Ал әйелдер күресінің өкілдері тарихта алғаш рет төртжылдық додасынан тыс қалып отыр. Қайрат Сағадиев жаттықтыратын бұрымды балуандар Олимпиадаға жолдама беретін үш лицензиялық жарыста да сәтсіздікке ұшырады. Күрес түрлері қанымызға жақын болғанымен, соңғы нәтижелерге қарап балуан ел емесімізді байқауға болады. Алдағы Париж кілемінен не күтеміз?
Қашанғы тарихпен мақтанамыз?
Қазақ балуандары күрестен әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында алтынға сусап жүр. Күрестің қай түрін алсаңыз да, әлемдік додаларда оза шабатын спортшыларымыз көп емес.
Мәселен, грек-рим күресінен қазақтан шыққан жалғыз Олимпиада чемпионы – Жақсылық Үшкемпіров. Балуанның 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасындағы ерлігінен соң қазақ жігіттері олимп шыңын бағындыра алмады.
Кейін, 1996 жылы Юрий Мельниченко Атланта Олимпиадасында топ жарды. Қазір құраманың тізгінін ұстаған ол Қырғызстаннан келген легионер болатын. Мельниченко біздің елге баяғыда сіңіп кетсе де, оның өмірбаянын өзгерте алмасымыз анық.
Классикалық күрестен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы соңғы әрі жалғыз әлем чемпионы – Бақтияр Байсейітов. Ол 1998 жылғы әлем чемпионатында топ жарған. Содан бері біздің балуандарымыз (оның ішінде легионерлер де бар) әлемдік жарыстарда бір алтын медаль алмаған!
Еркін күрестегі жағдай да осылай-тұғын. Қуанышқа қарай, былтыр Ризабек Айтмұхан әлем чемпионы атанып, 24 жыл күткен алтынды қоржынға салды. Бұған дейін еркін күрестен қанша легионер, тіпті құраманы жаттықтыруға бес дүркін әлем чемпионы Хаджимұрат Гацалов келсе де, нәтиже өзгермеген еді.
Ал Олимпиада ойындарында жергілікті спортшылардан Мәулен Мамыров (1996) мен Ақжүрек Таңатаров (2012) қана жүлде алған. Қалған жүлдегерлердің барлығы – Ресейден келген легионерлер.
Осындай нәтижеге қарап, қазақстандық балуандар Парижде алысқа шабады деу қиын. Оның үстіне, Рио Олимпиадасында Туымызды көтерген қыздар құрамасынан бірде-бір спортшымыз жарысқа қатыспайды.
«Біз күресуді басқалардан үйрендік»
Әйелдер күресінен Қазақстан командасының Олимпиадаға бірде-бір жолдама алмауының себебі – шетелде өтетін жаттығу жиындарының аздығы мен бапкерлер біліктілігінің төмендігі. 2016 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия біріншілігінде алты рет жүлде алған Айым Әбділдина осындай пікірде.
«Менің күрестен кеткеніме көп болды. Қазір мемлекеттік жаттықтырушы болып қайта оралдым. Қыздарымыздың Париж Олимпиадасына қатыспайтыны жанымызға батады. Бірақ амал жоқ. Қазіргі деңгей – осындай. Меніңше, ең бірінші кезекті бапкерлердің біліктілігін арттыру керек. Бәрі ескі әдіс-тәсілдермен жұмыс істейді. Бізге жаңашылдық керек деп ойлаймын.
Екіншіден, тәжірибелі балуандар командадан кеткен соң жаңа буыннан жарқырап ешкім шыққан жоқ. Жәмила Бақбергенова ғана жетістігімен қуантты. Қалған жас спортшылар өз әлеуетін көрсете алмады. Яғни, бізде резерв мәселесі әуелден бар.
Үшіншіден, әйелдер күресі бізде айтарлықтай жақсы дамымаған. Біз күресіп бастағанда да жағдай осындай еді. Бірақ біздің буынның өкілдері шетелде, тіпті мына Ресей мен Беларусьта өтетін жаттығу жиындарына көп қатысты. Солармен төбелесіп жүріп, күресуді үйреніп алғанбыз. Бұлай айтсам, бапкерлер ренжитін шығар. Алайда бұл – шындық.
