Туризм тоқырамасын десек...

Қазақстанда туристік маусым басталды. Биылғы маусым күрделі болғалы тұр. Тасқын барысында біраз туристік базаны су басып қалды.

Оларға апаратын жолдарды су шайды. Өзен-көлдер ернеуінен шыға тасып, көптеген абаттандырылған жағажай жарамсыз жағдайға жеткен. Дегенмен мемлекеттің қолдауымен қалпына келтіру жұмыстары қызу жүргізілген туристік нысандардың алғашқы келушілерін қабылдауға қауқары жетті.

Туристерден миллиардтап табыс тапты

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жылы Қазақстанға шетелден жалпы саны 9 мил­лион 204,2 мың қонақ келген. Қонақ дейті­ні­міз, соның ішінде 1 миллион 84,8 мыңы ғана қо­­нақүйлерге, туристік базаларға, курорттар мен са­наторийлерге тоқтапты. 

Қалғаны өз бетінше үй жалдаған немесе рес­публикадағы туыс-туған, таныстарында қонған. Сон­дықтан бұл санның ішінде еңбек мигранттары да, бұрынғы Отанына қыдырыстаған экс-қазақ­стан­дықтар да, сондай-ақ негізінен Орталық Азия елдерінен Қазақстандағы туысқандарына қатынап тұратын қандастар да жетерлік. Оларды турист қата­рына жатқызу-жатқызбау – түрлі пікірталас туғы­зып жүр. 

Қалай болғанда да, елімізге келген шетелдік қонақтар саны бір жылда екі еседен астам өсті: 2022 жылы 4 млн 728,8 мың жатжұрттық азамат елге келген-тін. Биыл да жоғарғы өсім қарқыны сақ­талуы мүмкін.

Тағы бір дерек назар аудартады. 2023 жы­лы елімізде қонақүй, турбаза, сана­торий, пансионат, хостел, кемпинг, мотель (иә, елімізде былтыр батыстағыдай 21 мо­тель және 8 трейлер-парк болған) сияқты орналастыру орындарының саны 3 992 ны­санды құрады. Соның ішінде 2 318-і – қа­лада, қалған 1 674-і – ауылдық жерлерде орналасқан. Яғни, туризмді дамытуда ауылдар қалаларға жол беріп келеді. 

Отандық туристерді орналастыру орындарында жалпы саны 28 241 адам ғана жұмыс істейді. Ендеше адамдарды жұмыс­пен қамту әлеуеті әлі де болса, толыққанды қажетке жаратылмай тұр.

Бұл – былтырғы жылдың қорытындысы бойынша есеп. Ұлттық статбюро 2024 жыл­дың бірінші тоқсанын қоры­­тын­­дылаған «Туризм статистикасын» жария­­­лады. Оған сәйкес, биылғы қаңтар-наурызда турист қабылдауға мүмкіндігі бар орналастыру орындарының саны 4 004 нысанға жеткені анықталды. Соның ішінде 2 370-і – қалада, 1 634-і – ауылда жұмыс істейді. Олардың бәрінде биыл 29 102 адам еңбек етіп жатыр.

Бұлардың 93-і ғана – мемлекеттік, қалған 3 866-сы – жекеменшік. Соның 80-і – шетелдіктердің меншігіндегі немесе шетелдік капитал қатысуымен қызмет ететін нысандар. 

Ұлттық статбюро биылғы үш айда жал­пы саны 1 715 658 қазақстандық пен шетел­­­дік орналастыру орындарына қонақ болып түскенін тіркеді. Оларға қызмет көрсетуден 50 миллиард 687 миллион теңгеден астам табыс тапқан екен. Егер былтырғы бір жыл бойы, 2023 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында орна­лас­тыру орындарының табысы 229 миллиард 248,6 миллион теңгені құрағанын және туристік маусым енді ғана басталғанын ескерсек, бұл жап-жақсы көрсеткіш са­налады.

