Былтыр қазақстандық кондитерлер рекордтық көлемде 106,9 мың тонна кондитерлік өнім өндірді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 10,4%-ға артық.
Какао қымбаттады, «Қазақстан» қайтпек?
2,187
оқылды

Дегенмен мамырда тұтынушылар дүкен сөрелерінен отандық танымал тәттілерді таба алмаған болатын. Азаматтарымыздың кейбірі еліміздің кондитерлік фабрикаларда дағдарыс пайда болды деп долбар жасаса, енді бірі отандық өндірушілер импортқа төтеп бере алмай отыр деп болжады. Сол себепті тәттілер нарығында болып жатқан жайттарға шолу жасап, жағдайды саралап көрдік.

Energyprom аналитикалық порталының мәлімдеуін­ше, 2023 жылы Қазақстанда шо­ко­ладты тұтыну 13%-ға өскен. Сон­дай-ақ шоколад пен кон­ди­тер­лік өнімдердің импорты 2,9%-ға өсіп, 118 мың тоннаға жеткен. Де­генмен ішкі нарықтағы им­порт­тың үлесі 52,5%-дан асқан. Ал экспорт бір жылда 2,3%-ға өсіп, 36,3 мың тонна деңгейіне кө­терілген. Ішкі нарықта сатылған қа­зақстандық тәттілердің көр­сет­кіші 7,2%-ға өсіп, 188,7 мың тонна бол­ды.

Ұлттық статистика бюро­сы­ның мәліметтеріне сүйенсек, соң­ғы бір жылда шоколад бағасы 9%-ға көтерілгенін көреміз. Атап ай­тар болсақ, еліміздің 19 өңірінде шоколад бағасы қымбаттаған. Оның ішінде ең көп өскен өңірлер қатарында Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары бар, ал ең аз өсім көрсеткен Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары болды. Сонымен қатар елімізде шо­ко­лад­ты тұтыну көлемі бір жылда 13,1%-ға артып, 2023 жылғы қаң­тар-қыркүйекте жан басына шақ­қанда орта есеппен 682 грамға жет­кен. Бір таңғаларлығы, қала тұр­­­ғындарымен салыстырғанда ауыл­дық жерлерде тәттілерді көбі­рек тұтынған болып шықты. Мә­се­лен, қалада жан басына шақ­қан­дағы көрсеткіш – 636 грамм, ал ауыл­да бұл көрсеткіш 757 грамды құрады.

Қолға тұсау болған құрғақшылық

Мұның себебін Дүние­жү­зілік банктің мәлімет­тері­­нен көруге болады. World Bank Commodity Price Data баяндама­сында мамыр айында какао бұршақтарының бір килограмы үшін орташа баға жыл басынан бе­рі 79%-ға, ал мамыр айының ішін­де 154%-ға көтерілген. ДБ ка­као биржасына ақша салғандар ал­тыннан да артық пайдаға ке­нел­генін жеткізген. Құжатқа сәйкес, бұл шикізаттық тауарлар арасын­да­ғы ең жоғары көрсеткіш екенін кө­руге болады. Салыстырып айтар бол­сақ, алтын жыл басынан бері 16%-ға өскен.

Nasdaq биржасының хабар­лауынша, какао бұршақтарының бағасы сәуір айының ортасында тон­насына 11 461 долларды құрай­тын тарихи ең жоғары деңгейге же­ткен. Салыстырар болсақ, бір жыл бұ­рын бұл көрсеткіш төрт есе тө­мен, яғни 2 842 АҚШ доллары дең­гейінде болды. Әлі күнге дейін ка­каоның қор нарығындағы бағасы 7 мың АҚШ долларынан төмен түс­пеген. Ал 14 маусымдағы жағ­дай бойынша Құрлықаралық бир­жадағы (Intercontinental exchange) какао фьючерсі тоннасына 10,810 АҚШ доллар. Бұл былтырмен са­лыстырғанда 3,4 есе жоғары.

Халықаралық биржалардағы дүрбелеңнің басты себебін Nasdaq өткен жылғы Батыс Африкадағы қуаңшылық деп көрсетеді. Бұл өңір бүкіләлемдік какао бұр­шақ­тарының едәуір бөлігін эксп­орт­тайды. Мұндағы егіннің жетіс­пеу­шілігі мен дәнді-дақылдардың ау­­­рулары какао өндірісінің шек­телуі­не әкеліп соқтырып, какао ба­ға­сының еселеп өсуіне әкелді. Ха­­лы­қаралық какао ұйымы (ICCO) «жаһандық какао тапшы­лығы 2024 жылы жалғасады деп кү­тілуде» деп мәлімдеді. Өйткені қа­зіргі өндіріс дүниежүзілік сұра­ныс­ты қамтамасыз ету үшін жет­кі­ліксіз. Сонымен қатар какао ба­ға­сы 2016 жылы Эль-Ниньо құ­­­­бы­лы­сынан туындаған құрғақшылық ка­као бағасының соңғы 12 жыл­да­ғы ең жоғары деңгейге көте­рілуі­не әкеп соқтырды.  

