Онда жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екеніне ерекше назар аударылып, агроөнеркәсіпті дамытудың, оның ішінде жер игерудің ел игілігін арттыруға ықпалы нақтыланған еді. Осы орайда сәрсенбінің сәтінде Жетісу жеріне арнайы жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин өңірдің бірқатар ауданын аралап, ауыл шаруашылығы нысандарының жұмысын өз көзімен көріп, егістік алқаптарында шаруа қожалықтарының жетекшілерімен жүздескенін айта кеткен жөн.
Астаналық делегация облыс әкімінің бастауымен бірінші кезекте Көксу ауданы Балпық би ауылындағы «Тәуелсіздік» ЖШС-на барды. Серіктестік директоры Рахим Каримовтың айтуынша, сүт бағытындағы бұл ферманың жылдық қуаты 5 500 тонна өнім шығаруға қауқарлы. 10 жылға жылдық пайызы 2,5% болатын жеңілдік несие қарастырылған «Үлкен жоба» желісі бойынша көрсетілетін мемлекеттік қолдау арқасында ферманың іргесі кеңейе түскен. «Даниядан 136 бас сиыр әкелінді, күзде тағы да алып келеміз. Сөйтіп, мал басын 850-ге дейін жеткіземіз, соған сәйкес сүт өндіру көлемі де артады. Қазір бір тәулікте сауылатын жалпы сүт мөлшері 18 тонна, ал күзге қарай бұл көлемді 20 тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Негізінен, сүтті Талдықорғандағы «JLC Сүт» сүт зауытына өңдеуге тапсырамыз, – дейді ферма жетекшісі. «Жетісу» ӘКК-мен бірлесіп, 2018 жылы іске асырылған «400 бас ірі қараға арналған тауарлы сүт фермасын құру» жобасының құны – 1,3 млрд теңге. Мұнда бірқатар инновациялық технология енгізіліп, сиыр сауудың роботтандырылған жүйесі қолданылады.
Бұдан соң Вице-премьер Ескелді ауданындағы «Хильниченко и К» сенім серіктестігіне қарасты қызылша алқабының басына барды. Бұл шаруашылық негізінен мал және өсімдік шаруашылығымен айналысады. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, соя, қант қызылшасын егіп, ұсақ мал мен етті бағыттағы жылқы өсіреді. Қазір мұнда етті меринос қойларының саны 7 мыңнан, жылқы саны 500-ден асыпты. Сапалы өнім алу үшін ауыспалы егіс талаптары қатаң сақталады.
– Біз осы алқаптан әр гектарынан орта есеппен 830 центнерден өнім аламыз деп отырмыз. Ал шаруашылықтағы қант қызылшасының орташа өнімділігі гектарына 700 центнерді құрайды. Қызылшаны қалай күтіп-баптауды жақсы білеміз, ал заманауи агротехнологиялар мен мемлекеттік қолдаудың арқасында егіс алқаптарын көбейтіп қана қоймай, одан әрі өнімділікті арттыруға да баса назар аударып отырмыз, – деді А. Хильниченко.
Осы жерде облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев вице-премьерге өңірдегі ауыл шаруашылығының аяқ алысы туралы егжей-тегжейлі баяндады. Облыстың агроөнеркәсіптегі әлеуеті мен мүмкіндігін бес саусағындай білетін бірінші орынбасардың айтуынша, өңірдің ауыл шаруашылығы саласын қолдауға биыл 34,9 млрд теңге бөлініпті, оның 23,2 млрд теңгесі субсидия. Былтыр ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,2% өсіммен 57,8 млрд теңгеге жеткен. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі алдын ала есеп бойынша 7,0 мың гектарға ұлғайып, 524,8 мың гектар болады. Егіс алқабын әртараптандыру нәтижесінде дәнді дақылдар 15,1 мың гектарға, картоп 0,9 мың гектарға қысқарып, басымды дақылдардың егіс көлемі жалпы 22,9 мың гектарға ұлғайды.
– Қант өндіру саласын дамыту бағытында 2026 жылға дейін қант қызылшасының егіс алқабын 15 мың гектарға немесе 3,6 есеге арттыру жоспарланған. Осы жылы қызылшаны 12,6 мың гектарға септік. Былтыр Ақсу, Көсу қант зауыттарында 357 мың тонна өнім өңделді. Облыстағы қант өндірісі 63 мың тоннаға жеткізілді, соның ішінде Ақсу қант зауыты 10 мың тонна, Көксу қант зауыты 53 мың тонна қант шығарды, соның 27 мың тоннасы Көксу қант зауытында қамыс құрағынан өндірілді. Биыл 550 мың тонна тәтті түбір жинап, соның нәтижесінде 87 мың тонна қант өндіру көзделіп отыр, оның ішінде қант қызылшасынан 60 мың тонна, қамыс құрағынан 27 мың тонна өнім өндіреміз, – деп қант қызылшасын өсіру жайына тоқталған Әлібек Әскербекұлы шаруашылықтар 18,5 мың себу бірлігі болатын қант қызылшасы тұқымымен қамтылғанын да атап өтті. Мемлекеттік қолдау шаралары мен субсидиялау, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару мен оларды қайта айналымға енгізу, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, мал шаруашылығын, суару жүйелерін дамыту, ветеринария салаларын қолдау шаралары жайына да жан-жақты тоқталды.