Мұның сыртында экономиканың өзге салаларына туризмнің мультипликативті әсері мықты: шетелдік әр турист түрлі кө­ліктің қызметін пайдаланады, дәмхана-мейрамханада түстенеді, көңіл көтеру орын­дарына барады, сауда орындарында, дүкендерде сауда жасап, саналуан кәдесый алуы мүмкін. 

Қазақстанда туристерге арналған орын­­­­­дарда 1 тәулік қону ақысы биыл 12 мың теңге және одан жоғары болды. Турфирма өкілдерінің айтуынша, бұл жөнінен Қазақ­­­стан отандық және шетелдік саяхат­­шы­­­лардың көптеген санаты үшін қымбат, әрі қолжетімсіз. Мысалы, Вьетнам­­­ның таны­­­мал курорт қалаларында, теңіз жағалауына жақын төрт жұлдызды қонақүйлердің өзінде бір тәулікке 10 дол­ларға (4 500 теңгеге) бөл­ме алуға болады. ТМД бойынша бәсе­­­ке­лестеріміз Өзбек­­станда, Беларусьте біз­­де­гіден бір­не­ше есе арзан. 

Көлігі де жүрдек, пойызы да жайлы...

Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Мәжіліс депутаттарына берген мәліметінде ел Үкіметінің туризм саласына баса мән беріп отырғанын нақты деректермен дәлелдеді. Қазір туристік ны­сандарды салуға рекордтық қаржы бағыт­талыпты. 

– Туризм инфрақұрылымын дамыту және сервис сапасын арттыру үшін ин­фра­­құрылым жобаларын іске асыру бо­йынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, 2023 жылы салада жалпы сомасы 131,2 мил­­­лиард теңгеге 33 инфрақұрылым жобасы іске асырылды. Негізгі жобалар қа­тарында Имантау-Шалқар курорттық аймағында жалпы сомасы 1,4 млрд теңгеге автожолдар салынып, реконструк­­­циялан­ғанын атауға болады. Алакөл жағалауын нығайтуға – 25 млрд теңге, Балқаш қала­сындағы Бертіс шығанағының жағалауын абаттандыруға – 2,6 млрд теңге, Жасыбай көліне кіреберісті орташа жөндеуге 400 млн теңге жұмсал­ды, – деді Тамара Босым­­­­­­­­­бекқызы. 

Бірақ бұл тек басы ғана: қазір салада ел қаржысына 369,8 миллиард теңге тұратын 61 жоба іске асырылып жатыр. Сондай-ақ был­тыр жыл соңында, 19 желтоқсанда 20 өңір­дің бәрінде туристік инфра­құры­лымды дамытуға бағытталған «TOP-20 дестина­­­­ция­­­­ның Жол карталары» бекітіліп, биыл­дан бастап қолға алынды.

Бұдан басқа инфрақұрылымды жайлас­­тыру мәселелерін жедел шешу үшін өзек­тілендірілген «Қазақстанның TOP-20 туристік орны» айқындалды. Олардың әрқайсысына арнап, егжей-тегжейлі бас жоспар әзірлену үстінде. 

Әлгінде Батыста танымал мотельдер (мотор-отель) мен трейлер-парктер мәсе­лесіне бекер тоқталған жоқпыз. Бұл – әлем­ді өз бетінше кезетін саяхатшыларды тарту үшін де маңызды. Осы орайда авто­­­жолдарды пайдаланушыларға жайлы­лықты қамтамасыз ету үшін жол бойындағы сервис объектілерін (ЖСО) дамыту жұмыс­тары жалғасты. 2023 жыл қорытындысында республикалық трассалар бойында жеке инвесторлар есебінен 37 бірлік ЖСО салынды. Оның ішінде дүкені бар жанар-жағармай құю стансаларының саны – 18, кафе, кемпинг, мотель – 19 бірлік. Бұған қоса, жол бойында жаңадан 24 санитарлық-гигиеналық торап (дәретхана) орнатылды.