Ал қазіргі құраманың қыздарын шетелдегі жарыстар мен жаттығу жиындарына апармайды. Нәтиженің төмендеуіне осы да үлкен себеп. Қаражат бөлініп жатыр, соны ретімен игеру керек», – дейді мемлекеттік жаттықтырушы, әйелдер күресінен ұлттық құраманың бұрынғы мүшесі Айым Әбділдина.
Әйелдер күресінен Қазақстан командасының өкілдері Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарына, Бішкектегі және Ыстанбұлдағы лицензиялық турнирлерге қатысып, жолдамаға қол жеткізе алған жоқ. Бұл әйелдер құрамасының ең нашар нәтижесі саналады. Бір қызығы, лицензия жоқтығына қарамастан команда басшылығында еш өзгеріс жоқ.
«Классиктер» көңіл көншітпейді
Грек-рим күресінің өкілдері жеті салмақтың үшеуінде жолдама алды. Десе де, олардың арасынан Олимпиада медаліне үмітті балуанды көру қиын.
60 келідегі Айдос Сұлтанғали екі әлем чемпионатында қола медаль алып, 2021 жылғы Азия біріншілігінде топ жарған. Бірақ соңғы нәтижелері айтарлықтай ауқымды емес. Азия ойындарында (2023) қолаға күресіп, жеңіліс тапты. Бішкектегі лицензиялық турнирде де тәжікстандық балуанды бір ұпай айырмасымен жеңгені жанкүйерді біраз әбігерге салған. Ал жақында Венгрияда өткен рейтингілік турнирде Айдос бірінші айналымнан аспай, Оңтүстік Корея балуанынан жеңіліп қалды. Айдостың Олимпиада қарсаңында мұрттай ұшқаны оның тұрақсыз күресетінінен хабар береді. Сұлтанғалидің салмағында Жоламан Шәршенбиев (Қырғызстан) бастаған мықтылар бар. Мұндай күреспен мықтыларды ұту мүмкін емес.
77 келідегі Демеу Жадыраев та олимпиадалық салмаққа ауысқалы ауыз толтырарлық жеңіспен қуантпады. Ол Париж Олимпиадасына да әупірімдеп жүріп жолдама иеленгенін айта кету керек. Бішкектегі шешуші белдесуде Оңтүстік Кореяның ортаңқол балуанын соңғы секундтарда ғана ұтты. Демеу Токио Олимпиадасында да алысқа бармаған. Жалпы, бұл балуан 72 келіден олимпиадалық салмақ саналатын 77 келіге ауысқалы бері ірі ресми жарыстардан жүлде алмады.
87 келіде Қазақстан командасының бір ғана балуаны бар. Ол – он жылдан аса уақыт бойы тізгінді ешкімге бермей келе жатқан Нұрсұлтан Тұрсынов. Тұрсынов өзінің жалындаған шағы – 2015 жылы әлем чемпионатынан 5-орын алып, 2014 жылы Азия чемпионы атанған. Былтырғы әлем чемпионатында жартылай финалға жеткенімен, жүлдеге қол жеткізе алмай, жұбаныш белдесуінде ғана жолдама алды. Будапештте өткен рейтингілік турнир Тұрсыновтың деңгейін тағы анықтап бергендей. Ол екі кездесуде қарсыластарына жалпы есебі 0:16 есебімен жол берді.
Бір қызығы, Сербияда өткен 2023 жылғы әлем чемпионатында грек-рим күресінен Нұрсұлтан Тұрсынов қана жолдама алды. Тұтас команда ішінен бір ғана спортшының лицензияға қол созуы қуанатын жайт емес.
130 келідегі Әлімхан Сыздықов өзі 12 жыл күткен Олимпиадасына биыл аттанады. Бірақ Әлімханның әлемдік деңгейде күресуге физикалық бітімі
де, техникасы да жетпейді. Біріншіден, оның азулы қарсыластарына қарағанда салмағы мен дене-бітімі әлдеқайда жеңіл. Екіншіден, Сыздықовтың физикалық дайындығы әлсіз. Мұны Бішкектегі лицензиялық турнирде байқадық. Әлімханның шаршағаны сонша, белдесу соңына қарай кілемнен тұрмай қалған болатын. Ал мұндай әлсіз балуанды ауыр салмақтағы алыптар оңай жеңеді.
Ұлттық құраманың бұрынғы мүшесі, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Хорлан Жақаншаның айтуынша, қазіргі күрес бір орында тұрып қалған.
«Қанша жыл болды, біздің күрес бір орында тұр. Көтерілмейді мүлде. Мен бұл жерде тек ересектер командасын айтып отырмын. Париж Олимпиадасында Демеуден ғана үміт күтемін, қалғандары – әлсіз. Міне, Венгрияда өткен рейтингілік турнирді қараңыз. Сұлтанғали мен Сыздықов бір айналымнан аса алмады. Тұрсынов та ірі есеппен ұтылды. Енді жігіттер барын салып жатыр ғой. Барлық нәрсе – жүйенің дұрыс емесі. Қазір қандай екенін білмеймін, бірақ мен күрескен кезде ұлттық құрамадағы жаттығу әдісі ескірген еді. Медицина жайлы, тіпті айтпасам болады. Ескі әдіспен, әлсіз медицинамен балуандарымыз ұзаққа бармайды», – дейді Жақанша.
Еркін күрес: Басты үмітіміз Олимпиада қарсаңында ұтылды
Париж Олимпиадасында еркін күрестен үш спортшымыз ғана белдеседі. Команда тек 2012 жылғы Лондон Олимпиадасына толық құраммен барған. Содан бері еркін күрес шеберлерінің Олимпиададағы нәтижесі төмендеп барады. Риода ешбір балуанымыз жүлдеге ілікпесе, Токиода ресейлік легионер Нұрислам Санаев қана медаль алды.
Парижге кімдер барады? Азамат Дәулетбеков (86 келі), Әлішер Ерғали (97 келі) және Юсуп Батырмұрзаев (125 келі).
Соңғы екі жылда Азамат Дәулетбеков әлем үздіктерінің көшіне ілескен еді. Үш дүркін Азия чемпионы атанып, әлем біріншілігінде қатарынан екі қола алған болатын. Бірақ Азаматтың Олимпиада алдындағы аяқ алысы жанкүйерлерді тағы ойлантып қойды. Венгриядағы рейтингілік турнирдің жартылай финалында Дәулетбеков даңқты Хасан Язданиден 0:10 есебімен ұтылды. Жарайды, Яздани мен Тейлорға ешкімнің де тісі батпаған. Бірақ қола медаль үшін өткен күресте жапондық жігіт, әлемдік жарыстарда айтарлықтай жүлде алмаған Хайато Ишигурадан ұтылғанын еш ақтай алмаймыз. Басты үмітіміздің тас-талқан ұтылғаны расында қынжылтады...
Ризабек Айтмұхан 97 келіге ауысып үлгергенімен, бұл салмақта жолдаманы Әлішер Ерғали жеңіп алды. Әлішер тәжірибелі балуан, рейтингілік турнирде де топ жарды. Бірақ бүгінге дейін ол не әлем чемпионатынан, не Олимпиада ойындарынан жүлде алмаған және ол басты фавориттер қатарына жатпайды.
125 келідегі Юсуп Батырмұрзаев физикалық күші бір кезеңге жететін балуан. Оның ұлттық құрама бас бапкері де мойындаған. Ресейден келген легионер осымен екінші Олимпиадасына аттанады. Ақтөбе облысының атынан шығатын спортшыға жергілікті кәсіпкерлер лицензия алғаны үшін көлік пен үй әперді. Лицензияның өзіне қыруар сыйлық алған балуанның әуселесін енді Парижде байқаймыз.
Әзірге, Қазақстандағы күрес негізінен легионер спортшылардың медалімен толығуда. Рио ойындарынан басқа Олимпиадаларда шетелден келген балуандар абыройымызды жауып келген. 2004 жылы Геннадий Лалиев пен Георгий Цурцумия, 2008 жылы Таймураз Тигиев пен Марид Муталимов, 2012 жылы Даниял Гаджиев, 2021 жылы Нұрислам Санаевтар күрестен Олимпиада жүлдесін алып берді. Бүгінде олардың бірде-бірі Қазақстанда тұрмайды. Ал Қазақстанда туып-өскен балуандар Олимпиада алтынының деңгейіне әлі жете алар емес.
Арда КЕМЕЛ