Жаңа оқу жылына жатақханалар дайын ба?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы халыққа Жолдауында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударып, бұл мәселені шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін белсенді түрде енгізу керегін айтқан еді.

Ал одан екі жыл бұрын, яғни 2020 жылы Мемлекет басшысы бес жылда 90 мың орындық жатақхана салуды тапсырған болатын. Төрт жыл өте шықты. Нәтиже қандай?

Мәселе бар да, мәселенің шешімі де бар

2019 жылы 30 қыр­күйек­те Үкімет­тің сайтында жарияланған мақалада сол кездегі Білім және ғылым министрлігі «Жа­­тақханаларда орындар беру кезең-ке­­зеңімен жүзеге асырылады: 2019 жылы – кем дегенде 5 мың орын, 2020 жылы – 15 мың орын, 2021 жылы – 25 мың орын, 2022 жылы – 30 мың орын» берілетінін жазған еді. Алайда «Қаржы орталығы» АҚ берген статистика басқа сандарды айтады. Мәселен, 2020 жылы 15 мың орындық жатақхана салу жоспарланса, тек 8 223 орындық 36 жатақхана берілген. Ал 2021 жылы 25 мың орынмен қамту жоспар­да бол­са, 10 364 орын, 2022 жылы 30 мың орын жоспарланса, 10 032 орын пайда­ла­нуға берілген. 

Былтыр маусым айында Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев еліміздегі студенттер жа­тақ­­ханада емес, пәтер жалдап тұруға мәж­бүр екенін айтқан болатын. «Елімізде 1 миллионнан астам студент білім алады. Бүгінде студенттерге жатақхана жетіс­пеушілігі 70 мыңнан астам орынды құрап отыр. Яғни, 70 мың студент пәтер жағалап, оқуды емес, керісінше пәтерақының қамы­мен жүргені анық», – деді сонда депутат. Депутат сондай-ақ жыл бел орта­сына жетсе де, 6 айда 11 мың орыннан ас­там салынуы тиіс жатақханалардың тек 900 орындық екеуі ғана, яғни 8 проценті ғана іске қосыл­ғанын айтып мәселе көтерген еді. Ал шілде айында өткен Үкімет отырысында сол кез­дегі Премьер-Министр Әлихан Смайылов 1 қыркүйекке дейін жатақхана мәселесін ше­шуді тап­сырып, осыған жауапты ми­нистрліктер мен ұйымдарды сынға алған болатын. Ол өз сөзінде егер бұл мәселе уа­қы­­тылы ше­шілмесе, жағдай одан сайын ушыға бере­тінін атап өткен еді. 

«Көптеген университеттің басшысы студенттерге тиісті жағдай жасау өздерінің тікелей міндеті екенін іс жүзінде ұмытып кетті деуге болады. Өз кезегінде, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министр­ліктері университеттер мен колледждер де сырттан келген студенттерді жатақханамен толық қамтамасыз ету талаптарының орын­­­далуына қатысты жағдайды бақылап отырған жоқ. Сондай-ақ әкімдіктердің тарапынан да үйлестіру жұмыстары на­шар», – деді экс Премьер-Министр.

Сонымен бірге оқуға қабылданған сту­денттер жатақханада орын жоқ екенін ор­­наласуға келген кезде бір-ақ білетінін де тілге тиек еткен Әлихан Смайыловтың сөзінше, оқуға дайындалудың орнына, олар тұратын баспана іздеуге мәжбүр. Мұн­дай мәселелердің алдын алу үшін Үкі­мет биылға жоспарланған 37 нысанның барлы­ғының мерзімінде тапсырылуын қамтама­сыз етуді міндеттеген еді.

Осы жиыннан кейін бір ай өткен соң, яғни тамыз айындағы Ғылым және жоға­ры білім министрлігінің дерегі жария­ланды. Онда 2023 жылғы оқу жылында 70  мыңға жуық, нақтырақ айт­сақ, 69 236 адам жа­тақ­­­­ханаға мұқтаждығы айтылған. Олар­дың 61 435 студенті – 48 жоғары оқу орны­ның, 7 801-і – 61 колледждің студенті. 2023 жы­­лы жоспардағы жатақханалардың пай­да­лануға берілуі есебінен жатаққа мұқ­таж студенттер саны 59 503-ге дейін азая­ты­ны да айтылды. Бұл 9 700-ден астам студент жатақханамен қамтылады деген сөз еді. «Қаржы орталығы» АҚ-ның был­тырғы жыл­дың тамыз айындағы мәлі­меттері бойын­ша, 2023 жылы «2025 жылға қарай колледждер мен университеттер жатақ­ха­наларында кемінде 50 000 жаңа орын енгі­зу» Жол картасы бойынша, 11 083 орындық 44 жатақхана берілетін болады делінген еді.

Сонымен қатар былтырғы қыркүйек айынан бастап елімізде «Білім туралы» заң­­­­ның жаңа редакциясы күшіне еніп, ол бойынша барлық студентті жатақханамен қамтамасыз ету көзделген болатын. Бұл дегеніміз, бұдан былай университеттер қажеттілікті толық өтеп, барлық студентті жатақ­ханамен қамтуы тиіс және өз кезе­гінде оған әр университеттің ректоры жа­уап­ты болып саналды. Тіпті, министрлік университеттер өз міндеттерін орында­ма­ған жағдайда оларға қатысты тиісті шара қабылдайтыны да айтылған.