Айта кетейік, 2014-2016 жыл­дары Оңтүстік Америка жа­ға­лауы­нан ерекше жылы ағыс өткен бо­ла­тын. Бұл «Эль-Ниньо құ­бы­лы­­сы» деген атаумен тарихта қалды. Бұл әлем­нің әртүрлі өңірлеріне өзгеше әсер етті. Мәселен, осы құбы­лыс­тың әсерінен Венесуэладағы, Аус­тра­лиядағы және Тынық мұхи­тын­дағы бірқатар аралдарда құр­­ғақшылық, ал кейбір елдерде ау­­­қымды су тасқыны тіркелді.

Кот - д’ Ивуардан Қазақстанға дейін

Халықаралық какао ұйы­мы­ның (ICCO) атқарушы директоры Ми­шель Аррион Брюссельде өт­кен Халықаралық какао кон­фе­рен­циясында сөйлеген сөзінде биыл әлемдік какао өндірісі 11,7%-ға, ал какао ұнтақтау көлемі 4,3%-ға азаяды деп мәлімдеді. 

Сонымен қатар ол 2016/2017 жы­лы өндірістің шамадан тыс 15%-ға өсуіне байланысты какао құ­нының 30%-ға төмендегенін есі­не алады. «Қазір біз қарама-қар­сы жағдайға тап болдық: өн­діріс 10%-ға құлдырауы, ал баға өз­герісі оған пропорционалды емес, яғни 75%-дан 200%-ға дейін қымбаттады», – деді ол.

Жыл басында Кот-д’Ивуар­дың Le Conseil Cafe­Cacao рет­теу­шісі 2024-2025 жылғы маусымына какао саудасын доғарды. Реттеуші Кот-д’Ивуарда күтілетін какао өн­­дірісі туралы нақты түсінік ал­ған­ға дейін алдын ала бекітілетін фор­вардтық сатылымдарды тоқ­тат­ты. Ал отандық өндірушілердің ай­туын­ша, ендігі жерде екі-ақ амал бар: не бағаны өсіреді немесе өнімдердің салмағын азайтады. 

Ұлттық статистика бюро­сының мәліметі бойынша, Қазақстанда жыл басынан бері шоколад бағасы 7,4%-ға, ал шо­ко­ладпен жылтыратылған кәмпит (гла­зурь) 7,3%-ға өсті. Ірі отандық өн­дірушілер өз өнімдерінің ба­ға­сының өсуіне какао бұршақтарын сатып алу құны үш-төрт есе қым­бат­тағаны әсер еткенін алға тар­тып отыр. Мамыр айында елор­дада дүкен сөрелерінде аты­шулы «Қазақстан» шокола­ды­ның тап­шы болуына да себепші осы жайт еке­нін меңзейді «Рахат» кон­ди­тер­лік фабрикасының өкілдері.

«Әлемдік биржаларда какао бұр­шақтарының қымбаттауы ка­као өнімдерін (какао бұршақтары мен үгітілген какао) сатып алу құнының бұрын-соңды болмаған дең­гейде өсуіне себепкер болды. Шын мәнінде, какао бұршақтарын сатып алу құны үш-төрт есе өсті. Же­келеген жағдайларда, ұсыныс­тың шектеулілігіне байланысты біз какао өнімдерінің тоннасын  20 мың долларға дейінгі бағада сатып алуға мәжбүр болдық», – деп тү­сін­дірді «Рахат» кондитерлік фаб­ри­касы («ЛОТТЕ Рахат» АҚ) AIQYN газетіне берген ресми жа-уа­б­ында. 

Нәтижесінде, компания құра­мын­да какао (кәмпиттер, шо­ко­лад, жылтыратылған өнімдер) бар ассортименттің бағасын көтеру ту­ралы шешім қабылдағанын жет­кізді.

