Мемлекеттік қызмет – антқа адалдық

Халықпен тікелей байланысатын, көпшіліктің көңілін күпті еткен жайларды шешуге өкілетті тұлғаға қойылатын талаптар өлшемі уақыт талаптарына сай жаңа сатыға көтерілді.

Мемлекеттік қызметші келбеті қандай болуы керек, оған қажетті адами, кәсіби қасиеттер қандай, мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастыру – мемлекет үшін, қоғам үшін маңызды мәселе. Міне, сондықтан да елімізде мемлекеттік қызмет халыққа барынша ашық болып, заманауи цифрлық технологияларды қолдану арқылы бюрократияны болдырмайтын, жаңашыл ойлайтын жас мамандарды тартуға баса назар аударылады. Бұл жастардың мақсатты бағытын айқындап, мансаптық өсуіне, мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде мемлекеттік қыз­мет саласындағы өзгеріс­тер азаматтардың мемлекеттік қыз­­метке орналасуын жеңіл­дету­ге, ашықтықты қамтамасыз етуге, кон­курстық үрдістерді қыс­қар­ту­ға бағытталған. Қазір мемлекеттік қыз­метке қабылдауды жеңілдету үшін жаңа мүмкіндіктер жасалды.

Отандық жоғары оқу орын­да­рын мемлекеттік грантпен жоға­ры үлгеріммен аяқтаған жастарға кон­курссыз кіру мүмкіндігі бе­ріл­ді. Бүгінде 172 үздік түлек кон­курс­сыз аудандық (121) және ауыл­дық (51) жерлердегі мем­ле­кет­тік қызметке қабылданды.

Тағайындалған жастар – Әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситеті, Л.Гумилев атын­да­ғы Еуразия ұлттық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ аг­­ротехникалық зерттеу универ­си­теті, Е.Бөкетов атындағы Қа­ра­ғанды университеті, А.Бай­тұр­сынов атындағы Қостанай өңір­­лік университеті, Жәңгір хан атын­дағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің тү­лек­­тері.

Бұл жас мамандардың өңір­лерге, алыс ауылдарға барып, жер­­гілікті жерлердегі қызмет­ші­лердің сапалық құрамының бі­лім­ді жас кадрлармен толығуына себепші болып отыр.

Ақтау қаласының тумасы Әй­герім Замзан – 2020 жылы Алма­ты қаласындағы Narxoz University университетін бітіргеннен кейін 2023 жылы Маңғыстау об­лысының орталығындағы 

Ш.Есе­нов атындағы Каспий тех­но­ло­гиялар және инжиниринг уни­­вер­ситетінің «Мемлекеттік және жер­гілікті басқару» маман­дығы бойын­ша магистратурасын мем­ле­кеттік грант негізінде жақ­сы нә­ти­жемен бітіріп шыққан та­­­­­лант­ты жас. Бакалавр дәре­же­сін ал­ғаннан кейін облыстық Бі­лім бас­қармасында әдіскер болып жұ­мыс жасады. 

– Білім саласындағы басқару жүйесі мен үшін қызықты сала болып көрінді. Болашағымды осы бағытта көрдім де тәуекелге бел будым. Мемлекеттік тапсы­рыс шеңберінде жоғары оқу ор­нын аяқтаған жастардың  мем­­ле­кет­тік қызметке конкурстан тыс ор­наласуы мен үшін зор мүм­кін­дік болды. Уәкілетті органның ке­­­­­лісімімен Қарақия ауданы бойын­ша білім бөлімінің педагогтермен жұмыс жөніндегі бас маманы лауа­зымына конкурстан тыс қа­былдандым. Өзіме қолайлы, ман­сап­тық өсу мүмкіндігі бар жұмыс ор­нына орналасу мен ойлағаннан да оңайырақ болды. Мұндай жүйе­лі жобалар жастарды биік бе­­­­лестерге жетуге, қоғамды да­­мы­туға, мансаптық өсуге же­те­лей­ді. Мемлекеттік қызмет маған білімімді арттыруға, тәжірибе жи­­­нақтауға мүмкіндік береді. Өзіміз жас от­басымыз, тәрбиелеп отырған  ба­ламыз бар. Осынау мемлекеттік қыз­метте ел игілігіне қызмет ет­сем деймін, – дейді Әйгерім Қай­сар­қызы.

Өңірлерді дамыту жо­лын­да еңбек етсем деген жас­тарға берілген таптырмас мүм­кіндік деп санайтын жастың бірі – Аружан Тілеужан.

