Биыл елімізде 186 мың оқушы мектептен түлеп ұшып, ҰБТ тапсырып жатыр.
Мамандық таңдаудың маңызы
2,063
оқылды

Ресми дерек не дейді?

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, мектеп бітіретіндердің 16 пайызы ҰБТ-дағы таңдау пәні ретінде «Математика-физиканы», «Химия-биологияны», ал 13 пайызы «Шығармашылық емтихан» мен 11 пайызы «Математика-информатика» пәнін таңдаған. Әрине, баланың өзі қалап, армандаған мамандығына түскені жақсы-ақ. Десе де,  грант үшін шекті балы аз мамандыққа тапсыратын немесе ата-анасының қалауы бойынша мамандық таңдайтындар көп екені бәрімізге мәлім. Осы жерде жас талапқа қай кәсіптің тізгінін ұстап, қай салада еңбек ететінін анықтау – ең маңызды мәселенің бірі. Мұндайда қазір ата-аналар кәсіптік бағдар беретін маманның кеңесіне жүгінеді. Нақты айтсақ, адамның жеке қабілеті мен қызығушылығына қарай мамандық таңдауға көмектеседі.

Кәсіби даму дегеніміз не?

Бұл туралы кезінде америкалық әйгілі психолог Д.Сьюпер:

«Кәсіби даму – белгілі бір құрылымы бар, ұзақ әрі динамикалық процесс. Ол қол жеткізетін бірқатар таңдаудан тұрады. Таңдаудың өзі тек әкеден балаға берілетін ғана емес, сонымен бірге қоршаған ортаның, тәрбиенің, жинақталған тәжірибенің ықпалымен, яғни, дамудың әр сәтінде бала бастан кешіретін барлық қиындық пен сынақтың жиынтығынан тұрады», – дейді.

Тұлғаның сәтті кәсіби таңдауына қол жеткізу үшін ғалымның пікірінше, әр жас кезеңіне тән тәрбиелік процестің қатаң сабақтастығы қажет.

Мұндай процесте бала үшін ең қиын дүние – оның нені қалайтынын, не істеу керегін білмеуі. Өміріндегі ең маңызды таңдаудың алдында тұрған жан өзінің шын қалауын да білмеуі мүмкін. Оған баланың сауатсыздығы емес, мамандықтар тізімімен таныс болмауы да себеп. Қарапайым тілмен түсіндірер болсақ, бүгінгі күні талапкерлер ең көп таңдап отырған IT саласының өзінде 50-ден астам мамандық түрі бар. Ол дизайн, құрылыс, компьютерлік технологиялар және осы секілді салаларды қамтиды. Иә, бүгінгі күні тнтернетте болсын, әлеуметтік желіде болсын, кәсіптік бағдар беретін тесттер, профконсультанттар бар. Алайда интернет қолжетімсіз шалғай ауылдағы оқушылар үшін жағдай қалай болмақ?..

Мамандықтар өзгеріп, тіпті жойылып барады

Кез келген мамандық 15-20 жылда өзгеріп һәм жойылып отырады. Соған сәйкес, оның орнын тың сала басады. Заманның мұндай қарқынды дамуына ілесу балалар мен жасөспірімдерге қиын соғары анық. Қалаға арман қуып келген бүгінгі студент ертең даяшы, курьер, базарда зат тасушы немесе құрылысшы болып, оқуы жайында қалуы ғажап емес. Қоғам дамыған сайын талап етілетін білім деңгейінің де артуы, бұрынғыдай қара жұмыспен қана шектелетін табыс көздерінің көпке ұзамайтынын әрбір оқушыға түсіндіріп айтуымыз қажет.

Мамандығын ұнатпай оқып шыққандар

Ресми мәліметке жүгінсек, Қазақстанда азаматтардың 22 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұл нені білдіреді? Демек,  еліміздегі 2 миллионға жуық қазақстандық 4 жылын университет қабырғасында мәжбүрлі түрде өткізген. Оған қоса,  бұған жылдар  бойы мемлекеттен кеткен қыруар қаражаттың, мыңдаған мұғалімнің маңдай терінің зая кеткенін қосыңыз.

Сонымен, мәселенің ақ-қарасын айыру үшін елдегі таңдаулы университеттің бірі Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқитын, Журналистика және саясаттану факультетінің түлегі Шырын Халеловадан өз мамандығын таңдауға не себеп болғанын сұрап көрдік.

– Мен журналистиканы таңдадым. Бұл мамандықты таңдауға түрткі болған себеп, менің қабілеттерім осы мамандық бойынша жеткілікті деп санадым. Алайда маған мамандығым жайлы кәсіптік бағдар жүргізілмеді. Шығармашылық  емтиханды тапсыруға дайындық бастаған сәтте, университет сайтынан ақпарат іздестіріп, анықтадым. Көп жерде журналистика бойынша ақпарат жоқтың қасы, десек те қазіргі таңда ақпараттандыру жүріп жатыр, – дейді ол.

Кәсіптік бағдардың маңызы

Кәсіптік бағдар – біздің еліміз үшін өте маңызды. Себебі жас ұрпақтың болашағы жарқын болу үшін, материалдық және моральдық қүндылықтары жеткілікті деңгейде болуы керек. Кәсібі несібіне айналу үшін білім алушыларға сол мамандықтың ерекшеліктері туралы профориентациялық жұмыстар көбірек жүргізілгені жөн. Кез келген мамандықтың қиындығымен қатар, оның маңызды сәттерін, адамға, қоғамға тигізетін пайдасын көбірек білген сайын, түлектің де сол мамандыққа деген көзқарасы қалыптасады. Себебі кәсіптік бағдар – еліміздің келешекте дамыған, инновациялы қоғам қалыптастыруының маңызды қадамы. Ата-ананың әр балаға мамандығының мықты тұстарын саралай отырып бағыт-бағдар беруі, өзінің қалауы мен қабілетіне сүйеніп, таңдау жасауына көмектесуі –  болашаққа құйылған ең тиімді инвестиция.

Айсер Бейсенғали, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті