Атырау облысында табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланғалы бері екі ай уақыт өтті. Екі ай Атырау үшін күрделі сынақ әрі халық бірлігі көрінген уақыт болды дей аламыз. Табиғи апатпен күреске бір кісідей жұмыла кіріскен атыраулықтар қазіргі уақытта тасқынның салдарын жоюға бірігуде.
Тасқынмен күрескен Атырау: екі айдың сабағы
662
оқылды

Небары екі айдың ішінде облыста 563,1 шақырым қорғаныс бөгеттері салынды. Оның ішінде Атырау қаласында 250,7 шақырым болатын бөгет бой көтерді. Осы уақыт ішінде 5 272,5 мың қап және 439,3 мың тонна инертті материал төселіп, 7 канал тазартылды. Теңізге қосылатын жаңа Соколок каналы қазылды. 

Индер ауданы ауылдарды қорғап қалды

Тасқын уақытында Атырау облысында Жайық өзені 11 метрге дейін көтерілді. Өзеннің арнасынан осынша метрге дейін көтеріліп, Индер ауданында тасыды. Атап өтерлігі, тасқын судан бірде-бір тұрғын үй зардап шеккен жоқ. Қауіпті аймақтарда орналасқан Жарсуат, Құрылыс, Елтай ауылдары бір ай бойы жағалауды күзетіп, тасқынға төтеп бере алды. Дегенмен шаруашылық нысандары зардеп шекті. 

Индер аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мамбетқали Құсайыновтан білгеніміздей, Индер ауданында көктемгі су тасқыны салдарынан 17 гектар екпе шөп, 2 гектар жеміс ағашы, 6 мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтың қыстақ және қоражайлары зардап шекті. 

«Қазір аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары аталған шаруаларға келтірілген залалды айқындау жұмыстарын бастап кетті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бекіткен қағидалары бойынша арнайы комиссия құрылып, акт жасалып, есебі жүргізіледі. Шаруа қожалық өкілдерінен өтінімдер қабылданып жатыр. Комиссия қорытындысымен нақты шешім қабылданады. Бұл жұмыстардың барлығы бір ай ішінде аяқталатын болады», – деді Индер аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мамбетқали Құсайынов.

Махамбетте шаруа қожалықтары зардап шекті

Махамбет ауданы үшін тасқынмен күрес көп қиындық әкелді. Төменде орналасқан ауданда арнасынан асқан өзен каналдарды толтырып тастады. Стратегиялық маңызы бар тасжолдарды су шайып, 66 егін алқабы тасқын су астында қалды.

Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша, тасқын судың салдарынан мал өсіретін 27 шаруа қожалығы зардап шеккен. Оның ішінде 1 өндірістік жылыжай құрылысы, 1 жылыжай, 1 ешкі сүтін өндіретін зауыт, 1 балық өсіру зауытының құрылысы және 4 демалыс орны бар.

«Зардап шеккен шаруашылық иелерінің шығыны толықтай өтеледі. Тасқын судың ағыны саябырлаған соң арнайы комиссия құрылады. Комиссия мүшелері су астында қалған егін алқаптарына акт жасап, есебін жүргізеді», – деді Қайрат Нұрлыбаев.

Оның дерегіне сүйенсек, мал шығыны болмаған. Өйткені су басуы мүмкін аумақтардағы қожалықтардың малы алдын ала бекітілген қауіпсіз жерге көшірілген. 

Қазір зардап шегу қаупі бар аумақта егін шаруашылығымен айналысатын – 7, мал шаруашылығы бағытындағы 19 шаруа қожалығы қалып отыр. 

Сондай-ақ Махамбет ауданы бойынша Жалғансай, Сарайшық, Талдыкөл, Сарытоғай, Махамбет ауылдары үлкен сынақты бастан өткеріп жатыр. Махамбет ауданына қарасты елді мекендерге қауіп төнуіне байланысты республикалық «Атырау – Орал» тасжолының Сарайшықтан кейінгі 44 шақырымы жырылды. Қазір Оралға жол жүретін автокөліктер Исатай ауданына қарасты Х.Ерғалиев ауылы арқылы Махамбет ауданына шығып, әрі қарай «Атырау – Орал» тасжолымен қатынап жатыр. 

