Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам дертіне айналған лудоманияға қарсы күрес жайында жиі айтып келеді. Тіпті, Қауіпсіздік кеңесінің жиынында, Ұлттық құрылтай төрінде нақты тапсырмалар берген.
Мемлекеттік қызметкерлер құмар ойынның ұрығында жүрмейді
278
оқылды

Себебі осы лудомания қасіреті қаншама отбасының шаңырағын ортасына түсірді, қаншама жанның өмірін қиды. Әлі қаншама жасты шеңгеліне алып, жыландай арбап жылымына батырарын кім білсін?! Қолда бар деректерге сенсек, соңғы екі жарым жылда еліміздің шамамен әрбір бесінші адамы ойын ойнайды немесе құмар ойындарына қандай да бір қатысы бар екені анықталған. Ал оның ішінде 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты тұтынушысына айналған. Бұған қоса, ойын нарығы айналасында үлкен қаражат айналып жатыр. 

50 мың қол жинады

Осы жылдың мамыр айында мем­лекеттік қызметкерлерге құмар ойын­­­дар­ға тыйым салу туралы петиция жария­­ланған еді. Петиция авторлары құмар ойындарға қатысу қызметтік міндет­тер­мен үйлеспейтінін және сыбайлас жем­қорлық пен қызметтік міндеттерді тиім­сіз орындауға әкеп соқтыруы мүмкін еке­нін алға тартады. Олардың ойынша, ше­неуніктердің құмар ойындарға тыйым салуы халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтып, сыбайлас жем­қорлық тәуекелдерін азайтады. «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында қазақстандықтарды мемлекеттік қызмет­керлерге құмар ойындарға тыйым салу туралы петицияға қол қоюға шақырды да. Тіпті, бұл бастамаға көп шенеуніктің қарсылық танытып отырғанын да жет­кізді. «Бұл нормадан бас тартқысы келе­тіні туралы ақпарат алған кезде таң қал­дым. Тұтастай лоббистер тобы жұмыс істейді, үлкен көлемде қаражат жұмса­лады. Мен шенеуніктердің казиноға баруды қалай ақтайтынын елестете ал­маймын. Егер олар тек өз қаражатын ысы­­рап еткен болса жарайды, бірақ олар мұны бюджет ақшасымен жасайды», – деп жазады қоғам белсендісі. 

Ақыры, қоғамды алаңдатып отырған мә­селе көпшіліктің қолдауына ие болып, мемлекеттік қызметкерлерге құмар ойын­­­­­­­дарға тыйым салу туралы петицияға 50 мың қол жиналды. 

Бастамашылар жиналған қол биліктің назарын аударып, заңнамаға өзгерістер әкеледі деп үміттенеді. 

Мәжіліс мән беріп отыр

Биыл 20 наурызда Парламент Мә­­жілісінде лудомания туралы заң жоба­­­сының таныстырылымы өтті. Онда де­путаттар мен сарапшылар ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәсе­­­лелеріне қатысты заңнамалық түзетулерді талқыласа, 29 наурызда Парламент Мәжілісі жа­нын­дағы Қоғамдық пала­таның отырысы да осы заң жобасын тал­­қылауға арналды. Осы жылдың сәуір айында  Парламент Мәжілісі кейбір заң­намалық актілерге ойын бизнесі, лоте­реялар және лотерея қызметі мәсе­лелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жо­­­басын бірінші оқылымда мақұлдаса, жуырда осы заңды ілеспе түзетулермен екін­ші оқылымда тағы қабылдады. 5 маусымда өткен Парла­мент Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракция­сының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев құмар ойын­дарға қа­тыс­ты заң жобасын дайын­даудың қиынға соқ­қанын, екі жыл талқыға түс­кенін мә­лімдеді. «Әдетте, басқа заңдар бойынша қорытын­дыны 1-2 ай күтетін болсақ, ал бұл заңға келгенде тым созылып кетті. Екі шақыры­лымдағы депутаттық тәжірибемде осынша­ма ұзақ уақыт бойы Үкімет қо­рытындысын алуды бірінші көрдім. Де­мек, мұның айналасында мүд­делі топ­тар, лоббистер бар деген сөз. Яғни, үлкен қа­ра­­­жат айналып жа­тыр», – деді ол. 

Түзетулерге сәйкес, қазақстан­дық­тардың белгілі бір тобына құмар ойын ойнауға және бәс тігуге тыйым салынады. Олардың қатарына 21 жасқа толмағандар, ойын және бәс тігуге қатысуы шектелген, оның ішінде өзін-өзі шектеген, сондай-ақ борышкерлердің бірыңғай реестріне енген азаматтар кіреді.

