Қазақстан мен Корея арасындағы экономикалық қарым-қатынас жаңа бағытта өрбиді. Биыл он үшінші рет өткен қазақ-корей бизнес-форумына Оңтүстік Кореядан кел­ген 50-ге жуық ірі компания өкілдері қатысты.
Нарық көкжиегі кеңейе түспек
920
оқылды

Бұл іскерлік басқосудың бір ерек­шелігі – оған корей елінің болашағынан үлкен үміт күттіретін стартап жобалары да ке­ліп отыр. Шара барысында жалпы құны $430 млн асатын 23 екіжақты құжатқа қол қойылды. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы сауда-эко­номикалық ынтымақтастықтың ең перспективті бағыттарына тоқталды.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Корея Рес­пуб­ликасы Қазақстанның ең ірі инвестициялық жә­не сауда серіктестерінің бестігіне кіреді. 

– Корея Республикасы – Қазақстанның бес ірі инвестициялық және сауда серіктесінің бірі. Ко­реядан экономикамызға тікелей тартылатын ин­вестиция көлемі он миллиард долларға жуық­тады. Ал өзара сауда айналымы алты миллиард дол­ларды құрады. Қазақстан Корея Респуб­ли­ка­сының Орталық Азия аймағындағы негізгі сау­да-эко­номикалық серіктесі ретінде өз позициясын ны­­ғайтуға ниетті. Сарапшылардың болжамына сәй­кес, биыл әлемдік жалпы ішкі өнімнің 60 пайыз өсі­мін Азия қамтамасыз етеді. Бұл ретте Оңтүстік Ко­рея «Азия ренессансында» ең маңызды рөл ат­қа­ратыны сөзсіз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жаңа эко­но­микалық бағдардың дәйекті жүзеге асырылып жатқаны, инвесторларға қолайлы жағдай жасау шараларына баса мән берілетіні туралы айтты. Оның пікірінше, жер қойнауын пайдалану және өнеркәсіп сияқты стратегиялық мәні зор са­ла­лар Қа­зақстан мен Корея экономикалары коопе­ра­ция­сының маңызды бағыттары са­на­лады.

– Мұнай-газ саласына Оңтүстік Корея тех­но­логияларын толыққанды трансферт жасау, сондай-ақ заманауи құрал-жабдықтар мен қосалқы бөл­шек­тер өндірісін жолға қою біз үшін маңызды. Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ секілді ірі мұ­най-газ кен орындарында өндірісті кеңейтуге ба­ғытталған жобалардың жүзеге асырылып жат­қанын ескерсек, мұның өзектілігі арта түседі, – деді Президент.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев аса маңызды шикізат игеру саласында еліміздің әлеуеті зор екеніне назар аударып, литий кен орнын игеруге және одан өңделу деңгейі жоғары өнім шығаруға ниетті оңтүстік кореялық се­ріктестермен (KIGAM, SK Ecoplant) ынтымақ­тастықты жалғастыруға дайын екенін жеткізді. 

«Самұрық-Қазына» АҚ Жекешелендіру және дамыту жөніндегі атқарушы директоры Салтанат Сатжан SK Ecoplant компаниясы еліміздегі литий өндірісінің дамуына өз септігін тигізуді мақсат тұтып отырғанын атап өтті. Аталмыш компанияның негізгі бағыты – литий өндірісі. 

– Сондықтан Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі – «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ – KIGAM – SK Ecoplant арасында меморандум жасалды. Бұл алғашқы келіссөздер болғандықтан, еліміздің шығыс өңірінде әлі барлау жұмыстары жүргізілетін болады. Егер оң нәтиже беріп жатса, ары қарай бірге жұмыс істеу шарттары қарастырылады, – деді ол.

Президент «жасыл» энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңызы артып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Оңтүстік Кореяның жасанды ин­теллектіге, роботты техникаға және биотехно­логияға негізделген инновациялық агротехно­логиясын енгізуге мүдделі екенімізге назар аудартты. 

Оңтүстік Корея мемлекетінің басшысы Юн Сок Ёль Қазақстанның эконо­миканы дамы­тудағы әлеуетін атап өтті. Ол сон­дай-ақ жаппай қоныс аудару кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған корей азаматтарына  қазақ халқы қонақжайлылық көрсеткенін және осы арқылы екі ұлтты ортақ тарих байланыс­тыра­тынына тоқталды. 

Оның айтуынша, Қазақстанның саяси және экономикалық маңызы зор. 2017 жылы Қазақстан EXPO Бүкіләлемдік көрмесін өткізіп, әлемдік қоғамдастыққа өзінің әлеуетін көрсетті. Бүгінде екі ел арасындағы қарым-қатынас автомобиль, IT, медицина, өнеркәсіп және т.б. салалар секілді кең ауқымды қамтиды.