Т.Дүйсенованың айтуынша, жүргізілген осы жұмыстардың нәтижесінде Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келетін жол бойындағы сервис объектілерінің үлесі 74%-дан 82%-ға дейін жеткізілді. Бұл нені білдіреді? Бүгінде Қазақстанда жол бойындағы сервистің 1 523 объектісі жұ­мыс істейді: оның 82%-ы немесе 1 250-і Ұлт­­­­­тық стандарт талаптарына сәйкес келеді. 

2024 жылдың соңына дейін тағы 77 сервис объектісін іске қосу жоспар­лан­ған. Оның ішінде ЖҚС – 22 бірлік, тамақ­тану пункттері, мотельдер – 14 бірлік. Сондай-ақ қайта құру және жөндеу ая­сында 41 санитарлық-гигиеналық торап орнатылады. Сөйтіп, Үкімет жол бойын­дағы Ұлттық стандартқа сәйкес келетін сервис объектілерінің үлесін 90%-ға дейін жеткізбек.

Десек те, жұрттың бәрі туристік ны­сандарға жеке көлігімен қатынай бермейді. Пойызбен сапарлайтындар қатары да қа­лың. Оларға жағдай жасау үшін вице-премьер­дің дерегінше, Алакөл көлі бағы­тында №337/338 «Алматы – Достық» және №6941/6942 «Ақтоғай – Достық» екі по­йызының, сондай-ақ «Астана – Достық» (№121/122 «Астана – Семей» пойызының құрамында) және «Қызылорда – Достық» (№21/22 «Қызылорда – Семей» пойыздың құрамында) бағытында қатынайтын вагон­дардың қозғалысы жолға қойылыпты. 

Жазғы маусым бойы жолаушылар тасымалына қажеттілікті өтеу үшін Алакөл бағытында (Достық стансасы) биыл қо­сымша 3 «Тальго» пойызын, стандартты құрамдағы 4 пойызды және тоқтаусыз вагондарды іске қосу жоспарланған. Жо­лау­­­шылардың жайлылығы үшін барлық вагон кондиционер жүйесімен қамтамасыз етілген екен. Тамара Дүйсенованың сенді­руін­ше, аталған маршруттар еліміздің бар­лық негізгі өңірін Алакөл жағалауымен тікелей байланыстырады. 

Саланың дамуына не кедергі?

Қалауын тапса, туризм аста-төк табыс әкелетін сала. Бүгінде әлемдік экономи­­­кадағы туризмнің үлесі 9,2%-ға жетті. Жа­һандық экономиканың оннан бір бө­­­лігіне жуығын жалғыз сала иемденді. Оның дү­­ние­­­жүзі бойынша табысы 9,5 триллион долларға жетті. Ал Қазақстанның туризм саласы экономиканың тек 3,9%-ын ғана құрап отыр.

Оған серпін беру үшін туризм алда жаңа қаржы көзіне қол жеткізуі мүмкін. Мәжіліс депутаттары азулы букмекерлік кеңселер­дің жарнасын, сондай-ақ «Сәтті жұлдыз» АҚ лотерея сату қызметінен түсетін табы­сының бір бөлігін енді спортты емес, ту­ризм­ді өркендетуге жұмсау туралы бас­тамамен Үкіметке шықты. 

«Қазақстанда 2021 жылдан бері «Туризм мен спортты қолдау бюджеттен тыс қоры» жұмыс істеп келеді. Оның мүлікті пайда­лану туралы есептеріне сәйкес, 2021-2022 жылдары қордан 51 млрд теңге тек спорт саласына бөлінген. Туризмді дамытуға мүлдем қаражат бөлінген жоқ. Спорт сала­сында олимпиадалық ірі жеңістер болмай тұр. Осыған байланысты, аталған қордан бөліп шығару арқылы «Туристік саланы дамыту қорын» құру қажет», – делінген депутаттардың ұсынысында. 