Алқап басында Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин ауыл шаруашылығында егістікте қолданылатын тыңайтқыштар, гербицидтер, пестицидтер, биологиялық қоспалар, түрлі техникасын ұсынатын компаниялардың өкілдерімен тілдесті. Сол сияқты «Ауыл аманаты» жобасымен мемлекеттен қолдау алып, жеке ісін бастаған кәсіпкерлермен әңгімелесті, олар шығаратын түрлі өнім қойылған көрмемен танысты. Шаруа қожалықтарының жетекшілерімен жүздесу барысында ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі, салаға жаңа технологиялар енгізу, еңбек өнімділігін арттыру туралы пікір алмасты.
– Біздің басты міндетіміз – бюджеттен бөлінетін қаражатты фермерлерге жеткізу. Қазір егіс алқаптарын ұлғайту үшін ылғал үнемдейтін технологияларды енгізуге көңіл бөліп жатырмыз. Сондықтан өз тарапымыздан қазіргі заманғы суармалы жабдықтарды сатып алу шығындарының 50%-ын субсидиялаймыз. Бүгінде елімізде де осындай жабдықтарды өндірушілер шығып жатыр. Сондай кәсіпорынның бірі жуырда Талдықорғанда ашылатыны қуантады. Жалпы, қызылша өндірісіне ерекше қолдау көрсетіліп отыр. Қазір қант қызылшасы ең табысты дақыл саналады. Әрине, қиындықсыз болмайды. Бірақ біз қолдау шараларын үзбей қабылдап келеміз. Міне, жаңа осы шаруашылықтың базасында заманауи озық ауылшаруашылық техникаларын көрдік. Жалпы, ел бойынша жағдай басқаша, яғни техниканың тозуы 85-90%. Сондықтан жыл сайын техниканы 8-10%-ға жаңартып отыруымыз керек. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Оны жүзеге асыру үшін жыл сайын шамамен 400-500 млрд теңге қажет. Келесі жылдан бастап оған бөлінетін тиісті қаражат көлемін ұлғайтуды жоспарладық, – деді Серік Жұманғарин.
Шаруалардың сұрақтарына жауап берген вице-премьер қант қызылшасын, картоп пен жеміс-көкөніс дақылдарын өндіру мен жинауға арналған техниканы сатып алған жағдайда қай елде өндірілгеніне қарамастан, 25%-50% дейін субсидиялау түрінде қолдау қарастырылатынын атап өтті. Бұл ретте басқа дақылдар үшін тек өз елімізде құрастырылған және елде өндірілетін ауыл шаруашылығы техникасының ішінде баламасы жоқ техника ғана субсидияланады. Артық өнімді сату проблемаларына келетін болсақ, қазір экспорт көлемін, оның ішінде Қытайға да экспорттау көлемін ұлғайту мәселесі пысықталуда. Ол үшін шекаралас аймақтарда заманауи қоймалар салынып жатыр.
Вице-премьер Талдықорғанда «Жетісу» ӘКК желісі бойынша іске қосылған көкөніс қоймасының жұмысына назар салды. «Жетісу» ӘКК басқарма төрағасы Данияр Айқынбаевтың айтуынша, көкөніс қоймасын іске қосу жобасы ел Президентінің өңірге жұмыс сапары барысында берген тапсырмасының аясында қолға алынған.
– Жаңа көкөніс қоймасын салу үшін бізге 2 млрд теңге қажет болды. Сондықтан бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында алдымен мониторинг жүргіздік, қорыта келе бұрыннан бар қойманы жаңғыртқан тиімді деген шешімге келдік. Осы мақсатқа 360 млн теңге бағытталды. Жапондық құрал-жабдықтар сатып алынды. Қойма былтырғы жылдың қазан айында пайдалануға берілді. Мұнда бір уақытта 4,5 мың тонна көкөніс, жеміс-жидек сақтауға болады, – деді Д.Айқынбаев.
Өңірге жасаған жұмыс сапарын қорытындылаған Серік Жұманғарин Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық дамудағы жетістіктерін, негізгі көрсеткіштер бойынша көшбасшылар қатарында екенін, сондай-ақ өңірдің қолайлы табиғи-климаттық жағдайлары мен ұйымдастыру жұмыстарының оң жүргізілгені осындай нәтижелерге жеткізіп отырғанын атап өтті. Вице-премьер ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне табыс тілей отырып, мемлекет тарапынан қажетті қолдау көрсетілетінін, шаруа адамдары айтқан ұсыныстың барлығы қарастырылып, назарға алынатынын жеткізді.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы