Ғалымдар «Керқұлан-Кертағы» деп ресми түрде ат берген Пржевальский жылқысының байырғы мекені – Орталық Азия, оның ішінде қазақтың кең сахарасы екені әмбеге аян. Тарихшылардың айтуынша, осы ұлы даланың шөлді, шөлейтті аймағында, Ертіс пен Іле, Есіл мен Тобыл өзендерінің бойын мекен еткен осынау жабайы жылқылар заманында ақ бөкенше жосылып, үйір-үйірімен жортқан деседі. Ең өкініштісі, сол қазақ сахарасынан кертағыны 1930 жылдардан кейін ешкім кездестірмеген екен. Ұлы даладан жануардың жойылып кетуін ғалымдардың бір тобы қазақтың басына төнген ашаршылықтың салдары деп пайымдайды. Ал зерттеушілердің енді бірі сол заманда алқаптарда тараған түрлі вирустық инфекцияның болуынан тұқымы тұздай құрып кеткен дейді. Тіпті, аңшылар бірін де қалдырмай қырып тастаған деген тұжырым да жоқ емес. Бірақ соңғы нұсқа ұлтымыздың ұлық дәстүрі мен танымына сай келмейді. Не дегенмен де қазақ даласына қайта оралып жатқан керқұлан, кертағының ендігі тағдыры өз қолымызда.
Былтырғы 24 сәуірде Астанада өткен Қазақстан – Чехия бизнес форумында еліміздің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Прага хайуанаттар бағы «Жойылып кету қаупі төніп тұрған жануар түрін (Пржевальский жылқысы / Equus Przewalskii) қорғау туралы» меморандумға қол қойды. Аталған меморандум аясында Чех Республикасы мен Германия Федеративті Республикасынан 2024 жылдың маусым айында барлығы 8 жануарды (Чехиядан 4 бас, Германиядан 4 бас), Қазақстанға алып келіп, Қостанай облысының аумағындағы «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерваты» РММ-на реинтродукциялау жоспарланған болатын. Бүгінде сол белгіленген жоспардың алғашқы қадамы сәтті жүзеге асып отыр.
Чехиялық Әуе қарулы күштерінің арнайы ұшағы Арқалық қаласының әуежайына келіп қонғанда шынымен де тебірендік. Алғашқы рейспен барлығы 4 бірдей жылқы келеді деп айтылғанымен, бұл жолы үш жануар борттан түсірілді. Себебі жылқыларды ұшаққа тиеу кезінде біреуі өзін жайсыз сезініп, өзгеше мінез танытқан. Содан соң ұрғашы биенің біреуін қалдырып кетуге тура келген екен.
Қайта оралған қазақтың кертағысын қарсы алуға Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Чехия Республикасының Қазақстандағы елшісі Павол Шепеляк бастаған Чехия Республикасынан келген делегация мүшелері және жергілікті қоғам белсенділері мен ғалымдар келді.
Білуімізше, қазақ даласына қылқұйрықтының бұл түрі бірінші рет жеткізіліп отырған жоқ екен. Бұған дейін «Алтын емел» табиғи қорығына бірнешеуі әкелінген. Бірақ ол жануарлар екі-үш рет құлындағанымен, саны еш өспеген. Себебі олар бір-бірімен туыс болып кеткен. Сол себепті өсіп-өнуі мүмкін болмаған.
Қалай сақталып қалды екен?
6000 шақырымдық жолды артқа тастап, Торғай даласына тұяғы тиген жануарлар Еуропадағы ең ірі хайуанаттар бағынан әкелінді. Әлем ғалымдары қылқұйрықтыны хайуанаттар бағында баптап, жоғалып кетуден аман алып қалған.
Бұл түр 1932 жылы әлемде жойылып кету қаупі төнген жануарлар қатарына енгізілген. Дүниежүзілік генеалогиялық кітапқа тізімі жасалып, құлындарға дейін жіті бақыланып, ерекше жағдайда ғылыми араласулар басталған. Осылайша, Прага хайуанаттар бағында көбейтілген. Әрине, бұған дейін де жылқының осы түрін чехтар өзге де елдерге жіберіп байқаған. Бірақ жерсіну болмаған көрінеді. 2011 жылы Моңғолия мен Чехия бірлесіп бағдарлама жасалып, жануарларды байырғы мекеніне қайта жерсіндіру жобасын бастайды. Жоба сәтті жүргізілгендіктен, ол елдегі жылқы саны қазір мыңның үстінде екен.
15 сағатқа созылған ұшу уақытында жануарлар сағат сайын мал дәрігерінің бақылауында болған. Алғаш рет ресейлік ғалым Николай Пржевальский Азияға жасаған саяхаты барысында 1881 жылы құжат жасап, «қолға үйренбейтін ерекше мінезі бар жылқы тектес жабайы аң не жылқы түрі» деп патшаға есеп береді. Содан бері жануардың бұл түрі ғылыми тілде Пржевальский жылқысы атанып кеткен. Қазір дүниежүзілік популяциясы 2000-нан асады. Оның жартысынан көбі бүгінде Моңғолия мен Қытай еліндегі жабайы табиғатта жайылып жүр.