Үкімет бұл идеяны қолдады. Алайда оны жүзеге асыру үшін күзде каникулдан қайтып, жаңа сессиясына кіріскенде, Пар­ламент депутаттары қолданыстағы заңна­маға түзету енгізулері керек.

– «Туризмді және спортты қолдау қо­ры» корпоративтік қоры бар. Одан ту­ризм сала­­сындағы жобалар мен іс-шараларды іске асыруға қаражат бөлу үшін заңнама өзге­­­р­тілуге тиіс. Атап айтқанда, бұл қорға ойын бизнесі және лотерея қызметі қара­жаты есе­бі­­нен туризм жобаларын қаржы­ландыру бойынша тиісті өкілеттіктер беру қажет. Осыған байланысты Туризм және спорт ми­нистрлігі қажетті түзетулерді әзір­леді. Құжат туристік саланы қолдау мәселе­лері жөніндегі заң жобасын талқылайтын жұ­мыс топтары аясында қарастыруы үшін Мәжіліс депу­таттарына берілді, – деді Үкі­мет бас­шы­­­сы­ның орынбасары Тамара Дүйсенова. 

Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Қазақ­станда туризм саласының дамуына кедергі жасап отырған түйткілді мәселе жетерлік екенін айтады. 

«Біріншіден, елде туристік инфра­­­құ­рылым нашарлау. Туристік аумақтар тамақ­тану, тіпті гигиеналық орындармен тиісті деңгейде қамтылмаған. Бұдан бөлек, ло­гистика мәселесі шешімін таппады. Мыса­лы, туристердің көптеп баратын жеріне айналған Алакөлге апаратын пойыздың жағдайы былтыр жан түршіктірді. Сондай-ақ шалғай туристік мекендерде сапалы бай­­ланыс жоқ, ал қазіргі заманда адамдар байланыстан тыс қалудан қорқады», – деді депутат.

Оның пікірінше, дамыған елдердегі сияқты ірі автомагистральдардың әр 100 шақырымында толығымен жабдық­талған мотель қонақүйлер ашу қажет. Айта кету керек, биыл елдегі мотельдер саны 23-ке жетті. 

Жалпы, қандай да бір ел жыл сайын «саяхатшыларға құшағы ашық және асыға күтетінін» шетелдік туристердің есіне салып тұрмаса, олар оны ұмытып кетуі мүмкін. Бұл ретте Қазақстан халықаралық жарнама мен пиарда туризм саласының алпауыттары түгіл, көрші Өзбекстанға ұтылып келеді. 

Туризм және спорт министрлігі Қазақ­станды шетелдік аудитория арасында ілге­рілетуді күшейтуге бағытталған бюджеттік өтінімдеріне қолдау таба алмағанын алға тартады. Әйтпесе BBC, CNN және басқа алаңдарда жарнама орналастыруға ниет­теніпті. Сондықтан биыл ілгерілету жұ­мыстары «мақсатты нарықтарға нүктелі, шек­теулі бағдарланады» және негізінен ғаламторда, әлеуметтік желілерде жүр­гізілмек. 

Салыстыру үшін айтсақ, 2023 жылы Қазақстанның ілгерілету бюджеті 3 млн долларды (1,3 млрд теңгені) құрады. Өз­бек­стан болса, елдің брендін әзірлеуге және елдің жарнамасын ұлғайтуға бұдан үш есе көп – 9 млн доллар жұмсады. Әзер­байжан туристік өнімдерді әзірлеуге, сала қызметкерлерін шетелде оқытуға және жар­намаға шамамен 25 миллион еуро бөлді. Грузия жарнамаға 37 млн доллар бағыттаған. 

Бәрін айтта бірін айт, егер қонақ түсетін орындары қымбат һәм қолжетімсіз болса, қыруар қаражат шығындалатын пиардан қайтарым болмауы мүмкін.

Айхан ШӘРІП