ерекшелігі, таудан төмен емес, жоғары қарай ағады.

Жалпы, ертеректе Жуалы ау­­да­­нында мың бұлақ кө­зі болған екен. Осы бұлақтан шық­­қан су Те­­­­ріс өзеніне түсіп, одан ары қа­рай Ақсай мен Көк­сай­ға келіп құйыл­ған. Бұл жайын­да 846 жылы араб жиһангері Хор­да­бек өз жаз­ба­ларында қалдырған. 

«Мың бұлақтан ағып шығып, бір арнада тоғысатын өзен көрдім. Өзен шығысқа қарай ағады. Өзен­нің атауы – Баркуаб. Бұл сөздің ма­ғынасы кері бағытта ағатын өзен дегенді білдіреді. Өзеннің екі жа­ғасы тұтасқан орман-тоғайлар мен қалың құрақ. Осы жерлерде тұр­ғындар қырғауыл аулайды», – дей­ді жазбасында жиһангер. 

Теріс өзенінің негізгі бастауы бо­лып табылатын Шақпақ өзені Өтем жотасына бастау алады. Ер­те­рек­те Өтем жотасы «Ортақтау» деп аталған. 1857-1858 жылдары осы өңірді зерттеген орыс ғалымы Н. Северпов Ортақтау туралы құн­ды жазба қалдырған. 

«Ортақтаудан екі өзен ағып шы­ғады. Бірі батысқа, екіншісі шы­­­­ғыс­қа қарай ағады. Осы шы­ғыс­қа қа­рай ағатын өзеннің ерек­шелігі – жо­ға­рыдан төмен емес, тө­меннен жо­ғары қарай ағады», – дейді ғалым жазбасында. 

Ал зерттеуші В.Каллаур Теріс өзе­­нін ерте заманда «Иркут» деп ата­ғанын айтады. Сондай-ақ Ир­кут өзенінің екі жағалауында да Ұлы Жібек жолының сүрлеуі жат­қа­нын жазады. Көпестердің бірі Күйік асу арқылы жүрсе, енді екін­шілері Ақтөбе, Күркүреусуды жа­ғалай Жолқуат аңғарымен Қы­зыладыр арқылы Таразға жеткен. Ал сол тұста Терістің жағасындағы қа­лың тоғайда мәлім секілді жа­байы мысықтар көп болған дейді сая­хатшылардың деректері. 

51 шақырымға созылатын Те­ріс өзені бұлақ суларымен то­лы­ғып, Алатаудан арқырай ағып келетін Күркіреусуға қосылып, Аса өзеніне айналып отырған. Одан әрі Билікөлді толтырып, Ақкөл асып, Мойынқұмның құмына барып сіңген. 

Ертеректе Теріс өзенінің жаға­лауы­на үлкен қалалар да салынған. Соның бірі – Бар­куаб қаласы. Үш қа­батты үйлері мен кәріз жүйесі жүр­гізілген көне шаһар қазір ақ­бас ғалымдардың өзін таңғалды­руда. Ортағасырдағы тағы бір қа­ла­шық қазір «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының ас­тын­да қалғанын да ғалымдар рас­тап отыр. Бүгінде су қоймасының сыйым­дылығы 158 миллион тек­ше метрге шақталған. Ұзын­дығы 13 шақырымға дейін жетеді.  Сон­дықтан су қой­масының астында қалған көне қа­лаға археологиялық қазба жұ­мыс­тарын жүргізу мүмкін болмай тұр. 

Теріс өзенінің айнала­сын­дағы тарихи орындар жай­лы В.Бар­то­льд пен В.Каллаур мол мұра қал­дырған. Каллаур «Мың­бұлақ» жай­лы терең зерт­тесе, В.Бартольд Те­ріс өзенінің ай­наласында үш қа­­ла болғанын айтады. Оның бірі Бар­­куаб болса, қалған екеуі Құ­лан­­тауындағы «Үл­кен» және «Кі­ші» аталатын қала­шық­тар. Алайда бұл қалашықтар бү­гінгі күнге дейін толық зерт­тел­меу­де.

Ғалымдардың зерттеулеріне қа­тысты тарихшы, ғалым, архео­лог Сауран Қалиев те өз ойын қо­су­да. 

– 1895 жылы Ресей патшасы­ның жарлығымен Түркістанда ар­хеологиялық әуесқойлар үйір­ме­сі құрылады. Міне, осы үйірмеге В.Бартольд мен В. Каллаур мүше болған. Осы ғалымдар Теріс өзені ту­ралы мол деректер қалдырған. Со­ның бірі – Терістің көне атауы «Иркут» болғаны. Ал «Иркут» кө­не түрік сөзі. Мағынасы «кері», «те­ріс» дегенді білдіреді. Осыған қа­рап Теріс көнеден келе жатқан өзен екенін аңғаруға болады, – дей­ді ғалым.

Тағы бір жазбаларда Теріс өзе­нінің бір мезгілде ағысы қайта оң бо­лып қалатыны айтылады. Алай­да бүгінгі дәуірде мұндай құбылыс әлі болған жоқ. 

Теріс өзенінің атауына қа­тыс­ты аңыз да аз емес. Ел ау­зында жүрген аңызда бір әулие кі­­­сінің теріс батасы өзеннің ағы­сын кері бұрған деседі. Тағы бір аңыз­да есте жоқ ескі заманда бір абыз өзеннің тұсында арғы бетке өте алмай өткел іздеп, әбден әбі­гер болған бір топ адамды көріпті. Олар­дың күйзелісіне шыдай ал­май, Тәңірден сол өзеннің ағысын ке­рі болуын сұраған екен. Абыз­дың тілеуі қабыл болып, арна­сы­нан асып жатқан өзен бірден ағы­сын өзгертіп, халық иіріліп тұр­ған тұсы өткел болған көрінеді.

Тағы бір аңызға сүйенсек, жау­гер­шілік заманда дұшпандары жан-жақтан қысқан халық бас сау­ғалау үшін тауға қарай қашады. Әлі құрыған балалар мен егде жас­қа келген қариялар Тәңірден өзен ар­қылы ілгері көтерілуді тілепті. Көп­тің тілеуін Жаратқан қабыл қы­лып, өзен жоғары қарай ағып, ха­­лық ағыс арқылы діттеген же­рі­не жетіп алған екен. Осылайша, олар жау қылышынан аман қал­ған.

Әрине, бұл – ел аузында жүр­­ген аңыз. Алайда аңыз­дың да ақи­қат­пен астасатын тұсы болады. Бір анығы, Терістің атауы да, бол­мы­сы да тылсымға то­лы. Оның не себепті Теріс аға­ты­нын ғалымдар осы күнге дейін таба алмады. Кей­бір ойшылдар бұ­лай теріс ағатын әлем­де екі-ақ өзен барын айтады. Осы­ның өзі Те­ріс өзенінің қасие­тін арттыруда. Кім біледі, бәлкім, бір күні Теріс­тің де құпиясы ашы­лар. Алайда оны қай ұрпақ көре­ті­ні бір Аллаға ғана аян. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы