Енді бүгінде осы сөздің тонын теріс айналдырып, «Орталық Азияны терроризм елесі кезіп жүр» деуге болады. Оған бір себеп – Ресейдегі «Крокус терактісі». Біздің елде де лаңкестік болуы мүмкін екендігі туралы жиі айтыла бастағаны... Ендеше елімізде терроризм қаупі қандай? Діни ахуал, анау айтқандай, қорқынышты ма?
Қауіпті кезең артта қалды
Әлемде соңғы уақыттары діни ахуал асқынып кеткені рас. Әсіресе, Ислам дініне қатысты жағдайдың күрделеніп бара жатқаны өкінішті-ақ. Тіпті, мұндағы процестер геосаяси фактор ретінде «лагерьлік» сипат ала бастады. Жаһан елдері Палестина мен Израиль мысалында екіге бөлінуде. Мұндай «лагерьлік» көңіл-күй қай қоғамда да тереңдеп барады. Қазақстан да одан шет қалып отырған жоқ. Бұған себеп – тәуелсіздік алғалы діни идеологияның сырттан импортталғаны. Соның әсерімен деструктивті идеологиямен уланған қаншама отандасымыз Сирияға жол тартты, ал елде қалғаны Тараз, Алматы, Атырау, Ақтөбе және тағы да басқа жерлерде ылаң салды. Одан қалды зайырлы, құқықтық, демократиялық құндылықтарды мойындамайтын топ пайда болды. Соңғы уақытта, тіпті олар ұлттық құндылықтарымызды да мансұқтай бастады. Мұның бәрі әрине алаңдатпай қоймайды. Десе де, мамандар қазақ қоғамы деструктивті идеологияның радикалдық шарықтау шегі артта қалғанын айтады.
«Шартты түрде айтқанда «қызыл сызық» деп аталатын қауіпті кезеңнен біз өтіп кеттік. Ол 2011-2017 жылдарға тұс келді. Деструктивті ағымдардың қоғамға қауіп төндіру деңгейі сол уақытта шарықтау шегіне жетіп, ашық көрінді. Бұл тәуелсіздік алғаннан бері батпандап кіріп жатқан кесел еді ғой, міне сол мысқалдап шығып жатыр. Қазір біраз басылды. Десе де, басқаша формамен көрініс беру ықтималдығы, әрине әлі де бар. Ол әлемде жүргізіліп отырған «қара» саясаттың, яки бейресми саясаттың ықпалына байланысты. Яки, кез келген сәтте қайта бой көтеруі мүмкін. Бірақ толқын сипатты параметрмен қарар болсақ, алғашқы толқынынан біз өтіп кеттік», – дейді дін саласындағы ғылыми-практикалық зерттеулермен айналысатын «Сапсан» стратегиялық орталығының директоры Жандәулет Сүлейменов.
Оның айтуынша, теріс діни идеология біздің қоғам өкілдері арасына кең тарап кеткен. Оған тосқауыл бола алмадық. Соның алғашқы ықпалымен жасалатын терактілер жасалды, сотталатындары сотталды, өлетіндері өлді, қалғандары тынышталды. Бұл енді әзірге осылай боп қала бермек. Егер дәл қазіргідей алгоритм, осы жүйе, осы қарқынмен жүрсек, бұл мәселе ешқашан шешілмейді. Бірақ әліміз келгенше ішінара шешімін іздеп, осылайша күресе беретін боламыз.
