Парламент палаталарының бір­лес­кен отырысында депутаттар Үкімет пен Жо­ғары аудиторлық палатаның 2023 жылғы республика­лық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітті.
Бюджеттің атқарылуы туралы есеп бекітілді
651
оқылды

Сондай-ақ Қазақ­стан Республикасының кейбір консти­­туциялық заңы­на енгізілетін түзетулерді екінші оқылымда қа­был­­дап, Конституциялық Соттың жол­дауын назарға алды.

Үкіметтің республикалық бюд­жеттің атқарылуы туралы есе­бін таныстырған Қаржы министрі Мәди Тәкиев 2023 жылы жалпы ішкі өнім 5,1 пайызға өскенін атап өтті. Жылдық инфляция екі есеге төмендеп, 9,8 пайызды құрады. Республикалық бюджеттің кіріс­тері 99,9 пайызға (19 трлн теңге), шығыстары 99,6 пайызға (22,4 трлн теңге) орындалған. Бұл рет­те тапшылық 3,1 трлн теңгені құ­рады. 

Жоғары аудиторлық палата тө­рағасы Әлихан Смайылов анық­талған заң бұзушылықтар мен кемшіліктерге назар аударды.

– Басты проблема – бюджеттің тұрақты тапшылығы. Соңғы жылдары шығындар едәуір өсіп келеді. Бұл ретте мұнайға қатысты емес кірістер шығыстардың 50 пайызға жуығын қамтамасыз етіп отыр. Қалған бөлігі негізінен Ұлттық қордың трансферттері және қарыздарды тарту есебінен өтеледі. Сондықтан тапшылықты ұстап тұру жеткіліксіз. Ол үшін тапшылығы жоқ бюджетті қалып­тастыратын ұзақ мерзімді жоспар қажет, – деді Ә.Смайылов.

Оның айтуынша, кірісті арт­тыру үшін көлеңкелі эконо­миканы қысқарту қажет. Соны­мен қатар Үкімет есебіне Жо­ға­ры аудиторлық палата ұсы­нымдарының орындалуы туралы бөлімді енгізу ұсыны­лады. 

Мәжілістің Қаржы және бюджет коми­тетінің төрайымы Татьяна Савельева қо­сымша баян­дамасында 2023 жылға иге­­ріл­­меген шығыстар 73 млрд тең­гені, тиім­сіз пайдаланылған бюджет қаражаты 489 млрд тең­гені құрағанын айтты. Бұл ретте игерілмеген және пайда­ланылмаған нысаналы трансферттерді қайтару көлемі 29 млрд теңгеге азайған, ал ква­зисектор субъектілерінің қолма-қол ақшасын бақылау шоттарында анықталған бұзушылықтар мен қалдықтар 2022 жылмен салыстырғанда 97 млрд теңгеге өсті.

– Қаржының тиімсіз пайда­ланылуына әсер ететін негізгі фак­торлардың бірі – жоспарлау кезеңінде мақсаттардың, ин­­ди­­каторлар мен нәтижелік көр­сет­кіш­­тердің нашар әзірленуі. Барлық макро­көрсеткіштің 50 пайызының өнімділік деректері жоқ, өйткені олар статистикалық деректерге негізделген және есепті кезең­нен әлдеқайда кеш қалыптасады, – деді Т.Савельева.

Комитет төрайымы 2022 жыл­ға арнал­ған есеп бойынша Жоғары аудиторлық палатаның бірқатар ұсынымы орын­дал­мағанын әрі жаңа Бюджет және Са­­лық кодекстері аясында әзірлеу са­ты­сын­да екенін мәлімдеді. Бұл салықтық жеңіл­діктердің тиім­ділігін жүйелі бағалауға, стра­тегиялық жоспарлаудың бюд­жеттік жоспарлаудан басым­дылығын қамтамасыз етуге, ди­ви­дендтік саясатты қайта қа­рауға қатысты. 2023 жылдың қорытындысы бойынша бұл тізбе дамуға бөлінетін шы­ғыстардың көлемін бекіту, есепте бү­кіл мемлекеттік басқару секторын, оның ішінде бюджеттен тыс қорларды қам­ту­ды кеңейту, қарыз­дың тұрақтылығы көр­сеткіштерін күшейту сияқты ұсыныс­тармен толықтырылды.

Сенаттың Қаржы және бюд­жет коми­тетінің мүшесі Бекболат Орынбеков те қосымша баяндама жасады.

