Сондай-ақ ол елдегі құқық пен заң үстемдігін орнатуға, азаматтар мен бизнестің сот арқылы қорғалу кепілдіктерін күшейтуге және сот төрелігін іске асыру сапасын арттыруға септеседі.
Білікті, тәуелсіз һәм бейтарап сотта істің әділ әрі ашық қаралуы – кез келген құқықтық, демократиялық мемлекеттің ұстыны. Депутаттардың айтуынша, «Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа конституциялық заң жобасы осы бағыттағы игі қадам болуы тиіс.
Құжат Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырысында бірінші оқылымда құпталды. Ел басшылығы заң жобасын VIII шақырылымдағы депутаттық корпустың ағымдағы екінші сессиясы аяқталып, депутаттар жазғы каникулға кеткенше қабылдауды тапсырыпты. Сондықтан екі палата өкілдерінен құралған бірлескен комиссия 21 маусымға дейін қауырт жұмыс жасап, Парламент депутаттары мен комитеттерінен заң жобасына қатысты түсіп жатқан көптеген ұсынысты іріктеп, пысықтайды және жобаны екінші оқылымға дайындайды.
Жоғарғы соттың рөлі өзгереді
Сонымен, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа конституциялық заңның жобасы Мемлекет басшысының Жолдауында сот төрелігін атқару сапасын қамтамасыз етуге және судьялардың кәсіби деңгейін арттыруға қатысты берген тапсырмаларын іске асыру үшін әзірленді.
Заң жобасы Сенат пен Мәжіліс депутаттарының бастамашылдығымен, мүдделі мемлекеттік органдардың, сондай-ақ ғылыми және заң қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен дайындалған екен. Конституциялық заң жобасының мақсаты – сот төрелігінің атқарылу сапасын, судьялар корпусының кәсіби біліктілігін, олардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыруға бағытталған құқықтық тетіктерді жетілдіру арқылы сот жүйесін одан әрі дамыту.
Судьялық корпус сапасы қайтсе артады?
Конституциялық заң жобасы өзге де жаңалықтарға толы. Сенаттың конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, олардың ірілерін 3 бағытқа бөлуге болады.
Бірінші бағыт – Сот жюриінің жұмысын жетілдіруге бағытталған. Заңды белден басып, заңдылықты өрескел бұзған судьяға қатысты тәртіптік іс материалдарын тексерудің жаңа тетігі енгізіледі. Судьялардың заңды аяқасты етуінің әрбір фактісі бойынша материалдарды Жоғарғы сот кеңесі жанындағы Сот жюриі қарайтын болады.
– Ұсынылып отырған жаңа норма бойынша егер жоғары тұрған сот төменгі тұрған соттың ісін қарау барысында заңдылықтың өрескел бұзылу фактісі анықтаса, онда облыстық немесе Жоғарғы Соттың төрағасы тиісті пленарлық отырыста мұны қарап, судьяны тәртіптік жазаға тарту не тартпау туралы мәселені талқылау жөнінде Сот жюриіне ұсыныстар береді. Бұл ретте пленарлық отырыстың қандай шешім шығарғанына қарамастан, заңдылықтың өрескел бұзылу фактілері бойынша барлық материал тексеру үшін Сот жюриіне жіберілетін болады, – деді Нұрлан Бекназаров.
Қазіргі тәжірибеге сәйкес, тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы шешімдерді Жоғарғы Соттың және облыстық соттардың пленарлық отырыстары қабылдайды. Олар әріптесін қорғаштап, жауырды жаба тоқуы мүмкін, салдарынан іс жүзінде осындай бұзушылықтардың азғантай ғана бөлігі – небәрі 26%-ы Сот жюриінің қарауына түседі.
Ендеше алда Сот жюриінің жүктемесі төрт есеге дейін күрт артуы мүмкін. Бұл жюриде небәрі 9 адам – 7 судья және адвокатура мен заң консультанттарының бір-бір өкілі ғана бар.