– Мен бала кезден мем­ле­кет­тік қызметкер болуды арман­да­дым. Мектепті бітірген соң «Ақ­па­раттық жүйелер» мамандығы бойынша мемлекеттік грантқа ие болғаным – үлкен арманымның кіш­кентай қадамын жасағаным­ды сездім. 2023 жылы Ғұмарбек Дәу­­­кеев атындағы Алматы энер­ге­тика және байланыс универ­си­тетін ойдағыдай бітіріп, туып-өс­кен жерім – Шу ауданына орал­­­­дым. Бір­неше күн ішінде ауданға қа­рас­ты Бірлік ауылдық  округінің әкімшілігіне жетекші маман ре­тінде жұмысқа қабылдандым. Мем­лекеттік қызметке кіру мен ой­лағаннан да оңай, ыңғайлы бол­ды. Мемлекеттік қызметке кон­курстан тыс орналасу – бар­лық азаматтар үшін қолайлы орта құрып қана қоймай, мемлекеттік салаға инновациялық тәсілдерді енгізуге ынталандырады. Бұл жас мамандардың әлеуметтік маңызы бар жобалармен жұмыс істеу ар­қылы еліміздің дамуына өз үлесін қосу мүмкіндігі дер едім. Мем­ле­кет мүддесі үшін жауап­керші­лік­пен еңбек ету – парызым! – дейді Жам­был облысы Қордай ауданы Бір­лік ауылдық округі әкімі ап­пар­атының жетекші маманы Ару­жан Тілеужан.

Мойынқұм ауданы әкімі аппаратының бас ма­маны – Айханым Серікова – да­рынды жас, іскер мемлекеттік қыз­меткер ғана емес, отбасының  жылуын жағып, шаңырағының шы­райын келтірген жас ана, сүйік­ті жар. Үйіндегі бесігін тер­беткен жас ана білімін жетілдіріп, мем­лекеттік қызметте де бағын сы­нап көрмекке талпынған ар­ман­шыл жан.

– Мен,  мемлекеттік қызметке кон­курстық іріктеусіз тағайын­дал­ған жас маман ретінде жастар­ға осы мүмкіндікті дұрыс пайда­лануын сұрар едім. Мен, мысалы, мем­лекеттік қызметке келу ар­қы­лы өзімнің кәсіби-тұлғалық бол­мы­сымды жетілдірудемін. Мем­ле­кеттік қызмет маған елдік және қо­­ғамдық мүдделерге әділ және адал қызмет етуге, өз күш-жі­ге­рім­­ді, білімім мен тәжірибемді ота­нымыздың дамуына жұмсауға үй­ретуде. Өзімнің туған жеріме ке­ліп, Мойынқұм ауданы әкімі ап­­­­паратының бас маманы болу – мен үшін үлкен мәртебе. Осындай жаңашылдық арқылы маған мүм­кіндік сыйлаған мемлекетке ал­ғысым шексіз. Себебі бұл жаңа­шыл­­дық – мемлекеттік қыз­мет­ті са­палы жаңғыртудың негізі бо­лары сөзсіз, – дейді Жамбыл об­­­­лысы Мойынқұм ауданы әкімі ап­паратының ұйымдастыру-инс­пекторлық бөлімшесінің бас ма­маны Айханым Серікова.

Жаңашыл жүйе

Мемлекеттік қызметке тең қол жеткізуді жүзеге асырудағы пәр­менді құралдарының бірі – ірік­теудің жаңа жүйесі. 2023 жы­лы мемлекеттік қызметке іріктеу рәсімін жеңілдету үшін e-Qyzmet жүйе­сін жаңғырту аясында сырт­қы порталы әзірленіп, конкурс­тық рәсімді өткізу форматы қайта қаралды. 

Қазір ол 22 мемлекеттік ор­ган­­да іске қосылды. Іріктеудің жаңа автоматтандырылған жүйесі әр­бір азаматқа конкурстың бар­лық кезеңдеріне онлайн қатысуға мүмкіндік беріп, адами фак­тор­лар­ды азайтады. Анонимділікті қам­тамасыз ету үшін, сондай-ақ мүдделер қақтығысын болдырмау үшін үміткерлерге ID-номерлер бе­ріледі. Осылайша, конкурс рә­сі­мінің ашықтығын тәуелсіз прок­торинг жүйесі қамтамасыз ету­де және конкурс жеңімпазы бар­лық кезең қорытындысы бойын­ша ақпараттық жүйемен де­р­бес айқындалуда. 

Жаңа жүйе бойынша кон­курс­­қа қатысушылар­дың үлес көр­сеткіші 4,6 адамды құ­рап, қол­даныстағы іріктеу тәр­­тібімен са­лыстырғанда қаты­су­шылар са­ны 2,7 есеге артып отыр.

Мемлекеттік қызмет істері агент­тігінің алдағы уақытта кадр­лар­ды іріктеу үдерістеріне жасан­ды интеллектіні енгізуді жоспар­лап отыр. «Жеделдетілген цифрландыру және жасанды ин­теллект мүмкіндіктерін бел­сен­ді қолдануға көшу барысы – ірік­теу­дің тиімділігін арттырудың жаңа мүмкіндіктерін аша түседі», – дейді агенттіктегі мамандар.