«Қауіптілігі туралы айтар болсақ, бүгін-ертең төніп тұрған қатер жоқ. Байбалам салатындай жағдайда емеспіз. Десе де, теріс идеология кез келген сәтте қауіпті екенін ұмытпағанымыз абзал. Ешкім мұндағы қауіпсіздікке кепілдік бере алмайды. Осы ретте айта кетер бір жайт – олар қазір жаңа сипатта көрініс бере бастады. Мәселен, біздің қызметтік тілде «бөлмеге қамалған мұсылман» («комнатный мусулманин») деген ұғым бар. Яки, бұл идеологияға бой алдырғандар өзінің бөлмесінен шықпайды, ешкіммен араласпайды, ымыраға келмейді, үйде отырып интернет арқылы радикалдана береді. Әсіресе, ол жасөспірімдік кезеңдердегі балаларға тән. Одан ересек жастар арасында да аз емес. Соңғы екі-үш жылда қазақстандықтар интернетті өте көп пайдаланады. Әсіресе, TikTok және YouTube желісін пайдалануда әлем елдерінің алдында тұрмыз. Міне, осы жерде кім не болса соны салып, қалаған нәрсесін алып, интернет қадағалаусыз қалып тұр. Сондықтан да ақылға қонатындай деңгейде бір шектеу керек деп ойлаймын», – дейді ол.
Бұл тұста әлемді дүр сілкіндірген соңғы террорлық акт – Ресейдегі «Крокус Сити Холлды» айтпай кетуге болмас. Өйткені оны діни емес, саяси акт деп санайтындар бар. Мойына алған ДАИШ, орындаған тәжік елінің азаматтары болса да, бұл қаніпезерлікті Батыс елдері ұйымдастырды деген нұсқа айтылып жүр. Теракт жасағандарда діни фанатизм немесе Ресей саясатымен идеологиялық келіспеушіліктер болмаған. Оның үстіне, қанішерлер өз қызметі үшін ақша алған. Ал діни фанаттар ешқашан да ақшаны идеядан биік қоймайды. Осы ретте Орталық Азиядағы терроризм қатері аймақтың табиғи ресурстарға бай екендігімен тікелей байланысты екенін де жоққа шығаруға болмайды.
«Жаһандық саясатта орталық рөлге ие алпауыттардың Орталық Азия елдеріне ерекше көңіл бөліп отырғаны аян. Мұнысын АҚШ, Қытай, Ресей және Батыс Еуропа елдері басшыларының 5+1 форматындағы кездесулерінен көруге болады. Міне, осы кездесулермен тұспа-тұс ұйымдастырылған Красногорск терактісінің мақсаттарының бірі – ақпараттық кеңістікте де, аймақ елдері мен Ресей арасында да өшпенділік пен ксенофобия атмосферасын қалыптастыру. Радикалды пиғылдағы топтардың жоспары жаңа мемлекет құру болса, олардың көз алартып отырған территорияларға біздің де еліміз кіреді. Сондықтан да бізге жабайы діндарлық пен қанды зорлық-зомбылық орбитасында қалу қаупі бар. Қанша жерден «терроризмнің ықпалынан тыс» елдер арасындағы жаһандық индексте тұрсақ та босаңсуға болмайды», – дейді қоғам белсендісі Асқар Омар.
Оның айтуынша, бізге бір нәрсені дұрыс түсіну қажет: «Исламдық терроризм» деген кең мағынадағы ұғым жоқ. Онда насихатталатын зорлық-зомбылық ізгілік пен толеранттылықты жақтайтын дінді шынайы ұстанушылар үшін жат. Ал саяси террор өз құрбандығын дініне қарап таңдамайды, сол себепті кез келгеніміз оның құрбанына айналып кетуіміз бек мүмкін.
Ұлттық қауіпсіздік ұлттық иммунитетпен тікелей байланысты
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, елімізде радикализациялану үдерісіне 80 мыңнан астам азамат жұтылып барады екен. Оның 6 мыңы – 18 жасқа дейінгі жастар. Елімізде экстремизм мен терроризм үшін сотталған 700-ден астам адам бар болса, оның ішінде 122-сі былтыр сотталғандар. Олардың арасында он әйел мен үш кәмелетке толмаған жасөспірім бар. Соңғы уақыттары елімізде дін жолында жүрген отандастарымыздың арасында радикалды сестің күшейіп бара жатқаны, әрине алаңдатарлық-ақ. Бұл бір жағы жастар арасындағы құқықтық сананың төмендігін білдірсе керек дейді мамандар. Ендеше мұндайда неліктен мемлекет тарапынан жаппай тыйым салу шарасы қабылданбайды деген заңды сауал туатыны анық.
