Бұл күнде өңірдің бес бірдей ауданында шырылдауықтар жайылымдарды жайпап, егістікті отап келеді деген түрлі фото-видео желіде тарады. Шаруалар зиянкестердің тездетіп көзін жоймаса, егістіктерден өнім алу мүмкін болмайтынын айтады.
Әлеуметтік желіде Арыстағы үй аулалары мен егістік алқаптарын құмырсқаша қаптаған шегіртке басып қалғаны жайында видеолар тарап жатыр. Тіпті, бақшалардағы жәндіктің көптігінен аяқ алып жүру мүмкін емес екенін көруге болады. Айтқандай, «шегіртке – халал» деп ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы пәтуә жасапты-мыс. Бұл мәлімдемеден кейін шулаған жұрт істікке шегіртке түйреп кәуәп жасап жатқан көрінеді. Бұл қалжың болар, әрине. Дегенмен қазір қалжыңдайтын уақыт емес екені рас. Диқандар егіс алқаптарындағы өнімдерін қорғап әлек. Кейбіреулер от жағып, түтін түтетуде. Бірақ қаптаған қалың шегірткеге түтін сап бола ма, жоқ па ол жағы белгісіз. Ал егіні мен еткен еңбегі зая кетпеудің қамын ойлаған диқандар, залалсыздандыратын дәрілерді өздері сатып алып, мотобүріккіштермен шашып жатқан көрінеді. Оңтүстіктегі ауыздықталмай отырған шегірткенің мәселесін айтып, Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин зиянкеске қарсы күрес жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізді.
Белгілі болғандай, қазір Түркістан облысында өңделген 270 мың гектардан бөлек, зиянкестердің тағы 50 мың гектардан астам аумаққа тарағаны анықталды. Түркістан облысының Арыс қаласында, Сарыағаш, Келес, Ордабасы және Шардара аудандарында қосымша өңдеу жұмыстары жүргізілуде екен. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, алқаптарды өңдеуге 70 жерүсті техникасымен қоса, 4 қосымша ұшақ тартылған. Қазір барлық қажетті техника көкөніс және бақша дақылдары айналасына шоғырланған.
Ең өкініштісі, сол шырылдауық шегіртке Түркістан облысында ғана емес, Ақтөбе және Қостанай облыстарына да қаптауда. Ақтөбе облысы әкімдігінің хабарлауынша, өңірде шегірткелермен күрес басталған. Мұнда да облыстың 12 ауданында 281 мың гектар жер өңделу үстінде екен. Аймақтағы шегірткелердің инкубациялық жерлерін анықтауға 600-ге жуық адам жұмылдырылған көрінеді. Ал Қостанай облысының бес ауданы бойынша барлығы 29,4 мың гектар аумақ химиялық өңдеуден өткізілуде деп хабарланды.
Айта кететін тағы бір дүние, осы жылы шегірткемен күресу үшін қазынадан 8 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат алдын ала шегіртке қаптап кетуі мүмкін деп болжанған 2,5 млн гектар алқапқа арнайы есептелген.
«Бұған дейін шегірткенің таралу аумағы биылғыдай жойқын болған емес. Оның таралуының ықтимал салдарын бәріміз де ескермейміз, мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мемлекеттік инспекция комитетіне барлық процедуралық мәселелерді тез арада аяқтауды және барлық қажетті техниканы жіберуді тапсырамын. Осы шегірткеге қатысты аптасына екі рет штаб отырысын өткізетін боламыз», – деді отырыста Серік Жұманғарин.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров күні кеше Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды. Мұнда ол шегірткелерге қарсы күрес пен шаруашылықтарды сақтау мақсатында министрлік тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы айтып диқандарды сабырға шақырды. «Биыл өңдеуге 2,5 млн гектар алқап жоспарланған, бұл соңғы жылдары (2016 жылдан бастап) – химиялық өңдеудің ең кең аумағы болып саналады. Өткен 2023 жылмен салыстырғанда бұл 1 млн гектарға артық. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, біздегі өңделетін жер Орталық Азияның барлық елі өңдейтін аумақты қосқаннан да көп болып тұр. Дегенмен тиісті шара қолданудамыз», – деп атап өтті Айдарбек Сапаров диқандармен кездесуде.