Жобадағы жаңа есімдер

Президенттік жастар кадр ре­зер­ві еліміздің талапты жастарына зор мүмкіндік береді. Биылғы жы­лы елордада Мемлекет бас­шы­сының қатысуымен Пре­зи­дент­тік жастар кадр резервінің фо­ру­мы өткені белгілі. Еліміздің үміт артқан жастары бас қосқан ау­қымды іс-шарада ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Көп ұзамай мемлекеттің игілігі үшін ең жауапты шешім қабылдайтын ке­зеңге тап келесіздер. Үкіметте бол­сын немесе квазимемлекеттік сек­торда болсын, ел басқару ісіне араласасыздар. Әлбетте, жеке сек­торда да еңбек етесіздер. Сон­дықтан мен сіздерге зор үмітпен қараймын. Ең алдымен, осы зор жауапкершілікті дұрыс түсінген абзал. Қай салада болмасын, негізгі мақсат мемлекет мүддесі болуға тиіс. Баршаңызға мәлім, мен жақында Үкіметте кеңей­тіл­ген жиын өткіздім. Қазақстанның жа­ңа экономикалық саясатын жү­зеге асыруға арналған нақты ша­раларға тоқталдым. Қазір біз­дің алдымызда өте ауқымды мін­деттер тұр», – деді.

Форумда Президент мемлекет бас­қару ісіне ойы ұшқыр, білімі озық, сана-сезімі терең, нағыз отан­шыл азаматтар көптеп келуі керектігін және оларға үлкен жауап­кершілік жүктелетінін айт­ты. Мемлекет басшысы жастар­дың же­тістіктерін бақылап, жас­тар кадр резервінің әрбір мү­­­­шесінен елді өркендету үшін тың серпін бе­ретін жаңа идея мен нәтижелі жұ­мыс, зор үміт күтетінін жеткіз­ді. Сондай-ақ ел Президенті үл­кен­дердің зейнетке шығатынын, ал жастар олардың орнын басуға, ел үшін маңызды шешімдер қа­был­дауға дайын болу керектігін нық­тады. Ол үшін жастар жеткі­лік­ті тәжірибе жинақтап, оң өзге­ріс­тердің қозғаушы күшіне, мық­ты тірегіне айналуы керек. 

Елімізде алғаш рет қолға алын­ған жаңа жоба жақсы нәти­же­лерін бере бастады. Жоба жү­зе­ге аса бастағаннан бері маңыз­ды қызметтердегі жастардың үле­сі артты. Бүгінде резервке алын­ған 400 адамның 292-і мем­ле­кеттік органдар мен квазимем­ле­кеттік сектор ұйымдарында жұ­­мыс істейді. 

Бұл үрдіс алдағы уақытта мем­­­лекеттік басқару жүйесіне жаңа тәсілдердің енгізілуіне, жаңа­ша көзқарастардың пайда болуына, иновациялық өзгеріс­тер­дің орын алуына әсерін тигізуі керек.

1 наурыздан бастап еліміздің бар­лық өңірінде, республикалық маңызы бар қалаларда және Ас­танада өңірлік кадр резервтеріне іріктеу жүргізілуде. 

Өңірлерде, аймақтарда өңір­лік кадрлық резервті құрудың не­гізгі мақсаты – жас басқару­шы­лардың өңірлік пулын қалып­тас­тыру және өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту. Ірік­теуді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың кадр комиссиясы жүзеге асы­ра­ды. Өңірлік резервке алынған адам­дар сайланатын лауазым­дар­ды қоспағанда, жергілікті ат­қару­шы органдарда «Б» корпусының мем­лекеттік әкімшілік лауа­зым­дарына конкурсқа қатыспай-ақ орналаса алады.

Мемлекеттік қызметте нәзік жандар көбейіп келеді

Бүгінде мемлекеттік қызмет­ші­лердің жалпы санының 55,7% әйел­дер құрайды. Олардың бас­шы лауазымдар арасындағы үлес салмағы – 39,4%.

Әдеп нормаларын сақтауды қам­­тамасыз етудегі әйелдердің рө­лі зор. Қазіргі күні Әдеп жөнін­де­гі уәкілдердің 38%-ы әйел­дер. Жал­пы, мемлекеттік қыз­меттегі әйел­дер әдептілік стан­­­дарттарын сақ­тай отырып, жауапкершілік пен құзіреттіліктің жоғары дең­гейін көрсетіп отыр.

Қашықтық форматында және икемді жұмыс уақыты режимінде жұ­мыс жасау белсенді қолданылу­да. Бұл, әсіресе жас балаларды тәр­биелеп отырған аналарға өз кә­сіби міндеттерін жеке өмірімен тиім­ді үйлестіруге мүмкіндік береді. Осы форматтағы жұмыс кес­тесін қолданушы 3 024 мемле­кет­тік қызметшінің 63%-ын әйел­­дер құрайды.

Сондай-ақ қазіргі кезде мүм­­кіндігі шектеулі мем­ле­кеттік қыз­­­метшілердің саны да 847 адам­ды құрайды, оның 30%-ға жуы­ғы басшылық лауазымда қыз­­мет атқарады. 

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