«Тыйым салумен ештеңе де шешілмейді. Сондай-ақ күш қолдану арқылы да бұл мәселені шешу мүмкін емес. Бұл тұстағы ең басты тактика саналы түрде «жақсы» мен «жаманды» түсіндіру болуға тиіс. Сонда ғана біз белгілі бір жетістікке жете аламыз. Өйткені бұл бір ғана адам немесе жекелеген топтар айналысатын дүние емес, бүкіл қоғам болып айналысатын күрделі мәселе. Экстремизмге қарсы тұратын бірден-бір күш – руханият саласы. Өскелең жас ұрпаққа рухани тәрбие беріп, діни сауатын ашып, дәстүрлі дінімізбен сусындатып, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңдіргенде ғана діни экстремизмнің де, терроризмнің де тамырына түбегейлі балта шабамыз. Бір сөзбен айтқанда ұлттық қауіпсіздікті біз ұлттық иммунитетімізді нығайту арқылы ғана нығайта аламыз», – дейді «Дін мәселелері жөніндегі орталық» ЖШС теологы Бауыржан Әбдірахманұлы.
Оның айтуынша, терроризмді болдырмаудың ең оңтайлы бір жолы – Орталық Азия мемлекеттерінің діни бірлестіктері бірлесіп, қоғамға шынайы діннің шапағаты мен теріс пиғылды діни ағымдардың кесапатын түсіндіріп, аражігін ашып беру. Әр азаматтың діни сауаттылығын көтеру қажет. Сонымен бірге халқымыздың дінмен ұштасқан салт-дәстүрін ұстану аса маңызды. Өйткені бұл мәселені құр бір елдің ғана ішкі проблемасы деп қарастыру дұрыс емес. Діни экстремизм мен терроризмнің халықаралық сипат алғаны сияқты онымен күрес те кең ауқымда жүруі керек. Ол үшін көршілес мемлекеттердің діни көзқарасты ортақ ұстанымға келгені маңызды.
«Терроризм қаупіне салғырт қарауға, оны елемеуге болмайды. Өйткені дәл қазір әлемде де, жекелеген мемлекеттерде де жағдай ушығып тұр. Бірақ терроризмді асыра бағалаудың да қажеті жоқ. Қоғамда дүрбелең салып, үрей мен қорқыныш ұялатып, қоғамдық резонанс әсерін күшейту арқылы террористерге қолдау көрсетуге болмайды. Себебі кез келген теракт, ең алдымен кең ақпараттық әсерге есептелген. Осындай теңгерімді ұстап тұру қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бірақ ең бастысы, терроризм, экстремизм сияқты қауіп-қатерге төтеп беріп, тиімді қарсы тұрудың негізгі шарты – қоғам мен биліктің өзара келісімі, ұлттық бірлік», – дейді теолог Қайрат Салықбаев.
Расында да, геосаяси конъюктурада діни экстремизм қоғамды тұрақсыздандыруға бағытталатын, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін құралға айналып отыр. Оның экстремизмнің басқа түрлерінен айырмашылығы – мемлекеттік құрылымдарды күшпен өзгертуге және билікті басып алуға, мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзуға қарсы пайдаланылатыны. Деструктивті топтардың табиғаты толеранттылық пен бейбітшіліктің нұрын шашатын, адамның қадір-қасиеті мен әл-ауқатын жоғары бағалайтын, ежелгі қазақ топырағында тарихи тамырын тереңге жіберген дәстүрлі исламға өте қайшы. Ендеше елімізде бұл зұлымдыққа қарсы тұру үшін бұрынғыдан да көп күш-жігер қажет. Бұл жұмыстарды ешбір жағдайда да әлсіретуге болмайды. Кешіктірілген әрбір күн жағдайды қиындата түспек.
Нұрлан ҚОСАЙ