Қазақстан аумағында қаптап жатқан шегірткелерді ғалымдар үш топқа бөліп отыр. Олар – азия шегірткесі, италиялық шегіртке және марокко шегірткесі. Бұлардың ішінде ең қауіптісі марокко шегірткесі екен. Ол алдындағысын түгелімен талқандап, соңынан шаңы шыққан топырақ қана қалдырады. Шегірткенің бұл түрі жеңіл улау кезінде түгел жойылып кетпейтін көрінеді. Оңтүстіктегі дернәсілдің басым бөлігі осы марокко шегірткесі екені де айтылған еді жедел штаб отырысында.
Шегірткенің бір ғана аналығынан тараған үйір бір күнде екі қойға жететін жемді тып-типыл етеді екен. Бұл енді өте үлкен шығанға ұшырататын жағдай. Шындап күреспесе күллі ел не бидай, не көкөніс жинай алмайтын түрі бар. Ал біздің елде осы шегіртке тұқымдасының 100 ден аса түрі бар екені айтылуда.
«Шегірткенің өсу деңгейі әр 11 не 12 жылда қайталанып отырады. Биыл қайталану уақытына сәйкес келіп отыр. Аймақтарда, облыс орталықтары мен аудандарда орталық жедел штабтан бөлек қосымша штабтар жасақталған. Мұнда барлық мәлімет жиналып, жою бағытына қарай жоспар құрылып отырады. Шегірткенің қаптауы, әрине үлкен қиындық тудыруда. Сондықтан кез келген тұрғын не қожалық мамандары шегірткенің ошағын байқаған жағдайда дереу штабқа хабар беруі қажет. Енді қазір Түркістан облысы бойынша қажетінше барлық техника мен дәрі-дәрмек жеткізілді. Тек жұмысты дұрыс ұйымдастыру қажет», – дейді АШМ мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Мұхтар Алиев.
Еліміздің экс-ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев өткен 2023-тің көктемінде «Қазақстан алқаптарында 2024 жылы шегіртке қаптайды. Биыл осы процесс әбден шегіне жетті», – деп болжам жасаған. Не де болса, Қарашөкеев сәуегей екен. Айтқаны аумай келді. Дегенмен шегірткенің мұнша мол болатынын білсе де, кейінгілерге тапсырып үлгермей қалғанға ұқсайды. Енді ел үміті бүгінгі министрде болып тұр.
Ғалымдар әр шегіртке кем дегенде 100 жұмыртқа салады деп отыр. Жұмыртқа салып қана қоймай, оларды топырақ астына көміп, жасырып кетеді екен. Осылайша, топырақ беті жылына келе құртша жыбырлап шыға келеді. Оңтүстікте шегірткенің ошағы алғаш байқалған жер Түркістан облысына қарасты Байтоғай ауылы болып отыр. Осы ауылдың тұрғыны Сәрсенбай Тағаев көктемде жылқы іздеп жүріп шегірткенің құжынап жатқан жұмыртқаларын көргенін айтады. «Жылқы іздеймін деп ауыл сыртына шыққанмын. Кенет көзім жерде құрт сияқты жыбырлап жатқан, түсі қорғасын қара даққа түсті. Мыңдаған, тіпті миллиондаған құрт быжынап, қайнап жатыр екен. Денем түршігіп кетті. Осындай ұялар әр 50-100 қадам сайын кездеседі. Қарайған малыма жеткенше мұндай ұяның талайын көрдім. Бірақ не екенін білмедім», – дейді тұрғын.