«Тәртіптік істер бойынша жүктеме ұлғаюы мүмкін деген болжамға орай аталған конституциялық заң жобасына сәйкес, Сот жюриінің құрамын 9-дан 15 мүшеге дейін ұлғайту қарастырылған. Оған 13 судья, сондай-ақ кеңесші дауыс беру құқығы бар заңгерлер қауымының 2 өкілі енетін болады», – деді Нұрлан Құдиярұлы. Сонда жюри құрамына аудандық соттардың 4 судьясы, облыстық деңгейдегі 5 судья және Жоғарғы Соттың 4 судьясы енеді.
Қызу пікірталас туғызған, бірақ депутаттардың күш салуымен өткен түзетуге сәйкес, енді судьялар Сот жюриінің өзіне қатысты қабылдайтын шешіміне ықпал етуге мүмкіндік алады. Бұрын олар: «жюриге өзіме қатысты қандай материалдар түсті? Соның негізінде қандай шешім қабылдайды?» деп сырттай тағатсыздана күтетін.
Жаңа конституциялық заң жобасына сәйкес, дөрекі заңбұзушылықтарға барған судья Сот жюриіне жіберілгенге дейін өзіне қатысты барлық материалмен таныса алады. Мұнымен шектелмей, оның жеке өзі немесе адвокаты тәртіптік істі қарауға қатыса алады.
Судьялық комиссия қосымша құзырланды
Түзетулердің екінші бағыты Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияға қатысты реформалар тобын түзеді. Бұл комиссияның ұйымдастырылуы мен қызметінің тәртібін өзгертуді қамтиды.
Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияға жаңа өкілеттіктер берілмек. Ол іс басындағы судьялардың біліктілігін бағалау кезінде және оны атқарып отырған лауазымына лайық деп таныған жағдайда, кез келген судьяны «білім-біліктілігіңді жетілдіре түс!» деп қызметін уақытша доғартып, Сот төрелігі академиясының біліктілікті арттыру курстарына жолдай алады.
Сенатор Айнұр Арғынбекованың айтуынша, бағалау барысында комиссия, мысалы судьяның білімінде құқықтың белгілі бір саласына қатысты олқылығы барын анықтауы ықтимал. Немесе нақты бір судьяның «қазіргі заманға сай әділ сот төрелігін жүзеге асыруы үшін құқық нормаларын қолданудың қосымша машықтарын дамытуы талап етіледі» деп тани алады. Халықаралық тәжірибеде, мысалы Германия, Бельгия және басқасында мұндай жағдайда судья міндетті түрде біліктілігін арттырудан өтуі тиіс.
Осылайша, судьялар корпусының сапасын арттыру көзделіпті. Өйткені депутаттардың пікірінше, сот саласында ондаған жыл жұмыс істеген, бірақ ескі тәжірибесіне ғана сүйеніп, жаңаны, тіпті заңнамадағы өзгерістерді білуге құштарланбайтындар кездеседі.
Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның шешімдерін Жоғары Сот Кеңесі қарайды. Сөйтіп, тиісті ақырғы шешімдерді Жоғары сот кеңесі қабылдайды. Атап айтқанда, судьяны атқаратын қызметінен босатады немесе одан бас тартады, судьяны басқа сотқа ауыстыру туралы және тағы басқа шешім шығарады.
Айтпақшы, комиссия құрамы өзгертіледі: онда облыстық соттардың судьяларының саны көбейтіледі және оның құрамынан отставкадағы судья шығарылады. Сарапшылардың түсіндіруінше, комиссиядағы жұмыс көп уақытты алады, отставкадағы судьялар қаржылық жағынан ондай жұмысқа қызықпайды, өйткені комиссияға мүше болғаны үшін ақы төленбейді. Сондықтан комиссиядағы отставкадағы 1 судья орнына облыстық соттардың судьясын енгізу ұсынылды. Сонда оған Жоғарғы Соттан 3 судья және өңірлерден 4 судья кіреді.