Парламенттегі саяси пар­тия­лардың фракциялары құ­жат­тарға өз бағасын берді. Мә­жілісте «АМАNАТ», «Ауыл» және Res­publica фракциялары Үкіметтің есебін мақұлдауды қолдаса, Қазақстан Халық пар­тиясы мен «Ақ жол» партия­сы­ның фракциясы қарсы бол­ды, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фрак­ция­сы дауыс беруден қалыс қалды.  

Талқылау нәтижесінде де­пу­­таттар көпшілік дауыспен Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2023 жылғы респуб­ликалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекіту туралы шешім қабылдады.

Сонымен қатар Парламент депутаттары «Қазақстан Респуб­ликасының сот жүйесі мен судья­ларының мәртебесі туралы» Қа­зақ­стан Республикасының Конституциялық заңына өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңды екінші оқылымда қарады.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева заң аясында Астана қаласында қылмыстық, азаматтық және әкім­шілік істер бойынша үш тә­уел­сіз кассациялық сот құры­латынын хабарлады. Олардың өкілеттіктері, құрылымы мен құ­рамы, сондай-ақ судьялар мен кассациялық соттардың төра­ғаларына қойылатын талаптар белгіленеді.

– Сот жюриінің құрамы қайта қа­рал­ды, ол 13 судьядан және заң қоғам­дастығының екі өкілінен тұратын болады. Сот төрелігі сапасы жөніндегі комиссияның құрамы да қайта қаралды. Оның құрамына жұмыс істеп жүрген тоғыз судья және отставкадағы екі судья кіреді. Жоғарғы Сот Төрағасының сот актілерін қайта қарау туралы ұсыныс енгізу құқығы алынып тасталды, – деді С.Имашева.

Сот істері мен материалдарын қарау кезінде заңдылықты өрес­кел бұзғаны үшін судьяны тәр­тіптік жауапкершілікке тарту, партияға кірген жағдайда судья­ның отставкасын тоқтату туралы және басқа да нормалар енгізілді.

Бірлескен комиссия сон­дай-ақ «Рес­­публикалық референ­дум туралы», «Қазақ­стан Респуб­ликасының Үкіметі туралы» және «Қазақстан Республикасының Пре­зиденті туралы» басқа да кон­сти­туциялық заңдарға өзгерістер мен толық­тырулар енгізу тура­лы ұсыныстарды қарады. Осы­­ған байланысты заң ата­уын өзгерту туралы шешім қа­былданды.

Дауыс беру қорытындысында Пар­ла­мент депутаттары «Қазақ­стан Респуб­ликасының кейбір конституциялық заң­дарына өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» Конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады.

Парламент Конституциялық Сот­тың «Қазақстан Респуб­ликасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауын да назарға алды. Бұл туралы Сот төрағасы Эльвира Әзімова баяндама жасады.

– 2023 жылы конституциялық бақылау органына азаматтардан бес мыңнан ас­там өтініш келіп түсті. Олардың көп­шілігінің та­қырыбы Конституциялық сот­тың құзыретіне кірмейді. Деген­мен Конституциялық Сот заң шығарушының қосымша зерттеуін қажет ететін өтініш­тердің кей­бір мәселелеріне назар ау­дар­­­­­ғысы келеді. Бұл тұрғын үйге қол сұ­­­ғыл­­­маушылыққа нұқ­сан келтіру, сатып алу мен ие­ленудің заңдылығы кезінде дек­ларацияланбаған мүлікті мем­лекет кірісіне айналдыру және басқалар, – деді Эльвира Азимова.

Конституциялық іс жүргізу аясында қозғалған істер әртүрлі құқық саласы мә­селелеріне қатысты болды. Оларды қа­рау нәтижелері бойынша заңнаманың және оны қолдану тәжірибесінің елеулі кемшіліктері анықталып, олар бойынша нақты ұсыныстар мен ұсынымдар уәкі­летті мемле­кеттік органдардың назарына жет­кізілген. Бүгін Парламент бес заң­ның нормаларын Консти­туцияға сәйкес­тендірді. Қалған заң жобалары палаталарда қарау немесе Үкімет деңгейінде бекіту сатысында.

Парламент Қазақстан Рес­пуб­­лика­сының орнықты да­муы саласындағы ұлттық мақсат­тар мен міндеттердің іске асы­рылуын бақылау жөніндегі парламенттік комиссияның құрамын бекітті. Комиссия құрамынан шығарылған экс-депутаттар Ақмарал Әлназарова, Асқар Шәкіров және Динара Шүкіжанованың орнына сена­торлар Ольга Булавкина мен Ев­гений Больгерт, сондай-ақ Мәжіліс депутаты Айтуар Қош­мамбетов кірді.