Юн Сок Ёль Корей мен Қазақстанның өндіріс орындары бір-бірін толықтыру арқылы нарық көкжиегін кеңейтетінін жеткізді. Сондық­тан автомобиль құрастыру саласындағы өзара тиімді өнеркәсіптік кооперацияны өрістетуге мол мүмкіндік бар. Ал Қазақстан Президенті Корей Республикасының автобөлшектер өндірісінің кластерін құру үшін біздің елімізді таңдағанын атап өтті.

– Қазақстанда қазір Hyundai маркалы автомобильдер құрастырылады. Келесі жылы толық циклді KIA зауыты іске қосылмақ. Аталған жобаға 200 миллион доллар көлемінде инвестиция тартылды. Бұл ретте компанияның алғаш рет Оңтүстік Кореядан тысқары жердегі зауыт құрылысына қаржы салып отырғанын және ол үшін біздің елімізді таңдағанын атап өткен жөн. Оңтүстік Кореяның бірқатар ком­паниясы автомобиль өнеркәсібін дамытудың келесі кезеңіне кірісуді, яғни Қазақстанда автобөлшектер өндірісінің кластерін құруды жоспарлап отырғаны қуантады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Hyundai Motor Russia & CIS өңірлік штаб-пәтері басшысының орынбасары Им Дже У Қазақстанның табиғи ресурстарға бай екендігін және автомобильдендірудің дамығандығын ескере отырып, стратегия әзірленгенін атап өтті.

– Былтыр біз өзара түсіністік меморан­думына қол қойдық. Қостанайда инвестиция көлемі 280 млрд долларды құрайтын KІА зауытының құрылысын бастадық. 2025 жылдың екінші жартысында зауыт толық қуатқа шығады деп күтілуде. Осы уақыт аралығында бізге са­лықтық жеңілдіктер мен инфрақұрылым берілді. Жаңа зауыт салу жобасы аясында Қазақстанда автомобиль өнеркәсібін дамыту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. KІА – қазақстандық қоғамның жауапты мүшесі. Сондықтан біз Қазақстан Үкіметінің қолдауымен экономикаға және екі ел арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайтуға елеулі үлес қосамыз деп үміттенеміз, – деді Им Дже У.

Astana Motors бас директоры, Бекнұр Несіпбаев, форумда Hyundai Motor компаниялар тобы өкілдерімен жүздескенін айтты. Қазіргі уақытта компанияларда үш қолданыстағы жоба бар. Оңтүстік Корея компаниясы технологияны, келісімді ұсынуға жауапты, оның негізінде қазақстандық компаниялар ел аумағында авто­мобильдер шығаруға құқылы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның корея­лық серіктестерімен жасанды интеллект тех­нологиясын дамыту, дата-орталықтар салу және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыт­тары бойынша бірлесе жұмыс істеуге дайын еке­нін атап өтті. Қызылорда облысы әкімінің орын­басары Ардақ Зебешев осыған дейін Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жасалған келіссөздер бүгін жемісін бергенін жеткізді.

– Бүгінгі жиында біз екі құжатқа қол қоямыз. Біріншісі – білім беру саласы бойынша, яғни Қызылордадағы Қорқыт ата университеті Сеул ғылым  және техника институтымен бірлесіп, қос­диплом­дық білім беру бойынша мемо­рандумға қол қойды. Одан бөлек, университет базасында Seul-Tech Сеул Ұлттық ғылым уни­верситетімен бірге алғашқы жасанды интеллект мектебі құрылады.

Ал инвестициялық байланыстар туралы атап өтер болсам, облыс әкімі қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін кореялық With you E&C компаниясымен бірге келісімге қол қойды. Қазір өңірімізде жылына 500 мың тоннаға жуық қалдық шығарылады. Олар сұрыпталып, арнайы полигондарға жиналады. Дегенмен осы компа­ния арқылы сұрыптау сапасын арттырып, өңдеу жұмыстарын жүргізуге ниеттіміз. Себебі бұл қал­дықтарды ары қарай құрылыс және т.б. көп­теген материалдарды әзірлеуге пайдалануға бо­лады. Компания екі кезеңді қоса алғанда, жалпы 36 млн АҚШ долларына жуық инвестиция жа­сайды, – деді Ардақ Зебешев.

Бизнес-форум аясында жасалған келіссөздер­ден Қазақстан–Корей экономикалық қатынас­тарында елеулі серпіліс болатынын көреміз. Осыған дейін де екі ел арасындағы тауар айна­лымы мен инвестициялық ынтымақтастық жоғары деңгейде болды. Дегенмен соңғы іскерлік кездесулер жаңа толқын әкеледі деп сенеміз.

Кәмила ЕРКІН