Тасқын қаупіне байланысты 25 мамыр күні Махамбет ауданының Талдыкөл ауылының тұрғындары толық эвакуацияланды. Су басу қаупінің күшеюіне байланысты тұрғындар Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің І жатақхана базасындағы эвакопунктке орналасқан болатын. Тасқын қаупі сейілген соң Талдыкөлден эвакуацияланған тұрғындар 7 маусым күні ауылға қайтты. Талдыкөлге кірме автожолдың су шайған бір шақырым бөлігі уақытша қалпына келтіріліп, жол қатынасы ашылды. Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Арман Әділғалиевтің айтуынша, Талдыкөл ауылында ахуал тұрақтанғанымен, қауіп сейілген жоқ.

«Су деңгейі түсіп келеді. Дегенмен ауылға кірме жолдың екі жағында үлкен су әлі тұр. Сондықтан балаларды суға, бөгет бойына жібермей, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамын», – деді Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Арман Әділғалиев.

Құлсары сабағы

Тасқыннан айтарлықтай зардап тартқан аумақ Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласы болды. 5-6 сәуірге қараған түні Жем өзені толып, Құлсарыда 2 972 үй су астында қалды. Құлсарыдан бір күнде 33 мыңнан астам адам эвакуацияланды. 

Сәуір айының ортасында ТЖМ, Қорғаныс министрлігі және жергілікті атқарушы органдардың күштерімен су басқан қаланы құрғату жұмыстары басталды. Гуманитарлық пунктке 1,5 мың тоннадан астам гуманитарлық көмек келді. Оның басым бөлігі Құлсарыға бағытталды. Екі ай ішінде Құлсарыдан 7,5 млн текше метр су сорылып, 20 мың текше метр қоқыс шығарылды. Қазіргі уақытта Құлсарыда тасқыннан зардап шеккен үй иелеріне өтемақы төлеу жұмыстары жалғасуда. 10 маусым күнгі мәлімет бойынша, 2 000-нан астам құлсарылық өтемақы алу туралы келісім жасасты.

Сонымен бірге бүгінде Құлсарыда бой көтеріп жатқан жаңа «Болашақ» ықшамауданында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. Қазір Жылыой ауданының орталығы –  Құлсары қаласында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін 100 үй салынып жатыр. 7 маусым күнгі мәліметке сәйкес, 50-ге жуық үйдің іргетасы құйылып, тас қалау жұмыстары қарқынды жүруде.

Жаңа «Болашақ» ықшамауданында 80 үй «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражаты есебінен, 20-сы жергілікті бюджет есебінен салынуда. Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановтың айтуынша, әр тұрғын үйдің жалпы көлемі 100 шаршы метрді құрайды. Жоба бойынша баспана 5 бөлмеден тұрады. Құрылыс жұмысына 100 құрылысшы маман, 50 техника тартылған. Жоспарға сәйкес, бұл ауданда 2000 орындық Binom мектебі, балабақша, саябақ салынады.

Айтбай Шайпахов – тасқыннан зардап шеккен құлсарылықтың бірі. Ақсақалдың 2018 жылы салынған үйі белуарына дейін суға кеткен. Бүгінде бөлінген қаражаттың есебінен үйінің ішкі бөлігінің толықтай жөндеу жұмыстары аяқталған. Енді сыртқы бөлігіне жөндеу жұмыстарын жасағалы жатыр. Сондай-ақ 5 сәуірде су тасқыны салдарынан үйі құлаған 4-учаске, Бекбике көшесінің тұрғыны Нәсіпбай Сағынбаевтың бала-шағасымен ауладағы ағаш үйде тұрып жатқанына екі айға жуықтады. Қазіргі уақытта үйді қарайтын техникалық бақылаушылар мен бағалаушылар жағдайды зерделеп, қорытындысын шығарған. 