«Біз шикізаттың нарықтық ба­ғасын ескере отырып, какао құ­рамы бар өнімдердің бағасын ке­зең-кезеңімен түзетуді жоспар­лап отырмыз. Жыл басынан бері жоғарыда аталған өнім құны ша­мамен 20%-ға өсті», – деп жауап берді кондитерлік фабрика өкілі. 

Сонымен қатар отандық кон­дитерлік фабрика өнім желісін ка­као мөлшері аз тауарлардың пай­­­дасына өзгермейді деп сен­дір­ді.

«Бірақ какао бұршақтарының құнының өсуіне байланысты шо­колад өнімдерінің құны артады жә­не бұл сатып алу сұранысының тө­мендеуіне және сәйкесінше оның шығарылу көлемінің төмен­деуіне әкелуі мүмкін», – деп қос­ты компания өкілі.

Өндірушінің мәліметінше, 2024 жылдың төрт айында «Рахат» өнімдерін сату деңгейі былтырғы жыл­дың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 6%-ға төмендеген. 

Өткен жылдың есебі

Какао дағдарысы жағ­дайын­да кейбір өндіру­ші­лер ақтық шара қолдануға мәжбүр еке­нін мәлімдеп отыр. Мысалы, Bloomberg агенттігінің хабар­лауын­ша, халықаралық Mars және Nestle компаниялары кейбір өнім­дерінің көлемін азайтпақ. Ал ре­сейлік KDV Group азық-түлік хол­дингі какао бұршақтарының ба­ға­сын тұрақтандырғанға дейін o’Zera шоколадын өндіруді до­ғармақ.

Отандық өндірушілерге әри­не, бұл қымбатшылық оңай соқ­пай отырғаны анық. Сол себепті какао бағасына тәуелділік кон­ди­тер­лік өнімдердің баға саясатын қай­та қарауға итермелеуде. Өн­ді­ріс шығындары өссе, компа­ния­лардың табыстылығына да кері әсер етпек. Бірақ әзірге кондитер­лік фабрикалардың қаржылық есебі түзу.

Мәселен, өткен айда KASE қа­зақстандық қор биржасындағы «ЛОТТЕ Рахат» АҚ-ның қар­жы­лық есебі жарияланды. Оған сәй­кес, компанияның таза пайдасы 2022 жылмен салыстырғанда 3,5 пайыз­ға өсіп, 2023 жылдың қоры­тын­дысы бойынша 8,7 млрд теңге бол­ған. Алдыңғы жылы бұл көр­сет­кіш 8,36 млрд теңге еді. Жалпы та­быс 2022 жылы 20,71 млрд тең­ге­ден, өткен жылы 20,6 млрд тең­ге­ге азайған. Ал сату көлемі 10,8 млрд теңгеге, 83,5 млрд теңгеден 94,8 млрд теңгеге дейін өсті.

Компанияның жиынтық ка­питалында да оң өз­ге­рістер бар: бір жыл ішінде ол 6,1 млрд теңгеге артып, 2023 жылғы 31 желтоқсанға 64,5 млрд теңгені құ­рады. Сондай-ақ жиынтық ак­ти­в­терде: 2022 жылы олар 5,2 млрд тең­геге, 67,8 млрд теңгеден 73 млрд теңгеге дейін өсті.

Мамыр айының басында ком­пания 2023 жылға бір жай акцияға 725,00 теңге мөлшерінде, ал жал­пы жай акциялар бойынша 2,61 млрд теңге дивидендтер төлейтінін хабарлады. Компанияның негізгі акционері – 95,57% немесе 3,44 млн жай акцияға иелік ететін Lotte Confectionary Co дивиденд түрінде 2,46 млрд теңге алады.

«Лотте Рахат» компаниясының өт­кен жылғы есебінде өнімдері қай елдерге экспортталғаны және одан қанша ақша тапқаны да көр­сетілген. Олардың қатарында Ре­сей, Қырғызстан, Өзбекстан, Мо­ң­ғолия, Тәжікстан, Германия, Әзер­байжан елдері бар. Бұл жолғы тізім­де Ауғанстан пайда болған. Бұл елге отандық тәттілер алғаш рет 23,7 млн теңгеге сатылған. Ком­панияның ең көп өнімі ішкі на­рыққа, яғни Қазақстанға 76,9 млрд теңгеге, одан кейінгі орында 11,1 млрд теңгеге Ресей өткізілген. 

Естеріңізге сала кетейік, ко­­рейлік Lotte компания­сы 2013 жылы «Рахат» акциялары­ның негізгі пакетін сатып алды. 2019 жылы оның үлесі 95,5%-ға дейін жетті.

Кәмила ЕРКІН