«Құмар ойын ойнауға өзін-өзі шек­теудің максималды мерзімі бір жылдан 10 жылға дейін көтерілді. Себебі бір жыл өте аз. Көбісі осы мерзім аяқтал­ғаннан ке­йін қайтадан құмар ойын ойнай бас­тайды. Ең бастысы, өз-өзіне қойылған шектеуді мерзімінен бұрын алып тастау мүмкін емес. Иә, біз ойын­құмарлардың құқығын шектеп жатыр­мыз деп айтатын шығар, бірақ шын мәнінде бұл – лоббис­тердің ең сүйікті аргументі. Егер адам ойын ойна­ғысы келіп, мұны жасай ал­маса, бұл оның жауап­кершілігі. Өйт­кені ол өзін-өзі шектеуге келісім беріп, қол қойған кез­де барлық заңды мін­дет­темені өз ер­кімен мойнына алған», – деді Мәжі­ліс депутаты Елнұр Бейсенбаев тө­менгі палатаның жалпы отырысында.

Оның айтуынша, сонымен қатар мем­лекеттік қызметшілер, әскери қызмет­керлер және арнайы мемлекеттік ор­­­гандардың қызметкерлеріне де бәс тігуге тыйым салынады. Бұл – шамамен 280 мың адам. Егер тыйымды бұзса, жұмыстан босатылады. Электронды ка­зино мен онлайн-казино қызметін ұйым­­­дас­тырғаны үшін заңды тұлғалар қыл­мыстық жауапқа тартылады. Жаза ретiнде 2 000 АЕК дейiнгi мөлшерде айып­пұл салу, не 600 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тарту, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостан­дығын шектеу немесе мүлкі тәр­кіленіп, сол мерзімге бас бос­тан­дығынан айыру ұсынылады. Бұдан бөлек, Қазақстан аумағында лицензиясы жоқ шетелдік букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендердің интернет-ресурстарының қызметіне тыйым са­лынды. Аталған заң енді Сенат қарауына жіберілді.

Айта кеткеніміз жөн, заңға Мемлекет басшысының халық арасында ойынға тәуелділікпен күресті күшейту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында депутаттар бастамашы болды.

Мәселенің мәнісі қайдан шықты?

2022 жылы Алматы облысының про­куратурасы казинолар мен ойын ав­томат­тарының жұмысын тексеру ке­зінде мемле­кеттік қызметкерлердің құ­мар ойын­дарына жұмсаған қаржысын анық­таған еді. Олар ұсын­ған дерекке сенсек, 305 мемле­кеттік қызмет­кер құмар ойын­ның қарма­ғына ілінген.

«Тізімде Ішкі істер министрлігі, Қор­ғаныс министрлігі мен Қаржы министрлігі көш бастап тұр. Қызметкері ойынқұмар ведомстволардың ішінде Жоғарғы сот, Қаржы мониторингі агенттігі мен Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де бар. Казиноға барудан жергiлiктi атқарушы орган мамандары да қалысар емес», – деп жазылған ақпаратта.

Мемлекеттік мекеме қызмет­­керле­рінің құмар ойынға жұмсаған қара­жаты: Iшкi iстер министрлiгi – 97 млн, Қор­ғаныс министрлігі – 95 млн; Қаржы ми­нистрлігі – 25 млн, Жоғарғы сот  – 7 млн, Қаржы мониторингі агенттігі – 15 млн, Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі – 3 млн, Жергiлiктi атқарушы органдар – 36 млн, басқа мем­лекеттік органдар – 27 млн.

Естеріңізде болса, 2018 жылы Аты­рау облыстық Ішкі істер департаменті бас­шы­сының Минск казиносында жүрген бейнекадрлары әлеуметтік же­ліде тарап кетті. Онда Аян Дүйсен­баевтың 1 мил­лионнан аса доллардан ұтыл­ғаны жа­зылған. Алайда Ішкі істер министрлігі тексеріс жүргізіп, ай­мақтың бас поли­цейінің ойынға еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Ол шетел­­­де демалыс кезінде ішімдік ішкен жолдасын казинодан алып кету үшін келсе керек. Ал министрлік 2014 жылы болған оқиға кезінде казиноға жұм­салған қаражаттың жолдасының есеп­шоты мен картасынан алынғанын анық­таған. Сол кезде Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігінің Атыраудағы де­пар­та­менті облыстық Ішкі істер де­парта­мен­тінің басшысы Аян Дүйсен­баевқа қатысты тексеріс жүргізбейтінін айтқан болатын. Себебі Әдеп кеңесінің төрағасы Заңда және Президент қол қойған Әдеп норма­­ларында «мем­ле­кеттік қызметкер казино немесе сауық ойын­дарын ойна­мауы тиіс» деп айқын жа­зылмағанын айт­ты. Егер аталған заң күшіне енер болса, мемле­кет­тік қыз­меткерлер бұлай құ­мар ойын­ның құ­рығында жүрмейтін болады.

 

ТҮЙІН:

2019 жылға қарағанда 2022 жылы құмар ойындар мен бәс тігу деңгейі 40 есеге артса, былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпараттар бойынша 1 триллион теңгеге жеткен екен. Тіпті, құмар ойындар жылжымайтын мүлік нарығын басып озған. 174 мың қазақстандық 36 млрд. теңгеге бәс тіккен! Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың дені – осы құмар ойынға шалдыққандар екені және ажырасулардың 40 пайызына осы лудомания тікелей себепкер болғандығы белгілі болып отыр. 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі – лудомания. Осылайша, лудомания 21-ғасыр дертіне айналып отыр.

Наурызбек САРША