Ал байтоғайлық диқан Нұркен Сейсенбек алты гектар жерге еккен қарбызының түгі қалмайтынын айтып налиды. «Он күннен асты шегірткеден құтыла алмай отырмыз. Тек мен емес, ауылдың басындағы жағдай – осы. Ауылымызда барлығы 60 гектар қарбыз алқабы бар, осының 30 пайызын жеп қойды. Ауыл әкімдігінен еш пайда болмай тұр. Енді шығын үстіне шығын жамап дәрілерді өзіміз сатып алып сеуіп жүрміз. 4 млн қарызым бар, күз келе қарызымды өтей алмай қаламын ба деген қорқыныш басым», – дейді диқан Нұркен Сейсенбек.
«Қазір облыс бойынша барлығы 271 мың гектар алқапта шегірткеден улау жұмыстары жүргізілді. Жер көлемі мен шегірткенің таралу аймағы жоспардағыдан едәуір үлкен болып кетті. Басты себеп ауа райының қолайсыздығы болып отыр. Биыл жауын көп, шөп қалың. Біз шегірткені дер кезінде улағанымызбен алқаптағы қалың шөп толық улануға мұрсат бермеді. Себебі улаушы сұйықтықтың дені шөп жапырақтарына тұнып топыраққа жетпей қалды. Одан бөлек, жаңбырдың молдығы да кедергі болуда. Бірақ қазір барлық шаруашылық бақылауда. Ондай бір үлкен мәселе туындап жатқан жоқ. Ал әлеуметтік желіде тарап жатқан бейнелердің кейбіреуі фэйк болып шықты. Тіпті, осыдан бірнеше жыл бұрынғы жазбаны желіге салып жібергендер де бар екен. Есеп бойынша барлығы бақылауда», – дейді Түркістан облыстық Аумақтық инспекция басшысының орынбасары Бектас Музаппаров.
Мақаланы жазу барысында улау кезінде шегірткенің қырылып жатқанын көрсеткен жазбалар мен фото суреттерді де көзіміз шалды. Демек жұмыс қарқыны жаман емес деп түйдік. Ал шегірткенің қаптауына кей жағдайда мамандардың салғырттығы себеп болады екен.
«Ақтөбе мен Қостанай облыстарында үйірлі итальяндық шегірткелердің көбеюінің негізгі себебі алдыңғы жылдардағы құрғақшылық ерекше әсер етті. Құрғақшылық кезде шегіртке молынан жұмыртқалап, күбіршелерді көп салады. Бұл табиғи құбылыс. Сондықтан күзгі және көктемгі улау жұмыртқалар бойынша тексеру, болашақ генерацияға болжам жасау кезінде мұқият болу керек. АШМ қарасты «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжам беру орталығы» мамандары жұмысты дұрыс істеді және биыл барлық қауіпті орындар дер кезінде өңделді. Бірақ авто және пойыз жолдардың жиектері, орман алқаптарының маңы және өзге де елеусіз жерлер кейде назардан тыс қалып жатады. Шаруалар мен тұрғындар мұндай олқылықтарды байқаған кезде мамандарға жеткізуі қажет. Бізде немқұрайдылық басым. Әйтпесе, еліміз бойынша шегірткелерге өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін пестицидтер жеткілікті мөлшерде» – дейді биология және өсімдік қорғау саласының маманы, қауымдастырылған профессор Құрмет Байбусенов.
Еккен егіні мен жинайтын өнімінен айырылған диқандарға өтемақы беру мәселесін шаруалар өзара айтып қана қойғаны болмаса, бүгінде мемлекет тарапынан бұл жағына мойын бұрылған жоқ. Тіпті, өтемақы бермесе де, қалған егінді аман алып қалуға ел болып күш салу қажет. Шегірткенің қаптауын 11-12 жылда қайталанатын құбылыс деп емес, жыл сайын ғалымдармен келісе отырып, улау тәсілін қолға алған абзал болмақ.
Бердібек ҚАБАЙ