Мемлекет басшысы банк секторындағы қазіргі күрделі ахуалдың шешімі ретінде шетелдік инвесторларды тартуды ұсынған еді. Өткен жылғы халыққа Жолдауында да бәсекелестікті арттыру үшін елге үш сенімді шетелдік банкті тартуды тапсырған болатын.
«Банк саласындағы тағы бір өзекті мәселе – барлығы бірнеше банктің қолында шоғырланған. Қазір Қазақстанда 21 банк бар. Бірақ корпоративті секторға несие берумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен бірнеше ірі банк қана айналысады. Сондықтан осы саладағы бәсекені арттыру үшін елімізге шетелден сенімді үш банкті тартқан жөн», – деді Президент.
Жыл басынан бері санкцияға ұшыраған (Сбербанктің бұрынғы еншілесі – ред.) Bereke банкін сатып алу бойынша белсенді келіссөздер жүргізілген еді. Қаржы институты оның жағымсыз салдарынан сырт айналу мақсатында клиенттік базаны жойғаннан кейін нарықтағы өз позициясын жоғалтты. 2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша бұрынғы Сбербанктің (Қазіргі – Bereke bank) борыштық жүктемесіндегі өзге міндеттемелердің үлесі небәрі 33,7% болатын. «Бәйтерек» ұлттық холдингінің банкті сатып алуын қаржы сарапшылары Қазақстанның инвестициялық мәртебесін нығайтуда «шешуші» рөл деп бағалады. Сарапшылардың пікірінше, осы арқылы қазақстандық нарық алғаш рет саламатты бәсекелестікке бет бұрса, ал қарапайым халық пен корпоративтік орта үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды.
Қазақстанға қатысты жоспарлары мен инвестиция көлемін ескерсек, аталмыш қаржы институтын сатып алу – Қатар тарапынан қисынды қадам деуге келеді. Мұндай ауқымды келіссөздер мен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуында Мемлекет басшысының рөлі орасан. Себебі еліміздің қаржы нарығында пайда болатын екінші шетелдік банк те Президенттің тікелей қатысуымен өткен Қазақстан–Корея бизнес-форумында айқын болды.
Корея Президентінің мемлекеттік сапары шеңберінде ұйымдастырылған бұл шара аясында BNK Financial Group Inc. Корея компаниясының құрылымына кіретін BNK Finance Kazakhstan микроқаржы ұйымы екінші деңгейдегі банкке айналдыруға рұқсат алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Банктік қадағалау саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғанына тоқтала келе:
– Жаңа құжат арқылы инвестициялар қауіпсіздігін бақылаудың тәртібі реттелмек. Елімізде корейлік BNK Finance Kazakhstan микро-қаржы ұйымы бар. Мен оны екінші деңгейдегі банкке айналдыру туралы шешімді қолдаймын, – деді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де Мемлекет басшысының бұл ұсынысына қатысты қаржы нарығында жаңа банктің пайда болуы сектордағы бәсекелестіктің кеңеюіне ықпал ететініне сенім білдірді.
«BNK Financial Group Inc. – активтері $129 млрд және «ААА» ұлттық рейтингі бар Оңтүстік Кореяның аса ірі қаржы тобы. Топ құрылымында 300-ден астам филиалы және «А2» халықаралық рейтингісімен 2 банк бар.
2021 жылы BNK МҚҰ микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензия алды. Бүгінгі күні BNK МҚҰ микроқаржы ұйымдары секторындағы активтер мөлшері бойынша 13-ші орында, 2021 жылдан бастап ХҚЕС активтері 5 есеге ұлғайып, 20,3 млрд теңгені құрады. Кредиттік портфель 6 есеге ұлғайып, 18,8 млрд теңгеге жетті. Агенттік BNK МҚҰ-дан келіп түскен өтініш пен құжаттар топтамасының негізінде Басқарманың 2024 жылғы 7 маусымдағы № 26 қаулысымен екінші деңгейдегі банкке айырбастау нысанында BNK МҚҰ-ны ерікті түрде қайта ұйымдастыруға рұқсат берді», – деп хабарлады Қаржы реттеуші.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов бизнес-форум кулуарында БАҚ өкілдеріне аталмыш МҚҰ 2024 жылдың желтоқсанында банк лицензиясын ала алатынын хабарлаған еді.
«Алты ай ішінде аталмыш микроқаржылық ұйым ұйымдастырушылық-техникалық іс-шараларды өткізеді деп күтеміз. Яғни, олар кеңсе бөлмелерін дайындау, жабдықтар сатып алу, қызметкерлер жалдау секілді жұмыстар аяқталуы керек. Нәтижесінде, желтоқсан айында бұл ұйымға банктік лицензия берілуі мүмкін. Банк ретінде лицензия алған күннен бастап олар ресми түрде жұмыс істей бастайды», – деді ол.
Сонымен қатар агенттік төрағасының орынбасары BNK Finance-тің Қазақстанның банк нарығына кіруін оң бағалайтынын айтты.
«Біз BNK Finance-тің банк нарығына кіруіне жалпы оң көзқараспен қараймыз, өйткені BNK Global Finance тобының өзі өте үлкен кореялық қаржы корпорациясы. Әлемнің көптеген елінде бұл компанияның бөлімдері бар және мұндай ірі қаржы институты отандық банк нарығына енуі – жақсы құбылыс», – деді О.Қизатов.