Сондай-ақ басқа қалаларда тұратын ата-анасынан айырылған студенттердің жатақханада тұру шығынын да Үкімет қарас­­тырған болатын. Бұған дейін Мем­­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мем­лекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жол­­дауында Үкіметке «…студенттердің жеке­­ле­­ген әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін жатақханада тұру шы­ғыстарын субсидиялау мүмкіндігін пысық­тауды» тапсырған еді. Өткен оқу жылы қарсаңында Президент тапсырмаларын орындау аясында Үкімет тиісті қаулы қа­былдады.

© коллаж: Елдар ҚАБА

 

«Әлеуметтік көмек көрсетілетін аза­мат­тарға әлеуметтік көмек беру қағи­да­ла­рына» өзгерістер мен толықтырулар ен­гізілді. Оған сәйкес, азаматтардың же­келеген санаттары үшін еліміздің кол­ледждері мен жоғары оқу орындарында білім алу кезінде жатақханада тұру шы­ғыс­тары үшін өтемақы төлеу көзделген. Жа­тақ­ханаларда тұру шығыстары үшін өтем­ақы сомасы жылына 29 айлық есептік көр­сеткішті құраса, өткен оқу жылында барлығы 7 145 адам өтемақы алатыны айтылды. Оның ішінде 4 651 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған студенттер мен 2 494 мүмкіндігі шектеулі ба­лалар бар.

Биыл 10 мыңнан аса жатақхана орны пайдалануға беріледі

Жуырда Үкіметте колледж бен жоғары оқу орындарының студенттерін жатақха­­намен қамту мәселесі қаралды. Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсе­­но­ваның төрағалығымен өткен кеңеске орталық мемлекеттік органдардың өкілдері мен облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұловтың сөзінше, биыл 10 576 орынға шақталған 27 жатақ­­­хананы қолданысқа беру жоспарланған. Олардың 19-ы – жоғары оқу орындарына, 8-і колледждердің студенттеріне салынуы тиіс еді.

«Қазірде 1 540 орынға арналған 7 жа­­тақ­ханада тиісті жұмыстар толығымен аяқ­талып, келер оқу жылына студенттерді қа­­былдауға әзір. Құрылыс немесе рекон­струкция жұмыстарын жүргізу бойынша облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда жол карталары дайындалды. Жоспарланған нысандардың дені қыр­күйекке дейін пайдалануға берілмек», – деді Талғат Ешенқұлов.

Жиын барысында әр нысандағы жұмыс қарқыны жекелей қарастырылды. Ғылым және жоғары білім вице-министрі бүгінде құрылыс, реконструкция қарасты­рылған ғи­мараттардың басым көпшілігінде жұмыс 75% деңгейінен жоғары орындал­ғанын жеткізді. Үш нысандағы тиісті жұмыстар 50% шамасында атқарылған. Олар Алматы қаласы мен Ақмола, Қызыл­орда облыс­та­рына тиесілі. Аймақ әкім­­дерінің орын­басарлары барлық шаралар жоспарға сай аяқталады деп сендірді. Тамара Дүйсенова мәселенің маңызды­­лығына ерекше тоқта­лып, тиісті тапсырма берді.

«Құрылыс маусымының уақыты шек­теулі. Сондықтан жауапты министр­лік­термен қатар, облыс әкімдіктері жұмыстың уақытылы әрі сапалы атқарылуын тұрақты түрде қадағалауы керек. Нысандардағы құрылыс, реконструкция шараларының қарқынын апта сайын қарастыратын бола­мыз. Бұл жұмысқа жеке кәсіпкерлердің қы­зығушылығы жоғары екені байқалады. Сол себепті жатақхана салуға ниетті бизнес өкілдеріне қажетті жағдай жасауға қатысты шараларды қарастыру қажет», – деп атап өтті вице-премьер.

 

ТҮЙІН:

 

Осы ретте Ғылым және жоғары білім министрлігіне хабарласып, биылғы жатақхана мәселесінде жаңа оқу жылына дайындық барысын сұрағанымызда ведомство өкілі әзірге нақты ақпарат бере алмайтындығын, ҰБТ нәтижесі бойынша қазіргі жағдай анықталып жатқандығын айтты. 

Жалпы, студенттерді жатақханамен қамту жұмысы қарқынды жүруде. Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарайтын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің мәліметінше, елімізде студенттерге арналған 380 жатақхана бар. Былтыр 10 304 орынға арналған 43 ғимарат пайдалануға берілген. Алайда демографиялық өсім қосымша орындарды қарастыруды қажет етеді. Егер соңғы бірнеше жылда студенттік жатақханаларға деген қажеттілік динамикасын қарастыратын болсақ, 2017 жылдан 2022 жылға дейін кампуста тұратын студенттер саны 7,3%-ға, 68,1 мыңнан 73,1 мың адамға дейін өскенін атап өтуге болады. Әрине, бұл – оң үрдіс. Дегенмен мұны жатақханаға мұқтаж студенттердің санымен бірге қарастыру керек. Өйткені қажеттілік те 20,3%-дан 38,1%-ға дейін өсті. Қазақстанда негізінен оқу орындарына басқа қаладан келіп оқитын студенттер көп. Егер 2017 жылы туған қаласынан мамандық алу үшін кеткен жастардың саны 202,9 мың болса, 2022 жылы қыркүйекте олардың саны 295,1 мыңға жеткен. Яғни, осы жылдардағы өсім 38,2%-ды құраған. Осы ретте Ғылым және жоғары білім министрлігі ұзақмерзімді жоспарды да өзектендіруді қолға алып отырғанын айта кеткеніміз жөн. Дегенмен білім іздеп келген әрбір жастың баспана һәм жатақхана мәселесі сағын сындырмаса екен дейміз.

Наурызбек САРША