Мәжілісте Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Күн тәртібінде қаралған мәселенің бірі 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы болды.
Ел бюджетінде қаржылық баланс жоқ
818
оқылды

Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есебін тыңдаған партия фракциялары жиын қорытындысында оны қабылдауға қатысты дауыс берді.

Отырыста «AMANAT» партиясы аты­нан республикалық бюджеттің 2023 жыл­ғы орындалуына байланысты Фрак­ция жетекшісі Елнұр Бейсенбаев баяндама жасады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2029 жылға қарай ұлттық эко­­номиканы екі есеге өсіру тура­лы тап­сыр­­­­­­масын еске салған ол Үкімет пен би­­­лік үшін алдағы 6 жыл – тынымсыз жұмыс пен қажетті шешімдер қабылдай­тын кезең болатынын атап өтті. Осы рет­­те эконо­микалық ахуал әлі де көңіл көншітпей отырғанына тоқталды.

«Мысалы, елімізде жұмыс істейтін 10 миллион адамның 9 миллионында несие бар болса, борышкерлер реестрін­де, яғни қарызын қайтара алмай, қина­лып жүрген жеке тұлғалардың саны 3,4 мил­лион адам. Оған қоса, еліміздегі тұты­нушылық несие көлемі 2022 жылы 13,2 трлн теңге болса, 2023 жылдың қоры­­тын­дысы бойынша 18,2  трлн теңгені құрап отыр. 1 жылда несие алушы­лардың сома­сы 5 триллионға өскен. Бұл цифр­лар халықтың қарызға өмір сүріп жат­қанының айқын көрінісі. Бұл – бір. 

Екінші, 2023 жылғы бюджет қара­жатының 489 млрд теңгесі тиімсіз жұм­салған. Оның ішінде 70 млрд теңге иге­рілмеген, 87 млрд теңге қазыналық шотта қалып қойған. Сол секілді елімізде тө­лемдердің шамамен 70 пайыздан аста­мы банк карталары мен жүйелері арқылы қолма-қол ақшасыз түрде жүргізілсе де, көлеңкелі экономиканың үлесі үлкен. Ол ресми деректер бойынша – 25%. Ал бейресми мәліметтер бойынша одан әлдеқайда көп.

Келесі, ел болып табатынымыз – 14,5 трил­­лион, ал жұмсайтынымыз – ша­мамен 23 трлн. Яғни, 35 пайыз мем­ле­кеттік бюджет қарыздан, қордан құ­ра­­­лады. Бұл – өте қауіпті құбылыс, яғни қаржылық баланс жоқ. Оған қоса, мем­лекеттік қа­рыз­ сомасы жылдық бюд­жеттен асып жығылып 27 трлн теңге­ні құрауда. Ол бо­йынша төлейтін қызмет­тік шы­ғын­дары­мыз жылына 3 трлн жуық қаражатты құрап отыр.

Осы олқылықтарға қарамастан, Үкі­мет тарапынан бюджет тапшылығын Ұлт­тық қор есебінен жабу әлі тоқтамай келеді. Ал қорымыздағы жағдай да мәз емес. Ұлттық қор деп ауыз толтырып айт­­қа­нымызбен, онда жинақталған 60 мил­лиард доллар Қазақстанның сырт­қы қарызына пара-пар қаржы ғана», – деді Е.Бейсенбаев.

Фракция жетекшісі, сондай-ақ ұлт­тық жобалардың орындалуында да олқы­лықтар кездесетінін атап өтті. Мы­салы, Мемлекет басшысының тапсыр­масымен 2022 жыл­дың қарашасынан бастап іске қосылған «Жайлы мектеп» жо­басы үш рет қайта қаралған. Саны қысқарып, бас­тапқы межеленген 401 мек­теп 369 мектеп­ке азай­ған. Сон­дай-ақ әрбір мектептің жобалық-сме­талық құ­жаттамасын да­йындау шығыны да 35%-ға өсіп кеткен.

«Ауылдағы балалардың ең үздік мек­тептерде білім алсын деген Прези­денттің бірегей жобасын сапалы әрі уақытылы орындауға міндеттіміз. Әріп­тестер сөз басында бюджеттің атқарылуы бойынша бірқатар сыни мәселеге тоқталып өттік. Әрине, жұмыс болған соң, қателіктердің болатыны анық. Сон­дықтан Парла­менттегі ең ірі фракция ретінде, жоғары­да көтерілген мәселе­лердің осы жылдың соңына дейін оң шешімін табуын сұ­раймыз», – деді Елнұр Бейсенбаев.

Депутат проблемаларды көтеріп қана қоймай, бюджеттің атқарылуындағы жетістіктерге де назар аудартты. Үкі­меттің күрделі кезеңде жұмыс істеп жат­қанын атап өткен ол «AMANAT» партия­сы Үкі­меттің есебін қолдайтынын жеткізді.

«Былтыр әлемде геосаяси тұрақ­сыз­дықтар, валюта нарығындағы ауыт­қулар мен дәстүрлі логистикалық байла­ныс­тардың үзілуі жиі болып, олар елі­­­­­­міздің экономикасына теріс әсерін тигізгені белгілі. Соған қара­мастан, елі­мізде инфляция көлемі был­тыр­ғымен са­лыс­тырғанда екі есеге тө­мендеді. 2023 жыл­­дың қорытындысы бо­йынша ұлттық эконо­миканың өсімі 5,1% құрады. Бұл – бір. Екін­шіден, заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қай­тару жұмысы да табысты іске асып, одан түскен қара­жатқа қажетті әлеуметтік ны­сандар са­лынуда. Үшін­шіден, респуб­ли­­калық бюд­жеттің халық алдын­дағы әлеуметтік міндет­темелері толық кө­лем­де орындалып келеді. Төр­тіншіден, елі­­міздегі ең ірі өнеркәсіп орны «Арсе­лор­Миттал Те­міртау» ком­паниясы мем­лекет иелігіне қайта­рылды. Жоға­рыда айтыл­ған­дарға сүйене оты­рып, «AMANAT» фра­кциясы Үкі­меттің 2023 жылғы рес­пуб­ликалық бюд­жеттің игерілуі тура­лы есебін бекітуге болады деп есеп­тейді», – деді фракция жетекшісі.