Аталмыш микроқаржылық компанияның ресми сайтында көрсетілген ақпаратқа сүйенсек, BNK Finance Kazakhstan елімізде 2018 жылдың қараша айынан бері жұмыс істей бастаған. Осы жылдың наурыз айында ЖШС акционерлік қоғам болып қайта құрылады. Компанияның бас кеңсесі Алматыда орналасқан, Шымкент пен Астана қалаларында бөлімшелері жұмыс істейді.
Дегенмен кейбір қаржыгерлер көпшіліктің нарыққа келетін шетелдік банктер жергілікті банктерге қарағанда арзанырақ несие бере бастайды деп күтуі орынсыз деген пікірде. Себебі олардың несие беру саясатының талаптары одан да қатал болуы мүмкін. «Қазақстанның қаржы секторы: стратегиялық сын-қатерлерге 25 жыл» форумында қаржыгер Бекжан Пірматов жаңа банктер бизнесті немесе халықты жаппай несиелендіруі екіталай деген пікірімен бөліскен болатын.
«Егер банктер бәсекелестік үшін келсе, бұл – басқа мәселе. Әрине, ел экономикасы үшін халықаралық банктердің қатысуы оң фактор. Сонымен қатар халықаралық қаржы институттары көптеген қазақстандық қаржыгерді «тәрбиелеп» шығарғаны рас. Сондықтан білім алу тұрғысынан шетелдік ойыншылардың келуі кадрлық қызметке де оң әсер етуі мүмкін. Басқа елдермен салыстырар болсақ, нарықтағы банктердің саны жеткіліксіз. Сондықтан банк нарығындағы ойыншылар санының өсуі клиенттер үшін тиімді болар еді», – дейді қаржыгер.
Ал еліміздегі ең ірі банктің басқарма төрағасы Үміт Шаяхметованың ойынша, ел арасында шетелдік банк келсе, нарықтағы мәселелер шешіледі деген жаңсақ түсінік қалыптасқан.
«Бүгінде Қазақстандағы 21 банктің 12-сі шетелдік субъектілердің қатысуымен жұмыс істеуде. Бұл банктердің жалпы санының 50%-дан астамын құрайды. Алайда активтер, несие беру және депозиттер көлемінің 90%-ы отандық 9 банкке тиесілі. Яғни, барлық активтердің шамамен 10%-ы шетелдік банктерге тиесілі, олар саны жағынан 50%-дан асады», – деді ол.
Банкирдің бұл уәжі орынды-ақ. Дегенмен экономист Бауыржан Шурмановтың айтуынша, елімізде өз қаражаты арқылы өнім ұсынатын банктер жеткіліксіз.
«Қазір біздің қазақстандық банктерде базалық мөлшерлемеге байланысты барлық шарт қарастырылған және одан төмендетудің ерекше қажеттілігі жоқ. Түптеп келгенде, олар жай ғана 14 пайызбен ақша алып, оған 10 пайыздық үстеме қосады. Шетелдік банктердің келуіне қызығушылық бар және бұл нарық субъектілері үшін, ең алдымен, бәсекелестік тұрғысынан қиындық тудырады. Шартқа сай шетелдік банктерден тиімді несие күтеміз. Бір кездегі ұялы байланыс нарығындағы принципті мысалға келтіруге болады. Мәселен, Tele 2 компаниясының нарыққа енуі ұялы байланыс нарығындағы ойын шарттарын біржолата өзгертті. Ол кездері ұялы телефон байланысының 1 минуты 30 теңге болатын, олар бұл бағаны 5 теңгеге дейін төмендетті. Менің ойымша, шетелдік қаржы субъектілерін ең бірінші Қазақстанның корпоративтік секторы қызықтырады. Халық санының аздығын ескере отырып, олар серіктестік орнатуға мүдделі деп есептеймін, – дейді экономист.
Сарапшының сөзінің жаны бар. Себебі соңғы уақытта қаржы секторындағы корпоративтік несие көлемінде оң өзгерістер байқалады. Мысалы, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің есебіне сүйенсек, 2023 жылы банктер бизнеске берген кредиттер портфелі 16,7%-ға, яғни 11,2 трлн теңгеге дейін өскен. Бұл – соңғы 12 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Ұлттық банктің кредиттік тіркелімінің деректері бойынша бизнеске ұлттық валютада берілген несиелердің орташа сыйақы мөлшерлемесі бір жыл ішінде 16,5%-дан 20%-ға жеткен.
Құжатта: «Салалар бөлінісінде кредиттердің негізгі үлесі өнеркәсіпке (29,7%), саудаға (26,2%), көлікке (7,3%), құрылысқа (5,3%), ауыл шаруашылығына (4%) және байланысқа (1,8%) тиесілі. Заңды тұлғалардың кредиттер портфелі 11,9%-ға, 9,6 трлн теңгеге дейін, оның ішінде ШОБ субъектілеріне қарыздар 13,3%-ға, 5,7 трлн теңгеге дейін, ірі бизнес субъектілеріне кредиттер 10,1%-ға, 3,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Бұл ретте ЖК кредиттері 58,6%-ға, 1,5 трлн теңгеге дейін өсті», – делінген.
Жалпы алғанда, былтыр бизнес субъектілеріне барлығы 15,5 трлн теңге несие берілді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 22,1%-ға артық. Қаржы реттеуші мұндай көрсеткіштің негізгі себебінің бірі ШОБ субъектілерін қолдайтын мемлекеттік бағдарламалардың әсері деп түсіндірді.
Кәмила ЕРКІН