Ауылға, судья барып қайт!
Конституциялық заңнамалық түзетулердің тағы бір тобы Сот төрелігі академиясының түлектерін алдымен шалғай елді мекендерде орналасқан соттарда жұмыс істеуге міндеттейді. Себебі ресми дерек бойынша елімізде 300 судьяның орны бос тұр. Әсіресе, шет-қияндағы аудандарға судьялар барғысы келмейді, соның кесірінен жырақта жүрген жұртшылық әділ сот төрелігінен қағылады, дауын сотта шешу үшін еңку-еңку жер шалып, қалаға, облыс орталығына ағылуға мәжбүр.
Жоғары Сот кенесінің төрағасы Денис Шипп Сот төрелігі академиясының түлектерін алдымен алыс аудандарда жұмыс істеуге міндеттеуді қолдады. Ол академия бітірушілерді өңірлерге бөлгенде олардың баллдары назарға алынатынын нықтады. Оқу үлгерімдері жақсы, озақ түлектер қалаған жеріне бара алатын көрінеді.
Кейінгі 6 жыл ішінде академияда біліктілік емтиханын тапсырған 284 түлектің тек 207-сі судья болып тағайындалды, тағы 7-еуі судья лауазымына ұсынылды, бұл 76%-ды ғана құрайды. Соның ішінде соңғы 2 жылдағы көрсеткіштер орташа деректерден жоғары – 88%. Бұл статистика академия түлектерінің әлеуеті қазіргі судьялардың бос орындарын (300) толтыру үшін толық пайдаланылмайтынын көрсетті.
Бұл тұрғыда заң жобасы бойынша оқуын аяқтаған және біліктілік емтиханын тапсыра алған академия түлектері Жоғарғы Сот кеңесінің рекомендациясы бойынша алыс елді мекенде орналасқан немесе штаттық саны 3 қызметкерден аспайтын аз құрамды соттардағы бос тұрған лауазымдарға жолданатын болады.
Сондай-ақ сот жүйесіне өзге салалардан білікті кадрларды молынан тарту үшін оларға Сот төрелігі академиясының магистратурасына мемлекеттік тапсырыс аясында түсіп, тегін оқуға мүмкіндік беріледі. Осыған байланысты Жоғарғы Сот кеңесіне аудандық соттардағы бос тұрған судьялық лауазымдар санын ескере отырып, аудандарға арнап, академияға оқуға түсушілердің квотасын белгілеу өкілеттігі берілмек.
Қазіргі уақытта бұл академияның магистратурасына мемлекеттік тапсырыс негізінде тек мемлекеттік қызметшілер түсе алады. Салдарынан, адвокаттар, заң консультанттары, нотариустар, басқа мамандар мұндай мүмкіндіктен айырылған. Оларға тиісті мүмкіндікті беру арқылы мемлекет судьялар қатарына құқықтың корпоративтік және басқа салаларының мамандарын іріктеп, тартуға қол жеткізеді.
Елді елең еткізерлік жаңалық бар: зейнетке шыққан судьялардың мемлекеттен алатын ақшасы күрт артуы мүмкін. Өйткені 109 АЕК (2024 жылы 402 428 теңге) шектеу жойылады.
«Отставкадағы судьяның өмір бойғы және ай сайынғы қамтылымының ең жоғары мөлшері – судьяның соңғы атқарған лауазымы бойынша лауазымдық айлықақысының 65%-ынан және тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 109 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс», – делінген қолданыстағы заңнамада. Осындағы 109 АЕК деген ең жоғарғы шек алып тасталады. Нәтижесінде, судьялар зейнеткерлік алдындағы соңғы лауазымының 65 пайызы көлемінде бюджеттен өмір бойы ақы алады. Ол миллионнан асса да, енді шектеу жоқ.
Айхан ШӘРІП