– Ескі үйде 1989 жылдан бері тұрып келдік. Соңғы 5-6 жылдан бері тырнақтап жинаған қаражатыма үйімнің қасынан жаңа үйдің тасын көтеріп қойғанмын. Түскен қаражатты сол үйдің құрылысына жұмсап жатырмын. Жұмысшылар да келді. Үйдің шатырын жауып бастап кетті. «Қыстың қамын жазда ойла» дегендей, осы бастан қамданып жатырмыз. Құлаған үйімнің жерін де өзіме қалдырып жатырмын, алдағы уақытта балалар өсіп келе жатыр. Өздерінің қажеттеріне асырар, – дейді бес баланың әкесі.

Жылыой аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлжансара Таңатарованың хабарлауынша, Құлсары қаласында тасқын кезінде білім саласына қарасты 13 ғимарат бүлінген.

«Ғимараттардың барлығы судан құрғатылғаннан кейін арнайы мамандар техникалық зерделеу жұмыстарын жүргізді. Техникалық зерделеу нәтижелеріне сәйкес, «Айгөлек», «Өркен» балабақшалары және №8, 20 мектепке ағымдағы жөндеу жасалады. №1 саз мектебінің екінші ғимараты ағымдағы жөндеуден өтеді. Бір балабақша апатты жағдайда деп танылды. №19 мектепке күрделі жөндеу жасалады. Зерделеу жұмыстарында берілген қорытындылардың барлығы облыстық Білім басқармасына жолданады. Әрі қарай, басқа да білім нысандарына қатысты қалпына келтіру жұмыстары техникалық зерделеу қорытындыларының нәтижесіне қарай жалғасады», – деді Г.Таңатарова.

Жайық тасудың шегінен өтті

Қазіргі уақытта Индер және Махамбет аудандарында, сондай-ақ Атырау қаласында Жайық өзеніндегі су деңгейі төмендеген. Атырау облысы ТЖД басшысының орынбасары Руслан Шариевтің айтуынша, облыс су тасқынының шарықтау шегінен өтті.

– Су деңгейін қазір Индер, Махамбет аудандарында және Атырау қаласында күнделікті бақылап отырмыз. Сонымен қатар Жайықтан тасыған су жыраларға жайылып, көп аумақты су басуына байланысты, шаруа қожалықтарына қауіп төнді. Шаруа қожалықтарының иелерінен авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу мәселелері бойынша «жедел желіге» келіп түскен барлық қоңырау жедел өңделуде,  – деді Руслан Шариев.

Дегенмен Атырау қаласы бойынша Ақжар, Ақсай, Алмалы, Бесікті ауылдарында қауіп сейіле қойған жоқ. Себебі үлкен су әлсін-әлсін бөгеттерді «жеп» жатыр. Сол себепті бөгет бойында кезекшілер күні-түні нығайту жұмыстарына тартылып отыр. 

Айта кету керек, қазіргі уақытта Қызылқоға ауданында тасқыннан зардап шеккен 24 үйге техникалық бағалау жүрді. Қызылқоға ауданында тасқыннан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұхановтың хабарлауынша, 6 маусым күнгі жағдай бойынша, 24 жеке тұрғын үйге бағалау және техникалық зерделеу жұмыстары жүргізілді.

«Техникалық зерделеу және бағалау нәтижесіне сәйкес, 18 тұрғын үй апатты деп танылды. 18 тұрғынның 14-і шығын көлемін қаржылай алуға келісім берді. Қалған 4 тұрғын жаңадан үй салып беруге келісімдерін берді. Тағы 6 үй жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Тасқын кезінде үйі бүлінген тұрғындармен арада шығын көлемін қаржылай өтеу бойынша келісім жасалды», – деді спикер.

Атырау облысында қазіргі уақытта төтенше жағдай режимі алынған жоқ. Облыстағы төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың мәліметінше, тасқынмен күреске облыс бойынша екі ай ішінде 17 549 адам және 1 800 бірлік техника жұмылдырылды. Оның ішінде Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық Ұлан гвардиясы, ҰҚК Шекара қызметі, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен еріктілер бар. Атырауда тасқынмен күрес әлі де толассыз жүріп жатыр. Бірлігі жарасқан атыраулықтардың бұл қиындықты еңсеретініне сенім мол. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы