Еліміздегі ғалымдарға қойылатын талап пен дамытуды қажет ететін басым бағыттарды атап өтті. Осы орайда «Қазақстандағы ғылымның даму деңгейі қандай?» деген сауалдың жауабын іздеп көрген едік.
Мемлекет қолдау көрсетеді
Кейінгі жылдары мемлекет ғылымды дамытуға ерекше ден қоя бастады. Аталған салаға бөлінетін қаражат жыл сайын ұлғайып келеді. Президент жанындағы Ғылым және технология жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Ұлттық ғылым академиясына «Президент жанындағы» мәртебесі берілді.
Бүгінде елімізде 22 456 ғылыми қызметкер бар. Зерттеушілердің 37 пайызының ғылыми немесе академиялық дәрежесі бар – 1 743 ғылым докторы, 3 945 ғылым кандидаты, 2 460 PhD докторы және өз саласы бойынша 96 доктор саналады. 414 ұйым ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді орындаумен айналысады. Кейінгі жылдары ғалымдардың жалақысы екі есеге ұлғайды.
Білікті маман әзірлеуге бағытталған грант көлемі соңғы жылдары 1,5 есеге артты. Қазір елімізде әлемнің беделді 12 университетінің филиалы бар. Президенттің тапсырмасына сай, алдағы уақытта тағы бірнеше білім ордасының филиалы ашылады. Таяуда Қ.Тоқаев Сингапурге барып, ондағы жоғары оқу орындарының басшыларымен кездескен-ді. Келіссөздер нәтижесінде ел мамандарының Сингапурде дәріс алуына жағдай жасалады.
Сонымен қатар жыл сайын 500 ғалымның шетелде тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік берілген. Оған жұмсалатын бүкіл қаражатты мемлекет төлеп береді. Тиісті министрлік жас ғалымдарға беретін гранттар санын арттырды. Жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру конкурстары нәтижесінде 881 жоба жүзеге асып жатыр. Бұдан бөлек, алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны тағы да көбейеді. Бұған бюджеттен 18 миллиард теңге бөлінбек. Сондай-ақ былтыр 284 жас ғалым жеңілдікпен баспана алды. Биыл тағы 200 пәтер өз иесін табады.
Еңбек ресурстарының ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге тартылуын экономикада жұмыс істейтін 10 мың адамға шаққандағы зерттеушілер саны көрсетеді. Қазақстанда бұл индикатор 20,1-ге тең. Салыстырмалы түрде қарасақ, Германияда 10 мың адамға 233, ал Жапонияда 180 ғалымнан келеді.
Ал біздің елде ғылым саласында әйел адамдардың басым екенін айта кеткен жөн. Қазақстан осындай жетістікке ие әлемдегі санаулы мемлекеттің қатарына кіреді.
Құқықтық база жетіле түспек
Қазір «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы Парламентте талқыланып жатыр. Құжат қабылданған жағдайда елімізде ғылымның дамуына тың серпін бермек. Ең әуелі, ғылымды басқару жүйесінің құрылымы жетіледі. Сондай-ақ гранттық және нысаналы қаржыландыру секілді қолдау бағдарламаларының негізін айқындау тетіктері енгізілмек. Осылайша, кез келген ғылыми-зерттеу институтының іргелі, қолданбалы, коммерцияландыру, өндіріске дайындығы әмбебап тәсіл арқылы анықталады.
Бұдан бөлек, Ғылым қорын венчурлік қор ретінде функционалын күшейту жоспарланған. Бұл қадам ғылыми және ғылыми-техникалық нәтижелерін коммерцияландыру, бизнес-акселерация, технологиялық бизнес-инкубациялау, технологиялық брокерлік бағдарламаларды іске асыруға жәрдемдеседі.
Сонымен қатар өндіріс пен нарықтың сұранысын анықтайтын ғылыми-техникалық ақпаратты жинау, өңдеу және талдау жөніндегі тетіктер енгізіледі. Нәтижесінде, ғылымға технологиялық-инновациялық жобаларға қатысты бүкіл мәлімет бір платформаға топтасады. Заң жобасында Ұлттық ғылым академиясының мәртебесі, ғалымдарды қолдау тәсілдері, ғылыми зерттеулерді коммерцияға айналдыру тетіктері қарастырылған.
Бөлінген қаражат көп, бірақ жеткіліксіз...
Былтыр ғылым саласына, нақтырақ айтқанда, Ғылым комитетіне 160 миллиард теңге бөлінді. Соның ішінде 1,1 миллиард теңге мекеменің қызметіне жұмсалса, қалған қаражат саланы дамытуға бағытталған. Яғни, мемлекеттік сыйлықтар мен стипендиялар төлеуге, ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, ғылыми-техникалық әлеуетті жақсартуға және басқа да басым бағыттарға бөлінген.
Жоспар бойынша биыл ғылым саласына 204 миллиард теңге қарастырылып отыр. Бұл сомма 2025 жылы 242,6 миллиард теңгеге, 2026 жылы 259,5 миллиард теңгеге жетпек. Президенттің тапсырмасына сәйкес, ішкі жалпы өнім көлемінің бір пайызы осы бағытта жұмсалуы қажет. Сондықтан кезең-кезеңімен қаражат сомасы артып келеді.
коллаж: Елдар ҚАБА
Дегенмен ішкі жалпы өнімнің 1 пайызын ғылымға бөліп, дамыған елдермен терезесі тең дәрежеде бәсекелесу қиын. Өйткені көптеген елде аталған салаға қомақты қаражат қарастырылады. ЮНЕСКО статистика институтының деректеріне сүйенсек, жаһандық ішкі жалпы өнімнің 2,6 пайызы зерттеу саласына жұмсалады екен. Израильде бұл көрсеткіш 5,56 пайызды құрайды. Оңтүстік Кореяда ішкі жалпы өнімнің 4,93 пайызы ғылымға бөлінеді. АҚШ-та 3,46 пайызға тең. Тайваньда үкіметі ІЖӨ-нің 3,7 пайызын зерттеуге жұмсайды.
Қысқасы, ғылымға мол қаражат бөлетін қай мемлекетті алып қарасаңыз да, заманауи технология мен өнім шығаруда алда тұрғаны анық байқалады. Осыншалықты көп қаражат құймаса, Израиль тақыр жерге егін егіп, мол өнім алмас еді. Корейлер түрлі өнім шығарып, медицинаның ұңғыл-шұңғылын түгел біле алмайтын еді. Ғылымға мол қаражат құйғанының арқасында Тайвань жартылай өткізгіштері арқылы бүкіл әлемді мойындатып отыр.
Жеке сектордың енжарлығы
Біздің елде ғылым саласынындағы негізгі қаржыландыру салмағы мемлекеттің мойнында. Президент Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында аталған салаға бөлінген қаражаттың 70 пайызы мемлекеттік бюджеттен бөлінетінін атап өтті. Мемлекеттің ғылымды қаржыландыруды арттырғаны жөн, бірақ жекеменшік де ғылым саласына көңіл бөлсе, екеуі де ұтар еді.
Қазақстанда ғылыми зерттеулерді іске жаратып, қолданысқа енгізетін өндіріс аз. Мәселен, кәсіпорындардың 65 пайызы шикізат, металлургия саласында жұмыс істейді. Яғни, үшінші технологиялық деңгейге ие. Машина жасау, мұнай-химия өндірісіндегі төртінші деңгеймен қамтылу 34 пайызды құрайды. Тек 1 пайыз ғана микроэлектроника, роботтандыру және IT салаларына (5 деңгей) негізделген. Ал нано және биотехнология секілді алтыншы деңгейлі өндіріс ошақтары мүлдем жоқ.
Ал дамыған елдерде кәсіпорындардың тең жартысы бесінші деңгейлі, 5 пайыздан астамы алтыншы деңгейлі саналады. Ғылымға жекеменшік сектордың инвестиция салуы да төмен деңгейде қалып отыр. АҚШ-та, Израильде, Финляндияда, Оңтүстік Кореяда ғылымға құйылатын қаржының 75-80 пайызы жекеменшік салаға тиесілі.
Бұған дейін Тоқаев жер қойнауын игеретін компанияларды табысының бір пайызын ғылымға бөлуге шақырған еді. Алайда шикізат сатып пайда тауып отырғандар әзірге мұндай ұсынысқа құлақ асар түрі байқалмайды.
Жетістіктеріміз де жетерлік
Отандық зерттеушілер Марсқа ұшудың оңтайлы тәсілін таппаса да, ауыз толтырып айтатын ғылыми жаңалықтары жетерлік. Солардың ішінде коронавирус пандемиясы кезінде шығарылған QazVac вакцинасының шоқтығы биік. Бүкіл әлем бетперде тағып, төрт қабырғаға тығылған сындарлы сәтте ғалымдарымыз құр қол қарап жатпай, індетке қарсы екпе жасады.
QazVac сынақ мерзімінен сәтті өтіп, кейінірек ел аумағында жаппай салынған санаулы вакцинаның қатарына кірді. Медицинаға арналған салалық журнал Lancet басылымында QazVac екпесінің артықшылықтары туралы мақала жариялағаны есімізде. Осылайша, қазақстандық ғалымдар төрткүл дүниені әбігерге салған пандемияны жеңуге айтарлықтай үлес қосты.
Қазір күнделікті тұрмысқа қажет, өндіріс ошақтарында пайдаланатын ноу-хауларға сұраныс жоғары. Қазақстандық ғалымдар бұған да үлес қосып отыр. Мәселен, былтыр Сәтбаев университеті Кен байыту және металлургия институының зерттеушілері селен металын тазартудың жаңа әдісін ойлап тапқан. Бұл тәсіл қазір қолданысқа енгізілді.
Былтыр осы технологияның негізінде Балқашта селенді тазарту және бағалы металды қожды өңдеу цехы ашылды. Бүгінде аталған өндіріс ошағында селен 99,5 пайызға дейін тазартылады. Салыстырып қараңыз, өңделмеген селеннің келісі 7-10 доллар көлемінде сатылады. Ал рафинатталған металдың құны 150 долларға дейін жетеді. Демек, отандық ғалымдар өндірістегі пайда көлемін 15 есе арттыруға үлкен үлес қосты. Енді селенді тазартуды 99,9 пайызға жеткізу тәсілдері қарастырылып жатыр. Алда-жалда бұған қол жеткізсек, бір келі сирек металдың бағасы 300 долларға дейін жетеді.
Сондай-ақ қазақстандық ғалымдар сүйектерді қалпына келтіретін гидроксиапатит деп аталатын биоматериал әзірледі. Жану проблемалар институтының қызметкерлері ойлап тапқан материал шетелдік нұсқаларынан үш есе арзан. Елімізде жасалған гидроксиапатит сүйек ақауларын қалпына келтіруге, сүйек зақымданғанда, сынғанда, тістерді имплантациялауда қолданылады.
Сол секілді Egistic атты бірегей бағдарлама NASA және Еуропа ғарыш агенттігінің мәліметтеріне сүйеніп, егістіктегі азот мөлшерін, топырақтың ылғалын анықтауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, қатерлі ісікті ерте анықтауға арналған биосенсор, титанды ыдыратудың тың тәсілі секілді ауыз толтырып айтатын ғылыми жаңалықтарымыз бар.
Қорыта айтқанда, ғылым саласындағы жетістіктерімізге қарамастан, әлі де кемшін түсіп отырған мәселелер жетерлік. Бұл түйткіл, әрине бір күнде шешіле салатын жұмыс емес. Бұған біраз уақыт керек. Қазір Парламент қабырғасында талқыланып жатқан ғылым туралы заң жобасы мен Президенттің қолдау көрсетуі Қазақстандағы ғылымның өркендеуіне жол ашады деп сенеміз.
Айша ЖАСҰЛАНҚЫЗЫ