Еліміздегі Зоология институтының 2023 жылғы 14 қарашадағы №30-П бұйрығына сәйкес Жануарлардың қазақша атаулары және зоологиялық терминологиялар жөніндегі комиссия құрылған. Қазақстан Қызыл кітабындағы жануарлардың тізіміндегі бұл түрге қазақша атау беру туралы түскен ұсынысты қарау үшін 10 мамырда комиссия құрамы қайта жиналады. Құрамына тарихшылар мен этнографтар, өлкетанушылар да тартылады. Комиссия жан-жақты тұжырым жасай келе Пржевальский жылқысының қазақша атауын «Керқұлан» ғана емес, оған «Кертағы» деген синоним қосады. Тарихи деректер мен көптеген әдебиетте солай берілген екен. Енді комисияның шешімімен Қазақстан Қызыл кітабында Лошадь Пржевальского – «Керқұлан, Кертағы» деп аталатын болды. Негізі, бұл қосарлы атаудың ішіндегі кертағы дұрыс екеніне илануға болады. Атауға байланысты ел арасында түрлі даулы әңгіме көп. Керқұлан, тарпаң, құлан, жабайы жылқы деп жатады. Жылқы тарихын зерделеп, этнографиялық материалдарды, көне жазбаларды, аңыз-әңгімелерді, батырлар жырын, архив және ауызша деректерді көз майын тауыса салыстырып «Қазақ жылқысының тарихы» атты кешенді еңбек жазған ғалым Ахмет Уәлиханұлы қылқұйрықтының бұл түрін «тарпаң» не «тағы» деп көрсетеді. Моңғол халқы бұл түрді «Тахийн» дейді екен. Киіз туырлықты моңғолдың «Тахийн» сөзін қазақ тіліне аударсақ, «жабайы», «тағы» дегенді білдіреді. Жазушы, тарихшы Мұхтар Мағауин да осы тағы ұғымын нақтылайды. Демек, «Кертағы» деп атау жаңсақ болмас деген ой түйдік.
Торғай даласы – ең қолайлы аймақ
Кертағыны Прага және Берлин хайуанаттар бағынан Торғай даласындағы «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватына реинтродукциялау (тарихи мекендеу орындарына жіберу) үшін мұндағы мамандар да үлкен дайындық жасаған екен. Жабайы табиғатқа барынша беймделіп кету мақсатында суы мол, шөбі шүйгін аумақ арнайы таңдалып отырған көрінеді.
«Бүгін біз Қазақстан даласының байырғы мекендеушісі – кертағыны еркіндікке жіберіп, табиғатымыздың асылдарын толықтырып, жабайы табиғатты сақтап қалудың жаңа кезеңін бастап отырмыз десем болады. Бұған Чехия Республикасы, Германия Федеративтік Республикасы елшіліктері, Прага мен Берлиннің хайуанаттар бағы және Франкфурт зоология қоғамы ерекше үлес қосты. Сонымен қоса, еліміздің табиғаты үшін мемлекетіміздің де жасап жатқан қамқорлығы зор деп түсінген дұрыс. Біз бұған дейін де бірнеше жабайы жануарды молайттық. Олардың өсіп, еркін жайылуына жағдай туғызғанбыз. Сондықтан тәжірибеміз жеткілікті, ғалымдарымыз дайын. Кертағы да біздің Торғай-Тобыл даласында еркін өсіп, кең тарайды деп сенемін», – деді шара барысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.
Қылқұйрықтың екеуі ұрғашы бие болса, қалған біреуі ZORRO есімді айғыр. Прага хайуанаттар паркі «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының ерекшеліктеріне сәйкеседі екен.
«Кертағы – бұл таза қанды жылқы текті жабайы жануар. Ол кәдімгі өзіміздің жылқылармен будандасып кетуі әбден мүмкін. Сол себепті біз қанды таза сақтау мақсатында Кертағы, Керқұланды арнайы бақылауда ұстаймыз. «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерваты – қол жылқылары жоқ мекен. Екіншіден, бұл алқап қоректік алуантүрлілікке өте бай және суы тұщы әрі мол болып отыр. Шетелдік ғалымдар да осы мәселеге жоғары деңгейде мән берді. Жануарларды бір жыл бойына 51 гектар алқапта бақылауда ұстаймыз. Одан кейін аумақ көлемі де кезең-кезеңімен ұлғайтыла береді. Ол уақытта түрлі маман мен бақылаушының саны артады», – дейді Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының атқарушы директоры Вера Воронова.
Айта кететіні, бұл жоба Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы мен Чехиядағы Прага жануарлар паркі арасында 2017 жылдан бері жүргізіле бастаған. Нәтиже жүзеге асып жатқанына қуанған Вера Воронова Кертағыны далаға жіберген сәтте көзіне жас келгенін жасыра алмады.
«Жақын арада Берлиннен бортында төрт жабайы кертағы бар тағы бір ұшақ Арқалық әуежайына келіп қонады. Осылайша, біз мұндағы жылқылар санын қырыққа жеткіземіз. Әрине, 20 сағат әуеде болу – жануарлар үшін стрестік жағдай. Сондықтан жылқылардың бұл мекенге үйреніп, қалыптасып кетуін Прага зоопаркінің мамандары мен қазақстандық мамандар бірлесе отырып қолға алады. Бұл үй жануары емес, жабайы жылқы болғандықтан, үнемі бақылауда болуы маңызды», – деді Прага зоопаркінің директоры Мирослав Бобек.
Бастысы, заманында жойылып, далада тұяқ ізі қалмаған төл жануардың қайта оралуын жақсылыққа жорыдық. Мыңдаған шақырымды артқа тастап, аспанға жол салып келген Кертағы қазақ даласына еш кедергісіз үйренетініне сенім мол. Бұған ғалымдар да, мамандар да, тіпті Чехия зоопаркінің өкілдері де сеніп отыр. Өсу қарқыны тұрақты болса, даланың кертағысы қазақ сахарасында әлі-ақ жосыла шауып жүретін болады.
Бердібек ҚАБАЙ